Өресі биік өрендер қажет

Еліміздегі мемлекеттік тілдің дамуына үлес қосу әрбір азаматтың парызы екені айтпасақ та түсінікті. Бұл орайда, әсіресе, өзге ұлт өкілдерінің де азаматтық белсенділік танытып, атсалысуы маңызды. Ынтымағы мен береке-бірлігі жарасқан елімізде мемлекеттік тіл, Елбасы айтпақшы, ұлтты ұйымдастырушы факторға айналуы тиіс.

Қазақ-Америка университетінде «XXI көшбасшысы» атты интеллектуалдық олимпиадасының айрықша маңызы бар деп білемін. Бұл іс-шараға Алматы қаласының жоғары оқу орындарында оқитын өзге ұлт өкілдері қатысады. Олимпиаданың басты мақсаты – өзге ұлт өкілдерінің қазақ тіліне деген қызығушылығын арттыру. Жарысқа қатысушы студенттер сұрақтарға жауап береді, жұмбақтарды шешеді, сондай-ақ еркін тақырыпта әңгімелесіп, тіл туралы мақал-мәтелдер сайысына қатысып, өз білімдерін дәлелдейді.
20 жылдың көлемінде ҚАУ-да білім қазақ және орыс тілдерімен қатар, ағылшын тілінде де беріліп келеді. Қазақ тілінің мәртебесін биіктету мақсатында еліміздегі үштұғырлы тіл саясатына байланысты, көптілділіктің міндеттерін іске асыруға бағытталған шаралар да атқарылады. Жоғары білім және оқу орнынан кейінгі білімі бар мамандардың тілдік дайындықтарының сапасын арттыру, сонымен қатар сыртқы академиялық ұтқырлықты кеңейтуде жүйелі жұмыс жасалады. Оқытудың жаңа технологиясын игеру, тәжірибе алмасу, оқу-әдістемелік кешенмен қамтамасыз ету, білім сапасын арттыру мақсатында ашық сабақтар, оқу-әдістемелік семинарлар мен тренингтер ұйымдастырылады.
Университетте 2012 жылы «Көптілді­ліктің тіл саясатындағы теориялық және практикалық мәселелері» атты республикалық конференция өткен болатын. Конференция жұмысына Қазақ­станның 14 жоғары оқу орындарының өкілдері қатысты. Ал 2013 жылдың 14 мамырында ҚАУ Білім және ғылым министрлігімен бірігіп «Қазақстандағы ағылшын тілінің білім беру жүйесі және көптілділікті дамыту» атты IV республикалық ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырды.
Университетте техника ғылымының докторы, профессор, ҚР Ұлттық ғылым академиясының және Ұлттық инженерлік академиясының Құрметті академигі, Ресей сәулет және құрылыс ғылымдары академиясының және Америкалық инженер-құрылысшылар қоғамының шетелдік мүшесі Ә.Құсайыновтың басшылығымен тілдік (қазақ, орыс және ағылшын тілдерінен) лингвокешен әзірленді. Лингвокешен «Қазақ тілі», «Орыс тілі» және «Ағылшын тілі» курстары бойынша теориялық бөлімнен, сонымен қатар оқыту барысында білім алушының алған дағдысы мен білімін жинақтайтын, сөйлеу әрекетінің барлық түрлерін қамтитын 5 деңгейлі материалдар негізінде құрастырылды.
Біз, жастардың өресі биік, дүниетанымы кең, парасат-пайымы мол, кемел ойлы азамат болып өсіп шығуы үшін ұлттық рухани құндылықтар мен әлемдік озық мәдениет үлгілерін олардың бойына терең дарыта алуымыз керек. Ол – сапалы білім мен дәстүрлі тәрбие беруде орасан зор рөл атқаратын тілдің жан-жақты қызметіне байланысты екені баршаға аян.

Дана ИКАПОВА,
педагогика ғылымының
кандидаты, профессор

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.