Ұлттық өнерге насихат қажет

«Қазақстан – 2050» Стратегиясында ­Елбасы: «Біздің ендігі міндетіміз – егемендік жылдары қол жеткізгеннің барлығын сақтай отырып, ХХІ ғасырда орнықты дамуды жалғастыру. Біздің жастарымыз оқуға, жаңа ғылым-білімді игеруге, жаңа машықтар алуға, білім мен технологияны күнделікті өмірде шебер де тиімді пайдалануға тиіс.

Біз бұл үшін барлық мүмкіндіктерді жасап, ең қолайлы жағдайлармен қам­тамасыз етуіміз керек» дей келе ұлттың тарихи санасын қалыптастыру жұмысын жалғастыру мәселесіне назар аударған болатын. Бүкілқазақстандық бірегейлік біздің халқымыздың тарихи санасының өзегіне айналуға тиіс екенін атап өтті. Бұл аталған құндылықтар туралы кеңінен ой қозғайтын болсақ, әрине, оған бір мақаланың көлемі жетпей қалуы мүмкін. Сондықтан ұлттық тарихи сананы қалыптастыруға негіз болатын рухани құндылықтар турасында өз ойымызды ортаға салып көрсек деп қолға қалам алған едім.
Мені осы елдің бір азаматы, өнер жанашыры ретінде «Біз рухани құнды­лықтарымызды әлемге қаншалықты деңгейде насихаттай алып жүрміз деген мәселе жиірек ойландырады. Осы тұсқа келгенде сәл-пәл кібіртіктейтініміз бар. Себебі, қолымыздағы барымызды шетел түгілі, өз елімізде «базарлай» алмай отырған жайымыз бар. Біз бұл жерде ата-бабамыздан қалған саф алтындай асыл-мұрамыз інжу-маржан ән-күйлерімізбен қатар, басқа да рухани мұраларымыздың ­насихаты көңілдегідей емес екенін мойындауға тиіспіз.
Қазақ халқының дүниетанымы, өз мәдениеті мен салт-дәстүрі, ұлы дала еліндегі тәлім-тәрбие жүйесі – мұның бәрі рухани құндылықтарымыздың өзегі екені сөзсіз. Елбасының мақаласында «ұлттық код» жайында жақсы айтылды. Осы «ұлттық код» деген ұғымды әрқайсымыз жетік біліп, оның мазмұнын байытуға, кемелдендіріп, өмірімізде қолданып жүрсек, нұр үстіне нұр болары анық.
Нарықтық экономиканың өз заңы бар шығар. Капиталистік қоғамда жеке адамның бай болуы басты мұрат саналады. Дей тұрғанмен, стихиялық «жабайы капитализм» жастарда тұтынушылық пиғыл мен ақшаға деген шектен тыс құмарлықтың отын лаулатты. Міне, осындай кезеңде адамды адамгершілікке, имандылыққа, әсемдікке, қанағатшылдыққа, обал-­сауапты сезінуге тәрбиелейтін халықтық қазыналарымыздың орнына мұхит асып келген жеңіл-желпі өнімдер ақпараттық-мәдени кеңістігімізге еніп кетті. Көгілдір экранға менталитетімізге мүлдем жат фильмдер шыға бастады. Міне, осының салдарынан «біреудің қаңсығына таңсық болған» жастарымыздың дүниетанымы, талғамы қарабайырланып, жалпы көркемөнер туындыларына деген қарадүрсін түсінік қалыптасты, ең бастысы, адами болмысына сызат түсе бастады. Сөйтіп, асыл мен жасықтың аражігін ажырата алмай әрі-сәрі күйге түсті.
Әрине, мұның бәріне жастарды кінә­лаудың қажеті жоқ. Олар қалай исең солай қарай өсетін бейне бір жас шыбық секілді ғой. Бұл жерде мәселе эстетикалық тәрбие берудегі орын алып отырған олқылықтарда болып отыр. Бүгіндері, тіпті селт етпейтін де болып алдық. Мұның бәрін өмірдің қалыпты жағдайы ретінде қабылдайтын сияқтымыз.
Материалдық байлыққа деген шектен тыс құмарлық рухани өміріміздің тынысын тарылтып, Ұлы бабаларымыздан қалған асыл мұраларымызды жоғарыда атап өткеніміздей жатжұрттықтар түгілі, өзіміз қажетсінбейтін жағдайға жеткен сыңайлымыз. Оның дәлелі ретінде, бағдарламалары кілең төлтума туындылардан тұратын дәстүрлі өнер өкілдерінің концерттеріндегі тыңдарман мен эстрадалық шоу-қойылымдарындағы халықтың санын салыстыра отырып өзіңіз-ақ пайымдасаңыз болады. Мұның бәрі айналып келгенде халықтың өткен тарихына, салт-санасына, әдет-ғұрпына, мәдениетіне, бір сөзбен айтқанда, рухани әлеміне деген қызығушылықты бәсеңдетіп бейтараптыққа ұрындыруда. Әрине, осыдан соң қандай отансүйгіштік туралы айтуға болады?
Ақиқатын айтқанда, біз ата-бабалар қалдырған рухани дүниелеріміздің мемлекеттік деңгейде насихатталуына қол жеткізуіміз керек. Бұл туралы Елбасы өзінің жақында халыққа жария еткен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Біз жат идеологиялардың әсері туралы айтқанда, олардың артында басқа халықтардың белгілі бір құндылықтары мен мәдени символдары тұрғанын есте ұстауымыз керек. Тиісінше, оларға өзіміздің ұлттық құндылықтарымыз арқылы ғана төтеп бере аламыз» деп атап көрсетті.
Иә, өйтпейінше қанша жерден компьютербасты мықты мамандар дайын­дағанымызбен, олардан өз ұлтының шынайы патриоттары шықпасы анық. Ал адам бойындағы рух, намыс, отаншылдық секілді қасиеттерді қалыптастыратын нәрсе ол – тек қана ұлттық қайнарлардан қайнап шыққан рухани құндылықтар жиынтығы.
Ал енді бүгінгі таңда ғасырлар бойы жинақталған халық қазынасы балабақшадан бастап жоғары оқу орындарына дейінгі аралықта қаншалықты дәрежеде қолданысқа түсуде? Атап айтқанда, музыка, бейнелеу өнері, әдеп, этнопсихология, этнопедагогика сияқты басқа да ұлттық болмысты танытатын пәндерге деген тиісті орындар тарапынан қаншалықты мән берілуде? Біздіңше, бұл мәселеде көңіл көншітпейтін тұстар жетерлік. Біріншіден, осындай сипаттағы пәндерге сағаттар аз бөлінеді, ал оның кейбіреулері әлі сол баяғы мәскеулік авторлар бағдарламасы бойынша жүргізілуде. Сонан соң соңғы кездері біз байқап жүрген бір жарамсыз дағды тәжірибемізге дендеп еніп келеді. Ол осы пәндерді оқытуға байланысты семинар, конференцияларға шетелдің ғалымдарын шақырып оларды бұл мәселедегі арқа сүйер абыз етіп көрсету шаң беріп қалып жүр. Олар өз елінде ғалым ретінде мойындалған да шығар. Бірақ «ұлттық сипатымыз қандай болу керек» деген шетін мәселеде бұлардың ұстанған ұстанымы біздің менталитетімізге үйлесе ме, жоқ па, оған ешкімнің басы қатып жатқан жоқ. Әрине, көптеген ғылымдар саласы ­бойынша бүкіл адамзаттық игілікке айналған қағидаттарды ешкім жоққа шығармайды. Меніңше, жеке бір ұлтқа негізделген тәрбие тәсілдері мен ұстанымдарын екінші бір ұлтқа әкеліп телу қисынға келмейді.
Қазіргі таңдағы ең басты міндетте­ріміздің бірі – жастарымыздың рухани құндылықтарымызбен сусындату болса керек. Бұл дегеніміз – дін, тарих, әдебиет, өнер, мәдениет, музыка. Әрине, осы арқылы әркімді шетінен халықаралық конкурстардың лауреаты атандыру немесе Ясауи, Қорқыт, Құрманғазы, Махамбет, Күләш, Бибігүл, Роза, Әбілхан, Нұрғиса, Шәмші етіп шығару шарт емес, бұл мүмкін де емес. Мәселе, рухы биік, бойында намысы бар, елін, жерін қызғыштай қорғайтын патриоттарды қалыптастырып, тәрбиелеу. Мұндай тұлғалар идеологиялық жағынан саяси әулекілікке ұрынбайды, экономикалық тұрғыда ұлт мүддесін ешуақытта сатпақ емес.
Міне, сондықтан да барлық оқу-тәрбие орындарында жоғарыда айтылған пәндердің кешенді бағдарламасы қабылдануы тиіс. Және оларға екінші сатыдағы сабақ ретінде қарамай, мәртебесін көтеріп аптасына ең кемінде үш- төрт рет өткізуге қол жеткізу керек. Осы ретте, мынадай ұсынысты да айта кетуді жөн көріп отырмыз. Барлық мектеп, колледж, университеттерде мамандығына қарамай “Күй тыңдау” сағаты (сабақ емес) енгізілсе нұр үстіне нұр болар еді. Қазақтың маңдайына біткен феноменды құбылыс – күй жанры осыдан үш жылдай бұрын ЮНЕСКО-ның адамзаттық рухани құндылықтар тізіміне енгізілгені белгілі. Демек, ендігі жерде ғасырдан ғасырға жеткен асыл мұрамыз әлемдік масштабта кең көлемде ұлықталады деген сөз. Біз ұсынып отырған «Күй тыңдау» сағаты бойынша сынақ, емтихан тапсыру шарты қойылмағаны абзал. Ең бастысы, жастар сол киелі күй арқылы ұлттың жанын терең ұғынып, рухы оянса еңбектің босқа кетпегені.
Тәуелсіздікке қол жетіп отырған кезең­де одан айырылып қалмаудың жалғыз жолы – ­жастарымызды ұлттық рухани құндылықтармен молынан сусындату. Яғни ұлттық кодқа табан тіреген руха­нияттың барлық саласы кешенді түрде пассионарлық сипатта мемлекеттік деңгейде пәрменді түрде жандануы тиіс. Сонда ғана тәуелсіздігіміздің тізгіні сенімді қолда болып, Қазақ Елі дамудың даңғыл жолына түсетін болады.

Қалмахан Омар,
ұстаз-домбырашы,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі

Шымкент

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.