Cеркебаев соқпағы

Өткен ХХ ғасырдың басында қазақ зиялылары өз халқының Ресейдің бодандығынан құтылып, азаттық алудың жолын қарастырып, съездер ашып, Алаш партиясын құрды. Әр облыста жергілікті қазақ комитеттерін сайлады. 1917 жылдың желтоқсанында Алашорда үкіметін ұйымдастырды. Осының бәрінде қазақтың ұлтжанды азаматтары жүрді. Сондай ұлтжанды азаматтардың бірі Бекмұхамед (Бекмағамбет) Серкебаев еді.
Бекмұхамедтің әкесі Құсайын орта шаруа иесі болса керек. Жағдайы төмендеп кеткесін ол қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының Уәлиханов ауданындағы атақонысынан Омбы қаласынан 25 шақырым жердегі Обь өзенінің бойындағы Полобинка деревнясына көшіп барып, сондағы бай-кулактардың малын бағып күнелтеді.

Міне, осы деревняда 1896 жылғы 15-ші шілдеде Бекмұхамед Серкебаев дүниеге келді. Арада 5-6 жыл өткенде шаруашылығы аз-мұз нығайған Құсайын еліне қайта оралады. Осында баласын ауыл молдасына оқуға береді. Кейін, 1906 жылы Бекмұхамед Қызылжар қаласындағы «Шалақазақ» медресесіне оқуға түсіп, болашақ ұлы ақын Мағжанмен бірге оқыды. Бұл медресені Ыстамбұл университетінің шығыс тілдері факультетін бітірген, араб, парсы, түрік тілдерін еркін меңгерген жергілікті татар азаматы әрі қаладағы №3 мешіттің имамы Мұхамеджан Бегішев ашқан екен. Ол өзі медресе шәкірттеріне шығыс халықтары тарихынан, тілі мен әдебиетінен сабақ берген. Мұнда араб, парсы, татар, түрік тілдерін үйреніп, қазақша, татарша газет-журналдарды алып оқиды. Осы кезде Ғабдолла Тоқай, Мәжит Ғафури сияқты татар ақын, жазушыларының еңбектерімен танысады. Бұл медресені бітіргеннен кейін жерлес, сабақтас досы Мағжанмен бірге Уфа қаласындағы әйгілі «Ғалия» медресесіне оқуға түседі. Осында оқып жүріп көрнекті башқұрт ақыны Шайықзада Бабичпен танысады. Екеуі қазақ оқушыларына арнап «Шымытыр» атты әзіл-сықақ, мысқыл қолжазба журнал шығарады. Медреседе болашақ башқұрт ақыны Сайфи Құдашпен, қазақ әдебиетінің болашақ классигі Бейімбет Майлинмен танысады, жақын досы Мағжан ақынмен бірге оқиды. Татар әдебиетінің классигі Ғалымжан ­Ибрагимовтен дәріс алады. Медреседегі қазақ оқушыларының жұмысына белсене қатысып, ауыл арасында оқу-ағарту, мәдени шаралар жүргізеді. «Айқап» журналында, «Қазақ» газетінде Құсайынов деген атпен өлең, мақалалар жариялайды. Ел ішіндегі надандық, қараңғылықты өлең, мақала, пьеса арқылы көрсетіп сынайды. Сол кездерде ол «Жер дауы» (1912), «Қызыл бұзау» (1913), «Бақсы» (1914), «Әйел теңдігі» (1915), «Ғазиза» (1915) атты пьесалар және «Жылқышы күні» (1915), «Дәметкен» (1915), т.б. әңгімелерін жазды. Оның пьесалары Солтүстік Қазақстан, Павлодар облыстарының қазақ ауылдарында қойылып жатты.
Бекмұхамед Серкебаевтың шығарма­шы­лығын зерттеуші ғалым Серікқазы Қорабай «Бекмұхамед Серкебаев» деген мақа­ласында («Егемен Қазақстан». – 30.08.2006 ж.): «1915 жыл шамасында «Қазақ» газетінің редакторы, Алашорда басшы­ларының бірі Ахмет Байтұрсынов Уфа қаласына барғанда «Ғалия» медре­сесінің шәкірттерімен кездесіп, олармен бірге суретке түскен. Осы тарихи суретте шәкірттердің ортасында, Ахаңның тура алдында малдас құрып отырған еңгезердей қараторы жігіт Бекмұхамед Серкебаев болатын. Оның Алашорда ұйымына қатысы да осы кезден бастау алады» деп жазды.
Бекмұхамед Серкебаев «Ғалия» медре­сесін 1915 жылы аяқтап елге қайтады. Елде оқу-ағарту жұмысымен айналысады. Орысша оқу қажеттілігін байқайды да, Павлодар қаласында ақы төлеп орысша оқиды. Осында қазақтың көрнекті ақындары Сұлтанмахмұт Торайғыровпен, Сәбит Дөнентаевпен танысады. Павлодар қаласында орысша жоғары білім алған дәрігер ғалым Хабиболла Барлыбаевпен танысуы бұдан былай орысша оқып, Еуропа мәдениетіне бой түзеуге итермелейді. Бұдан соң Алашорданың көрнекті қайраткерлерінің бірі, академик Қаныш Сәтбаевтың ағасы Әбікей Зейінұлы Сәтбаевпен танысады. Әбікей Сәтбаев оның орыс тіліндегі білімін тексере келіп, «сен орыс тілін нашар біледі екенсің, енді менен орыс тілін үйренесің» деп біраз уақыт оған орыс тілін үйретеді. Орыс тілін көбірек меңгеруге талпынған Бекмұхамед 1916 жылғы күзде Омбы қаласына барып сондағы орыс гимназиясына оқуға түседі. Онда оқи жүріп Алаш қозғалысының жұмысына да қатысады. 1917 жылғы күзде Мағжан Жұмабаев, Қошке Кемеңгеров, Мұхтар Саматов, тағы басқа ұлт зиялыларымен бірге Алаш партиясына кіріп, Омбы облыстық Алаш партиясы комитетінің мүшесі болып сайланады. 1918 жылы гимназияны үздік бітіргеннен кейін Омбы облысының қазақ мектептерінде сабақ беріп, оқу-ағарту ісімен айналысады. Осы кезде суырыпсалма ақын Иса Байзақов Бекмұхамедтен оқып, хат таниды. Бұдан кейінгі жылдары кеңестік органдарда әкімшілік, сот қызметтерін атқарады. Арасында Омбыда қазақ тілінде шығып тұрған «Кедей сөзі», Қызылжарда шыға бастаған губерниялық халық ағарту бөлімінде (Петропавлда) инспектор, Петропавл педтехникумында оқытушы болып істейді. Сол кезде (1925 ж.) Қызылжарда екі жылдық мұғалімдер курсында оқып жүрген Зылиха Хабибуллақызына үйленеді. Осы қалада 1926 жылғы 15 шілдеде олардың үлкен ұлы, кейін атақшы әнші, КСРО және Қазақ КСР халық әртісі, Социалистік Еңбек Ері болған, профессор Ермек Серкебаев дүниеге келеді. Қызылжарда тұрған кезде «Қоңырдың биігі» (1923), «Ат дауы» (1924 ), «Құла тай» (1924), т.б. әңгімелер жазады. Олар «Қызыл Қазақстан», «Әдебиет майданы» журналдарында, «Кедей сөзі» газетінде жарияланды.
Халық әртісі, Бекеңнің ұлы ­Ермек Серкебаев өзінің естелігінде оның 2-3 жас кезінде отбасының Қызылжардан Көкшетау қаласына көшкенін, әкесінің Көкшетау педтехникумында сабақ бергенін жазған. Сірә, көшудің себебі Қызылжарда «халық жауларының» тұтқындала бастауынан болғанға ұқсайды. Мысалы, ұлы ақын Мағжан Жұмабаев осы Қызылжарда 1929 жылғы 6-шы шілдеде тұтқындалған болатын.
1927 жылдан бастап 30 жылдай уақытын жас ұрпаққа білім беру ісіне арнайды. 1942 жылы Алматыдағы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын сырттай оқып бітіреді. Ақмола, Көкшетау, Алматы, Шымкент, Жаркент қалаларындағы педагогикалық училищелер мен техникумдарда, мектептерде мұғалім болып, КазПИ-де, Алматы шет тілдер институтында қазақ тілі мен әдебиетінен дәріс береді. Оның халық ағарту ісіне сіңірген зор еңбегі бағаланып, «Қазақ КСР-ның халық ағарту ісінің үздігі» белгісімен ­марапатталады. 1958 жылы қарт ұстаз, «Қазақ КСР-ның халық мұғалімі» атағына ұсынылғанымен бұл жүзеге аспай қалады. Оның басты себебі Алаш қозғалысына қатысуы мен Мағжанмен достығына байланысты болса керек.
Бекмұхамед Серкебаевтың ­Қа­зақстан Жазушылар одағын алғаш құрушылардың бірі ретіндегі еңбегін ерекше атаған жөн. 1932 жылы 21-31 желтоқсанда Алматыда қазақ жазушылары ұйымдастыру комитетінің бірінші пленумы болды. Онда ұйымдастыру комитетінің төрағасы Ілияс Жансүгіров, мүшелері Сәкен Сейфуллин, Ғабит Мүсіреповтермен бірге Серкебаев та болған. Ол тізім «Әдебиет майданы» журналының 1933 жылғы №1 санында жарияланыпты.
Бекмұхамед бір сырлы, сегіз қырлы жан, әрі білім саласынан хабары бар энциклопедист адам. Жазушылығына қоса ауыз әдебиетінің жанашыры, қазақ әдебиеті мен тарихының, мәдениетінің зерттеушісі ретінде ел аузынан жазып алған «Ермек батыр» жыры, Арыстанбай мен Орынбай ақындардың айтысы туралы және әдебиет зерттеушісі ретінде Ақан сері, Жамбыл, Сәбит Дөнентаев, Мағжан Жұмабаев шығармалары туралы зерттеу мақалалар жазды.
Ол әдебиеттің барлық жанрына қалам тербеген. Қазақ әдебиетіндегі естелік әңгімені де алғаш жазушылардың бірі. «Менің жолым», «Медресе», «Ғалияның тарихынан», «Шаймерден Әлжанов туралы әсерім» атты естеліктерге қоса, жыр жүйрігі Иса Байзақов пен күш атасы Қажымұқан туралы естеліктері ұлт әдебиеті мен өнері, мәдениеті тарихынан аса құнды мағлұматтар береді. Аударма ісіне де ­назар аударып, А.Неверовтың «Ташкент – тоқ қала», В.Катаевтың «Жал­тылдаған жалғыз желкен» атты кітап­тарын тамаша тәржімалаған.
Ұстаз жазушы тіл мәселесі мен бала тәр­биесіне ерекше көңіл бөлген. «Социалистік Қазақстан» газетінің 1945 жылғы 22 шілдедегі санында жарияланған «Бала тәрбиелеу – ата-ананың ардақты борышы» мақаласының бүгінде маңызы зор. Мұнда автор бала туралы көңіл аударарлық мәселенің бірі ретінде ана тілі туралы ойымен бөліседі.
Ағартушы ұстаз ретінде Б.Серкебаев еліміздің көптеген ардақты ұл, қыздарын тәрбиелеп оқытты. Олардың қатарында көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, республикамыздың қазақтан шыққан тұңғыш бірінші басшысы Жұмабай Шаяхметов, әйгілі ақын Иса Байзақов, орыс тіліндегі көптеген терминдердің қазақша тамаша баламаларын жасаған жазушы-аудармашы Ісләм Жарылғапов, жазушы-драматург Шахмет Құсайынов, көрнекті ақын Қайнекей Жармағамбетов, академик ғалымдар Патшайым Тәжібаева, Ақай Нүсіпбеков, т.б. бар.
Көп жасап, көпті көрген Бекмұхамед артына өлместей мұра қалдырып, 1976 жылы 80 жасында дүниеден өтті. Елін, халқын өнер-біліміне, ғылымға жетелеген абыз ұстаз өз балаларына да өнегелі тәрбие, қажетті білім берді. Ол талантына бүкіл әлем табынып сүйсіне қол соққан «опера королі» атанған Ермектей атақты әншіні өнерге қанат қақтырды. Кіші ұлы Мұрат та елге кең танымал өнер қайраткері, Алматы қаласы әкімдігінің симфониялық оркестрінің көркемдік жетекшісі, Қазақстан Республикасының Халық әртісі, белгілі композитор.
Аса білімді де мәдениетті, халқына беделді болған жазушы, драматург, әдебиет зерттеушісі, аудармашы, ұлағатты ұстаз Бекмұхамед Серкебаев ХХ ғасырдың басы мен орта кезіндегі қазақ әдебиеті мен мәдениеті тарихында Алаш зиялыларымен бір қатарда тұрған көрнекті тұлға деп білуіміз керек. Оның өмір жолы мен ерен еңбегі қазіргі жастарға өлшеусіз үлгі-өнеге болуға лайық.

Қайролла МҰҚАНОВ,
білім беру саласының ардагері,
ҚР Мәдениет қайраткері

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.