Мамандығы – мақтанышы

Медицина ғылымының докторы, профессор Амангелді Ибаділдин – құрсақ қуысы ауруларын емдеудің жедел әдістерін жаңа технологиялармен ұштастыра қолданып жүрген белгілі хирург-дәрігер. Оның кандидаттық, докторлық зерттеу еңбектері де бауыр аурулары асқынған науқастарды емдеудің бірегей әдіс-тәсілдеріне арналған. 

1969 жылы Қарағанды мемлекеттік медицина институтының емдеу факультетін бітіріп, еңбек жолын Шортанды аудандық ауруханасында дәрігер-хирург болып бастаған Амангелді Сейітқазыұлы бүгінгі күні С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде №2 хирургия кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарады. Жоғары білікті хирург-дәрігердің құрсақ қуысы, қалқанша без, көкірек және жанбас қуысы ағзаларына жедел ота жасаудағы ғылыми жетістіктері кеңінен қолданысқа ие. ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі А.Ибаділдин – бірнеше монографияның, қазақ тіліндегі оқулықтардың, 7 өнертабыстың авторы, ТМД елдері гепатолог-хирургтері, Ресейдің Н.Пирогов атындағы хирургтер қауымдастықтарының мүшесі, халықаралық конгрестер мен мәжілістерде баяндама жасаған ғалым, шәкірт тәрбиелеген білікті ұстаз. Ол А.Н.Сызғанов атындағы Ұлттық хирургия орталығының «Хирургияға қосқан үлесі мен еңбегі үшін» атты Алтын медалімен марапатталған.
Әріптестері арасында жоғары кәсіби шеберлігімен ерекшеленетін Амангелді Сейітқазыұлының айтуынша, бауыр ауруларын емдеуде жаңа технологияларды қолданудың артықшылығы мол. Өйткені бүгінгі күні елімізде бауыр ауруларының көбейгені және жасара бастағаны байқалуда. Мәселен, жуырда Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институты жүргізген зерттеу нәтижелері бойынша адамдардың 70 пайызында бауыр аурулары анықталған. Ал бұл көрсеткіш 2011 жылы 41 пайыз болатын. Осы ретте А.Ибаділдин қан мен өттің түзілуін реттейтін маңызды органның зақымдалуының басты себебі – аса майлы тағамдарды көп қолдану, рафинадталған азық-түлік, ішімдік, тәтті сусындар, фастфуд, қимыл-қозғалыстың аздығы, семіздіктен деп санайды. Әсіресе жастар осы тағамдарды көп пайдаланатыны белгілі. Қазір өттегі тас ауруларымен 18-20 жастағылар да ауыратыны содан.
«Қазақтардың өмір салтының тұтастай өзгеруі, дәстүрлі тағамдардан бас тарту ағзадағы өзгерістерге алып келді. Ет жеп, қымыз ішкен көшпелілердің ферменттік жүйесі басқа еді ғой. Оған қоса қоршаған ортаның ластануы бауырға тікелей әсер етеді. Содан барып қанда өзгерістер пайда болады. Қан айналымының бұзылуы, қаназдық (анемия) өт айналымы мен бауырға зақым келтіреді, өтте тас жиналады. Бұл жағдайда тек жедел ота жасау қажет» дейді маман.
Дәрігерлер құрсақ қуысында ­ауырсыну сезімдері болған кезде бірден ультрадыбыстық тексеру жасауды ұсынады. Бұл әдіс өттегі тасты 98 пайызға дәл анықтайды екен. Бұл жөнінде «Қазір біз өт және бауыр ауруларын эндобейнелапароскопия әдісімен жасауға көштік. Оның дәстүрлі отадан айырмашылығы – науқас наркоздан оянғаннан кейін көп ұзамай тұрып жүре беруіне болады. Және де ауруханада бұрынғыдай 10-12 күн емес, 4-5 күндей ғана жатады. Сондай-ақ бұл әдістің косметикалық ерекшелігі де бар. Бұрын ота жасау үшін төстен кіндікке дейін тілік жасасақ, қазір кішкене тесіктер арқылы аппаратты енгізіп, тастарды алып тастаймыз» деп түсіндірді Амангелді Сейітқазыұлы.
Жалпы бауыр ауруларының асқынуы, жол-көлік оқиғалары кезінде бауырдың жарылуы күрделі ота жасауды қажет етеді. Мысалы, сары ауруды уақытында емдемесе портальды гипертензияға әкеп соғады. Яғни бауырдағы көктамырмен қан дұрыс жүрмейді де, өңеш пен көкбауырдың тамырлары кеңейеді. Спленомегалиямен ауырған кезде де көкбауырды алып тастауға тура келеді, өйткені ол жарылып кетуі мүмкін. Ол да лапароскопияның көмегімен жасалады. Бұл әдістердің бәрі Хирургия кафедрасының базасы саналатын Іле аудандық ауруханасында және 70 разъездегі әскери госпитальда сәтті қолданылып жүр.
А.Ибаділдиннің айтуынша, қазір бізде бауыр циррозы, бауырға сарысу жиналуы, өтке тас байлану, өт полипозы, яғни өт қабының ішіне өсінділер пайда болуы сияқты аурулар жиі кездеседі екен. Оларды дер кезінде анықтап, емдеу қажет. Мәселен, гепатиттің А деген түрі 100 пайыз емделсе, ал гепатит В-ны дұрыстап емдемесе циррозға айналуы мүмкін. Гепатиттің С түрі 8 пайызға дейін қатерлі ісікке әкеп соғады. Маманның айтуынша, науқас неғұрлым ерте анықталса, соғұрлым емделу мүмкіндігі жоғары. Бастапқы сатыда аурулардың 90 пайызы әдеттегі ем-доммен жазылып кетеді.
А.Ибаділдин студенттерге арнап қазақ тілінде оқулық құралдар жазумен де айналысып келеді. Оның ұстазы Г.Н.Андреевпен бірлесіп жазған «Гепатология және бауырдың клиникалық биохимиясы» атты кітабы биыл екінші рет басылып шықты. «Хирургиялық аурулар», «Іш қуысы пердесінің жедел қабынуы», «Бауырдың клиникалық биохимиясы» және басқа оқулықтары мен әдістемелік құралдары еліміздегі медициналық оқу орындарында қолданыста. Ал баспадан жаңа шыққан «Қан құю және қанның құрамдас бөліктері» деген кітабы әрбір дәрігердің қолында жүруге тиіс еңбек. Автор бұл құралдардың сұранысқа ие екенін және алдағы уақытта қазақ тілінде оқулық жазу жұмысы жалғаса беретінін жеткізді.

Дина ИМАМБАЕВА

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.