Жадымда тұрар жаңғырып…

Орта білім алғанша бірнеше мектептерде оқып, көптеген мұғалімдерден тәлім-тәрбие алдым. Ұстаздарымның ішінде осыдан 67 жыл бұрын мектепке алғаш барғанда сабақ берген Өмірбек Сәрсенбаев ағаны бөле-жара атар едім.
Төмендегі ой-толғаныстарымды қағазға түсіруге әсер еткен тағы бір нәрсе – үстіміздегі оқу жылында Қарағанды облыстық білім департаментіне қарасты облыстық әдістемелік орталығының «Бір аймақ – бір кітап» ақциясын өткізу үшін Бердібек Соқпақбаевтың «Балалық шаққа саяхат» кітабын 7-сынып оқушыларына жаппай оқытуды міндеттеді. Осы кітап аталғанда менің де балалық шағым, алғашқы ұстазым, білім алған мектебім еске оралды.

Мектеп табалдырығын 1950 жылы 1 қыркүйекте аттаппын. Шағын төрт кластық мектеп қазіргі Жезді кентінен жеті шақырым жердегі Ұлытау ауданының Лениншіл колхозының орталығы Социальды ауылдық кеңесіне қарасты Қарабұлақ ауылында орналасқан еді. Мектептің меңгерушісі сұңғақ бойлы, әскери адамдардай ширақ қимылдайтын Өмірбек есімді кісі.
Оқу жылы басталған 1 қыркүйекте мектеп меңгерушісі Өмірбек аға мен оның көмекші мұғалімі, өзімнің апам Күлбағира Жәлелқызы екеуі (мені біліп тұрса да, білмегендей болып), аты-жөнімді, қай класқа келгенімді қайыра-қайыра сұрап, журналға тіркеп,сөмкемнің, оқу құрал жабдықтарымның бар-жоғын тексерді. Басқа оқушыларды да осылайша тексеріп болған соң, барлығымызды бойымыздың ретімен мектеп алаңына тұрғызып, ерсілі қарсылы шамалы жүргізіп, бұдан былай «сапқа тұрғанда» осы тұрған орындарымызды ұмытпауды Өмірбек мұғалім қатаң ескертті. Мектепке қандай даярлықпен келу, тазалық, тәртіп жайы және әрбір кластағы балалардың саны мен аты жөндері оқылып, ішке кіру үшін қоңырау соғылды. Ұзыншалау келген жіңішке коридордың бойымен класс-класымызбен ақырын жүріп, түп жақтағы оқитын бөлмеге кірдік. Сөйтсек, ауладағы «сапқа тұрған» жиырма шақты төрт кластың балалары бір бөлмеде оқиды екенбіз. Шамамен алғанда әр класта төрт немесе бес оқушыдан. Осы бөлмеге төрт класс сыйыстық.
Өмекең ағаның қолынан көп нәрсе келетін. Сондықтан жұрт «орыстардың қолынан келетін жұмыстардың бәрін істейді «бұл – орыс Өмірбек» дейтін.
Екінші кластан үшінші класқа көшкен жылдың жазында Өмірбек ұстазымның ұйымдастырушылық қабілеті мен біліктілігі ескеріліп, «Қазақстан» колхозының жаңадан ашылған Қорғантас жеті жылдық мектебінің директоры қызметіне тағайындалып, қалған екі жылда бізді Күлбағира бауырым жалғыз оқытты. 1954 жылдың мамыр айында төртінші класты бітіретін болдық. Елуінші жылдардың оқу бағдарламасы бойынша төртінші класты бітіретіндер үш немесе бес сабақтан міндетті түрде мемлекеттік емтихан тапсыруы керек. Мемлекеттік емтихандар жетіжылдық немесе онжылдық мектептерге барып тапсырылады. Он жылдық мектеп Ұлытауда, жетіжылдық мектеп тек Қорғантаста. Іргедегі Жезді орта мектебіне мемлекеттік емтихан тапсыруға болмайды, себебі Жезді кенті Қарсақбай ауданына қарайды. Төртінші кластың мемлекеттік емтиханына әзірлену қазіргі мектеп түлектерінің ҰБТ-ға әзірлігінен де қиын еді. Қаңтар айынан бастап сабақ соңынан қалып, күнде бір-бір жарым сағат өткен сабақтарды қайталаймыз. Жазу ережелері, сөз таптары, неше түрлі қиын есептерді, пысықтап мазмұндама, диктант жазуға машықтанамыз. Күлбағира бауырым бізді – Сәпкен, Боранбай, Нұғымаш (марқұм) және мен, төртеуімізді мемлекеттік емтиханға даярлап, 1954 жылдың мамыр айының ортасында колхоздың пар өгіз жегілген арбасымен жасқа толмаған Дәриғасын орап, барлығымыз Қорғантасқа жолға шықтық. Жолай Аралтөбеге қонып, ертеңіне Қорғантасқа кештете жеттік. Бұрынғы ұстазым, жетіжылдық мектептің директоры Өмірбек аға бізді тағатсыздана тосып отыр екен. Төртінші кластың мемлекеттік емтиханына ауданның 24 колхозының 30-ға жуық шағын комплектілі мектептерінің 4-сынып оқушылары мен мұғалімдері түгел келіпті. Өмірбек аға соларды қарсы алып,қыз балалар мен әйел оқытушыларды тұрмысы жақсылау үйлерге, ал ұлдарды мал қораларына көк шөпті төсеттіріп, үстіне киіздер жайып орналастырыпты. Бұлай болатыны Қорғантаста үйлер аз, екіншіден олардың көбісінің жағдайы мәз емес еді. Күн сайын Өмекең кешке келіп, хал-жағдайымызды біліп тұрады. Көршілес колхоздардың шағын комплектілі бастауыш мектептерінің мұғалімдерінен есімде қалғандары – Ерғали Әбжамалов, Әбдірайым Әліпбеков, Тұралы Берденов, Әбілқасым Қостаев, Құрманғали Әбдірахманов, Қожагелді Шакенов және басқалары. Қазір бұл ұстаздарымыз арамызда жоқ. Алла имандарын жолдас қылғай.
Өмекең басқарған жеті жылдық мектеп үйінің – Ахмет ишан Оразайұлының қызыл үйі екенін, есейгенде білдім. Қасиетті ишан атамыздың көзіндей болған мектеп үйінде соңғы пәннен мемлекеттік емтиханды ойдағыдай тапсырғаннан кейін, Өмекең ұстазым барлығымызды жинап, болашағымызға сәттілік тілеп, ақ батасымен шығарып салды. Онжылдықты бітіріп, студент болғанша Өмекең ұстазымды көрмедім. Төртінші класты тәмамдаған жазда Күлбағира бауырымның жанұясының «Алғабас» колхозына қызмет ауыстыруына орай, 5-сыныпты Алғабас шағын комплектілі жеті жылдық мектебінде жалғастырдым. Осы жылдарда Өмірбек ұстазым «Бірлік» колхозының Сарлық елді мекеніндегі Бағаналы елінің төрт босағасының бірі – Бабыр бидің баласы Мырзамсейіт болыстың қызыл үйіндегі онжылдық мектепте ұстаздық жасап, кейінірек ауыл шаруашылығы саласына ауысып, ферма меңгерушісі қызметтерін абыроймен атқарыпты. Бабырдың Мырзамсейіті Өмірбек ұстазымның ұлы нағашы атасы екенін қазір біліп отырмын. Алғашқы ұстазымның еңбек жолын бастаған мектебі – қайырымдылығымен, әділдігімен ел жұртының күмбезді қос кесене салу құрметін лайықты иеленген Меңей қажының қызыл кірпішті үйі екен. Меңей қажының жұрттан асқан шалқыған байлығы болмаса да, мектеп үйі болған. Реті келгенде айта кетейік, Меңей қажының шөбересі белгілі ғалым, биология ғылымының кандидаты Мәрия Мүсілімқызы Қажымұратова өткен жылдың шілдесінде бабаларының мекенінде болып, құран бағыштап, жергілікті мұражайға «Меңей қажы мекені – ізгі мұра» атты құнды альбомды тапсырды.
Бабамыздың қызыл үйіндегі мектепте (1945-1949 жж) шәкірт тәрбиелеген Ленин орденді Аманжол Төлекбаевпен қызметтес, әріптес, шәкірті Өмірбек Сәрсенбаевты алғашқы ұстазым десем, ал Өмірбек ұстазымның әріптес шәкірттері Күлбағира Жәлелқызы Меңей шөбересі, Ерғали Әбжамалұлы, Әбдірайым Әліпбекұлы, Қожагелді Шакенов, Мұқанбедия Әлжанов және тағы да басқаларының еңбек жолдары мақтануға тұрарлық. Арамызда жоқ Өмірбек ұстазымның замандас-әріптестерінің адал, кіршіксіз еңбектерін кейінгі буынның білмеуі қатты толғандырады. Аталған ұстаздарымыз арамызда жоқ болғанымен ұрпақтары Қазақстанның барлық өңірлерінде әр салада жемісті қызмет атқаруда.
Түйіндей айтқанда, Өмірбек ұстазымның білім мен мәдениеттің нәрін беріп, киелі Ұлытау өңірінде халық ағарту ісінің қалыптасуына алғашқылардың бірегейі болып сүбелі үлес қосуы ұрпақтарына ізгілікті мұра қалдырған бабаларымыздың тарихи ордалы мекенжайларымен тікелей сабақтас. Дәлірек айтқанда орта ғасырлық Аяққамыр қаласының іргесіндегі Қарабұлақ мектебінде, ­Ахмет ишан Оразайұлы үйіндегі мектепте, Бабырұлы Мырзамсейіт болыстың үйіндегі мектепте «Құдайдың берген шағында таяғым түлкі, түйем қасқыр алды» деп, тәубешілік жасаған Меңей қажының қызыл үйіндегі мектепте абыроймен қызмет атқаруы – ұрпақтар сабақтастығының жемісі. Алланың құдіретімен солақай саясаттың әсерінен бұзылмай қалған ұлы бабаларымыздың қызыл кірпіштен соққан үйлерінің барлығы мектеп үйлеріне айналған десек қателеспейміз. Мысалы, Бұрмаша өзені бойындағы мешіт, Терісаққан өзені бойындағы Мейрам қажының қызыл үйі, Нұржан, Ноғайбай, т.б. қажылардың қызыл үйлерінің мектеп үйлеріне айналуы туралы Қ.И.Сәтбаевтың қолжазбаларында кездеседі. Менің өзім Мейрамқажы Жанайдарұлының қызыл кірпішті үйіндегі шағын комплектілі жеті жылдық мектепте 1957 жылы 7 сыныпты бітірдім.
Өмірбек ұстазымның республика өңірлерінде еңбек етіп жатқан балалары мен ұрпақтарына зор денсаулық, әрдайым сәттілік болуын тілеймін. Екіншіден, Ұлытау ауданының халыққа білім беру және мәдениет бөлімдері Өмірбек ұстазым және оның замандас әріпестерінің еңбек жолдарын қазіргі оқушыларға үлгі есебінде өлке тарихымен байланыстыра насихаттайтын іс-шараларды ­жоспарлап, жүзеге асырса игілікті жұмыс болар деп ойлаймын.
Осы дүниені жазарда менің енді бір айтқым келгені – шағын елді мекендердегі мектептерді сақтап қалуымыз керек. Олардың қалыпты жұмыс істеуі үшін бүгінде барлық жағдай жасалған ­деуге болады. Техникамыз да, технологиямыз да қарқынды дамып отырған жоқ па?!
Ақын А.Шамкеновтың сөзіне шығарылған композитор Ә.Еспаевтың бәрімізге белгілі «Ұстазым» әні бар емес пе? «Жадымда тұрар жаңғырып, ұстазым менің, ұстазым!..» деп келмейтін бе еді? Осы әнде айтылғандай, менің алғашқы ұстазым Өмірбек аға әрі алғаш білім алған мектебім әрдайым да жадымда жаңғырып тұрады…

Өміртай ЖӘЛЕЛОВ,
ардагер ұстаз, ҚР Педагогикалық
ғылымдар академиясының
корреспондет-мүшесі

ЖЕЗҚАЗҒАН

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.