Баршаға ой салды

Смағұл Елубаев,  жазушы, қоғам қайраткері

Қазақстан Президентінің рухани жаңғыруға қатысты бағдарламалық мақаласы бүгінгі қазақ қоғамының рухани дүниесіне үлкен серпін жасаған дүние болды. Негізгі мәселелер айтылды, біздің міндет – өз тарапымыздан ой қосып, пікір білдіру.
Мен өз пікірімді мақаланың соңғы бабынан, қоғамда толқу тудырып жатқан қазақ әліпбиінің өзгеруі тұрғысынан білдірсем деймін. Жалпы әліпби ауыстыру үлкен шығынды қажет ететін, өте күрделі мәселе.
Біз өз басымыздан кешпегеннен кейін оның жас ұрпаққа, аға ұрпаққа әсері қалай болатынын, қырық жыл бойы кириллицада жазылған құндылықтарымыздың, әдебиеттің алтын ғасыры саналған дүниелеріміздің жағдайы не болатынынан хабарсызбыз. Әрине, кітаптардың, құндылықтардың барлығы аударылатыны сөзсіз. Дегенмен, жұртты қатты алаңдатып отырғаны әліпбидің мәселесі, біздің ана тіліміздің мәртебесі.
Әліпбидің өзгеруі ана тіліміздің дамуына серпін беретін болса, біз қос қолымызды көтеріп, мәз боламыз. Ал бұрыннан да халі мүшкіл ана тіліміздің жағдайын одан әрі мүшкілдететін болса, құдай оның бетін әрі қылсын, онда діттеген мақсатымызға жеттік деп айту қиын.
Қазіргі заманда қазақ елінің негізгі мақсаты – қазақ тілін сақтап қалу болып отыр. Қазақстанда өзінің ана тілін білмейтін жүздеген, мыңдаған қазақ бар. Қалада тұратын қазақ ана тілін білмейді, тіпті арамызда өз тілін білгісі келмейтін қаншама шенеуніктер тайраңдап жүр.
Кешегі келеңсіз саясаттың нәтижесінде миллиондаған қала қазақтары мәңгүрттенді, тілінен айрылды. Біз бұл дерттен қашан құтыламыз деп келе жатқан жайымыз бар. Әліпбидің өзгеруі солардың санасын жаңғырта ала ма, біз оларға қалай әсер ете аламыз, осы тұрғыдан ойласуымыз керек.
Осы жағдайды қалыпқа түсіру үшін не істеу керек? Меніңше, балабақшадан бастап, қазақ, орыс демей, бүкіл орта мектеп бір бағдарламамен, бір жүйемен оқытылуы керек. Яғни балабақшадан бастап мемлекеттік тіл жүргізілуі керек.
Қазақстанда тұратын Қазақстан азаматтарының, яғни қазақ та, орыс та, кәріс те, неміс те, барлығының балалары балабақшада, бастауыш сыныптарда мемлекеттік тілде білім алуы қажет. Қазақ, орыс мектебі деп бөлінбеген дұрыс. Ал 5-6 сыныптарда кейбір пән орыс және ағылшын тілдерінде жүру керек. Бір бағдарламамен үш тілде оқып, 11 сыныпты бітірген кезде мемлекеттік тілде сайрап тұруы керек. Міне, осыны біз жаңғыру деп айтамыз. Сонда елдің бірлігі қамтамасыз етіледі. Қазақ тілін білетін балалар қазақтың мәдениетін, әдебиетін, тарихын, елін, тілін сыйлайды. Бойында патриотизм пайда болады.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. Аноним

    Құрметті Смағұл мырза!
    Сіз бұрын көпшілік назар аудармаған аса маңызды мәселені көтеріп отырсыз.
    Біздің қоғам, соның ішінде үлкен-үлкен оқымысты атақтары бар тіл мамандары да, биліктің айтқанын «Ләббәй, тақсыр» деп бірауыздан қолдай жөнеледі ғой. Осы жолы да солай болып жатыр. Осы тұрғыдан келгенде Сіздің күмәндануыңыздың өзі де ерекше бір оңды құбылыс деп ойлаймын.
    Бірақ Сіз өз ойларыңызды жалпылама айтып отырсыз. Жаңа әліпбиден Ана тілімізге келер қауіптің түрлерін нақтылы айта аласыз ба? Бұл мәселеде кімдер ғылыми негізде тиянақты пікір білдіріп, тұжырымдар жасай алады? Осы жұмысқа тиісті мамандарды қалай жұмылдыруға болады?
    Мен өзімді тіл жанашырлары қатарына қосамын. Бірақ тіл маманы, не оқымысты емес, қарапайым, қатардағы, ғылыми негізде емес, тек жүрегімен ғана сезінетін адаммын.
    Сізден, елімізге белгілі қайраткер адамдардың бірі ретінде, Менің жоғарыдағы сұрақтарыма жауап беруіңізді сұраймын.

    Самиғолла Ғалымұлы, зейнеткер

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.