Туған жерге туың тік!

Астанадағы Бейбітшілік  және келісім сарайында Президент – Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен «Жаңғырудың негізі – тұрақтылық, бірлік, келісім» тақырыбымен ҚХА-ның XXV сессиясы болып өтті.

Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында Қазақстан халқы Ассамблеясының мерейтойлық XXV сессиясы өтер кезде, сәрсенбінің сәтінде табиғат ана да жадырып сала берді. Қазақстанның әр аймағынан келген қонақтар, республикалық этномәдени бірлестіктерінің төрағалары, Парламент депутаттары, орталық атқарушы органдардың, саяси партиялардың, шетелдік дипломатиялық миссиялардың діни бірлестіктердің және ұлттық киімдерін киген диаспора өкілдері бір кісінің баласындай қауқылдасып, араласып кеткенде еліміздің шынайы татулық ордасы екендігіне тағы бір тәнті болып, ризалық сезімге бөленесің.

Сессияға 1500-дей адам қатысты. Түс ауа, сағат 15.00-де айтулы шараны Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі ашты. Күн тәртібі «Жаңғырудың негізі –тұрақтылық, бірлік, келісім» деп аталған Ассамблея сессиясының жұмысына оның 475 мүшесі түгел қатысып отырғанын айтқан Президент биылғы Ассамблеяның сессиясы ерекше мезгілде өтіп отырғанын атап өтті.
– Еліміздің үшінші мүшелге аяқ басуымен бірге аса күрделі кезеңде тұрмыз. Қазіргі әлемдегі ахуал, ел тыныштығы тұрақты дамудың ең негізгі шарты екеніне тағы да көзімізді жеткізіп отыр. Қиын кезеңде бірлігіміздің ұйтқысы, берекеміздің бастауы ретінде құрылған Ассамблеямыз өзіне жүктелген қасиетті ­миссияны өте үлкен дәрежеде орындап келе жатқаны көз алдымызда. Бүгінгі Ассамблея тарихы ол тұрақтылықтың, татулықтың, бейбітшілік пен келісімнің шежіресі болып саналады. Бірліктің киелі бесігі, елдің ортақ мақсаттағы ахуалы қандай болса да алға қарай ұмтылуымыз керек, – деді. Президент қаншама дағдарыстан сүрінбей өтіп келе жатқанымызды, экономикамызды төмен түсірмегенімізді баса көрсетті. Әрі қарай өз сөзінде: «Биыл еліміз кешенді жаңғыруға кірісті. Ошақтың үш бұтындай болатын экономикалық, саяси және рухани бағыттардың қай-қайсысы да айрықша маңызды. Қазақстанның үшінші жаңғыруы туралы мен өзімнің халыққа Жолдауымда айттым. Мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіре түскен конституциялық реформалар – саяси жаңғырудың негізі. Ал енді «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақалаға өзек болған жобалар рухани кемелденудің бастауы» екеніне назар аударды.
Елбасы әр ұлт өкілінің тұрған жері – кіші Отаны екенін, Қазақстан халқының бір-біріне сеніммен қарап, құрметтеуі туралы, олардың барлық мәдени жетістіктерін көрсету, тарихи мәселелер, елдегі тыныштықты сақтау және басқа да көптеген өзекті дүниелерді ортаға салды. Қазақстан халқының интерактивті жаңа картасын жасауды ұсынды.
Президент бағдарламалық мақаладағы негізгі міндеттерге назар аударып, Қазақстан қоғамының даму кезеңдеріне қатысты ойын ортаға салды.
– Мен ең алдымен болашақ қазақстандықтың болмысын айқындап, қандай болуы қажеттігін атап өттім. Біріншіден, ол – әлемдік бәсекеге қабілетті жасампаз тұлға. Екіншіден, алдына нақты мақсаттар қойып, соған ұмтылатын прагматик, әрі реалист. Үшіншіден, ұлттық бірегейлігін нығайтып, ұлтының дамуын тежейтін барлық нәрселерден бас тартатын адам. Төртіншіден, білімнің салтанат құруын ең маңызды іс санайтын, жаһандық білімнің шыңына шыққан жан. Бесіншіден, тек эволюциялық даму ғана халқының өсіп-өркендеуіне мүмкіндік беретінін жақсы түсінетін саналы азамат. Алтыншыдан, ол – түрлі тілдерді игерген, әлемнің үздік тәжірибелерін алуға және заман талаптарына сай өзгеруге қабілетті, сана-сезімі ашық жан, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Сонымен бірге Елбасы Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі Ұлттық комиссияның рөліне тоқталып, бағдарламалық мақалада көрсетілген жобалардың терең зерттелуінің маңыздылығын айтты. Алқалы жиын барысында Ассамблея мүшелеріне өз әлеуетін іске асыруға мүмкіндік беретін бірқатар жобаға да тоқталды.
– Бірінші. «Туған жер» жобасы Ассамблея үшін зор мүмкіндіктерге жол ашып береді. Екінші. «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасына Ассамблея тікелей қатысып, басы-қасында жүруі керек. Біздің қаншама замандастарымыз, қаншама Ассамблея белсенділері ел игілігі үшін риясыз қызмет етіп жүр. Ұлтына, қай өңірден екеніне, жынысына қарамастан біз олардың барлығын елге таныта білуіміз керек. Мұнда қойылатын талап біреу ғана, ол – азаматтың Қазақстан дамуына қосқан үлесі. Үшінші. Ассамблея «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасына табысты атсалыса алады, – деген Елбасы сөз орайын­да жастардың сана-сезімін қалыптастыру үшін айрықша маңызы бар «Жаңа гуманитарлық білім» жобасын тілге тиек етті.
Қабылданып жатқан шаралардың дұрыстығын және өз уақытында атқарылып жатқанын атап өтіп, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен мемлекеттік органдар алдына келесі жаңа міндеттер қойды.
– Бірінші міндет. Жүйелі жаңғырудың мақсаттарына жауап бере алатын қоғамдық сана-сезім қалыптастыру керек. Бұл процеске мемлекет пен азаматтық қоғам, білім беру мен әлеуметтік сала, жеке бизнес пен масс-медиа, бәрі де тартылуы қажет, – деп тапсырды Елбасы.
Мемлекет басшысы екінші міндет ретінде азаматтық бірегейлікті нығайтып, бірлік пен келісімді қамтамасыз ету қажеттігін айтты. Осыған орай, Қазақстан Президенті бірқатар нақты тапсырма берді.
– Дін істері және азаматтық қоғам министрлігіне облыс әкімдерімен бірлесіп, Ассамблеяның барлық деңгейдегі қоғамдық келісім кеңестерінің 2017-2018 жылдарға арналған, діни экстремизмге қарсы тұру жөніндегі жоспарын дайындауды тапсырамын. Сонымен қатар, ҚХА қоғамдық келісім кеңестерінің жұмысын реттеп, олардың қызметтерінің нақты критерийлерін жасауы керек. Бұдан бөлек, Үкіметке қайырымдылықты дамыту, оның ашықтығын қамтамасыз ету жөнінде ұсыныстар енгізуді тапсырамын. Облыстардың, Астана мен Алматы қалаларының әкімдері ҚХА жұмысының жаңа бағдарын – қоғамдық келісім кеңестері, қайырымдылық және медиация жұмыстарын күшейтуі қажет, – деп тапсырма берді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сессия барысында Мемлекет басшысы ақ­па­раттық жұмыстарға ерекше мән беріп, 2018 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының көпфунк­цио­налды мультимедиалық порталын ашуды, сондай-ақ «Қазақстан халқы» интерактивті тарихи картасын жасауды тапсырды. Сондай-ақ Қазақстан Президенті бизнес, шығармашылық және ғылыми зиялы қауым өкілдерін «Туған жер» жобасына қатысуға және өз ауылдастарын қолдау үшін күш жұмылдыруға шақырды. Қазақстан хал­қы Ассамблеясы мүшелерінің сөздерінде көп­те­ген мәнді мәселелер көтерілгеніне тоқталып, БАҚ өкіл­деріне оны терең талдау жөнінде ұсыныс айтты.
Сөзінің соңында Мемлекет басшысы барша қазақстандықтарды алдағы Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтап, бейбіт өмір, игілік пен бақ-береке тіледі. Жиналғандар Елбасы сөзін ықылас қоя тыңдап, қол соғып, қолдау білдіріп отырды.
Осыдан кейін сөз алған түрлі салада еңбек ететін әр халық өкілдері Президент саясатының дұрыстығын, өздерінің Қазақстанды шын мәнінде Отаны сезінетінін, өсіп-өркендеуіне барлық жағдай жасап отырған еліміз ұстанған бағыттың баға жетпес байлық екенін білдірді.
Мәселен, Шығыс Қазақстан облыстық филиалының ғылыми сараптамалық орталығының жетекшісі Нелли ­Краснобаева «Қазақстан халқы Ассамблеясы» деген сөз достық, бейбітшілік, сенім, болашаққа ұмтылыс белгісіне айналғанын, күн тәртібіндегі қоғамдық сананы жаңғырту бағытында Ассамблея лайықты және нәтижелі жұмыс істейтінін, Елбасы мақаласының дамудың жаңа көкжиектерін ашатынын, ұлт іс жүзінде дамудың жаңа жоспарын қолға ұстағанын тілге тиек етсе, Еуразия АҚ «Оңтүстік» энергетикалық корпорациясы еңбек және техникалық қауіпсіздік бөлімінің басшысы Сергей Уруссу өз кәсібінің техникалық қауіпсіздікпен байланысты екенін, Елбасының болашаққа көз салуы да, қоғамдық сананы жаңғырту жөніндегі бағдарламасы да қауіпсіздік техникасы екенін салстырмалы тұрғыда алға тартты. Ақтау портының докер-механизаторы Евгений Галатырь Елбасының мақаласы тікелей жастарға бағытталғанына мән берді. Алқалы жиында сөз алған ақын Жүрсін Ерман Президент мақаласына орай өз ой-пікірін ортаға салды.
– Құрметті Елбасы, Қазақ қоғамының «Бола­шаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақалаға шыққанға дейінгі көңіл күйі бір бөлек, мақала жарияланғаннан кейінгі көңіл ауаны бір бөлек болып көрінеді. Қазақ қоғамы бір түбегейлі өзгеріске әзір екенін бәріміздің ішіміз сезуші еді, осындай бір сілкіністі, серпілісті күтуші едік, бұл күрделі де көреген мақала біздің күткенімізден де асып түсті. Рухани жаңғырудың барлық кешенді шараларын қолымызға шырақ ұстатқандай айтып бердіңіз. Бүкіл зиялы қауым сіздің осы мақалаңыздағы озық идеяларды қолдайды деп сеніммен айта аламын. Тәуелсіздік алғаннан бері шешімін таппай келе жатқан күрделі мәселе рухани жаңғыру болса, елімізді, халқымызды, жұртымызды рухани азаттыққа бастаудың жолын көрсетіп беріп отырсыз. Енді осы сындарлы шақта сіздің төңірегіңізден табылып, қолдау бүкіл зиялы азаматтардың міндеті деп білемін, – деді ақын Жүрсін Ерман.
Осылай сөз алған азаматтардың бәрі де Елбасының саясатын, елдегі бірлік пен берекені қолдап, еселей еңбек етуге, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығару қажеттігін атап көрсетті.
Қазақстан халқы Ассамблеясының XXV cессиясына қатысушылар елді Мемлекет Басшысының қоғамдық сананы жаңғырту бастамаларын қолдауға шақырып, Үндеу қабылдады.
Қазақстан Президенті сессия барысында ҚХА мүшесі, Ақтөбе облыстық қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Сергей ­Викторович Вишнякті және ҚХА кеңесінің мүшесі, «Әзербайжандар қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Абилфас ­Муслимович Хамедовті Ассамблея төрағасының орынбасарлары етіп тағайындау туралы өкімге қол қойды.Кешкісін этномәдени орталықтар өнерпаздарының салтанатты концерті болды.

Ғазиз Есембаев

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.