18 жастан асқан мүгедектерге жәрдемақы төлеу мәселесiн қайта қарау керек – Нығматулин

Мәжiлiс «Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне әлеуметтiк қамсыздандыру мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» ҚР Заңының жобасын мақұлдады. Заң жобасын қарау барысында Мәжiлiс төрағасы Нұрлан Нығматулин 18 жастан асқан мүгедектерге жәрдемақы төлеу мәселесiн қайта қарастыру керек екендiгiн айтты, деп хабарлайды Baq.kz тiлшiсiне сілтеме  жасаған  Kazgazeta.kz.

 Мәжiлiс депутаты Бақытжан Әбдiрайым мүгедек балалардың 18 жасқа толғаннан кейiн әлеуметтiк жағынан қорғалмай қалатынын айтты. Депутаттың айтуынша, бала 18 жасқа толған соң сауығып кетпейдi, ол мүгедек болып қала бередi. «Бұл проблеманы шешу үшiн министрлiк қандай шаралар қабылдамақ?» деп сұрады депутат Еңбек министрiнен.

«Бұл мәселенi депутаттар көтерген болатын. Бiз жұмыс тобын құрып, халықаралық тәжiрибенi зерттедiк. Халықаралық тәжiрибеге сәйкес, 18 жастан асқан балалардың оңалу потенциалы өте төмен болғанда ғана оларға жәрдемақы төленедi. Яғни, бала басқа адамның тұрақты қарауына зәру болса ғана төленедi. Бiз де 18 жастан асқан балалар арасында осындай талдау жасадық. Қазiргi таңда олардың саны 59 мыңды құрайды. Олардың iшiнде басқа адамның тұрақты қарауына зәру мүгедектер саны – 13 мың. Егер бiз оларға қазiргiдей бiр ең төменгi жалақы көлемiнде төлесек, жылына 5 млрд теңгеден айналады. Бiз бұл естептеулердi бюджетпен айналысатын жұмыс тобына жiбердiк», — дедi заң жобасын таныстырған ҚР Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрi Тамара Дүйсенова.

Дегенмен, Мәжiлiс төрағасы Нұрлан Нығматулин бұл санаттағы балаларға көмектесу жолын қарастыру керек екендiгiн айтты.

«Сiз елiмiз бойынша 18 жастан асқан 59 мың мүгедектiң бар екенiн және басқаның көмегiне зәру бала саны 13 мыңды құрағанын айттыңыз. Бұны сiз Еуропа елдерiндегi жағдай мен стандарттарының салыстырмалы талдауына сүйенiп айтып отырсыз. Бiрақ, ашығын айтсақ, олар мен бiзде аталған санатқа жататындарға жасалған жағдай жер мен көктей. Депутат айтқандай, мүгедек бала 18-ге немесе 19 жасқа толса да, ол үшiн ештеңе өзгермейдi. Осыны ескере отырып, аталған мәселенi қайта қарауыңызды сұраймын», — дедi Нығматулин.

Тамара Дүйсенова бұл мәселенi қарастыратынын айтты.

Еске сала кетсек, кеше Үкiмет отырысында Дүйсенова мүгедек балаларды оқыту әдiсiн өзгерту керектiгiн және олардың жұмысқа орналасуы үшiн мамандық алуға жағдай жасау қажеттiгiн айтқан болатын.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.