Әуезовке апарар жол

Уақыт толассыз алға ұмтылуда. Оңаша отыр­ғанда талай дүние ойға оралады. Ұлы Мұхаң жарық дүниемен қош айтысқалы жарты ғасырдан асыпты. Зекеңді қара жердің қойнына тапсыр­ғанымызға да он жыл өте шығыпты. Желдей ескен, зымыраған уақыт-ай!.. Мұхтар Әуезовтің 120 жылдық мерейтойы, шәкірті Зейнолла Қабдоловтың 90 жылдық мерекесі осы жылдың еншісінде. Заңғар жазушының бас кітабы «Абай жолы» эпопеясының алғашқы кітабының жарық көргеніне 75 жыл, ал «қазақтың Қабдоловының» «Менің Әуезовім» роман-эссесінің дүниеге келгеніне 20 жыл толыпты. Табиғаттың өзі рет-ретімен тізіп қойғандай. Ендеше биылғы жылдың небір мәйекті лебізі Әуезов пен Қабдоловқа арналмақ. Ол заңды да. Түрлі ұйымдастырылмақ жиындар, конференциялар, басқосулар Ұстаз бен Шәкірт хақында ғана емес, қазақ әдебиетінің өзекті мәселелеріне, сөз өнерінің толғауы тоқсан түйіндеріне арналары анық.

Бүгінгі таңда «Абай жолы» оқылмайды, оны басқаша жазу керек деген тәрізді байбаламдар әдебиетті өсіруге бірден бір кедергі. Арғы-бергі тарихты қопармай-ақ, Әбдіжәміл Нұрпейісовы, Әбіш Кекілбаевы, Мұхтар Мағауині, Төлен Әбдіковы жоқ әдебиет кімге тәрбие беріп, кімге өнеге көрсетпек? Дарынды қаламгердің талантты туындысы ғана оқырман сұранысын өтей алады. Жай жылтырауық емес, нағыз шебердің қолынан шыққан жауһар дүниелер ғасырларды артқа тастап халқына қызмет жасамақ.
«Абай жолының» орны оқшау. Өсер елдің баласы өнбес дауды қумаса керек. «Абай жолы» тиісті бағасын алып, әлемдік әдебиеттің биік тұғырына көтерілгені қашан?! «Абай жолы» – қазақ әдебиетінің төлқұжаты, әдеби үрдіске қосылған салмақты сыбаға. Ендеше «Абай жолын» қалай түзеудің, қалай күзеудің қамын күйіттемей, осы бір үздік шығармаға қарап бой түзеуге ұмтылған абзал. Бүгінгі таңда «Абай жолы» – бітімі бөлек, болмысы ерек, қолына қалам ұстаған қайраткерлерге шырқау шыңның құзарбасынан қол бұлғап тұрған дара құбылыс. Кемеңгер жазушының 120 жылдық мерейтойы қарсаңында әңгіме әуені ұлылықтың сырларын ашуға бағытталса игі.
М.Әуезовтің «ғазиз көретін сұлу мінез, сұлу білім, өнер иесі досым, інім Зейнолла» деп сырын ақтарған шәкіртінің ұстазы турасында жазуға тым ертеден дайындалғаны белгілі. «Мен бұл тақырыпқа кітап жазбақ боп толғанғалы қашан!» (З.Қабдолов). Әуезов шығармашылығын сөз еткен әр жылдардағы мақалалар, ғылыми ортада жасалған баяндамалар, қазақ прозасы жөніндегі толғаныстар, жазушы шеберлігін шұқшия зерттеуді мұрат еткен арнайы курстар, ең ақырында, қазақ әдебиетінің теориялық мәселелеріне арналған «Сөз өнері» оқулық-монографиясы ұлы ұстазы жайлы кесек шы­ғарма тудыруға зор қолғабысын тигізген еңбектер. Оның үстіне бес жыл дәрісін тыңдап, он жыл қол ұстаса тізе қосып еңбектенген жылдар өз жемісін бергені анық.
«Бір күні маған Шыңғыс [Айтматов]:
– Мұхаңды өлердей жақсы көресің-ау, осы сен… – деп қалды.
– Өлердей! – дедім мен ойланбастан.
– Мұхаң да сені жақсы көрген… – деп Шыңғыс ойланып тұрды. – Мен соны білдім ғой.
Мен үндемедім» («Менің Әуезовім»).
Шындығында, роман-эссенің кез келген жолын зер сала оқысаңыз бас кейіпкеріне деген шексіз махаббатты сезіну қиын емес. Зекеңнің ұстазына іңкәрлігі, жазып отырған тақырыбына адалдығы оқырманын бей-жай қалдырмайды.
«Менің Әуезовім» – шығармашылық тұлғаға арнап соғылған асқаралы ескерткіш, өткен ғасыр аяғында қазақ әдебиетіне қосылған интеллектуалды роман. Әдеби қауымның берген бағасы сөзімізге куә. Дей тұрсақ та, «Менің Әуезовім» туралы айтылар ой алда, әлі де талай зерттеулерге арна салар толғамдардан дәмеліміз.
Біраз сөз «Менің Әуезовім» роман-эссесінің екінші кітабы хақында. Жарияланымға берілген түсініктемеде: «Қаламгер 2004 жылғы 4 қыркүйек күні қатты сырқаттанып, төсекке таңылғанда жазу столының үстінде аяқтаусыз қалған екі дүниесінің бірі – осы шығарма (екіншісі – «Махамбет» романы). Бұл роман-эссе көбіне-көп сүйікті жазушы – ұстазы М.Әуезовтің даңқ пен дәреже биігіне әбден көтерілген, мейлінше кемеліне келген шағын суреттеуге арналған. Бұрын еш жерде жарияланбаған» деп ескерткен.
Алғашқы кітаптағы шұрайлы тіл, ұшқыр қиял, дегдарға тән парасаттылық жинақтала келе ой адамының, суреткерлік тұлғаның кемел бейнесіне көңіліміз жадырап, шығарма сырына қаныққан оқырман романның жалғасын тағатсыздана күткені ақиқат. Ол заңды да. Аяқталмай қалды демесеңіз, қолымыздағы нұсқадан нағыз шебердің қолтаңбасын табасыз. Зекеңе тән шындықты көмескілемей, шырайына дақ салмай кейіпкерінің жан дүниесін қопара ашу, тұнып тұрған тұма тілдің мөлдірін талғап, таңдап қолдану, басты нысана – Әуезов бейнесінің интеллектуалдық даралығын үнемі ­назарда ұстау, көңілдегі көрікті ойларын қағаз бетіне түсірудегі адастырмас Темірқазық етіп алу екінші кітаптың өнебойынан мен мұндалап тұр.
Әуезовтің ұлылығы әлем қаламгер­лерінің лебіздерінде әдемі өрнектелген. Бүкпесіз, бұқпантайсыз, қызғаныштан ада жүрекжарды сырлар. Әдебиетші қауым ойларына тұздық іздегенде қажетінше кәдесіне жаратып жатады. Солардың бірегейі Бенжамин Матипке тиесілі. «Қазақтар туралы бұрын-соңды ештеме естімегенмін. Енді оларды білемін, өте жақсы танимын, өйткені жақында ғана Мұхтар Әуезовтің тамаша кітабын ағылшын тілінде оқып шықтым. Қазақ халқының ұлы арысы, кемеңгер ақыны Абай, сүйікті сұлулар Тоғжан және Әйгерім, Абайдың мейірімді және батыл достары енді менің де жақсы білетін адамдарым… Шынында, бұл қазақтар – неткен ғажайып халық! Осы кереметтік «Абай» романында қандай тамаша суреттелген! Сіздің бақытты халыққа мен шынайы көңіліммен қызығамын, ал сіздің өзіңізді өлмес туындыңызбен құттықтаймын!» деген жолдар әдебиет сабағында жиі қайталанатын, күнделікті ой оралымында дәйексөзге икем тұратын толғам емес пе еді?!
Екінші кітапта Камерун жазушысы­ның ұлы Мұхаңды – Мұхтар Омарханұлы Әуезовті іздеп келіп кездесуін бейне­лейтін сәт суреткерлік мол олжаға толы. Қабдоловтың қаламгерлік кемелдігін тану онша қиын емес. Бір кездесудегі шағын детальды ойнатып жіберу хас шеберге ғана тән.
«1959 жыл. Ташкент. Мұнда Азия, Африка жазушыларының конференциясы өтіп жатыр. Алқалы жиынға отыз сегіз елден ресми делегация келген. Жиырма жеті жасар жас жігіт «Абай жолын» қайта-қайта оқып, қазақ өмірімен танысқаннан соңғы бойын билеген сезімді жеткізбей тыншыр емес. Мұхтар Омарханұлының қолын ұстап, дана дидарын жүзбе-жүз көру таусылмас арманы. Әуезов – арманмен кездесу бақытына ие болған шетелдік мейман ештеңені елең қылмай үсті-үстіне төпелеп көкірегін кернеген арман-аңсарын ақтаруда. «Мен бұл кітап арқылы [«Абай» романы – А.Е.] жарық дүниеде қазақ деген халық барын, оның өзі Ұлы халық екенін, қазақтың ұлан-ғайыр Ұлы даласының ауасы қандай тап-таза, сол даланың ойы мен қырын еркін жайлаған адамдары қандай ақылды, жастары қандай сұлу екенін таныдым, – деп толқи үн қатты Б.Матип, – таныдым да осынау ғажайып елді көргім келді. Әлемге өз ұлтының ұлылығын танытқан Әуезовті құшақтап сүйгім келді. Мына жиналыс мен келмесем де, менсіз-ақ өтеді. Ал мен болсам, тек қана мына Сізді, әлемде теңдесі жоқ алып жазушыны, Әуезовті көруге келіп едім, міне, сол мақсатыма жеттім. Арманым орындалды». Шағын эпизодтан Зекеңнің шеберлігіне тәнті боласыз. Жұмыр жердің бүкіл тыныс-тіршілігі Ташкендегі мәжіліс залына көшкендей. Бұл – Мұхаң сезімін ғана емес, барша оқырман бойын билеген тебіреніс. Бұрын бір-бірін көрмеген қос жазушының қас қағымда жүрекпен ұғынысуы жазушы суреттеуінде нанымды.
Әуезов пен Матип арасындағы сырлы сұхбат, тебіреністі толғамдар, қазақы қонақжайлылықпен жайылған дәстүрлі қонақасы үстіндегі халық толғанысы, ұлт болмысы, тіл тағдыры, салт-санасы төңірегіндегі пікір алмасулар роман өзегіне табиғи өрілген. Мәселе өз халқының тағдыр- талайына ауысқанда Бенжамин Матип барша шындықты жайып салады: «Бодандық деген бейдауа, айықпас ауру. Біз – қазіргі жазушылар, Африканы отаршылар сеуіп жатқан удан құтқаратын дәрігер болуы шарт!». Зейнолла Қабдолов Камерун жазушысының аузына сөз сала отырып әлемдік деңгейдегі қасіретті айыптайды. Тегінде, Ташкент конференциясының түпкі мақсаты әдебиет арқылы бодандыққа, нәсілдік кемсітушілікке мән беру, керек десеңіз, айыптау, лағнет айту еді. Жазушы маңызды мәселені тереңі­нен қозғап, дер уақытында оқырманына ұсынған.
Ташкенге осы жолғы келісінде Мұқаң жадында жаңғырған оқиғаны есіне алды. Дұрысында ­Зейнолла Қабдолов құрылтай жоспарынан тыс сүреңсіз оқиғаны роман желісіне кіріктіре отырып, бас қаһарманының шытырманды халін көңіл таразысынан өткізеді. Өткен ғасырдың отызыншы жылдары Ташкентте аспирантурада оқыған, газет-журнал редакцияларында қызмет істеген, оқытушылық, шығармашылық іспен шұғылданған Әуезовтің ­бас­тан кешкендері түгесілмес тарих. Соның ішінде еске алуға ауыр, тылсымы мол, құпиясы шексіз бас­тан кешкендер сыртқа сыр болып ақтарылмайды кей­де. Жазушы қиялы ондай сәттерді қалт жібермесе керек.
Құрылтайдың құрметті қонағы Әуезовті дастар­қа­нына шақырған өзбек әдебиетінің классигі Ай­бекпен қоштасып, мейманханаға барар жолда ескі қалаға соғады. З.Қабдолов суреттеуіндегі ұлы жазушының көңіл күйі, алай-түлей ішкі сезімі, сыртқы кескін-келбеті оқырманын бірден баурап, өткен тарихқа жетелей жөнеледі.
«Бір пұшпақтан бұрыла бергенімізде маңдай алдымызда әбден тозығы жетіп, құлауға шақ қалған ұзынша шым үй тұрды, терезелері қора жағында болуға тиіс, бергі бетте қатар-қатар үш есік. Тұрғын үйден гөрі бір кездегі бір қабат жатақханаға ұқсайды. Мұхаң машинадан түсіп, ортадағы есікке қарай басты. – Бері жүр, – деді маған. Оң жағынан еріп, мен де есік алдына келдім.
Ол кілт тоқтады да, жүрегі ме, бүйірі ме – бір жері қатты шаншып кеткендей теңселе бере оң қолын менің сол иығыма салды. Басы айналып құлай жаздағанда маған сүйеніп әрең аман қалғандай. Шошып кетіп, бетіне қарадым. Жан танығысыз сұп-сұр. Қанын ішіне тартып алған. Түрі кетіп, түтігіп тұр». «Ардың ісінің» азабын тартқан, аз жазса да саз жазатын шебердің қолтаңбасы. Жан азабын шеккен адам психологиясы, қарғыс атқан заман келбеті көз алдыңызда көлбеңдеп тұра қалады. Бастапқыда жанұясына жайлы қоныс – Мұғамила, Ләйлә қыздары өсіп-өнген мекен, көршілері Жүсіпбек Аймауытұлы, Сұлтанбек Қожанұлы дәмдес, дастарқандас болған үй соңыра қасірет ошағына айналды. Көршілері қамауға алынды, мал-мүліктері тәркіленді. Алаш ақиықтарының баршасы осы Ташкентте түрмеге тоғытылды. Жүрек шаншып, көкірек қыспағанда қайтсін?! Азапты жылдар басталды. Қайғыдан қан жұтты. Еркінен айрылды, қанаты майрылды. Әуезов басынан кешкен трагедия З.Қабдолов қаламынан қағаберіс қалмаған.
Бірақ… Бірағы романның аяқталмай қалуы. Жазылып бітпеген шығарма жөнінде нені қамтыр еді, қалай жазар еді деп сәуегейлік жасау жараспайтын мінез. Қолымызға тиген жұқанасының өзін асылымыздай асқақтатып, қадіріне жетсек, жан жақты сараласақ ұстазымыздың рухы шат болары хақ. Өйткені ол – Әуезовке апарар жол…

Арап ЕСПЕНБЕТОВ,
филология ғылымының
докторы, профессор
Семейф

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.