«Тамашаның» тарланбозы

Құдайберген Сұлтанбаев есімі – ел есінде

1967 жыл. Қыркүйек айы. Арал қаласындағы Т.Г. Шевченко атындағы қазақ орта мектебінде оқудың жаңа басталған кезі. Қөңілім қуанышқа толы, жүрегім толқулы. Оның да өзіндік сыры бар тәрізді. Өйткені бірнеше жыл бұрын сол мектептен аттестат алып, өмірге қанат қаққан болатынмын. Енді міне, сол мектепке ұстаз болып қайта оралып тұрмын. Есейген шақ. Оң мен солымызды тани бастаған кез. Оқу жылының алғашқы айларында комсомол мүшелерінің есеп беру жиналысы болып, мені комсомол комитетінің хатшысы етіп сайлады. Мектеп іші қызыққа толы. Балалар да шат-шадыман, өмір қадамы кім-кімді де бейжай қалдырмайды. Жас мұғалімдердін жиналысын өткіземіз. Оқу мен тәрбие жайлы жұмыстарды әңгімелеудің басын шатамыз. Мектеп директоры Сайлау Жетпісбаев деген ағамыз жастарға зор қолдау көрсетеді. Кеудеміз одан әрі қуанышқа кенеледі. Әлі есімде, жиырма жастың үстіне жаңа ғана аяқ басқан Құдайберген Сұлтанбаев сол мектепте сурет пәнінен балаларға сабақ береді екен. 

Мектепті безендіру, балаларды сурет өнеріне баулу ісіне бір кісідей атсалысып, өз ісінің тыңғылықты орында­луына жете мән беретін тұлға екенін сол кезден бастап көрсете білді. Мектеп өмірі қуанышты сәттерге толы болды. Комсомол жұмыстарының қыр-сырын Құдайбергенмен ақылдасып, ортақ шешім тауып, жүйелі жұмыстар істейтін болдық. Тонның ішкі бауындай сыйластық сырластыққа ұласты. Құдайбергенмен тағдырлас болып шықтық. Ол да, мен де жалғыз ананың жалғыз ұлы екенбіз. Қазақ «жалғыздық бір құдайға жарасқан» деп жатады. Әйтсе де тағдыр, өмір тауқыметі өміріңді қалай өрнектесе соған көнеді екенсің. Тылсым дүние тағдырыңа не жазса соны көтере білесің. Бұл өмір шындығы екені рас.
Арада бірнеше жылдар өтті. ­Құ­дай­­бергенмен ағалы-інілі қарым-қатынасымыздың арқауы берік болды. 1973 жылы мен Алматы жоғарғы партия мектебіне оқуға келдім, ал Құдайберген араға бірнеше айлар салып Алматыға, консерваторияға оқуға түсті. Арман қуған жастың алдынан болашақтың жарқын сәулесі нұрланып тұрғандай болды. Осы кезеңдерде жиі араластық. Өмір жайлы, болашақ туралы көп пікірлесіп, ой-бөлісетін болдық. Құдайберген кешегі мектептегі мен көргендей емес, өмірге ойлы көзбен қарап, ақыл-ой парасатын тек қана жарқын болашағы үшін арнап, тер төге алатындай сезілді. Өнерлі ортаға түсті. Өз-өзін шыңдай білді. Кемел шақ кезеңдерінде ол бойына адамгершілік пен парасаттылық, кісілік пен кішіліктің жарқын қасиеттерін жинай алды. Жаңа орта тапты. Ол студенттер ортасы. Ол ұлы ұстаздар ортасы. Ол өнер мен мәдениеттің қадір-қасиетін білетін жандар ортасы. Ол биік парасатты, пайымы мол дәрежелі орта. Осындай орталардың қай-қайсысы болса да Құдайбергенді бөтен көрген жоқ. Өйткені ол солардың айтқанына көніп, құрақтай ұшып қызмет ете білді. Құдайбергеннің көргенді тәлім-тәрбие алуына себепкер болған сахна майталмандары Сәбира Майқанова, Асанәлі Әшімов, Әнуар Молдабеков, Сәбит Оразбаев, Қасым Жәкібаев және басқа көптеген аға буын өкілдері болды. Ол сахна шеберлерінің өнегесіне зор мән беріп, жіті қадағалап, өзіне керек өмір сабақтарын түйіндей білді. Халқының сүйіспеншілігіне бөленді. Әсіресе ел есінен кетпейтін, ел есінен шықпайтын жаңылмай, жатпай-тұрмай көретін халықтың «Тамашасы» Тұңғышбай мен Құдайбергенсіз көз алдымызға елестемейді. Жиен рөлін халыққа айна қатесіз жеткізуде Құдайберген өзінің хас шебер екенін дәлелдей алды. Әсіресе әкесінің сабақ үйрете алмайтын тәлпіш баласы болып ойнағаны көз алдымыздан кетпейді. Оның Сыр өңірінің сыршыл әжелерінің тұлғасын сомдай алуы ешкімді бей-жай қылдырмайды. Бәрін айна қатесіз қаз қалпында салады. Халық мейірлене көріп таң-тамашаға батады. Шындықтың өміршең екенін көз алдыңа жайып тастайды. Бұл ретте Құдайберген өзінің әріптестері Тұңғышбай Жаманқұлов, Лидия ­Каденова, Мейірман Нұрекеев тәрізді жандармен қоян-қолтық араласып жүрді.
Қазақта «сегіз қырлы, бір сырлы» деген сөз бар. Бұл жігіттерге айтылған болса, мұндай үдеден Құдайберген шыға білген. Олай дейтінім ол өзінің сан қырлы жақтарымен халқына таныла білді. Суретші, актер, артист, азамат, яғни көптеген адам бойындағы асыл қасиеттердің жиынтығын өз ­бойына сіңіре білген жан екенін көрсетті. Оның сахна төрінен көрінген образдары, ­театр сахнасында сомдаған бейнелері мен көгілдір экраннан көрсетілген көптеген кейіпкерлер оның шынайы шығармашылық адамы екенін аңғартады. Талантты ­актер сан-салалы образдарды ашуда аянбай еңбек етті. Ол Ш.Айтматовтың «Ана, Жер – анасындағы» ­Майсалбек, О.Бөкеевтің «Құлыным меніңдегі» – гитарист, Ә.Нұрпейісовтың «Қан мен теріндегі» – тілмаш, М.Әуезовтің «Айман-Шолпанындағы» Жарас, т.б. көптеген бейнелерді шынайы өрнектей білді. Қ.Сұлтанбаевтың шығарма шындығын ашумен ғана қалып қоймай өз бетінше ой сүрлеуі бөлек болатын. Өзі ұйымдастырған театр соның айғағы іспеттес еді. Кейін келе халқына қызмет етудің, яғни көпті толғандырып, көкейден кетпейтін түйіндерді де шешетін орын Парламент екенін білгеннен кейін халық алдына шықты. Өз ой-пікірімен бөлісті. Халқы шын мәнінде оның кандидатурасын қолдай білді. Сөйтіп, кәсіби парламент мүшесі болып сайланды. Мінбелерден өз ойымен ортақтасатын пікір сайысына сан рет түсті. Парламент Алматыдан алғаш рет Астанаға қоныс аударғанда көптің көңіл –күйін жұбататын әзілдерімен депутаттар арасында үлкен беделге ие болды. Құдайбергеннің жүріс-тұрысында шынайылықтың перделері ашылып жататын. Парламент тынысы Құдайбергеннің аралас-құралас ауқымын кеңейте түсті. Ол М.Оспанов, С.Тоқпақбаев, Д.Тұрлыханов, Қ.Тұрысов, Н.Балғынбаев, Б.Қаюпов, С.Шаухаманов және басқа көптеген ел азаматтарымен сырласып, жарқын болашақтың бағдарын кең көлемде әңгіме арқауы ете білді. Саналы ғұмырын осы ортамен байланыстыра білді десек артық айтқандық бола қоймас. Өмір ағымындағы саяси, әлеуметтік, мәдени, яғни түрлі сан-саланы қамтитын кәсіби парламент мүшесі болып, өзекті мәселелер шешуде өз үнін қосқан Құдайберген ел мақтанышына айналды.
Оның бала күнгі аунап асыр-салған, кіндік қаны тамған жер – Арал. Атынан айналайын менің туған жерім де осы жер. Бұл жердің адамдары ауыздарынан Алласын тастамайтын, Құдайға жалынып-жалбарына білетін жандар. Содан болса керек, мен білетін Аралда бірнеше аттас Құдайбергендер болды. Олардың қай-қайсысы болмасын елге тұлға, жерге мақтаныш, отбасына қадірлі әке, бақытты жандар десем артық айтқандық емес.
Құдайберген Тәуекелұлының бойынан ірілік пен менмендік байқалмайтын. Әрдайым кішіпейіл, мәдениетті, көргені көп, түйгені мол, бақытты жан болатын. Өмірден өзі діттеген дәрежедегі үлесіне ие болды-ау деп шамалай түсеміз. Дегенмен, адам қызыққа, қуанышқа тоя қояды ма? Ол әрдайым жақсылықты аңсайтын. Өзінің өмірлік жарын – Дәкеңді тапты. Татулықтың, қимастық пен сыйластықтың үлгісін көрсете білді. Еркебұланын еркелетіп өсірді. Айнұрын алақанына салып аялады. Ал дүниеге өздерін сағындырып немересі Сәмір келгенде Құдайбергеннің екі езуі екі жаққа жетті. Қуаныштан көңілі көктемдей құлпырып, жүзі жаз шуағындай жайнады. Отбасындағы бақытты сәттерді сезінді. Ақ тілеу тіледі. Елдің аманшылығын, ұрпақтың ұлағатты өсіп-өркендеуін қалады. Бәріне де қанағат сезім тудырды. Әйтсе де тағдыр жазуы дейміз гой. Құдайберген әлгі мол байлығы мен мұрасын артқа тастап пәни дүниемен дәм таусылған күні қоштасты. Оның ойына оралған мың сан тіршілік дүниесіндегі орындалмай қалған армандары бар болатын. Дегенмен, оны елі ешқашан ұмытпайды. Шаңырақ биіктігін берік ұстап отырған – Дәкен өзінің ардақты азаматы, ақ махаббатын әлдилеген Құдайбергенін көңілден кетірмей, жан жүрегінің түкпірінде ұстап, оның болмысын халық алдында, ел көзіне шоқтығы биік екендігін көрсетуге тер төгіп жүргені анық.
Құдайберген Сұлтанбаев ел алдында қандай дәрежелі болса да құрметке лайықты жан деп білеміз. Оның есімі әр қазақтың жүрегінде жатталып, көңілдерінде сақталып қалуға тиіс. Жаны жайсаң, жүрегі жомарт қазақ даласының біртуар ұлы екенін естен шығара алмаймыз.
Құдайберген – тамаша өмірдің тарланы бола білді. Алла Құдайбергеннің шаттыққа толы шаңырағына, өскен- өнген елі мен жеріне рақым нұрын жаудыра берсін.

Атабай ҚЫЛЫШБАЙҰЛЫ,
Халықаралық «Дала» журналының Бас редакторы, Арал, Сырдария аудандарының «Құрметті азаматы»

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

3 Пікір

  1. Алуа

    «Тамаша» саңлақтарының өнері қайталанбас өнер ғой. Қазір нағыз әртістер мен сапалы әзілдер саусақпен санарлық.

  2. Салтанат

    Тамаш естеліктер. Құдайберген ағамыздың бейнесі де, әзілдері де әлі күнге дейін есімізде, көз алдымызда.

  3. Болат

    Құдайберген Сұлтанбаев марқұм болған соң бір күні кешкісін теледидардан кеш бойы өнерін көрсетті.Бір кез бала, бір кез кемпір,бірде шал бірде бастық ,бірде гаи болып ойнаған өнерін қатар көрсеткенде Құдайберген ағамыздың өнерінің қаншалықты шеберлігіне таң қалдым.Содан бері Республикалық каналдан Құдекеңнің өнерін бір көрмеппін.Орнына Задорнов,Ютубтағы қалжыңдар,тағы да басқа елдердің сайқымазағы ..Әлде Құдекеңнің парламент депутаты кезіндегі -«Ол жақта отырған кілең әртістер екен, тек ішіндегі профессиональный артист мен ғанамын» -дегені батып кетті ме екен….Талай ұрпақ жиен мен нағашының,Тамашаның боларын күтіп өскен еді.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.