САНАДАҒЫ СЕРПІЛІС

Алматыда Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын талқылауға арналған қала активінің отырысы өтті. Жиналған қауым Елбасы мақаласындағы келелі ой мен кесімді пікірлерді талқылап, алда тұрған мақсат-міндеттер жөнінде ой бөлісті. 

Жиынға қалалық мәслихат депутаттары, ­зиялы қауым өкілдері, қоғамдық кеңес мүшелері, қалалық құрылым басшылары, сарапшылар, білім, мәдениет, денсаулық сақтау және бизнес саласының өкілдері қатысты.
Қала басшысы Бауыржан Байбек өткенімізді бағамдап, болашағымызды нақтылайтын маңызы зор мақаланы еліміздің саяси, рухани және әлеуметтік-экономикалық жаңғыруының алғышарты ретінде ұлтымыздың сана-сезімінің жаңғыруын мақсат еткен бағдарламалық құжат деп баса айтты. Әкім Елбасы мақаласына жан-жақты тоқталып, ұлы мақсатқа қол жеткізудің, яғни жаңғырудың басты 6 құрамдас бөлігін жеке-жеке түсіндірді.
Мақаладағы «Туған жер» бағдарламасында Елбасы әрбір отандасымыздың, жастардың патриоттық сезімін арттыру үшін аймақтарда өлке тарихын көбірек насихаттап, туған жеріне көмек қолын созып жүрген жандарға құрмет көрсету жолдарын қарастыру қажеттігін еске салған болатын.
«Бұл бағдарламаны іске асыруда алматы­лық­тардың алар орны ерекше болады деп се­немін. Біздің қала мен оның тұрғындары үшін ма­қалада көрсетілген идеялар мен үлгілер өте жақын. Мәселен, өткен жылдары кәсіпкерлердің қолдауымен қала аулаларында 100-ден астам спорт алаңқайлары ашылып, 10 шақты үлкен балабақша салынды. Мемлекет пен жеке әріптестік қағидасымен 600 оқушыға арналған заманауи талаптарға сай жайлы мектеп тұрғызылды. Осының бәрі түптеп келгенде елге деген перзенттік махаббатпен тығыз байланысты» деп атап көрсетті Б.Байбек.
Бүкіл халықтың көңілінен шыққан бағдарламаны зиялы қауым өкілдері де қолдайды. Әрдайым Елбасының жанынан табылатын ғылым мен мәдениет өкілдері руханиятымызды түгендеп, бабалар мұрасын мәңгілік етуді көздейтін бұл құжатты қуана қарсы алды. «Мәдениеті өскен елдер үлкен елдердің қатарына қосылады. Мұнда мәдениет, әдебиеттің рөлі өте үлкен. Президентіміздің қала мен дала арасын жақындату жөнінде көтерген мәселесін әрқайсымыз өз саламызда орындау міндетіміз» деді КСРО және Қазақстанның халық әртісі А.Әшімов.
«Нұрсұлтан Әбішұлы әлемнің дамыған елдерінің тәжірибесін алға тарта отырып, бәсекелестікке барынша бейім ұрпақ өсіруге, оларды күрескер етіп тәрбиелеуге айрықша тоқталады. Бұл мәңгілік ел үшін тарихи қажеттілік. Ол үшін сана-сезімізге рухани өзгеріс қажет» деген Қазақстан жазушылар одағы басқармасының төрағасы Нұрлан ­Оразалин әдебиет пен өнер иелері Елбасының рухани жаңғыру деген ұстанымын қолдайтынын жеткізді.
Тағы бір үлкен жоба – «Жаңа гуманитарлық білім, қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы. Ол жоба әлемнің озық, заманауи және таңдаулы үлгілері негізінде жастарға жаңа деңгейдегі сапалы білім беруді қамтамасыз етуді көздейді.
«Елбасы білім саласының дамуына ерекше көңіл бөледі. Себебі ол құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді дегеннің дәлелі. Тәуелсіздік жылдары елімізде 1300 мектеп салынып олардың дені қазақ мектебі болып ашылды. Мақалада көрсетілген Президент ұсынған латын әрпіне көшу, білім саласын арттыру және басқа жобалардың барлығын іске асыруда ұстаздар қауымы алдыңғы шепте жүретініне күмәнданбаңыздар» деді ұстаздар атынан Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Шәмша Беркімбаева.
Бүгінде сөздің емес, істің адамына басымдылық беріледі. Мақалада Елбасы еліміздің жаңа техно­ло­гияларға, жаңа әлемдік саяси-экономикалық ахуалға негізделген мүлдем жаңа тарихи кезеңге аяқ басқанын айта келе, осы тұстан сүрінбей өту, яғни Біртұтас Ұлт болу үшін қандай қасиеттерге ие болып, қандай міндеттерді еңсеру қажеттігі жөнінде кеңінен ой толғаған.
Мақалада заман талабына сай көне мен бүгінгіні қисынды ұштастыра отырып, өзіміздің рухани кодымызға сүйену қажеттігі баса айтылған. Осы ретте ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті М.Жұрынов «Код дегеніміз – ұлтты біріктіріп, ұстап тұратын іргетас. Оған тіл, дін, діл жатады. Діл дегеніміз – қанымызға сіңген әдет-ғұрыпты сақтай отырып, өзіміздің қоғамымыздың кейбір қасиеттерін, кейбір әдеттерін өзгертіп, заманға сай өмір сүру» дегенді білдіретініне тоқталды. ­Сонымен қатар руханиятқа, білімге, ғылымға мән беруі – үлкен көрегендіктің белгісі деп атап өтті.
Осылайша, Елбасы кез келген жаңғырудың ең алдымен ұлттық болмысқа, дәстүрдің замана сынынан сүрінбей өткен озығына негізделуін қадап айтты. Бұл өзгерістерге үрке қарап, тек қана өткенді жырлай беруден, жаңаның бәрін қисық деп тауып, кертартпалықтан ада болуды талап етеді.
Активке қатысқан үкіметтік емес ұйым жетекшілері, этномәдени бірлестік өкілдері өз пікірлерімен бөлісті. Жиын соңында қала әкімі Б.Байбек мақалада айтылған жайттарға қатысты жауапты мамандарға бірқатар тапсырмалар жүктеді.
***
Алматыдағы Достық үйінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын жан-жақты талқылау аясында зиялы қауым өкілдерінің басқосуы өтті.
Дөңгелек үстелге көрнекті қоғам қайрат­керлері, ақын-жазушылар, саясаткерлер және т.б. қатысты. Алқалы жиынды ашқан Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жазушы Әлібек Асқаров:
– Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» деген мақаласында «біз қайта түлеудің айрықша маңызды екі процесі – саяси реформа мен экономикалық жаңғыруды қолға алдық. Біздің мақсат – айқын, бағытымыз белгілі, ол – әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына қосылу» деген еді. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы тәуелсіз еліміздің рухани жаңғыруының бастауы екендігі даусыз. Мақаланы оқи отырып осындай ой түйдім. Aлдағы уақытта еліміз рухани жағынан барынша жаңғыратын болады» дей келе, рухани жаңғыру бағытында жүзеге асырылуы тиісті игілікті істерге кеңінен тоқталды.
Дөңгелек үстел барысында пікір алмасқан зиялы қауым өкілдері Елбасының бағдарламалық мақаласында көптеген өзекті дүниелердің қозғалғанын айтты. Ондағы ортаға салынған мәселелердің маңыздылығы мен өзектілігін атап көрсетті. Ұлттық құндылықтарымызды сақтау мен ана тілімізді ардақтау, қазақтың рухани жаңғыруы, жастарымызды отансүйгіштікке тәрбиелеу, асыл дінімізді қадірлей білу тәрізді мәселелермен қатар қазақ тілін латын әліпбиіне көшірудің өзекті тұстарына да тоқталды. Бұл орайда мамандар көршілес елдердің тәжірбиесін зерттеудің қажеттілігін алға тартты. Сонымен қатар жаңа әліпбиге көшпес бұрын қазақ тілінің заңдылықтарын ескеру, нақты істерді қолға алу, тиімді әдістемелерге мән беру, түркі әлемімен тұтас болудың алғашқы қадамын жасау жайына назар аударды. Сайып келгенде, атқарылатын шаралар ұлттық мүдде тұрғысынан шешілуі тиістігін тілге тиек етті.
Жиын барысында академик, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Өмірзақ Айтбайұлы сөз сөйлеп, Елбасының мақаласына байланысты өз ойын былайша жеткізді:
– Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы баршамызға үлкен ой салды. Онда мемлекеттік маңызы бар мәселелер көтерілген. Бұл – көп ғасырлық тарихы бар халқымыздың өміріндегі үлкен рухани сілкініс болды. Рухани жаңғыруды жүзеге асыру арқылы көптен көкейде жүрген маңызды да, ауқымды іс-шаралар атқарылмақ. Бұл – бәріміз үшін қуанышты жайт, – деді.
Жиында Әбдуәли Қайдар, Дандай Ысқақ, Ерден Қажыбек сынды әдебиетші ғалымдармен қоса, жазушы Бексұлтан Нұржекеев, ақын Есенғали Раушанов, «Ұлт тағдыры» қозғалысының төрағасы Дос Көшім және басқалар сөз алып, Мемлекет басшысының мақаласына қатысты ойларын ортаға салды.

Дина ИМАМБАЕВА

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.