Бауырластық жүздесу

Ақордада Қазақстан Президенті Н.Назарбаев Түрікменстан президенті Г.Бердімұxамедовпен кездесті. Н.Назарбаев Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы қарым-қатынастардың қарқынды дамып келе жатқанына оң баға беріп, ынтымақтасу келешегі зор екеніне сенімін білдірді.  «Түрікменстанды, жалпы түрікмен халқын біз өзіміз үшін ең жақын көрші, әріптес және бауырлас халық деп санаймын. Тәуелсіздіктің 25 жылында өзара қарым-қатынасымыз әрдайым жоғары деңгейде болды. Елдеріміздің арасында ешқандай шешілмеген мәселелер болған жоқ. Біз қалай қарым-қатынасымызды орнаттық, бүгінгі күнге дейін ол сондай деңгейде қалып отыр. Көрші елмен сыртқы саясатта ынтымақтастық орнатып, Түрікменстан бастамаларын халықаралық деңгейде қолдаймыз. Көрші ел де біздің бастамаларды қолдап жүреді» деді Н.Назарбаев.

Бүгінде Қазақстан мен Түрікменстан түрлі өңірлік және xалықаралық ұйымдар арасында табысты іс-қимыл жасап келеді. Бұл тұрғыда Елбасы Н.Назарбаев: «Біздің отын, энергетика, көлік пен транзит салаларында экономикалық ынтымақтастығымыз қарқынды дамуда» деп атап көрсетті. Соның бірі Қытай бастамашы болған «Жібек жолының экономикалық белдеуі» халықаралық жобасы. Бұл жоба екі бағыттан тұрады: біріншісі – құрлықтағы Жібек жолын жаңғырту болса, екіншісі – ХХІ ғасырдағы теңіздегі Жібек жолы. Бұл екеуінің біріккендегі ортақ атауы – «Бір белдеу – бір жол» жобасы. Қазақстан Президенті Түрікменстанмен бірлескен ірі жобалардың бірі – Қазақстан-Түрікменстан-Иран теміржолы жаңа Жібек жолының күре тамыры екенін атап өтті. Елбасы бұл инфрақұрылымдық жобаның маңызы туралы 15 мамыр күні Бейжіңде өтетін «Бір белдеу – бір жол» форумында егжей-тегжейлі айтылатынын жеткізді.
Кездесу барысында екі ел президенттері Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы стратегиялық әріптестік туралы келісімді және қазақ-түрікмен мемлекеттік шекарасын шегендеу туралы шартты рәсімдеді. Сонымен қатар ғылыми-теxникалық, экономикалық және мәдени-гуманитарлық мәселелер бойынша үкіметаралық комиссия туралы келісімге, үкіметтер арасындағы құпия ақпараттарды өзара қорғау туралы шартқа, Сыртқы істер министрліктерінің ынтымақтас­тық бағдарламасына, Қаржы министрліктері арасындағы қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласындағы өзара әрекеттестік туралы келісімге, Астана мен Ашxабад арасында бауырластық ­туралы келісімге, Қазақстан мен Түрікменстанның кәсіпкерлік палаталары арасындағы ынтымақтастық туралы шартқа қол қойылды.
***
Елбасы Н.Назарбаев Қырғызстанның Бішкек қаласында өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысына және Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттер басшыларының бейресми кездесуіне қатысты. Ауқымды іс-шараға ЕАЭО мүше бес елдің де президенттері – Қазақстан Президенті Н.Назарбаев, Ресей Федерациясының Президенті В.Путин, Беларусь Президенті А.Лукашенко, Армения Республикасының Президенті С.Саргсян, Қырғыз Республикасының Президенті А.Атамбаев және ЕЭК алқасының төрағасы Тигран Саркисян қатысты. Сонымен қатар жиынға Молдова президенті Игорь Додон ЕАЭО бақылаушы болуға үміткер ел ретінде қатысты. Алқалы жиынды кеңестің биылғы төрағасы ретінде Қырғызстан Президенті А.Атамбаев жүргізді.
Қазақстан Президенті Н.Назарбаев ЕАЭО аясында көп жұмыстар атқарылғанын айтты. Елбасының мәлімдеуінше, қазір ұйымның шарттық құқықтық базасы құрылып, тұрақты кеңею үстінде. Ұзақмерзімді және ортамерзімді басымдықтар айқын. ЕАЭО тауарлар, қызметтер, капитал, жұмыс күші еркін қозғала бастады. Түрлі елдермен, халықаралық ұйымдармен байланыс реттеле түсуде.
***
Қазақстан Президенті Н.Назарбаев Премьер-министр Б.Сағынтаевты қабылдады. Кездесу барысында Үкімет басшысы «Қазақ­станның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауды іске асыру бағытында Үкіметтің атқарып жатқан жұмысы мен 2017 жылғы бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша қысқа мерзімді экономикалық көрсеткіштердің өсіп келе жатқаны туралы баяндады. Сондай-ақ Б.Сағынтаев Мемлекет басшысына Үкімет әкімдіктермен, ірі холдингтермен және компаниялармен бірлесіп қолға алған технологиялық жаңғыру жөніндегі жол қартасының әзірлену барысы туралы мәлімдеді.
Елбасы бұған дейін бекітілген даму бағдар­ламаларын іске асырудың маңыздылығын, олардың орындалуына сапалы бақылау жасау қажет екенін атап өтті.
Кездесу соңында Н.Назарбаев Үкімет басшысына бірқатар тапсырмалар беріп, рухани жаңғырудың белгіленген бағыттары бойынша тыңғылықты жұмыстар атқарылуы тиіс екенін ескертті.
Елбасы сонымен қатар «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар ­Құл-Мұхаммедті қабылдап, партияның 2016 жылғы қызметінің қорытындылары жөніндегі есепті тыңдап, алдағы кезеңге арналған жұмыс жоспарларымен танысты. Нұрсұлтан Назарбаевқа жалпыұлттық күн тәртібіндегі маңызды аспектілерді іске асыру шаралары, сондай-ақ ел дамуының басты бағыттары жөнінде жұртшылықты хабардар ету мәселелері туралы баяндалды.
Сондай-ақ Елбасы өзге де бірқатар маңызды қабылдаулар өткізді. Халықара­лық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәліні қабылдау барысында Түркі академиясының қызметі және Қазақстан Президентінің тапсырмаларының орындалуы жөнінде есепті тыңдады. Д.Қыдырәлі БҰҰ штаб-пәтерінде өткізілген халықаралық симпозиум мен «Ұлы дала» гуманитарлық форумының нәтижелері туралы баяндап, Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында қойылған міндеттерді орындаудағы Халықара­лық Түркі академиясының қосар үлесіне тоқталды.
Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовты қабылдау барысында министрі Елбасына қылмыстық ахуал және жергілікті полиция қызметін одан әрі реформалау аясында атқарылып жатқан шаралар жөнінде баяндады, сондай-ақ түзету мекемелерінің жағдайы мен Ұлттық ұланның жұмысы туралы мәлімдеді.Бұдан бөлек, Қ.Қасымов су тасқынына байланысты ахуал және Астана мен республика облыстарында төтенше жағдайдың алдын алу бағытында қолға алынған шаралар жайлы хабардар етті.
Ал Қытай Халық Респуб­ликасы Мемлекеттік кеңесінің бірінші вице-премьері Чжан Гаолимен кездесу барысында Елбасы ҚХР Мемлекеттік кеңесінің бірінші вице-премьеріне сәттілік тілеп, екіжақты ынтымақтастықтың жоғары деңгейде екенін атап өтті.
Апта ішінде орын алған ерекше жаңалық­тарды әрі қарай тілге тиек етер болсақ, Қазақстан халқы Ассамблеясы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласына орай қазақстандықтарға Үндеу жолдағанын да айта кетуімізге болады.
Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаев бағдарламалық мақаласында қоғамдық сананы жаңғыртудың нақты бағыттарын сипаттап берді, – дей келе, «Біз, қазақстандықтарды жауапкершілікті мойынға алып, жаңа идеологиялық «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» тұғырнамасын іске асыруға белсене қатысуға шақырамыз! Біз, халқымыздың шығармашылық әлеуеті әрдайым асқан биік ұлттық рухтың, жеңіс рухының, кемелдікке, әлемдік өркениеттен лайықты орын алуға ұмтылудың жарқын көрінісі болатынына сенімдіміз!» делінген Үндеуде.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында да Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы талқыланған болатын. Алқа отырысын ҚР Мәдениет және спорт министрі А.Мұхамедиұлы Президентіміз Н.Назарбаевтың жаңа бағдар­ла­малық мақаласына тоқталып, бұл жобаларды жүзеге асыратын арнайы комиссия құрылатындығын айтты.

Сейілбек Мұсатаев,
шолушы, саяси ғылым докторы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.