Білім бәйгесі үздіктерді анықтады

Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің Қазақ әдебиеті және әлем тілдері факультетінің ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің бекіткен кестесіне сәйкес Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындары студенттерінің 5В011700 «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша ІХ Республикалық пәндік олимпиадасы мемлекеттік және мемлекеттік емес жоғары оқу орындарының студенттері арасында өтті.

Оны аталған оқу орнының бірінші проректоры Баһадүр Әлиев кіріспе сөз сөйлеп ашып берді. Биылғы жылғы олимпиаданың шарт­тарын түсіндірген – осы уни­верситеттің Қазақ тілі мен әде­биеті кафедрасының меңгерушісі Сәуле Ержанова олимпиаданың ерекше­лігіне тоқталып, білім беру стандарттарында бекітілген «шет тілі», «кәсіби ба­ғытталған шет тілі» және таңдау пәні ретінде жүргізілетін «қолданбалы шет тілдері» пәндері жүретіндіктен 2-турдағы ауызша тапсырудың 3-сұрағы неге ағылшын тілінде беріліп отырғанын талдап, талқылап берді.
Бұл білім бәйгесіне республи­камыздың түкпір-түкпірінен 22 жоғары оқу орнының командалары қатысып, бақтарын сынасты. Ереже бойынша жеңімпаз болып танылған оқу орны келесі жолғы олимпиаданы ұйымдастыруға жауапты болып табылады екен. Аталған олимпиаданы ұйымдастырып отырған Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті – осы білім жарысының өткен жылғы жүлдегері. Сондықтан оның командасы конкурстан тыс қатысып, өз білімдерінің деңгейін байқатумен ғана шектелді.
Бірден атап айтатын жағдай – осынау білім сайысының мейлінше тартысты өткендігі. Олимпиада үш кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде қатысушылар эссе жазып, бақтарын сынаса, екінші кезеңнің талабы – комиссия алдында билеттер бойынша ауызша жауап беру. Үшінші сатыда талапкерлер қазіргі қалыптас­қан дәстүр бойынша білімдерін тесттік жүйемен сынап көрді. Білім сайысының қорытындысы балдық көрсеткіштер негізінде ­шығары­лды. Білімді бағалаудағы мұн­дай тәсіл мүмкіндігінше объективті қорытынды жасауға мүмкіндік беретіні сөзсіз.
Білім беру саласындағы үштілділік принципі аталған олимпиада барысында да көрінбей қалған жоқ. Билеттегі үшінші сұрақ белгілі бір мәтінді ағылшыншаға немесе ағылшыншадан қазақшаға аударуға, немесе мазмұндап беруге құрылған. Әрқайсысы үш адамнан тұратын командалар үшін қиындау тиеді деп ойлаған едік. Бірақ, әдеби, тілдік материялдарды ағылшын тілінде талдап, аударып, ақпарат беріп, түсіндіруі бізді таңғалдырды. Филология саласын ағылшын тілінде кәсіби ақпарат беру, ұлттың руханиятын әлемдік кеңістікке насихатттауға толық мүмкіндік бар екенін сезінгендей болдық. Мысал үшін алғанда, Абайдың қара сөздерін қазақша толық түсініп алудың өзі әжептәуір дайындықты керек етіп отырған заманда оны ағылшыншалау болашақ қазақ тілі мен әдебиеті мамандарына оңайға соқпағаны анық. Сонда да жарысқа қатысушы білімпаздар жоғары деңгейде материалдарды алып шыға алды.
Қазақтың халық ауыз әдебиеті мен он тоғызыншы ғасыр әдебиетін әжептәуір меңгерген студент Кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиетіне келгенде кібіртіктеп қалып жатты. Эссе жазу тапсырмасы бойынша берілген үш тақырыптың біреуі – «Менің сүйікті кейіпкерім» деп аталады. Өкінішке орай, осы тақырыпқа жазылған бірде бір шығарманы оқи алмай, дымымыз құрығанын айтып өтпесек болмайды. Мұның өзі пән оқытушылары көркем әдебиет туындысы бойынша мәтін талдау жұмыстарын жүргізбейді деген ойға алып келгенін жасыра алмаймыз. Оның сыртында сала маманы болып шыққалы отырған шәкірттер көркем әдебиет шығармаларын, соның ішінде классикалық дүниелерімізді аз оқиды екен деген қорытындыға келдік.
Ұзаққа созылған талқылаудан кейін қазылар алқасы бірінші орынды Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық уни­верси­тетінің командасына беру керек деген шешімге келді. Өйткені топ ішіндегі 4-курс студенті Сұңғат Аманбаев барлық сұрақтарға толық жауап беріп, қалған турларынан жоғары нәтиже көрсетті. Екі екінші орынға ие болғандар – Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен Тараз мемлекеттік университетінің студенттері Д.Жалелов, ­Ж.С.Бөлек­бай көзге түсті. Үшінші орынға ие болған Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институты, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық инс­титуты студенттерінің топтық жетекшілері А.Жалғас, Ү.Жарас, Б.Құдайбергендер жоғарғы деңгейде көрініп, осы оқу орындары­ның командалары лайықты деп танылды. Үшінші орынның бейресми мәртебесін алуға лайықты командалар да болды. Олар: әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Сүлейман Демирель университеті, С.Аманжолов атын­дағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік универси­теттерін айтуға болады.
Ал осы қазақ тілі мен әдебиеті пәндері бойынша ІХ республика­лық олимпиаданы ұйымдастырушы Қазақ мемлекеттік қыздар педагоги­калық университеті ұжымының аса жауапкершілікпен қарап, өте жоғары деңгейде ұйымдастырғанын атап өткеніміз жөн.

Нұрдәулет Ақыш,
Жоғары оқу орындары арасындағы қазақ тілі мен әдебиеті пәндері бойынша ІХ республикалық олимпиада
қазылар алқасының төрағасы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.