Жапон және қазақ диалектілерінің ерекшелігі

Токиодан шығатын «Жапония және Еуразия» деп аталатын газетте жапонтанушы ғалым, журналист Шарафат Жылқыбаеваның «Кансайдың «хонмасынан» Қазақстанның диалектісіне дейін» деп аталатын мақаласы жарық көрді. 

Автор мақалада Жапонияның Батыс аймағындағы сөздердің қолданылу ерекшеліктеріне тоқталып, өзі Күншығыс елін аралау барысында жинаған диалект сөздердің мән-мағынасын талдайды. Ғалым мысалға алған сөздердің әр префектурада қалай қолданылатынын сараптай келе, жапон диалектілерінің басты ерекшеліктерін атап көрсеткен.
Шарафат Жылқыбаева жапон тіліндегі кішіпейілдік категориясының да өңірлік ерекшеліктері бар екенін айтады. «Сөздіктерде кездесе бермейтін, белгілі бір өңірде ғана қолданылатын сөздерді алғаш естіген адамға жапон тілі өте қиын болып көрінері рас. Бірақ тілдің ерекшелігі де осындай күрделілігінде болса керек» деп түйеді автор. «Мен қалада тұратын жапон азаматтары туған ауылына барғанда диалект сөздерді қолданғанына, жергілікті тілдік байлықты ұмытпай, сақтағанына тәнті болдым» деп жазады ол. Сондай-ақ автор жапон диалектілерінің шығу төркіні мен сақталуына қатысты өз тұжырымын да жеткізген.
Жапон диалектілері мен қазақ диалектілерінің қолданыс ерекшеліктерін салыстыра зерттеген ғалым бұл жолғы мақаласында нақты сөздерден мысал келтірген. Қазіргі республика тұрғындары қазақша тілдесу кезінде диалектілік кедергі байқалмайтынын айта келе, жергілікті байырғы сөздер көп сақталған Оңтүстік Қазақстан тұрғындарының тіл қолданыстағы ерекшеліктерін атап өткен. Осылайша Кеңес кезінде біраз қысым көрген қазақтың тілі аса бай екенін еске салған ғалым мақаласын «диалект сөздердің әдеби, лингвистикалық, халықтың мәдениетін танудағы мәні зор» деп қорытындылайды.

Шәкизада ЕСЕНОВА,
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.