Маңғыстау облысы

Ақжар-ырмақ – құдық, бұлақ. Батыс Үстірттің Қайдақ сорына қараған сайының бойында орналасқан. Ырмақ сөзінің этимологиясын Э.В.Севортян: «Ырмақ дегеніміз – өзен, шығанақ, өзеннен, каналдан су ағатын орын. Ырмақ -мақ жұрнағы арқылы жасалған туынды түбір. Ыр етістігі -йыр етістігіне тән – қазу, үңгу (су туралы) деген мағынадағы сөз» деп түсіндіреді (Э.В.Севортян, 1978, 665). Ырмақ – «өзен тармағы» мәніндегі атау деп қараймыз. Сонда атаудың мағынасы: «ақ биік қабақтан ағып жатқан су, арық».
Ақжол, Қасқыржол – жота, жол. Шығыс Ақтаудағы Құрқапы және Тұзбайыр соры аралығында орналасқан. Ақ (сын есім) және жол (зат есім) сөздерінің бірігуінен жасалған. Атау «тасы, топырағы ақ түсті, алыстан қарағанда ағарып көрінетін жотаның үстіндегі жолға» байланысты қойылған. Ақжол топонимінің Қасқыржол деп те айтылуы «жотада қасқырдың көп кездесуіне» қарай қойылуы мүмкін.
Ақжігіт – ауыл, мола, құдық, бекет. Бейнеу кентінен оңтүстік-шығыста орналасқан.
Ақжігіт – Адай-Бәйімбеттің Медет руынан шыққан қасиетті кісі. ­Антропотопоним.
Ақжігітәулие – киелі орын. Маңғыстау ауданында орналасқан. Антропонекроним.
Ақкетік – құдық, қауым. Түпқараған ауданында орналасқан. Ақ (сын есім) және кетік (зат есім) сөздерінің бірігуінен жасалған. Кетік – түркі тіліндегі, «тау асуы», «тау өткелі» деген сөз (В.И.Савина, 1969, 57). Мағынасы: «ақ таулы өткелдегі құдық және қауым».
Ақкүп – күп. Қарақия ауданында орналасқан. Ақ (сын есім) және күп (зат есім) сөздерінің бірігуінен жасалған. Күп – сай тұйығындағы асты тастақты, шұңғыл, су жиналатын орын (Ә.Спан, Ж.Дүйсенбаева, 194). Мағынасы: «сай тұйығындағы асты тастақты, шұңғыл жерге жиналған, таза, ауыз су көзі».
Ақкіндік – бұлақ. Бейнеу ауданында орналасқан. Ақ (сын есім) және кіндік (зат есім) сөздерінің бірігуінен жасалған. «Су кіндігі – «қазып келе жатқандағы мол су көзінің орны» (Ә.Спан, Ж.Дүйсенбаева, 218). Мағынасы: «таза, мөлдір сулы, мол су көзді бұлақ» немесе «ортадағы мөлдір сулы бұлақ».
Аққар – алқап, мұнай кені. Ақтау қаласынан солтүстік-шығыста орналасқан. Ақ (сын есім) және қар (зат есім) сөздерінің бірігуінен жасалған. Профессор Т.Жанұзақ: «Қар сөзі иран тілінде «тау», «төбе» деген мағынадағы сөз. Бұл қар сөзінің иран, фин-угор, араб, египет, түркі, моңғол тілдерінде кездесетіні Э.Мурзаев еңбегінде жете көрсетілген. Үндіиран. гар – «тау»,ягноб. гар – «тау», «асу», сомалий тіл.кар –«жартас», «құз», «тау», фин. кар –«жартас», түрк. қыр – «тау», «жота», моңғ. хара – «жал», «биіктік», – деп көрсетеді (Т.Жанұзақ, 106-107). Сонда атау «ақ түсті төбе, жартас» деген мән береді.
Аққоңыр – шатқал. Маңғыстау ауданында орналасқан. Ақ (сын есім) және қоңыр (сын есім) сөздерінің бірігуінен жасалған. К.Қаймулдинованың пікірін­ше, «оронимдер құрамындағы «қоңыр» ежелгі түркі-моңғолдық «қара» (төбе, тау) дегеннің синонимі болып табылады, бұл мағынасында топонимдерде постпозицияда, яғни соңғы лекте тұрады»(К.Қаймулдинова, 15-16). Сонда атаудың мағынасы: «тасы, топырағы ақ түсті, алыстан қарағанда ағарып көрінетін төбе, дөң».
Аққоңырдаң – ойпаң. Солтүстік Үстірт­тің Қаратүйе тауы етегіндегі және Ақтау бұйратының солтүстігіндегі Жыңғылды сайында жатқан ойпаң. Ақ (сын есім) және қоңырдаң (зат есім) сөздерінің бірі­гуінен жасалған. Қоңырдаң – сай бойына ағын сулардың ­жиналатын орны. Су ағар сай бойындағы шұңғыл иірім (Ә.Спан, Ж.Дүйсенбаева, 200). Атаудың мағынасы: «әктастан түзілген сайдағы, су жиналатын асты тегіс ойпаң».
Аққора – қоныс. Маңғыстау ауданында орналасқан. Ақ (сын есім) және қора (зат есім) сөздерінің бірігуінен жасалған.Қора сыртының ақтығына байланысты қойыл­ған атау. Мағынасы: «ақ тастан салынған қорасы бар қыстау».
Аққорған – бұғаз. Маңғыстау ауданында орналасқан. Ақ (сын есім) қорған (зат есім) сөздерінің бірігуінен жасалған.Қорған сөзі түркі тілдерінде «төбе» мағынасын береді екен (С.Атаниязов, 1970, 28). Сонда атаудың мағынасы: «ақ түсті төбелі бұғаз».
Аққуыс – құдық. Қарақия ауданында орналасқан. Ақ (сын есім)және қуыс (зат есім) сөздерінің бірігуінен жасалған. Қуыс – «таудағы тар ұзын алқап, шатқал» (Г.К.Конкашпаев, 1951,м 138). Атаудың топонимиялық мағынасы: «ақ тасты таулы алқаптағы құдық».
Аққұдық – құдық, ауыл, қыстау. Бейнеу, Маңғыстау, Мұнайлы аудандарында орналасқан. Ақ (сын есім) және құдық (зат есім) сөздерінің бірігуінен жасалған. Атау «мөлдір», «ағынды», «ауыз сулы» құдық» деген мағынада қолданылып тұр, сондай-ақ құдық қазылған жердің топырағының ақ болуына орай да аталуы мүмкін.
Аққұм – төбе. Маңғыстау ауданында орналасқан. Ақ (сын есім) және құм (зат есім) сөздерінің бірігуінен жасалған. Мағынасы: «сусымалы өсімдіксіз құм».
Аққұрлықбалша – құдық. Қарақия ­ауданында орналасқан. Ақ (сын есім) және құрлық (зат есім), бал+ша (сын есім) сөздерінің бірігуінен жасалған. Мағынасы: «жан-жағын су қоршаған қара жердегі суы тәтті, тұщы сулы құдық».

«Маңғыстау облысының
топонимиясы» кітабы бойынша
әзірлеген өлкетанушы
Молдияр СЕРІКБАЙҰЛЫ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.