«Мен әлемді танимын»

«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының Алматы қалалық филиалында «Мен әлемді танимын» атты бастауыш сынып оқушыларының зерттеу жұмыстарына арналған қалалық байқау өтті. Білім жарысына аудандық кезеңнен топ жарған елуге жуық 1-4 сынып оқушылары қатысты.

Биыл бесінші мәрте өткізіліп отырған дәстүрлі байқау жаңартылған білім беру мазмұны аясында ұйымдас­тырылып отыр. Оқыту үдерісіне жаңа тәсілдерді енгізу, дарынды балаларды анықтау мақсатында бастауыш сынып мұғалімдері сан алуан жұмыстар жүргізетіні мәлім. Соның бірі – танымдық іс-әрекетке, ізденушілікке, зерттеушілікке негізделген жобалар.
Байқауды ашқан «Өрлеу» БАҰО Алматы қалалық филиалының директоры Р.Сәдуақасова жас зерттеушілерге сәттілік тіледі.
Ғылымның сырын ұғынуға талпынған бүлдіршіндер «Тірі табиғат», «Мен және менің әлемім», «Математика, ғылым, техника» аталымдары бойынша сынға түсті.
Кішкентай зерттеушілердің арасында университеттердің ғылыми зертханаларына дейін барып, көп ізденгендері де бар. Олар жобалық жұмыстарының үлгілерін ала келіпті. Мысалы, 1-сынып оқушысы Руслан Батырхан ұсынған қауіпсіз лифт қондырғысы төтенше жағдайлардың алдын алуға арналса, 3-сынып оқушысы Кирилл Хлопунов күн қуатын пайдаланып су жылытатын қондырғы арқылы жасыл энергияны дамытуға үлес қоспақ. Ол тіпті өз жобасын саяжайда сынақтан өткізіп үлгерген. Ал Айбат Қайратұлы балалар ойнайтын кәдімгі «Лего» ойыншығы негізінде ­робот құрастыруға болатынын дәлелдеді. Ол келешекте техниканың осы түрімен айналысып, тұрмыс-тіршілікте қолдануға ыңғайлы роботтар жасағысы келеді.
№159 гимназияның 3-сынып оқушысы Айым Мәлікайдар байқауға осымен үшінші мәрте қатысып отыр. Жыл сайын жаңа жобасымен келетін ол бұл жолы сүт тағамдарының адам ағзасына пайдасын зерттеп, тіпті сыныптастары арасында сауалнама жүргізген. «Бие сүтінің құрамындағы минералдар баланың ми жасушаларының дұрыс дамуына көмектеседі» дейді ол.
Сонымен, қазылар алқасының шешімі бойынша «Математика, ғылым, техника» аталымында – Санжар Мәмет пен Айқын Ниязақын, Кирилл Хлопунов, «Тірі табиғат» – Нұрай Жұбандық және Арина Зинурова, «Мен және менің әлемім» секциясында – Аянат Айдос пен Данил Визиров 1-орынды иеленді. Барлық қатысушыларға сертификаттар тапсырылды.

Дина ТАЗАБЕКҚЫЗЫ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. Лунара

    Жарайсыңдар, балалар! Сендер еліміздің болашақ ғалымдары мен өнертапқыштарысыңдар.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.