Жамбы атудың жампоздары

«Қазанат» атшабарында елімізде тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған «Алтын жебе» халықаралық біріншілігі өтті. ­Сайыс үш кезеңнен тұрды: шапшаң ату, қалқан ату және жамбы ату. Жарысқа 10 елден келген 20 спортшы қатысты. Дүбірлі додада біздің елдің намысын бес спортшы қорғады.

Халықаралық «ЭКСПО – 2017» ма­ман­­дандырылған көрмесінің мәдени-думанды және спорттық іс-шараларының кешенді бағдарламасы аясында ипподромда өтіп жатқан жамбы атудан «Алтын жебе» халықаралық турнирін Елбасы тамашалады. ­Сонымен қатар Қазақ­стан Президенті ипподром аумағында орналасқан «Этноауыл» ұлттық-мәдени кешенін аралады.
Аталған турнирінің жүлде қоры өте қомақты болды. Бес орынға дейін бәйге тігілді. Байрақты бәсекеде ­Румыниядан келген Михай Кузми 1 орын иегері атанып, 2 млн теңгені қанжығасына байлады. 2 орын мен 1 млн теңге қазақстандық спортшы ­Сарыбай Айтбектің еншісінде. 3 орынға ие болған Айкөз Ералғанға 700 мың теңгенің сертификаты берілді. Төртінші орын мен 400 мың теңге Мажарстаннан келген Немоти Кристоф Арпадқа бұйырды. Бестікті Малайзия спортшысы Мұхамед Акмал бин Мохамед ­Дакалан түйіндеп 200 мың теңгеге ие болды.
Айта кетер жайт, жамбы ату қазақ халқында кең тараған мергендік сынның бір түрі. Атпен шауып келе жатып жігіттер екпінін бәсеңдетпестен құрулы бақан үстіндегі нысананы атып құлатуы тиіс. Ереже бойынша спортшылар сөреде өз сәйгүліктерінің жанында болады. Төреші белгі берісімен олар аттарын тез ерттеп, шаба жөнеліп, жолындағы нысаналарды атып түсіруі керек. Сайыс кезінде мергендігімен, шапшаңдығымен көзге түскен қатысу­шы жарыс жеңімпаз атанады.

Әбілмансұр ЖАСАН

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.