Марқасқа

Қазақ мұнай өндірісінде есімі тарих қойнауына алтын әріппен жазылатын айтулы тұлғалар баршылық. Олардың ғазиз есімдерін үнемі айтып, ғибратты істерімен кейінгі ұрпақтарды ұдайы таныстырып отыруымыз қажет. Қазақстанның мұнай өндірісі тарихынан ойып орын алған азаматтың бірі – Бөлекбай Сағынғалиев болатын.
Арамызда жүргенде бүгіндері 90 жасқа толатын Бөлекбай Сағынғалиев туралы айтылар әңгіме әлі алда. Алла тағала адам баласына мына өмірге келгенде ырыздық-несібесін қоса беретін сыңайлы. Ырыздық-несібені жан-дүниеңмен қалап алған мамандық арқылы тапсаң ғана, оның берекесі болмақ. Иә, Бөкең о бастан мұнайшы болып жаратылған. Оның ғұмырына көз жүгіртіп отырып, мұнайшылықтан басқа мамандықты таңдауы мүмкін емес екен ғой деп ойлайсың. Ол кісімен таныстығымыз тым ертерек басталған еді. 1973 жылы Мәскеудегі И.М.Губкин атындағы мұнай және газ институтын үздік бітіріп, жолдамамен Маңғыстау өлкесіне келдім. «Қазақ мұнай-газ ғылыми-зерттеу және жобалау институты» атты іргелі мекемеге қатардағы инженер болып қабылдандық. Кейіннен тәжірибе жинақтаған соң, басшылық сенім артып, ғылыми қызметкер деңгейіне көтерді.

Жаңа ғана оқу бітіріп келген бетіміз. Жастық жалын мен алып-ұшқан арман жетелеп, институт қабырғасындағы игерген білімді тәжірибемен ұштастыру бағытында барымызды сала жұмыс жасаймыз. «Қазақ мұнай-газ ғылыми-зерттеу және жобалау институты» еліміздегі ең ірі ғылыми-зерттеу мекемесі болған соң, өңірлерде өтетін барлық ғылыми жиналыстарға қатысады. Институттың жетекші мамандары әлгіндей Одақтық деңгейдегі басқосуларда мазмұнды баяндама жасап, мұнай-газ саласының өзекті мәселелерін шешу, оны жетілдіру бағытында өзіндік ой-пікірлерін ұсынып жататын. Бір басқосу бұрғылауға арналса, кезекті жиын іргелі сала – геологияның мәселелеріне арналатын. Гурьев қаласында өткен сондай кезекті басқосуда Бөлекбай Сағынғалиевпен кездескенім бар. «Эмбанефть» бірлестігінің басшысы деген биік ­лауазымды иеленген азаматтың осы конференцияда сөз алып, мұнай өндірісі бағытындағы айтқан пікірлері жиналғандарды елең еткізді. Конференцияға қатысушылар Бөлекбай ағамыздың мұнай өндірісінің көлемін арттыру мен мұнайшылардың әлеуметтік жағдайын көтеру, оларды моральдық тұрғыда көтермелеу бағытындағы айтқан оң пікірлерін ұйып тыңдағаны есімде. Ғылыми конференциялар аяқталғасын, жан-жақтан келген қонақтарды құрметтеп, қонақжайлылық көрсету – қанымызға сіңген қасиет қой. Ақ Жайыққа шағын катермен шығып, айдын бетін тамашалаушы едік. Дастарқан басында да айтылар әңгіме айналып келіп, мұнай тақырыбына қарай ауыса беретін. Сондай кездерде Бөлекбай Сағынғалиевтің мұнай саласының мәселелерін терең білетіндігіне ғана емес, оны тиімді шешудің жолдарын өте жақсы сезінетіндігіне қайран қалатынбыз. Б.Сағынғалиұлының өмір жолына көз жүгіртсек, кешегі «Эмбанефть» бірлестігі, бүгінгі «Ембімұнайгаз» компаниясына 1971-1986 жылдары аралығында басшылық жасағанын байқаймыз. Он бес жыл бойы қазақ мұнайының қара шаңырағы атанған «Ембімұнайгазға» басшы болу, оның үстіне ол кезең Одақтың салтанат құрып тұрған кезеңіне тап келсе, әрине, оңай емес еді.
Өткен ғасырлардан бастап мұнай өндірісімен тұрақты айналысып келе жатқан «Ембімұнайгаз» компаниясы – қазақ мұнай өндірісінің қара шаңырағы екендігін бәріміз мойындаймыз. Ендеше, бұл компания мұнай өндірісіне аса қажет мамандардың білімін шыңдап, тәжірибесін толықтыратын ұстахана десе де болады. Он бес жыл басшы болған кезінде Бөлекбай ағамыз болам деген талай баланың бетінен қақпай, белін буып, бағыт-бағдар беріп, қамқорлық танытқанына қалың ел куә. Иә, ол кезең партияның дегені болып тұрған, бүкіл ел темірдей тәртіпке бағынған қаталдау заман еді. Үлкен ұжымды шашау шығармай ұстап, оларды ортақ нәтижеге жетуге жұмылдыру – анау-мынау басшының қолынан келмес еді. Ұжымның хал-ахуалын, нәтижеге жетуге не кедергі келтіреді, қатардағы мұнайшыға қалай қанат бітіруге болады деген өзекті сауалдың барлығына жауапты Бөкең еш қиналмастан айта алар еді. Оның ұжымды басқарудағы ешкімге ұқсамайтын ерекшелігін қол астында жұмыс жасаған азаматтардан талай рет естігенбіз. Ұжымды ортақ іске жұмылдыруда Бөкең өзінің айналасына сенімді серіктерді жинай білді. Кеше ғана өмірден озған әйгілі мұнайшы Құмар Балжанов «Эмбанефть» өндірістік бірлестігінің бас инженері қызметін атқарды. Бөкең мен Құмекеңнің өзара түсінісіп, тізе қоса еңбек етуінің арқасында мұнай өндірісінің көлемі тиісінше артып отырды.
Кейіннен Бөлекбай ағамыз Қазақ КСР Жоспарлау комитетінде мұнай-газ бөлімінің бастығы лауазымына тағайындалды. Онан кейінгі жылдары «Қазақмұнайбитум» бірлестігіне басшылық жасады. 1995 жылдары «Мұнай» ғылыми-өндіріс орталығы» акционерлік қоғамының бас директоры болып жемісті еңбек етті. Көріп отырғанымыздай Бөкең бар саналы ғұмырын мұнай саласына арнады. Соның мәселелерімен, жетістігімен, қуанышымен бірге ғұмыр кешті.
Еліміз Тәуелсіздігін алған соң, алыс-жақын шетелдермен барыс-келісіміз ұлғая түсті. Бұрынғыдай бұйығып отыра беретін заман емес. Нарықтық қатынастар дегенің тек қолыңдағы барыңды қымбат бағаға пұлдау емес. Ол қай жағынан да озық елдердің озат тәжірибесінен үйрену деген сөз. Осы мақсатпен тоқсаныншы жылдардың басында қазақ мұнай өндірісінде үлкен із қалдырған Нұрлан Өтепұлы Балғымбаевтың ұйымдастыруымен, осы салада басшылық қызмет атқарған бірнеше азаматтар мұхиттың арғы жағындағы елге оқуға баратын болдық. Топ басшымыз Нұрлан Балғымбаев, ­Зейнолла Алшымбаев, Меңдеш Салыхов, Сатыбай Дүзбаев, Құралбек Келжанов, Нұрлыбек Иманбаев секілді азаматтардың барлығы кейіннен елге оралып, АҚШ-та игерген білімдерін еліміздің мұнай өндірісін дамытуға жұмсады. Ірі компанияларға басшылық жасады. Зейнолла Өтежанұлы Республика Парламенті Мәжілісінің депутаты атанып, сайлаушылардың аманатын адал арқалады. Айтайын дегенім, осы Америкада оқып жүріп, көптеген жайттарға көзіміз ашылды. Жалпы Америка дүниежүзі бойынша мұнайды өндіру ісі бойынша алдыңғы қатардағы елдің бірі. Ал Хьюстон қаласы мұнайлы елдердің астанасы іспетті. Әлемдік мұнай нарығына шығып, бағын сынап көргісі келетіндер алдымен осы Хьюстонға жетеді. Мүйізі қарағайдай алып компанияның басшыларымен кездесіп, келіссөздер жүргізуге талпынғандарды талай көзіміз көрді. Аталарымыз «қара алтын» деп айдар таққан мұнай туралы, оның әлемдегі қозғаушы күшке ие қасиеті жайлы өте көп айтуға болады. Дегенмен де, сол жақта жүріп, «неге еліміздегі болашағы зор мамандарды осы жаққа алдырып, өзге елдегі әріптестерімен іс-тәжірибе алмасуға жағдай жасамасқа» деген ой пайда болды.
Осы мақсатты орындау үшін ­Бостон қаласындағы ең іргелі Соффолк университетінен «мұнай саласы мекемелері басшыларына арналған бизнес-курс» аштық. Ондағы негізгі ой – жаңадан Тәуелсіздігін алған еліміздің мұнай саласына білікті басшыларды даярлап, бұл саланың аяқтан тұрып кетуіне өзімізше қолғабыс беру еді. Ол үмітіміз ақталды да. Содан 1994 жылы әлгі бизнес-курсқа алғашқы тыңдаушылар келе бастады. Олардың қатарында Бөлекбай ағамыздың ұлы Мұхтар да бар. Әрине, олар Америкаға бала-шағасымен бірге келді. Біз тек болашақ мұнай менеджерлерін бизнес-курста оқытып қана қойғанымыз жоқ. Әлгіндей курстар басталар кезде еліміздің атын шығаруды да ұмытпадық. Мәселен, кең бөлмелерге еліміздің рухани-мәдени, экономикалық өмірінен хабар беретін стенділер ұйымдастыратынбыз. Ол жерде Мемлекеттік Туымызды ілетінбіз. Ұлттық валютамыз, ұлттық рәміздеріміз жайлы мағлұмат беретін материалдар өзге елдің тұрғындары үшін қызықты болатын. Қазақстан жайлы арнайы баяндамалар жасайтынбыз. Тап сол жылдары әлгіндей кезекті бір конференция ұйымдастыратын болып шештік. Баяндама жасауды Бөлекбай Сағынғалиевтан сұрадық.

Бөлекбай Сағынғалиев

Талай жыл мұнай өндірісі мекемесіне басшылық жасаған, оның үстіне әлемге әйгілі Теңіз кенішін алғаш ашушылардың бірі ретінде Бөкеңнің шетелдіктердің алдында мазмұнды баяндама жасай алатындығына ешкімнің күмәні болмайтын. Ол кезеңде «Маңғыстаумұнайгаз» компаниясына Ләззат Қиынов басшылық жасайтын. Ол кісі белгілі себептермен келе алмай қалды. Оның орнына орынбасары Леонид Бурлаков келді. Белгілі мұнайшы Кеңес Жоламанов ағамыз да конференция жұмысына қатысқаны есімде. Бөкең қалай болғанда да Кеңестік жүйеде тәрбиеленіп, сол ортада шыңдалған басшы ғой, баяндамасын да сол бағытта жасар ма екен деп ойладым. Айтқандай алдын-ала баяндамасының қолжазбасымен танысқан едім, көлемділеу екен. «Бөке, мына баяндаманы қысқартсақ қалай болар екен» дегеніме қарсы жауап қайтарған жоқ. Содан межеленген мерзімде конференция басталды. Ірі алпауыт компанияның өкілдері қатысқан конференцияның жұмысына белгілі бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері де қатынасып отыр. Мінбеге Бөкең көтерілді. Содан «Қазақ мұнайының тарихы, еліміздегі мұнай саласының өркендеуі мен келешегі» тақырыбында баяндама жасауға кірісті. Аудармашы да лезде аударып, мәтінді сол қалпында жеткізуге барын салды. Жалпы шетелде конференцияны ұйымдастырудың өзіндік тәртібі бар. Мәселе нақты айтылып, оны шешудің жолдары ұсынылады. Яғни көпсөзділіктен қашады. Қалай болар екен деп, жан-жағыма қарап қоямын. Бөкеңнің партиялық стильдегі баяндамасын тыңдағысы келмей не болмаса жақтырмай отырған ешкімді байқамадым. Барлығы ұйып тыңдап қалған. Былайша айтқанда ұшқан шыбынның ызыңы естілмейді.
Бөкең сол жолы армансыз бір көсілді-ау. Басшы қызметте отырған адамның өткен тарихқа қызығып, материал жинақтап жүруі некен-саяқ жағдай ғой. Ал Бөкең болса, бейне бір мұнай саласының абызындай болып, осы саланың өткен-кеткен тарихын әріден қозғады дерсің. Мұнай өндірісіндегі алғашқы қиыншылықтар, Ұлы Отан соғысы кезіндегі Жеңісті жақындатуға мұнайшылардың қосқан үлесі, бүгінгі мұнай саласындағы қолбайлаушылықтар мен олардың шешілу жолдарын, ел мұнайының келешегі сынды мәселелерді тап-тұйнақтай етіп айтқан кезде, профессорлар мен белгілі бизнесмендер аузын ашты да қалды. Баяндама аяқталып, Бөкең мінбеден түскен кезде де зал толы көрермен қол соғып, құрмет көрсетті. Мен сонда Бөлекбай Сағынғалиевтің тек қана мұнай өндірісінің ірі ұйымдастырушысы ғана емес, бұл саланың тарихын жетік білетін сұңғылалығына, келешекті айнытпай болжайтын стратегтік қасиетіне разы болғаным бар еді. Конференция аяқталғанда Бөлекбай ағамыз университет ректорына өз қолымен ою-өрнекпен нақышталған ұлттық нақыштағы зерлі шапанды иығына жапты.
Мұндай қошеметке олар тіптен разы болды. Кешкілік мерекелік дастарқан басында да маңызды әңгімелер айтылып, қонақтар көңілді отырды. Қонақтар тарап, өзіміз қалған кезде Бөкең маған қарап: «Ал Мейрам, енді не істейміз?» демесі бар ма. Сонау Америкада Бөкеңнің осы сауалды қойғанына, түпкі ойының нені меңзеп тұрғанын түсінген сол жердегі жігіттер мәз бола бір күліп алып еді. Мен болсам: «Не істеуші едік. Үйге барып, келініңіздің қолынан шай ішеміз» дедім. Сол түні таң атқанша ауылда жүргендей преферанс ойнаған болатынбыз. Бұрын-соңды Америкада ешкім таң атқанша карта ойнамаған болар. Ол да бір сағынышқа айналған алтын кезеңдер болып, санамызда жатталып қалды. Жалпы Кеңес одағы салтанат құрған кезде басшы құрамдағы азаматтар осы карта ойынымен әуестенгенін еш жасыруға болмайды. Олар әрбір басқосудың соңында міндетті түрде карта ойнайтын. Әжің-гүжің әңгімелесіп, бір жасап қалатын. Бөкең Америкаға алғаш келгенінде алпыстан асып, жетпіске жақындап қалған кезі екен ғой. Біз болсақ, 45-тердегі қылшылдаған жігітпіз. Ондай да дәурен басымыздан өткен. Ертесіне Бөкеңді Алматыға ұшатын тікелей рейске билет алып, апай екеуін ұшырып жібердім. Мұхиттың арғы жағындағы, дәстүрі мен болмысы бөлек елде бірнеше күн аунап-қунап елге қайтты. Кейіннен жігіттер маған: «Бөкең саған разы болып келді. Америкада жүріп, баяғы қонақжайлығынан, дарқандығынан айырылмаған екен деп саған разылығын жасырмады» деп еді. Мұнан кейін де Бөкең Американың Сан-Диего қаласындағы конференцияда баяндама жасап, шетелдіктерге еліміздің мұнай саласындағы жетістіктерін барынша паш етіп еді.
Ұзақ жылдар басшылық қызмет атқарғандыкі ме, Бөкең әп дегеннен ішкі сырын алдырмайтын. Адамның адамгершілігін, кәсіби біліктілігін аңғармайынша қасына көп жақындата қоймайтын. Ал көңілі ауған адамды айрықша қастерлейтін қасие­тін кейінгі жылдары аңғардым. Ол көбінесе академик Н.Надиров, белгілі геолог Б.Ізтілеуовпен керемет сыйласты. Батыл шешім қабылдау – Бөкеңнің негізгі ерекшелігі болатын. Ол түйінді мәселені көп созбалақтамайтын. Әрі өзінің қабылдаған шешіміне жоғарғы жақтың да көзін жеткізіп, әлгі шешімді толықтай жүзеге асыртқызатын. Бөкеңнің атағын тізбелей жөнелсек, атан түйеге жүк боларлықтай. Бір ғана еңбегі арқылы ол қазақ мұнайының тарихынан өшпес орын алды. Дүниежүзіндегі ең ірі кен орны саналатын Теңіз кенішін алғаш ашушылардың бірі ретінде 1995 жылы Ж.Досмұхамбетов, М.Балғымбаев, Қ.Балжанов, В.Авров, О.Есқазиев, А.Хисметов, Б.Еламанов секілді белгілі мұнайшылармен бірге Теңіз кен орнын ашқаны үшін Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды.
Бөлекбай ағамыз зайыбы Хадиша Хариқызы екеуі Асқар, Мұхтар есімді ұлда­рын тәрбиелеп, ел қатарына қосты. Ұлдары да бүгіндері еліміздің мұнай саласында абыройлы еңбек етіп жүр. Жалпы өмір жолымда Бөкең секілді адал еңбегі, биік парасатымен туған елінің ыстық ықыласына бөленген марқасқа азаматпен араласып, пікірлес болғандығымды мақтан тұтамын.

Мейрам АХМЕТЖАНОВ,
мұнайшы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.