ӘРІ ЛИРИК, ӘРІ ФИЗИК ЕЛДЕС ОМАРҰЛЫ

Алаш тақырыбы төңірегінде «ашылмаған аралдар» қалды ма?!. Әрине, жетіп артылады. Әлі де ашылмаған «Жүзарал» бар десек – асыра айтқандық болмайды. Ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның қолқанат көмекшісі, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының сенімді серігі, ұлт жазушысы Мұхтар Әуезовтің жан досы бола білген кім? Терминге жұтаң кезде тілімізге «пішіндеме» (геометрия), «кескіндеме» (тригонометрия) дегендей ұғымдарды енгізген кім? Физика оқулығын алғаш рет көпке қолжетімді етіп қазақша сөйлеткен кім? Жеті тіл мен жеті ғылымды еркін игеріп, «Қазақтың Ломоносовы» атанған, неміс қызын өмірлік жар қылған кім? Тағдыр-талайы тартысты романға, тізбекті киносериалға сұранып тұрған Алаш Арысының бірі һәм бірегейі… 

ОМАРОВ Елдес (1.3.1892, бұрынғы Торғай облысы Қостанай уезі Дамбар болысы 2-ауыл – 2.12.1937) – қоғам қайраткері, педагог, публицист. Қостанай қаласындағы 2 сыныптық орыс-қазақ училищесін (1907), Орынбордағы орыс-қазақ мұғалімдер мектебін (1911) бітірген.
Алашорда үкіметін құруға белсене араласты. Уақытша үкіметтің Торғай уездік комиссарының көмекшісі, Торғай облыстық азаматтық комитетінің төрағасы қызметтерін атқарды. Бірінші және екінші Жалпықазақ сиездеріне қатысты. Қостанайда өткен Қостанай уезі қазақтарының төтенше сиезінде «Жер мәселесі» тақырыбында баяндама жасады. Қостанай уездік Алашорда комитетінің төрағасы ретінде жергілікті халықты Алаш автономиясын қолдауға шақырды. Торғай облыстық земствосы төрағасының орынбасары, төрағасы болды. 1920-22 жылдары Орынборда халық ағарту комиссариатында нұсқаушы, кеңестік партия мектебінде оқытушы болды. Осы кезеңде ол көптеген ғылыми мақалалар жазды. 1922-26 жылдары Қазақ халық ағарту комиссариатының академиялық орталығында қызметкер, Қырғыз (қазақ) халыққа білім беру институтында (КИНО) оқытушы болып, саяси-әлеуметтік, оқу-ағарту және тіл білімі мәселелеріне арнап көптеген мақалалар жазды. Қазақ тілінде физика, геометрия оқулықтарын жазып, математикалық терминдерді қалыптастыруға зор үлес қосты.
1926 жылдан бастап саяси қуғынға ұшырады. Бойтасалап Тәшкен асып, пединститутта, Орта Азия мемлекеттік университетінің шығыс тілдері факультетінде дәріс оқыды. Осы жылдары қазақ мектебі геометрия оқулығының 2-кітабын жазып, Цингирдің физика оқулығын қазақшаға аударды. 1929 жылдың соңында тұтқындалып, 1930 жылы көкекте ату жазасына кесілді. Кейіннен бұл үкім 10 жылға Архангельскіге жер аударылуға ауыстырылып, 1933 жылы ақталып шықты.
1934-35 жылдары Қазақ мемлекеттік медицина институтында қазақ тілінен сабақ берді, қазақ тілі оқулығын жазды. 1935-37 жылдары ҚазМУ-да қазақ тілі кафедрасының доценті болып қызмет істеді, қазақ мектептеріне арналған орыс тілі грамматикасын және геометрия оқулығын жазды.
1937 жылы 22 қарашада тұтқынға алынып, араға 10 күн салып Алматы түрмесінде атылды (Алаш. Алашорда. Энциклопедия. Алматы: «Арыс» баспасы, 2009, 262-263-бб.).
Елім деп, жерім деп шырылдап баскесер бәлшебектер алдында ақиқаттан айнымай, айтарын айтқан, бас кетерін білсе де қыршын жасын құрбандыққа шалған аяулы Азаматтың кейбір аталы сөздеріне құлақ түрелік.
*Қазақстанда ешқандай басы артық жер жоқ, сондықтан да еліміздің еуропалық бөлігіндегі губернияларынан қоңыс аударушыларды көшіріп әкелу туралы әңгіме болуы мүмкін емес. Төңкеріске дейін де, төңкерістен кейін де Қазақстанға қоңыстанған орыс тұрғындары жергілікті халыққа жер бөлініп берілгеннен кейін, оның ыңғайына қарап, ең соңынан барып жерге орналастырылуы керек.
*«Өзінің шыққан әлеуметтік-таптық тегіне қарамастан, қазақ халқының барлық түтін иесі өз жерін емін-еркін пайдалануы тиіс» деген талаптың [Әңгіме Әлихан Бөкейханның талабы турасында. – Ә.Ғ.] түпкі астарында: қазақ жері – қазақтардың ұлттық байлығы деген үлкен мағына бар еді…
*Ахаңды [Ахмет Байтұрсынұлын. – Ә.Ғ.] барлық қазақ даласы біледі, оны сыйлайды, сүйеді, бірақ ол әлі өз бағасын алып біткен жоқ.
*«Ескішілдік» деген бұрыннан үйреншікті болып, бойына сіңіп қалған әдет. Үйренген әдеттен бұрылып шығуға болмайды. Бұрын орысша оқып, үйреніп қалған қазақ жігіттері қазақша жаза алмайды. Пішіндемеде (пішіндерді тексеретін ілім) кездесетін түрлі атауларды қазақ әрпімен белгілесек, олар бұрын түйе көрмеген жылқының түйеден үріккеніндей осқырынып қарайды… Мәскеуге барған қазақтың жігіттері мен әйелдерінен қай ұлттан боласың деп сұрасаң, қазақпын деуге арланып, жапонмын дейді. Бұл не?! Қазақтан жиренгендік. Ақылы соған өлшенгендік.
*Мәдениетті ел өнерді, табиғатты өздеріне икемдеп, сыртқы түрлерін өз ыңғайларына қарап өзгертіп алады. Біз сияқты мәдениетсіз бейшара елдер оны білмейді. Өнерді, мәдениетті, техникені өз тұрмысына ыңғайландырып, өзгертіп алудың орнына өнерге, табиғатқа өлшеп, өздерін өзгертеміз деп әуреленеді. Егер бұлай болса, бара-бара қазақтың тілін де өзгертеміз дер. Бұл өнерден, табиғаттан тұрмыс өлшеуімен пайдалана білмегендік, ескішілдік. Біз мәдениетті қазақтың салт-санасына, тұрмысына үйлестіріп, өнерді, техникені өзімізге жақындатайық. Көзімізді жұмып, өзімізше жүре бермейік. Бұған көнбеушілік, тағы да айтамын, баяғы ескішілдік әдеті болады.
*Жаңалық деген [латын әліпбиіне көшу туралы – Ә.Ғ.] барды жоғалтып, орынсыз өзгере беру емес. Барды өмірге, тұрмысқа үйлестіріп, қолайсызы болса, қолайлы етіп өзгерту мен қолдануда.
*Біздің қазақ мәдениеттің өзге буындарында қаншалықты артта қалғанымен, тіл мәселесінде, оның ішінде әліпби, емле, терминология, дыбыс жүйесі, грамматикалық құрылымы мен әдеби тілдің дамуына келгенде күллі түркі халықтарының көш басында және бұл ұстанған ғылыми бағдардың үлгі тұтарлық, басшылыққа аларлық жақтары тәжірибеде өз жемісін беріп отыр. Сондықтан біз тілімізді шұбарлап, түрік, татар, әзербайжан халықтары сияқты кітаби тілді тұтынбай, ана тілінің өз мүмкіншілігін сарқа пайдаланып, табиғат заңдылығына сәйкес Ахмет Байтұрсынұлының түзген әліпбиі негізінде тың сүрлеу жол салдық. Бұл жағынан біз Еуропаны былай қойғанда, әлем тілдерінің алдыңғы легіндеміз.
*Тұрмыстың тетігі – кәсіпте, кісінің ақылын да, мінезін де тәрбиелеп шығаратын – оның қолданған кәсібі. Бұл – тұрмыстың негізгі заңы, аспанның астында бұл заңға бағынбайтын жан жоқ… Мал баққан көшпелі ел ерікті сүйеді, әкеге оңай бойұсынбайды, ұрлығы да, зорлығы да көп болады, азаматтары жауынгер, ер болады.
*Қазақ малмен күнелтетін көшпелі ел. Бұрын қазақ түгелімен көшпелі еді, қазір де шала көшпелі болып қалды. Бұрын қазақ жаз Арқаны жайлап, қысқа қарсы күні жылы Сыр бойына, Жетісу жаққа көшіп баратын еді, қазірде олай қазақ даласының бір шетінен бір шетіне көшіп жүру сиреді. Қазақтың қысы қатты Арқада да тұрақты қыстауы болатын болды, қазақ малға пішен жиятын болды, егінге де айнала бастады.
*Адам баласының тұрмысы – талас-тартыс. Адам баласы, бір жағынан, табиғатпен тартысады, екінші жағынан, өзара бірімен бірі таласып, тартысады. Көшпелі елде табиғатпен тартысу жоқтың аз-ақ алдында болған да, өзара тартыс, талас ашық түрде болып келген. Сонымен, көшпелі елдің салтында өзара талас, тартыстың жалаңаш түрі – ұрлық, зорлыққа табыну болған.

Ғарифолла ӘНЕС,
профессор

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.