Таңғажайып суреттер

Талдықорғандағы Оқушылар сарайында облыстық туризм басқар­масы және туризм мен ақпараттық қызмет көрсету орталы­ғының ұйымдастыруымен 128 жылдық тарихы бар танымал «National Geographic» журналының әйгілі 50 суреті қойылды.

Көрмеде Стив Маккарридың дүниені шарлаған әйгілі «Ауған қызы» суретінен бастап, Джейн Гудоллдың таңғажайып кадрлары, Томас Аберкромбидің 1965 жылы түсірілген Мекке көрінісі, 10 000 ват­тық жарықпен 4022 метр тереңдіктен Эмори Кристофтың түсір­ген «Титанигін» және «National Geographic» тарихындағы басқа да та­нымал фототуындылар ұсынылды. Журналдың қазақтілді бө­лі­мінің негізі 2016 жылдың қаңтарында қаланды. Елімізде «National Geographic» журналының көрмесі екінші рет ұйымдастырылып отыр.
Жер жаннаты Жетісу жерінде өтіп жатқан көрмеге арнайы Қытайдың Алтай өңірінен фотограф Екпін Хасенжан келді. Ол бұл туындыларды тамашалап, ерекше шабыттанғанын айтты. Болашақта осы көрмедегі кереметтер қатарында өзінің де қолтаңбасы тұратындығын тілге тиек етті.
Аталған шара бір айға жалғасады. Ал «National Geographic» журналының қызметкерлері облысымыздағы «Алтынемел» паркі, Әулиеағаш, Шарын шатқалы, Көлсай көлдері, Қайыңды көлі, Торайғыр тауы, Есік қорғаны, Таңбалытас сияқты көрікті жерлерге сапарға шығады.
– Фотосурет көрмесінде мақтанышпен айта алатын суреттер өте көп. Соның бірі Эмори Кристоф тірілткен Титаникті 10 000 ваттық жарықпен 4022 метр тереңдікте түсірген суреті. Бұл сурет барлық ұлы істерге бастау бола білді. Себебі осы бір тамаша туындыдан кейін Титаник тарихы қайта зерттеліп, әйгілі «Титаник» фильмі түсірілді. Біздің жасаған жұмыстарымыз кейін шет тіліне аударылып, әлемге таратылады, – дейді журналдың жауапты редакторы Мақсат Ясылбайұлы.
Әр суреттің өзіндік тарихы, өзінің айтары бар. Ондағы табиғат көрінісі, адам бейнесі келген көрермендердің көңілінен шығуда.Суреттерді көргенде, біріншіден, сүйсінесіз, екіншіден, өзіңізге керемет күш аласыз. Мұның өзі ерекше өнер.

Еңлік КЕНЕБАЕВА

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.