«Қазаннан қақпақ кетсе…»

Сыбайлас жемқорлық ­тыйылар емес. Бізде жемқорлық жайламаған жер жоқтай.
Бөлінген қаржының тексерусіз, бақылаусыз қалатындығы, мемлекет қаржысының ұры қалталарға түсуіне себеп болып отыр. Қоғамдағы жазылмас дертке айналып отырған бұл мәселе «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарында да айтылды.

Мысалы, 13-қадамда: «Жемқор­лыққа қарсы күресті күшейту, сонымен бірге, жаңа заңнамалар әзірлей отырып, Мемлекеттік қызмет істері және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің құрылымында жемқорлық құқық бұзушылықты жүйелі түрде алдын алу және сауықтыру үшін жемқорлыққа қарсы арнайы бөлім құру» керек екені айтылған. Жемқорлықтың күшейгені соншалық, онымен күресуге арнайы бөлім құруға мәжбүр болып отырмыз.
Қазіргі уақытта Қазақстанда құрылыс қарқынды жүргізілуде. Мыңдаған шақырымдық темір жол, тас жолдар салынуда. Оларға миллиардтаған қаржы жұмсалуда. Осыншама қыруар қаржының бәрі өз мақсатында жұмсалды ма, жоқ па, оны халық анық біліп отырған жоқ.
Астана, Алматы, т.б. қалаларда да құрылыстар қарқынды жүргізілуде. Астана жаңадан салынып жатса, Алматыда соңғы жылдары қосылған жаңа Алатау, Наурызбай аудандарында құрылыс өрістемек. Шымкент, Ақтөбе қалалары да кеңейтіліп, құрылыстар салынбақ. Осылардың бәріне халықтың салығынан түскен қаржы жұмсалатыны белгілі. Құрылыстан басқа әртүрлі, «Ақ бұлақ», «Жұмыспен қамту – 2020», «Жастар тәжірибесі», «Саламатты Қазақстан», т.б. бағдарламалар бар. Бірақ осы бағдарламалардың бірқатары басталады да, аяқталмай қалып қояды. Сол сияқты өнім өндіретін кәсіпорындар да салынып, лентасы қиылып ашылады да, артынан жұмыс істемей тоқтап қалады. Ал бөлінген қаржы желге ұшады. Оны да тексеріп, қаншасы мақсатты түрде жұмсалды, қаншасы ұры қалталарға түсті – жеріне жеткізіле анықталмайды. «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» деген. Қақпағы ашық, тексерусіз қаржыны көрінген қарпымағанда неғылсын.
Сыбайлас жемқорлықтың ең қауіптісі жастардың санасын да улап бара жатқандығы. Мектепте әр нәрсені сылтауратып ақша жинайды. Ата-анасы ақша бере алмаған оқушыны үлгерімі жақсы болса да шеттетіп, құрбылары менсінбей қарайды. Жоғары оқу орындарында сессия сайын ақша жинап беріп, баға алатын студенттер көбеюде. Сол үшін кейбір студенттер қосымша жұмыс істеуге мәжбүр. Оқу орнын «қызыл» дипломмен бітіріп, жұмыс таба алмай қалатын студенттер де жеткілікті. Талантымен табындырып, білімі мен білігін ұштастырған жастарға қарағанда, таныс-тамыры барлар жақсы жұмысқа орналасады. Бұндай жағдайлар жастардың арасында: «Жақсы білім алу маңызды емес. Маңыздысы жақсы жұмысқа орналастыратын көкең, не қалталы ата-анаң болуы керек. Бәрін ақша шешеді, бай болу керек» деген ұғым қалыптастырады. «Жастар – келешегіміз» десек, жастарға кері әсер ететін сыбайлас жемқорлықпен ымырасыз күресуіміз керек.
Әрине, сыбайлас жемқорлықты болдырмау үшін арнайы бөлімнің ашылғаны да жөн шығар. Алайда жемқорлықпен шындап күрескіміз келсе, партиялар мен үкіметтік емес қозғалыстар, қоғамдық ұйымдар мүшелерінен тұратын мемлекеттік комиссия құрса да артық болмас. Бұл жайшылықта «бұқара халық үшін қызмет етеміз» дейтін партиялардың, қоғамдық ұйымдардың қаншалықты халық үшін адал, әрі жандары ашитынын көрсететініне сын болар еді.
Жемқорлық – қауіпті дерт. Онымен күресте халық та шет қалмауы тиіс. Сол себепті қоғамдық бақылауды күшейткен абзал. Бұл туралы Президентіміз «…Қоғамдық сын сыбайлас жемқорлық кеселіне ем болып табылады» деп жайдан-жай айтпаса керек. Қоғамдық бақылау болмаса сыбайлас жемқорлық жеңдірмейді.

Назрахмет ҚАЛИ,
зейнеткер
Алматы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

2 Пікір

  1. Алтынай

    Жемқорлық жасағандардың жазасы қатаң болғанмен, бұл дерт қоғамда дендеп тұр. Қай салада болмасын жемқорлық деректері кездесіп жатады.

  2. Ақниет

    Көп жағдайда жемқорлыққа итермелейтін халықтың өзі ме деп қаламын. Ақша ұсынып, сыйлық беріп жататындар арамызда көп.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.