Бабалар ізімен

Елбасы Н.Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында жалпыұлттық қасиетті орындар ұғымын жас ұрпақ бойына сіңіру мақсатында «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасын жасау туралы айтқаны белгілі. Жалпы қасиетті жерлер – көне өркениеттің бізге жеткен мұрасы. Оны халық осы уақытқа дейін жадында сақтап келді. Біз осы дәстүрді одан әрі жалғастырып, ертеңгі ұрпаққа жеткізуге тиіспіз. Осыған орай құрамында көнекөз қариялар мен тарихты тарқата білер зиялылар бар ниетті жандар Құрманғазы ауданының қасиетті, тарихи жерлері мен орындарын, тұлғалар туған топырақты аралап, тағылымды іс тындырып қайтты.

Жеке әкімшілік аймақ болғанына жүз елу жылдан астам уақыт өткен Құрманғазы ауданында алдымен Бөкей ханның, одан соң Мақаш әкімнің орны зор. Егер Еділ мен Жайық арасына Бөкей бастап өтпесе, бар-жоғы он үш жылдың ішінде (1883-1896) Мақаш орыс патшасының алдында үш рет болып, өз қандастарын шоқындырудан қорғамаса, онда екі өзен арасына қазақ деген ел қонып, қонса да, «тегім – мұсылман, дінім – ислам» деп шалқайып отырмас еді.
Қай қазақ мейлі ат арқасында жүріп ел басқарсын, не болмаса қатардағы күй кешсін, бәрібір аузынан Алласын айырып, Тәңірінен тәубасын үзіп көрген жоқ. Бөкей хан Сейіт бабаны рухани-имани ұстазым десе, Мақаш әкім өзінің кіндігін кескен атасы Тазмолдадан іргесін аулақтамады, ұдайы қарым-қатынаста, байланыс­та болды. Қарағайлы бойында жатқан Самай ата, оның жаға қырдағы ұлы Қарлығаш, Саздыдағы немере-шөберелері Серікбай ата, күні бүгінгі Дәметкен апайлардың әулеттік көріпкелдік, тәуіптік, емшілік қасиеттерін ешкім де жоққа шығара алмайды. Оларды діни идеологияның өкілдері деп бұра тартудың реті жоқ. Өз замандас­тарын рухани тазалыққа, имани ізгілікке, жан сұлулығына қоса тән сұлулығына тәрбиеледі. Өз үмбеттерін сенімге, адалдыққа уағыздады. Ешқандай теріс ағым, бүйректен сирақ шығарған кейіп-қылықтары болған жоқ. Сол үшін оларды әлі де әлеумет қолдайды, сенеді, ғайбат сөзге жол бермейді.
Өз Қошалағын әлемге өлеңімен танытқан айтулы ақын, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері Жұмекен Нәжімеденовтың кіндік кесіп, кір жуған топырағы Ашақ сорында болу, ондағы жұмбақ ақынға қойылған ескерткішті тамашалау – туған жердің тұғырлы тұлғасына деген мінәжат, зор құрмет. Кешегі Нәжімеден қарияның жау жолында жүрген жалғыз ұлына жазған өлеңіндегі «Сабыржан, өзің кеткен орындамыз, «Ашақтың» айдын ирек сорындамыз» деген Ашағы бұл күнде жан-жағын қоңырлық басып, тоқымның үлкендігіндей тосқаған ақ сор. Беті ақ сортақтанып, қыз көшінен түсіп қалған қолайнадай жарқырайды. Батыс жақтағы төбенің астында Нәжекеңнің шеген қыстауының орны зор. Одан сәл арқада құдық шағыл, оның шығыс бетінде 7-10 жастағы Сәбила, Жаңылсындардың көлеңкесінде асық ойнайтын үлкен шоқал әлі тұр.
Осы арадан шығыс бетке көз салсаң бір кездегі Дыңғызылдың бұйрат-бұйрат ақ шағылдары ойға оралады. Ондағы «Жасқайрат» мектебінде қазақ әдеби сынының Белинскийі атанған ­Зейнолла Серікқалиев оқыған-ды. Қазір аудан орталығындағы мектеп-интернат оның атымен аталады. Ал «Жасқайрат» Жұмекен атында.
Қошалақ пен Ақжонас, одан шығыс арқада Ноғай заманы, қалмақтар қонысы, одан бергі Бөкей көшінен сыр ақтарар Бесшоқы мен Жиделі де тұнған тарих. Ақжонас – Ақжүністің қонысы. Ер Тарғын ұрын келіп, Дүңгірлек тауының іргесінде бел суытқан деседі. Мәстек Бөденеұлы басында дұға бағыштап, оның атақты жалды Барақтың немересі, кезінде көріпкел, елжанды адам болғанына қанықтық. Ол өз руластарын бұл өңірге тым ерте қоныстандырғанға ұқсайды, одан әрі Ақжонастағы Естай ата бабасына асықтық. Кеңес дәуіріндегі бір малшы қыстағын екіншісіне жалғап, одан үшінші, төртінші болып, ұштасқан қырдың қасқа жолы бұл күнде шөп басқан сүрлеу ғана. Кей жерінде сол сүрлеуіңнің өзі көрінбей, тәуекелдеп төтелеп тартып-ақ кетесін. Алпыс шақырымдық құм жолында кібіртіктеп екі-үш сағатта азар жеттік.
Есбай Қияқұлы кесенесі жалпақ жазықтың қақ ортасындағы дүзгінді биік дөңнің дәл басында екен. Кезінде осы төңіректегі бір рулы елді уысында ұстап, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарған ел ағасы Жайықтың арғы бетінен Еділ бойына құла биесінің құйрық-жалына тістесіп, ол осы жерге жата қап аунағанда Естай көшті тоқтатып, жүк түсіріпті. Әр ұлттан алты әйел ап, отау тіккен Есбай абыз соңыра соңынан ұрпақ қаптатып, соларымен аты қалған.
Кесенесі де келісті, ізгі-арманы өрісті қарияға зиярат еттік.
Еске Есбай абыздың замандасы Салық Бабажановтың досы, тамаша күйші-композитор Түркеш Қалқаұлы түседі. Ол осы арада дүниеге келіп, «Көңілашар» күйімен тарихта аты қалды.
Бұдан әрі арғы әдебиеттерде Дүңгірлек, бергі кезде Бесшоқы атап жүрген тағы бір тауға жақындап келеміз. Тек қана қиыршық тастар үйіндісінен белден-бел асқан жоталардың кіші бесіндігінде жоғарыда айтқан әйгілі Мақаш әкімнің нағашы атасы – Жұбаныш бидің құдық шағылы көрінеді. Одан сәл шығыста Шадияр қажының қыстауы.
Сөйткенше болған жоқ, астымыздағы құлдыраңдаған қара «Нива» жергілікті халық «Ойық» атап кеткен тасқайнарға алып келді. Қабырғалары карстық слюдалардан қалағандай кейіптегі бұл құдықтың қашан пайда болғаны белгісіз. Осы арада туып-өскен Қойшығұл Дүйсенов атамыз (1898 жылы туған) 1975 жылғы бір әңгімесінде «1911 жылы мамыр айының аяғында қатты жаңбырдағы найзағайдан осы жер ойылып, құдық пайда болды деп әкелеріміз айтып отыратын еді» дегені бар. Ал ел ішіндегі аңыздар нақты кезеңді одан да арғыға алып барады. Құдық жайлы аңыз көп, қайсыбірін тауысарсың. Бірақ қасындағы Кененбай үңгірін 1854 жылы зерттеген әйгілі ғалым Ауэрбахтың еңбегінде ол жайлы еш әңгіме болмайды.
Белгілісі – қабырғасы жақпар-жақпар тастардан тұратын бұл құдықтың суы қысы-жазы бір деңгейде тұрады. Тіпті өткен ғасырдың 80-жылдары бұл арада «Октябрь» кеңшарының 3 мың сиыры жайлады. Олар бір сәтте қатар тұрып сіміргенде әлгі құдықтың суы бір еліге төмен түспепті. Ғажапты қараңыз, құпиясы мол, сыры көп.
Одан әрі Кененбай үңгірі. Ол да жерасты үңгірі. Оған орыс ғалымдары ХІХ ғасырдың орта тұсынан бастап зерттеулер жүргізген. Кененбай діндар адам. Бекет әулие, Сейіт бабалардың замандасы. Осы үңгірді жерасты мешітіне айналдырып, бала оқытқан. Бірақ 1830-40 жылдардан бері онда ешкім тұрмайды. Бесшоқы тауында осындай алты жерасты үңгірі бар. Кененбай солардың ең үлкені. Бұл да карстық слюдалар қабаттарынан тұрады.
Осыдан сәл батыстағы биік дөңнің басында күй атасы – Құрманғазыға арналып ескеркіш қойылған. Музыка лигасы бейнесіндегі белгінің басында күйші атаның өз бейнесі тұрса, астында:
«Құрманғазы туған жер
Ұлы майдан, думан жер.
Жас ұрпақ ойға түйіп өт,
Басыңды мұнда иіп өт» деген өлең жолдары бар. Иә, солай.
Осы белгіден шығысқа қарайғы жазықты Жиделі деп атайды, Нарынның күнгей беті. Онда «Бөбек» үрпегі деген жерде Сағырбай қыстауының орны бар. Оның сәскелігіндегі 7-8 шақырымда Құрманғазының бала кезінде қозысын бағатын әлді ағайындары – Шаңбала мен Өтешқали қыстауларының да орны жатыр, орталарын бір сор ғана бөледі. Бұл ара бір кездері Қызылқұрт руының адамдары жайлаған кең алқап. Біз осы жердің байырғы тұрғыны 79 жастағы Темірболат Қибашевтің үйіне ат басын тірегенімізде ол кісі «Жиделі ежелден қызылқұрттарға қайырлы болған құтты жер. Мына арқа беттегі Мұқан қауымында сол рудың әлгі айтқан Мұқап, Жәке, Ақмұхамбет атты үш қажысы жатыр» деп жоғарыда айтқан біздің әңгімемізді растай түсті.
Біз осы арада жүрек жалғап, Күләйда жеңгеміздің күрең шайын сіміре жұтып, ауылға бағыттадық. Қырдың қызыл топырақты еспе жолы қанша жылдамдатсаң да адымыңды аштырмай құмықтандырады. Амалсыздан орғып-орғып, алға озасың. Алда қоңыр-қоңыр Қошалақ, ондағы күйдің Динасы – Бақыт Қарабалина, Кеңес Одағының Батыры, жаумен жалғыз алысқан Мұқат Мұсаев, одан әрі Сазды, сәл әріректе Алашорда қозғалысының ардақтысы (министр), өңірдегі алғашқы кәсіби заңгер, Қазақ АКСР-ін құрушылардың бірі Уәлитхан Танашев, керемет күйшілер Дәулеткерей, Соқыр Есжан, белгілі қоғам қайраткері, Батыс Алашорда ісіне белсене араласқан Бақтыгерей Құлмановтар еске түседі.
Туған топырақ тұлғаларға бай. Олар бір кезеңнің төлі емес, бірі ХІХ ғасырдың басында дүниеге келсе, екіншісі ортасы, қайсыбірі ғасыр соңы, Кеңес дәуірінде туғандар. Қызметтері де әртүрлі. Әйтсе де бәрінде де бір мақсат, ол – өз елі, туған халқына қызмет ету, көркейту. Ең бастысы – қазақтың абыройын арттырып, атын шығару. Олардың атын ардақтап, кейінгіге ұлықтау – парыз. Осы арада аудан әкімі Бибоз Шаяхметов бастап, Сайфеден Сидеғалиев пен Тілек Ғұмаров, жазушылар Өмірзақ Қажымғалиев, Таңатар Дәрелов, өлкетанушы Асқар Құмаров, округ әкімі Хамат Ғаббасов қостап, біраз әруақты тірілтті, олар жайлы жақсы әңгімелерді таспаға түсірді. Өшкенді жаңғырту, өлгенді тірілту деген осы шығар. Келешекте соның бәрі туған жер туралы деректі фильмге негіз болмақ.
Еске Елбасының аталмыш мақаласындағы «Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта ықтап, ыстықта пана болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс» деген жолдары оралады. Міне, біздің бұл ісіміз де сол мақсатты көздейді.
«Туған жерін сүйе алмаған, сүйе алар ма туған елін!» Бұл «Ауылым – әнім» әніндегі жолдар. Сүйем сені, туған жер! Жасай бер, мәңгі.

Өтепберген ӘЛІМГЕРЕЕВ,
өлкетанушы

Атырау облысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.