Орынборға сапар

Ресей Федерациясындағы Орынбор қаласы туралы айтқанда толқымайтын қазақ жоқ шығар, сірә?! Олай болатын реті де бар. Іргетасы қаланғанына 260 жылдан асқан шаһар ең алдымен кеңестік дәуірде Қазақ автономиялы социалистік Республикасының бірінші астанасы болғандықтан ыстық. Оның бер жағында Алаштың небір жақсылары мен жайсаңдары білім алып, үлкен өмірге қанат қаққан мекен.
Қазіргі күнде көрші Ресейдің Приволжье федералдық округі құрамында 126 ұлт пен ұлыстың өкілдері қоныстанған аттас облыста екі миллионға тарта халықтың 578 мыңы өңір орталығында тұрады. Жалпы облыста 13 қалалық округ, 29 муниципалды аудан, 447 селолық елді мекен бар. Қазақстанның Қостанай, Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарымен шектесіп жатқан өңірде кен барлаушылар 75 түрлі пайдалы қазбалар бар екендігін анықтаған.

Бұдан бұрынғы жылдарда­ғы­дай Ақтөбе облысының Орынбор облысындағы күндері сәуірдің соңғы аптасында жүзеге асырылды. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев бастаған, құрамында кәсіпкерлер, шығармашылық қызмет адамдары, Қазақстан халқы Ассамблеясы­на қарасты этномәдени бір­лестіктер өкілдері бар үлкен делегация Орынбор жерінде екі күн болып, ауқымды шараларды сәтті өткізді. Әлемнің тұңғыш ғарышкері Юрий Гагарин атындағы алаңда Алға, Хромтау, Әйтеке би, Қарғалы, Қобда, Мәртөк аудандары, «СНПС – Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоғамы, «ҚазақОЙЛ–Ақтөбе» ЖШС, Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті арнайы киіз үйлер тігіп, қала ажарын ашып жіберді. Бұдан өзге маңдайшасында «Ұлы дала мұрасы» деген жазу бар киіз үйге келушілер халқымыздың бай ұлттық салт-дәстүрлері мен өткен сан ғасырлық жолдарынан жан-жақты мәлімет берерлік жәдігерлерді тамашалады. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев пен Орынбор облысының губернаторы – Үкімет төрағасы Юрий Берг салтанатты іс-шарада құттықтау сөз сөйледі. Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер көрмесін, Ғазиза Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясының шығармашылық ұжымы дайын­даған концерттік бағдарла­маны, аудандардан келген өнер ұжымдарының сахналық көрініс­терін қызықтаушылар тәуелсіз Отанымыздың бүгінгі көркем келбетінен ұмытылмастай әсер алды. Орынбор қаласындағы университеттерде оқып жүрген ақтөбелік студенттермен кездесу қатысушылар зердесін тың деректермен байытты. Көрші екі мемлекет делегацияларының бірінші басшылары экономикалық-мә­дени достықты одан әрі нығайту ба­ғытында меморандумға қол қойды.
Ақтөбе облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының ­делегациясы құрамындағы украиндардың «Оксана» халықтың хорының, славяндардың «Коляда» ­фоль­­клор­лық ансамблінің, татар-баш­құрттардың «Язгы моннар» ән-би ансамблінің, немістердің «Фаильхен» халықтық хорының өнері көпшілікті тәнті етті.
Біз сапар барысында Ақтөбе об­лыстық тілдерді дамыту басқар­ма­сының тілдерді дамыту және үйлестіру жұмыстары бөлімінің басшысы Қайрат Сұлтанәлин мен басқарма жанындағы тілдерді оқыту орталығының директоры Клара Серғазина бастаған арнайы топтың тамаша шараны қолға алғанына куә болдық. Топ құрамында бас мамандар Нүргүл Бертілеуова, Бақтыгүл Әбиева, Маржан Жанасова және орталықтың оқытушылары бар.
Еліміздің Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты Тіл және қоғамдық-саяси жұмыстар комитеті тарапынан Қазақстанмен шекаралас Ресей аймақтарының қазақтары туралы зерттеу жүргізілген. Зерттеу барысында орынборлық қандас бауырларымыздың қазақ тілінен, тәрбиелік тағлымы зор ұлттық салт-дәстүрлерден бейхабар болып бара жатқаны анықталды. Өңірде 125 мыңнан астам қазақ тұратынына қарамастан бірде-бір қазақ мектебі жоқ.
Бұл жай Ақтөбе облыстық тіл­дерді дамыту басқармасы ұжымын (басшысы Гүлайым Төлебаева) ойландырды. Нәтижесінде өткен жылдан бастап «Шет елдерде тұратын қазақ диаспораларымен байланыс» атты жоба қолға алынды. Тың жобаны облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың өзі қолдап, жұмысты әрі қарай жүргізуге жағдай туғызды, бірлескен іс-шаралар жоспары жасалды. Сөйтіп, өзге мемлекеттердегі қаракөз бауырларымызға қазақ тілін үйрету өріс алды. Өткен жылы ұйымдастырылған шеберлік сыныптары қатысушылардың көңілінен шықты. Әрине, соншама қашықтықтағы аймаққа шекара асып, дүркін-дүркін барып қайтудың қисыны келе бермейді. Сондықтан басқарма жанында 2007 жылдың 12 қаңтарында құрылған тілдерді оқыту орталығының сайтына «Қашықтан оқыту» айдары кіргізілді. Қарапайым базалық және орта деңгей бойынша тапсырмалар, аудио және бейнематериалдар енгізілді. Мемлекеттік тілімізді оқып үйренуге ынталы адам алдымен сайтқа тіркеледі, арнайы үлгідегі арыз бланкісін толтырады, үш жұмыс күні ішінде хат күтеді, скайп арқылы орталықпен хабарласады, тағы да тапсырмалар алады.
Бұл жолғы сапарда ақтөбелік тіл үйретушілердің жұмыс істеуі үшін Орынбор мұнай-газ барлау техникумының ғимараты ыңғайластырылған. Тамаша ұйымдастырушы, әділет генерал-лейтенанты Александр Николаевич Садчиков басшылық ететін арнаулы орта оқу орнының ұжымы сәуір айының 17-сінде техникумның ашылғанына 45 жыл толғанын атап өткен, мұндағы мұғалімдер игілікті іспен келген меймандарды шын ықыласпен қарсы алып, еркін жұмыс істеуіне мүмкіндік жасады. Ғимараттың мәжіліс залында Ақтөбеден әкелінген соңғы үлгідегі оқыту құрал-жабдықтары іске қосылды, стенділер орнатылды. Тілдерді оқыту орталығының оқытушылары «Отанды сүю отбасынан басталады», «Астана – Қазақстанның елордасы», «Салт-дәстүрім – асыл қазынам» тақырыптары бойынша ашық сабақтар жүргізді, қазақ тілінің мұғалімдеріне арналған «Елтаным» саласы бойынша оқылым бөлігінің тапсырмаларын жүйелеу, меңгеру жолдары ұғындырылды. Сабақтарға арнайы Дамбар, Соль-Илецк, Ақбұлақ, Орынбор және басқа қазақтар жиі шоғырланған аудандардан келген мектеп оқушылары мен мұғалімдерге 400-ден астам оқу құралдары, электрондық оқулықтар, балалар журналдары тегін таратылды. Сабақты өткізу барысында белсенділік көрсеткен ұстаздар мен шәкірттерге арнайы мадақтау қағаздары тапсырылды, техникум басшылығына ескерткіш сыйлық табыс етілді.
Ежелгі қаланың бізге айрықша ұнаған бір көрінісі – «Ұлттық ауыл» деп аталатын мемориалды кешен, яғни ондаған ұлттардың мәдени-демалыс ғимараттары бір алаңда орналасқан екен. Осындағы «Шаңырақ» мейрамханасының ғимаратында «Орынбор қазақта­рының қауымдастығы» облыстық қоғамдық ұйымы үшін жұмыс кабинеті жасақталған. Қауымдастық төрағасы Жәнібек Иткөзовтің мамандығы экономист екен. Бізбен әңгімесінде ол 2008 жылдың 27 ақпанынан бергі уақытта қазақ тілінде «Жаңа Айқап» газеті мың жарым дана таралыммен шығарылып келе жатқанын айтты. Бір өкініштісі – Жәнібек сауалдарымызға орысша жауап берді. Екінші бір қоғамдық ұйым «Дом дружбы народов» деп аталады. Жетекшісі – Сәуле Тайкешова, Жамбыл облысы Мерке ауданының тумасы болып шықты.
Біз техникумда сабаққа өз ықыла­сымен келіп қатысқан бірнеше қандастарымызбен әңгімелескен болатынбыз.
Әйгерім Бижанова, Орынбор ауданындағы Чебеньки поселкесінің тұрғыны:
– Мен Қызылорда облысының Арал ауданынанмын, руым Төртқара. Ақтөбе гуманитарлық колледжінде музыка пәнінен дәріс беріп жүргенімде нағашы жеңгем Айсұлудың інісі Ерланмен танысып, осы Чебеньки ауылына келін болып түстім. Қолымызда ата-енеміз бар. Отағасы жақсы тәрбие алған жігіт.Құдайға шүкіршілік етеміз – алды алты жаста үш сәбиіміз өсіп келеді. Ауылымыздағы екіжарым мыңнан астам тұрғынның арасында сан жағынан қазақтар екінші орында тұр. Жыл сайын Ораза, Құрбан айтты бірге мерекелейміз. Мешіт ашылып, тұрақты жұмыс істеуде. Қынжылатынымыз – ­Наурыз мерекесі бірте-бірте ұмытылып барады. Орта мектеп бірыңғай орыс тілінде дәріс береді. Келесі оқу жылында тұңғышымыз Аяжанды бірінші сыныпқа беруіміз керек. Балаларымның келешегін ойласам жаным күйзеліп кетеді. Меніңше, Қазақстан мен Орынбор облысының Үкіметтері, екі жақтағы тиісті министрліктер өзара келісімшартқа отырып, қазақ балалары үшін қазақ мектептерін немесе жұмыс істеп тұрған орыс мектептерінде ана тілімізде дәріс беретін сыныптар ашса, яғни бюджеттен осы мақсатқа арнайы қаржы бөлінсе дейміз. Бұл шаруадан Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының басшылығы да сыртқары қалмауы тиіс.
Рас, бұдан бірер жыл бұрын Орынбор қаласында демеушілер көмегімен қазақша оқыту сыныбы ашылып еді, көп ұзамай жабылып қалды. Өзім үйімде тоғыз балаға домбыра тартуды үйретіп жүрмін, бала санын бұдан көбейтуге болар еді, әттең, бөлме тарлық етеді, өзге ғимараттың реті жоқ.
Алтынай Дүйсенбаева – Орынбор облысы Чулошников ауылының тұрғыны:
– Негізгі мамандығым ­бойынша география пәнінің мұғалі­мі­мін, ауылдық муниципалитет депутатымын. Қазіргі күнде өзім де, күйеуім Елемес те кә­сіп­керлікпен шұғылданамыз. Мектебіміз бірыңғай орысша. Қазақ тіліндегі кітаптар қолымызға мүлде түспейді. Бүгін ақтөбеліктер әкелген кітаптарды, жур­нал­дарды алып мәз болдық. «Отау ТВ» телеарнасы арқылы қазақ тіліндегі бағдарламаларды көруге мүмкіндік туды. Әсіресе мектептің үшінші сыныбында оқитын балам Ерәлидің өз ұлтына деген сүйіспеншілік сезімі көтеріліп қалды. Менің тындырған ісім – өз ықыласыммен ауылда ­этно­г­­рафиялық үйірме ашып, сабақ жүргізіп келемін. Шәкірттерімнің аудандық, облыстық байқаулардан жүлде алып оралғаны – еңбегімнің нәтижесі деп ойлаймын.
Түйіндеп айтқанда, бұл сапардан алған әсеріміз мол.

Жанғабыл ҚАБАҚБАЕВ,
Қазақстан Республикасы
ақпарат саласының үздігі

Ақтөбе–ОРЫНБОР–АҚТӨБЕ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.