«Забурын шығанағы» демалыс орнына әбден лайық

Жайдарлы жазда табиғат аясында тыныққанға не жетсін! Бүгінде демалысын ойлаған атыраулықтардың бірқатары шетелде демалғанды жөн санайды. Мұндайда «өзіміздің Атырауда демалуға болмай ма?» деген сұрақ туындайды. Осы ретте «Забурын шығанағы» туралы сөз қозғасақ артық болмас деп ойлаймыз. Өйткені ол туралы көп айтыла бермейді. Оның үстіне, бұл жерді демалыс орнына айналдыру жөніндегі ұсыныс көптен бері айтылып келеді.

Шығанақтың жағалаудан ашық теңізге дейін 1,5-2 шақырымдық тайыз да тұнық теңіз суы демалу үшін таптырмас орын. Түбінде ақ құм, қамыс пен басқа да шөп-шалам жоқ. Өзімізден гөрі өзгелердің жиі іздеп келетін теңіз жаға­лауы 130 шақырымға құлаш жайған. Тылсым табиғат, мүлгіген тыныштық, таза ауа, сұлу сурет… Бір әттеген-айы, бұл жер облыс орталығынан шалғай. Әйтсе де, оған бізден гөрі шетелдіктер көп келеді.
Сонымен, теңіз жағалауын туристік жұмаққа айналдыруға не кедергі? Забурын ауылдық округінің әкімі Аслан Ғұбаш – теңіз жағалауына жан бітіргісі келіп жүрген жандардың бірі.
– Осы жердің тумасы болғандықтан, туған өлкенің сұлу табиғатын көпке танытқым келеді. Өкінішке орай, біздің ауданның осындай көрікті жерлері бар екенін дүйім жұрт біле бермейді. Бұл мәселе туралы мен көп ойландым. Сөйтіп, бірнеше жыл бұрын ауылдағы жігіттердің басын қосып, мұнда киіз үйлер тігіп, кәуап сатуды жолға қойдым. Осылайша, қайықтарды жалға беріп, жұмысты бастап кеттік. Келушілерден тыным болған жоқ, тапқанымыз көбейді. Кейін, басқа салаға ауысқан соң, бұл жұмыстан қол үзуіме тура келді, – деді ол бізбен әңгімесінде.
Ал аудан әкімдігінің мамандары Забурын шығанағында демалыс айма­ғын ұйымдастыру жұмысына кәсіп­кер­лерді тарту керек деп санайды. Әрине, сөзбен айту оңай. Бірақ мемлекет қамқорлығынсыз туризмді дамыту мүмкін емес. Өз тарапынан аудан әкімдігі теңіз жағасынан балалар лагерін ашуды ұсынып отыр. Ол үшін қомақты қаражат керек.
Жағымды жаңалық та жоқ емес. Ауданда туризмді дамыту бағытында қолайлы жерлер анықталып, олар туралы баяндайтын бейнеролик көрермендерге жол тартты.
Жалпы ел экономикасын қосымша кіріс есебінен нығайтудың бірден-бір жолы – туризмді дамыту екендігі дау­сыз. Бұл осы аудандағы кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшысы Рафиғат Тәжиденованың жеке пікірі.
– Кезінде Жайық өзенінен тар­тылған Бақсай және басқа да канал­дардың бойына Тұщықұдық ауылының тұрғындары жаппай жеміс пен жабайы ағаштар егіпті. Ол жер қазір Едіге тоғайына айнал­ды. Сол сияқты, ел арасында Мың­қол немесе Мыңкөл аталып кеткен тоғайлар да бар. Аққыстаудан батысқа қарай екі шақырым жүрсеңіз, сәулет ескерткіші – «Таскран» шекаралық мұнарасына тап боласыз. Ол өткен ғасырдың жетпісінші жылдары самантас пен қамыстан тұрғызылған. Орынбор губерниясынан бөлініп, өз алдына облыс болып құрылған Орал өңірі Астрахан губерниясына берілгенде, арадағы мың шақырымдық шекара сызығы теңдей бөлінді. Оның Теңізге тірелетін жерінде биік тастан белгі орнатылған. Ол теңіздегі балықшыларға бағдар болған. Қанша уақыт өтсе де, сол қалпында сақталған таскран жолаушыларды қалай қызықтырса, туристерге де солай әсер етері хақ, – дейді ол.
Мыңқол демекші, расында да, Аққыстау ауылының солтүстік-баты­сында, Жанбай каналының бойында орналасқан бұл тоғайда жидек пен жыңғылдар қаптап өскен. Кең жазыққа өсе бермейтін олар 72 гектар орман алқабын құрап, далаға ерекше сән беруде. Бұл аумақты мемлекет ресми түрде өз қорғауына алып, демалыс нысанына айналдырса, нұр үстіне нұр.
– Забурындағы Зинеден ауылына барсаңыз, тура теңізге шыға аласыз, — дейді Рафиғат Тәжиденова бізбен әңгі­месінде. – Бұл ғажайып демалыс орны­на апарар жалғыз жол. Жері – құмайт, бетегелі-төбелі, шағылды. Теңіз Аққыстау ауылынан оңтүстік-батысқа қарай 100 шақырым жерде орналасқан. Өткенге көз жүгіртсек, Забурын ХІХ ғасырдың ортасында орыс көпестері иелік еткен балық кәсіпшіліктерінің орталығы болған көрінеді. Кемелер осында келіп, ат басын тіреген. «Астрахан-Гурьев» бағытындағы кемеге мінген жолаушылар Каспий теңізінің ақжал толқындарының арғы жағынан сұлу құрлықты көріп таңдай қағысқан екен. «Забурын» атауы да «За бурями» деген сөзден шыққан деген жорамал бар. Оны шығанақ деуге де болады. Себебі судың тереңдігі 50 см-ден аспайды.
Сол сияқты, Мыңтеке құмы да алыс­тан көз тартады. Су астының тап-таза болуы Біріккен Араб Әмірлігіндегі Дубайдың табиғатына өте ұқсас. Шынтуайтына келгенде, біз осы жерді тиімді пайдалана алмай отырмыз. Ауылдан 200 м жердегі «Атырау-Астрахан» автомобиль жолы күні ертең «Нұрлы жол» бағдарламасы шеңберінде Жібек жолына айналғалы жатыр. Алматыдан бастау алатын экономиканың күретамыры Азия елдерінен, Қытайдан келетін тауарларды Ресей, Беларусь, Солтүстік Кавказ, Еуропаға жеткізбек. 2020 жылға дейін салынып бітетін бұл жолдан түсер табыс мол болмақ.
Айталық, аймақта шамамен 500 мыңға жуық адам қоныстанған дейік. Қазыналы өңір болғандықтан, күнкөріс деңгейі де жоғары деп есептеледі. Бізде табиғаты тамаша орындар көп болғанымен, демалуға мүлдем лайықталмаған. Сондықтан «қара алтыннан» түсетін бар қаржыны тұрғындар демалыс уақытында шетелге «тасып» жатыр. Ендеше, қайтпек керек?
Кәсіпкерлік және туризм сала­сының маманы Р.Тәжиденова қаржыны сыртқа жібермеудің жолын ұсынады.
– Забурын шығанағынан түрлі бағытта кем дегенде екі-үш қонақүй салу керек. Теңіз самалымен тыныс­тағысы келетін туристер үшін бұл таптырмас орын. Суға түсу маусымы ұзақ, мамыр айынан қыркүйекке дейін созылады. Маса, сона деген атымен жоқ. Әдетте, басқа жақта су кейін қайтып жатса, мұнда үзілмейді. Мемлекет тарапынан оқушыларға арнап жазғы лагерь ұйымдастырылса, тіпті жақсы болар еді. Екінші жағынан, бір қонақүйдің өзіне 25 қызметкер қажет болатынын ескерсек, Забурын мен Исатай ауылдарының тұрғындарын жұмыспен қамтитын тамаша мүмкіндік туар еді. Үш шақырымдық кірме жол салу жөніндегі ұсыныс облыс әкімдігінен қолдау тауып, қазіргі уақытта шешілу үстінде. Оның үстіне, бір шақырым жерде электр және газ желілері тартылған. Теңіз жағасын кәсіп көзіне айналдырамын дейтін жандар болса, қандай жақсы. Тек, бір қиындығы, заң бойынша ешкімге өз бетімен инфрақұрылым жүйелерін жүргізуге, кемелер айлағын салуға, су жолын тереңдетуге, су түбін қазуға рұқсат етілмейді. Міне, алдымен осы мәселе шешімін тапса, кәсіпкерлер іске кірісіп кетер еді, – дейді ол.
Әлем назарын өзіне аударған атақ­ты Мальдив аралдарының әсем табиға­тын Забурыннан да кездестіруге болады. Су түбін тереңдету арқылы атақты аралдың қонақүйлеріне әдемі жол салын­ған. Ондағы геологиялық ерекшелік Забурынның сипатына сәйкес келеді. Өйткені, мұнда да су біртіндеп терең­дейді. Оның асты қайраң, құмы ақ. Шомылу мерзімі аяқталған соң, балық аулауға болады. Бұрын-соңды облыс тари­хында теңіз жағалауындағы демалыс орны болған жоқ. Енді бар мүмкіндікті пайда­ланып, соның орнын толтыратын кез келді.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ
Атырау

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. Жания

    Демалыс орнына айналдыруға болады. Бірақ демалушылардың тарапынан жасалатын бассыздықтар кедергі бола ма деген ой бар. Өкінішке орай демалуға келгендер қоқысты қалай-болса солай лақтырып, табиғатты ластайды.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.