Ағаны көріп іні өсер

Дәстүрлі қазақ қоғамында елеулі орын алатын аға мен іні сыйластығы – этностың қорғаныс механизмінің қалыпты, әрі ырғақты қызмет атқаруын қамтамасыз ететін әдеп нормалары және моральдық құндылықтар қатарында ағаның жөні де, жолы да үлкен деп есептеледі. Қазақ тәрбиесінде інінің қашан да өзінен жасы үлкен ағасын сыйлап, ақылын тыңдап, ілтипатты, ізетті болуы талап етіледі. Ағасы болса інісіне көмектесіп, қамқорлық көрсетіп жүреді.
Аға – орта ғасырдағы түркі мемлекеттеріндегі әскери атақ. XV-XVII ғасырларда Түркия янычарлар корпусының қолбасшылары аға деп аталған. Ауыз әдебиетінің деректері бойынша мұндай қолбасылық дәреже осы кезде қалыптасқан Ноғайлы Ордасында, Қырым хандығында, Қазақ хандығында да болған. Қазақ тілінде «қол ағалық» сөз тіркесі аға сөзінің әскербасы мағынасын білдіреді. Биік әскери дәрежені көрсететін аға сөзі шығыста хан сарайларындағы «есік ағасы», «есік басы», «шора ағасы» дәрежелерінде де сақталған. Өзінің толғауында айтылғандай Доспамбет жырау Аймадетұлы аға дәрежесіндегі әскербасы болған. Аға дәрежесі әмір, бек дәрежесімен қатар аталған. Кейін аға сөзі жалпы басшы, жетекші, ақылшы мағынасында, яғни «елағасы», «отағасы» деген сөздерде қолданыла бастады. Адамның жас жағынан үлкен бауыры, ер адамды, сондай-ақ кез келген жасы үлкен ақылшы, жетекші ер адамдарды да аға деп атай береді. Сондай-ақ қызмет, шен, лауазым дәрежесін көрсететін ұғым (аға лейтенант, аға ғылыми қызметкер, аға сұлтан, т. б.) да аға сөзін білдіреді.

Аға – бірге туған, туысқан, ағайынды, аталас, рулас ер адамдардың әке жағынан жасы үлкені. Ана жағынан туысса, бұл атауға нағашы сөзі қосылып, нағашы аға деп айтылады. Аға ұғымы жалпылама мәнде жұмсалғанмен, бірге туған аға, туысқан аға, аталас аға, рулас аға дегендерді ретімен, алыс-жақындығына қарай ажыратылады. Сондай-ақ дәстүрлі ортада туыстық байланысы болмаса да өзінен жасы үлкен ер адамның барлығын аға тұту моральдық-этикалық нормалардың қатарынан орын алған.
Іні – бірге туған ағайындылардың ер жыныс­ты жасы кішісі. Оның жасы кіші болғандықтан жолы да кіші болады. Ол аға, апа алдында кішілік міндетін түсінуге, мойындауға тиіс. Ағайындылар бас қосқанда жеңіл-желпі жұмысты іні атқаруға тиіс. Іні – аға мен апаның ізбасары, сүйеніші, қолғанаты, сенімі, үміті. Ескере жүретін бір жай – інінің баласы ағаға бала болады, ал сол балалар інінің апасына іні болып қала береді.
Ағалы-інілі адамдардың арасындағы қатынастың мұндай әлеуметтік ерекше мәні «Ағасы бардың жағасы бар, інісі бардың тынысы бар», «Үлкен тұрып, кіші сөйлегеннен без, аға тұрып, іні сөйлегеннен без», «Ағаға қарап іні өсер», «Аға – орман, іні қорған», «Аға алдында пейіліңді, іні алдында мейіріңді көрсет», «Ағаның үйі ақжайлау», «Жеңім жаман болса да, жағам жақсы, өзім жаман болсам да, ағам жақсы», «Көп ақымақтың ағасы болғанша, бір ақылдының інісі бол», т.б. мақал-мәтелдерден де аңғарылады.
Иә, өмірде қолынан алып ініні жетектеп жүретін ағалар да, көңілдегіні айтқызбай дөп басатын інілер де бар. Аға мен іні арасында өзара тазалық, бауырмалдық, тілектестік сезім жататыны бесенеден белгілі. Ал Шоқан Уәлихановтың інісі Мақы Уәлиханов қазақтың тұңғыш маман суретшілерінің бірі. Ағаға еліктеу қай заманда да болған. «Болам деген баланың бетін қақпа, белін бу, жақсы ағаға ілесіп ізін бас та, жолын қу» демекші, құдайға шүкір үлгі-өнеге алатын алдыңғы толқын ағалар жеткілікті. Мәселен, әйгілі суретші Әбілхан Қастеевке еліктеп, жаркенттік Ұлықбек Ибрагимовтің бейнелеу өнерімен қалай айналысқаны туралы бір кездері мақала оқыған едім. Бұндай жағдайлар өмірде көп кездеседі. Тек бірге туған ағаларына ғана емес, ел азаматтарының жақсы ісіне кейінгілердің қызығуы, еліктеуі – игі бастама.
Інінің бойындағы қабілеттердің ашылуына әрдайым ағаның ықпалы зор. «Алдыңғы арба қайда жүрсе, соңғы арба сонда жүреді» деген халық даналығы бекерден-бекер айтылмаса керек. Кішіпейіл, турашыл мінезімен ел қамы, жарқын болашақ үшін еңбектеніп жатқан ағалар туралы өлең-жырлар да, әндер де көп.
Сонау бір қиын-қыстау кезеңде әйелі мен баласын жолда тастап, туған інісін атқа өңгеріп алып кеткен жігіт туралы аңызды естігенбіз. Аштық, жоқшылық, жаугершілік кезеңдегі оқиғада жігіт өз ойын: «Қатын жолда, бала белде, ал бауыр табылмайды» деп түйіндеуші еді. Демек, бұнда өмір болса дос та, ағайын да бірте-бірте табылар, бірақ бір ананың құрсағынан шыққан бауырдың жөні бөлек деген ұғым жатыр. Енді басқа бір мысал келтіріп көрелік. Ертеде Әтей, Мәтей деген екі ағайынды жігіт болады. Әр нәрсеге қызыға беретін Әтей әумесер, ал Мәтей салмақты, сабырлы жігіт екен. Бір күні екеуі Ташкенттің базарына барады. Қалтасында көк тиыны болмаса да Әтей әр түйенің тісін бір көріп, күнұзаққа саудаласады. Намысы келген Мәтей еліне келген соң інісінің көрсеқызар мінезін, жағымсыз әдетін «Қалтасында теңгесі жоқ түйенің тісін көреді…» деп тұспалдап жеткізіпті. Осы сияқты оғаш әрекет, теріс мінез-құлық көрсеткендерді бірден серпіп, теперіш көрсетпей, бауырына тарта отырып жөнге салу ағаның міндеті болса керек.
Топыраққа тасталған дәннің өсуі, гүлденуі, жеміс беруі үшін оған үздіксіз күтім керек. Түбінің кеуіп кетпей, арам шөпке шырматылып қалмауы үшін қайта-қайта суарылып, топырағы қопсытылып, арам шөптерден тазартылып тұруы керек. Бірдей дәннен өнген кез келген өсімдіктің өзі тіршіліктің пәрменді емдері – су, ауа, топырақты қалай қабылдауларына байланыс­ты әркелкі болып өседі екен. Тіпті бір жеміс ағашының бұтақтары да соққан желді, аптап ыстықты, бұрқасын боранды, құрғақшылықты көтере алмай майысып-қайысып кететін жағдайлар кездеседі. Сол сияқты, адам да табиғаттың бір бөлшегі болғандықтан, бір үйдің балалары да алған тәлім-тәрбиесіне, қоршаған ортаның ықпалына орай өзіндік мінез-құлық қалыптастырады.
«Бір ағашта қанша бұтақ, біреуі-ақ қамшыға сап» дейтін қанатты сөздің мәні зор. Әр отба­сының үлкені өзінен кішілерге қамқор болып, көшті сүйреп жүретіні үйреншікті жайтқа айналды. Ағаның атағына, абыройына малданып, тоқмейілсіп жүретін, өмірге жеңіл-желпі қарайтын, өз еңбегімен тырбанып қарекет жасап, тірлігін түзегенге масыл бола кететін інілер де өмірде төбе көрсетіп жатады. Соңғы кезде бауырмалдық дейтін ұлы сезімге сызат түсіретін оқиғалар сиректеу болса да бой көрсетіп қалатыны жасырын емес.
Таяуда іргелес үйде тұратын Асылбековтер (кейіпкерлердің аты-жөні өзгертіліп алынды, автор) отбасы туралы жаман хабар естідім. 70-тен асқан үлкен ғалым аға қайтыс болыпты. Бір жылдық ас беру рәсімінен кейінгі бас қосқан отырыста ағайын-туыстары үш інісіне ағасының жасаған шетсіз-шексіз қамқорлығын, ал олардың өзімшіл, қыңыр мінезден арылмай дүниелік нәрселер үшін жаға жыртысып, соңында ат кекілін кесіскендей араз болғандығын әңгімелеп отырды. Ұзақ жылдарға созылған бауырлар арасындағы өкпе, реніш жылдар өте келе өзара ашық жауласуға ұласқан. Ақыры іс сотқа барған кезде зиялы қауымның өкілі ар-ұяттан өртеніп, жүрегі жарылып кетіпті.
– Сотқа барғанда өзара дауласып, жауласып жүрген кілең өзіміздің қаракөздерді көрдім. Кім-кімнің де күні ертең соңында қалатын мейрамхана, сәулетті үй, қомақты қаражат үшін алакөз болатындарды түсінбедім, – деп күрсінді Мәрзия апай. Иә, қиын жағдай. Бір ошақтың басынан өрбіп, бір ұяда өскендер осындай өрескел іске барса жетіскен екенбіз.
Ағайынның арасын көзге көрінбейтін арқау жіп үнемі байланыстырып тұрушы еді ғой. Бірге туған жандардың арасын суытып, көңілдерін кірлеткен дүниеге деген ашкөздік демеске шара жоқ. Ешқандай қазақы руханияттан хабары жоқ, дүние-мүлік үшін жанжалдасып, нәпсісінің құлы болып жүргендер де, руханияттан хабары болғанымен оған жетудің амалын жасамайтындар да болымсыз нәрсеге үйірсектеніп, ұлы сезімдерден жұрдай болып кеткен бе деп қапаландым. Тәлімдік өлшемдерге еш сыйыспайтын қыңыр, менмен, өзімшіл, арампиғылды, өтірік пен өсекке бейім жігіттердің іс-әрекеті әрбір саналы адамға ой салатыны анық. Отбасында тұрмыстық мәдениет қалыптаспаған жағдайда жарасымды сыйластық орнамайтыны белгілі.

Бекзат АСҚАРОВ, көлік жөндеуші:
– Ағатайымның қайтыс болғанына 10 жылдай уақыт өтіпті. Мен отбасындағы екінші баламын. Ағам екеуміз тете болғандықтан құлын-тайдай тебісіп, қатарласып бірге өсіп едік. Әлі күнге дейін ағамды сағынамын, жиі-жиі түсімде көремін. Ал екі ініме және қарындасыма қолдан келген жақсылығымды аямаймын.

Балнұр БЕКЕТОВА, шаштаразшы:
– Ақмола облысының Зеренді ­ауданында әке-шешем, інілерім мен сіңлілерім тұрады. Өзім Алматы ­облысына тұрмысқа шыққанмын. Туысқан ағаларымның қамқорлығын көп көрдім. Әсіресе мен ұзатылар кезде нағашы ағам кәделі сыйлық жасаған еді. Алайда осы күні шіркін, туған ағам болғанда ғой деп ойлайтыным да бар.

Ақжан МОЛДАНИЯЗ, ұстаз:
– Исі қазаққа бауырмалдық тән қасиет. Біз бір отбасында 8 бала өстік. Біріміздің киімімізді біріміз киіп, бой түзедік. Қазір бәріміз тіршіліктің қарекетімен жан-жақта жүрміз. Жылына бір рет бәріміз бірдей бас қосатын жағдай да болмай қалады. Ондайда телефон байланысына жүгінеміз. Қалай дегенде де өзім дегенде аянбайтын, жанашыр жандардың болғаны қандай жақсы.

Салтанат ҚАЖЫКЕН

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

3 Пікір

  1. Мөлдірай

    Тамаша мақала. Халқымыздағы аға мен іні сыйластығы әлі күнге дейін жалғасын тауып келеді деген ойдамын.

  2. Гүлсім

    «Ағасы бардың жағасы бар, інісі бардың тынысы бар» деп халқымыз бекер айтпаған ғой. Бауырыңнан жақын кім болсын? Қиналған кезде қамқор болып, жаныңнан табылатын бауырларың болса арман жоқ қой.

  3. Думан

    «Қажымас қара нарым
    Кең байтақ даналарым
    Күнім деп еркелетер
    Аман бол Ағаларым
    Аман бол Ағаларым » әнінің сөздері еске түседі. Еркелететін, ақылын айтатын ағаларымыз қашанда арамызда жүрсін.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.