Шалқар өңірі – менің туған өлкем

Елбасының жуырдағы «Бола­шаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақала­сында «туған жер» ұғымы туралы жақсы айтылған. Осы мақаланы оқып шыққаннан кейін өзімнің туған жерім туралы қалам тербеуді жөн көрдім.
Иә, әрбір азамат өзінің туып өскен жерін мақтан тұтады. Менің туған өлкем Шалқар өңірі — өзіндік тарихы бар байырғы мекен.

Сонау патшалық кезеңнен бүгінге дейін мал өсірген, еңбегімен күн көрген қазақ ауылы. Патшалық Ресей бұл өңірді Еуропа мен Азияның аралы­ғындағы сауда-саттық, әлеуметтік-экономикалық тұрғыда қолайлы мекен көрді. Екі ортада қатынас орнату үшін теміржол салуды осы жерден бастауды ұйғарды. Мамандар 1870 жылдардан бастап зерттеулер жүргізіп, түрлі ұсыныстарды ескере келіп бір келісімге келген. Сөйтіп, 1902 жылы екі жақтан бір мезгілде Орынбор-Ташкент бағытында теміржол салына бастады. Шалқар бекеті 1905 жылы толық пайдалануға берілді. Паровоз деп осы іске қосылды. Теміржолдың салы­нуы­на жергілікті халық қарсы бо­лып, сол кезде болыс болған Мыр­за­ғұл Шманұлы оларға тоқтау салды. «Те­мір жол орыстікі болғанмен жер қа­зақ­тікі, қызығын келешек ұрпақ кө­ре­ді» деп ақыл берді. Біртіндеп темір жол ­бойында елді мекендер салына ­бастады. Теміржол құрылысына жер ауған саяси тұтқындармен бірге шалқарлық азаматтар қатысты. Саяси тұтқындар ауыл тұрғын­да­рының көзін ашты, оқытты. Кейіннен, сол қазақтар Уақытша үкімет құруға белсене араласып, Шалқар қаласы жергілікті революция орталығына айналды. 1917 жылы партия ұйымы құрылды. Уақытша үкімет құлағаннан кейін қалада «Қызыл гвардия» жасағы және жұмысшылар мен солдаттар Кеңесі құрылып, бұл ұйымды А.Мюльгаузин басқарды. 1917 жылы Ақтөбе станция­сында өткен бірінші съезд жұмысына революционерлер И.Доценко, Ж.Меке­баевтар белсене қатысты. Бұларға құрмет ретінде Шалқар қаласында көше аттары берілген. Бұрынғы бауырластар зиратының орнына Данқ Мемориалы ашылды.
Шалқар қаласының қалыпта­суына, өсуіне үлкен үлес қосқан бұл азаматтар тарихта өз іздерін қал­дырды. «Локомотив жөндеу» депосы бүгінге дейін жұмысын жалғас­тырып жатыр. Депоға Ташкент теміржол институтын бітірген қазақ жастары келді. Алғаш рет депо басқарған қазақ Әбдірахим ­Асанов, Бақтыбай Есқарин, ­машинис­тер С.Мұсаев, Ә.Таңатов, С.Төлемісов, ­Х.Есбо­сынов, К.Оспанов, ­­­­­­­­­Т.Жаниязов сынды жігіттермен қатар Ақли­маш Ниязмағанбетова, Алуаш ­Дәрі­баева және басқа қыздар жұмыс істеді. Осылайша қазақ жұмыс­шыларының қатары қалыптасты. Қазіргі таңда Шалқар ­«Локомо­тив жөндеу депосы» америка­лық ­«Дже­не­раль-Электрик» компаниясы­ның ­­2ТЭ/ОМК сериялы тепловозда­рына күрделі жөндеу жүргізуден бас­тап барлық қызметтерді көрсетеді. Оның қуаты бір мезгілде 8 бірлік теп­ловоз жөндеуге жетеді. «Бұл депо – Шалқар өңіріндегі бірден бір өнді­ріс орны. Мұнда 400-ге жуық жұмыс­шы бар. Тепловозға қажетті 56 түрлі бөлшектер жасалады» дейді депо бастығы ­Мырзабек Естеков.
Облыс әкімі Б.Сапарбаев «Туған жерім – тұғырым» атты бастама көтер­ген болатын. Шара аясында қаланың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту, «Үлкен Шалқар» көлін тазарту жұмыстары қолға алынды.
Еуропа мен Азияны жалғас­тырып жатқан теміржол торабы бойындағы Шалқар станциясынан 24 жолаушылар пойызы өтеді. Жақында ғана Шалқар – Бейнеу темір жолы салынды. Бұрын осы екі ортаға қатынасу үшін 16 сағат жүретін болса, қазір 8-9 сағат кетеді. Бұл да халықтың әл-ауқаты жақсарғанының көрінісі.
Міне, Шалқардың өткен тарихы мен бүгінгі жағдайы осындай. Келешек ұрпақ көрсін, білсін деген ниеттеміз. Тек ел бірлігі бекем болып, бейбіт өмір сүрсе туған жеріміз түлей беретіні анық.

Төребай БОЛТАЙҰЛЫ,
еңбек ардагері

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.