Өмірді сүйем..

Бақытжан Абызов

ЫҚЫЛАС ХОРУНЖИЙДІҢ  АЙҚАРА ҚҰШАҚ ЖАЮЫ
немесе айнала беріп, ақынның ту
сыртынан қанжар сілтеу

Өмір не өлім!
Одан басқа жоқ кесік,
Жалын атқан көкірегін кек тесіп.
Аламанға от беруді армандап,
Махаң өткен хан Жәңгірмен өштесіп.

Он екі ата Байұлымен бір орда,
Қысастығы кектендірмей тұрар ма?
Өткен батыр қаһарлы жыр толғаумен,
Күші аздау боп ханға қайрат қыларға.

Қиян-кескі ұрыстарда құны ердің,
Өтелетін жалынымен жігердің.
Исатайсыз шықты арқырап Ақтабан,
Ал сен болсаң, тығырыққа тірелдің.

Сұрғылт заман.
Өзің айтқан: «Мұнар күн»…
Үміттендің, бірақ сағым – құр алдың.
…Махамбеттей ақын емен, көп болса –
Өлеңдерін жатқа айтатын шығармын.
Найза толғап, ат үстінде толғанып,
Шықты ұрыстан сәтті жолын оңғарып.
– Тәуекел! – деп нөкерімен аз ғана,
Қайтып келсе, Орда жаққа жол жабық.

Шырақты үміт сөне жаздап жалғасқан,
Маздай түсіп, келер күнге алға асқан…
«Қараойда» қара ниет іске асып,
Ақын басын кесіп алды алдаспан!

БАҺАДҮР БАЙДІЛДӘ

(Гвардия подполковнигі, Қытай азаттық халық армиясының қаһарманы, Ленин, екі «Жауынгерлік Қызыл Ту», екі І және ІІ дәрежелі Отан соғысы, екі «Қызыл Жұлдыз» ордендерінің және басқа да мемлекеттік наградалардың иегері, Қытай бостандық халық әскерінің қолбасшысы Чжу Денің алтын сапты қанжарымен марапатталған қазақтың көпшілікке аты беймәлімдеу батыр ұлы Байділдә Доскенов атамыздың рухына арналады)

Ерліктің әман байтақ әлемі,
Уәш көкем Сізді айта береді.
Өткен ғасырдың 21-ші жылы,
Суреттей тізіліп қайта келеді…

Сырда өскен батыр – Құмшығанақта,
Ержетіп, сосын қонған-ды атқа.
Атыс-шабыс боп заман өзгерген,
Итжығыс түсіп қызыл да, ақ та.

Қан шұбырып жатқан ізін суытып,
Бойына жинап зәрлі уытын.
Басын сауғалап, Қытай асқан-ды,
Бұл шақта жыртқыш – атаман Дутов.

Сүйдүн шаһары. Сол жылғы ақпан,
Бір топ салт атты Жетісу жақтан.
Шекара асып… Апанына өткен,
Ақырына жеткен. Маңдайдан атқан.

Арыстан жүрек ерлердің бірі,
Белгісіз бейне – сырт көзге түрі.
Ана жылдарғы кино кадрының,
Сыртында қалған қазақтың ұлы…

Артында шаңырақ, жары қалмады,
Әскери оқыған Сарытаудағы.
Басмашыларды тау-тасқа тығып,
Соғысқан жері – Ферғана маңы.

Жалындап өткен халық кегі боп,
45-те солай жауды жеңіп ед.
Тапсырмаменен тағы Қытайға өткен:
Арбасқан соғыс – алғы шебі жоқ.
Тұлғасы сымдай, тіп-тік жүрісі,
Қажымұқандай палуанның інісі.
Орыс пен қытай арасында жүрген,
Көрінбейтұғын майдан Момышұлысы.

От пенен судай тынбай қырқысқан,
Алтайды құрсап аш көз мың тұстан.
Азаттық туын желбіретіп ед,
Ұмтылып алға Шығыс Түркістан.

Таныған сонда жат пен жақынын,
От кешіп өтіп мың-мың шақырым.
Жолдары бірақ түйіспей кеткен,
Байділдә батыр… Оспан батырдың.

Олардан Мәскеу сескенді ме екен?
Қайтарған оны. Санады-ау бөтен.
Алтай таулары, қазақ ауылдар,
Қол бұлғап қалған аяулы мекен…

– Кім іздер?– деп те: ойға келесіз,
– Уәш көке, кейіп айта бересіз…
Байділдә ата баһадүр болып,
Қауышар елмен. Әлі-ақ көресіз!

«ЛЕНИНГРАД ҚҰРСАУЫ»
(реквием-эпитафия)

Барар жері жоқ мұң шағып,
Жылай да алмаған үн салып.
Жиырмасыншы ғасырда,
Даламды аштық құрсады.

Адыра қалып салтым да,
Айналған еді «марқұмға».
Бас сүйектерден тояттап,
Құзғындар ұшқан қарқылдап…

Мұхитын кешкем азаптың,
Өзгедей емес. Аз-ақпын.
Күңіреніп жетер құлаққа,
Төрт миллион рухы Қазақтың.

Кешегі тарих: бір сарын,
Өшіккен бізге мұнша Кім?
Осыдан кейін түсінем –
«Ленинград құрсауын»!

КҮТПЕГЕН «СУЫҚ» яки
БЕЙБІТШІЛІК БӘЙІТТЕРІ

Ауылға біздің бір суық кепті,
Тоңғандар бойын жасырды тонға.
Газеттен оқып, күрсініп кеттім:
– «Жұлдызды соғыс» – бұл ғажап соғыс,–
Деген соң – Ақ Үй, Вашингтонда.

Қайтесің енді, қалқам-ай, бәрі –
Дүниеге қатер болып тұр.
Қаракөз ару Тартоғайдағы,
Мұңайма соңғы хабардан,
Жырымды оқығым келіп тұр.

Ақынның жырын ұғарсың сен де,
Кездесу болса, гүл ап бар.
Бейкүнә біздің момақан Жерге,
Шықпасын өсіп ешқашан,
Атомдық «саңырауқұлақтар»!
Тырна ұшырмақ болып Садақа қиған,
Керегі не енді қағаз кептердің?
Бейбіт күн болсын, болсыншы мейрам,
Қалжыңын сүйем қашанда өзім,
Қуаныштар мен Оразбектердің.

Гүл өссін жерге, нұр өссін жерге,
Бірақ, сен кеспе бұрымды.
Қол тисе, барып киоскілерден,
Палестинадағы қырғындарды емес,
Оқып тұрғайсың жырымды.

Өмірді сүйем Тартоғайдағы,
Нағашыменен – ойнап – жиенмен.
Оңай ма соның, қалқам-ай, бәрі,
Қанатты ракеталарды да ұмытпай,
Бейбітшілік пен сені сүйем мен!

ТЕҢІЗ ҰЛЫ

Талдықорған – ел кенті,
Әр кез менің ойымда.
Туған жердің перзенті,
Қараталдың бойында.

Дүниеге кеп шыр еткен,
Қазақтың бұл Жанаты.
«Қызылбалық» түлеткен,
Темір топшы қанатын.

Әлқиссадан бастайық,
Белді бекем буған бар.
Тік тұрады қасқайып:
«Соғыстан соң туғандар»!

Әділетті бұл ғалам,
Қазынасын кем қылмас.
Бердіқұлов шыңдаған,
Ұстахана – «Лениншіл жас».

Бағын сөйтіп ашқан-ды,
Қолқалап ед көп адам.
Кіл талантты жастарды,
Жазбай танып Шерағаң.
Отқа салды. Суға да,
Қаламгер боп шыңдалды.
Толқындары тулаған,
«Қош бол, теңіз»… Жыр қалды.

Қызық еді-ау сол жылдар,
Қасына еріп жүріп ек.
Жаздым сонда мол жырлар,
Қалдым сосын іні боп.

Жақын келіп. Күлімдеп,
Жайып жомарт құшағын.
– Жігіт болсын ұлың! – деп,
Сіз кескенсіз тұсауын…

Келем Өмір өрінде,
Алдымда – асыл ағалар.
Бала күнгі көңілде,
Қол бұлғайды жағалар.

Ой жіберіп әр тасқа,
Қыздырған құм табанын.
Жағалауда. Балқашта,
Көрдім ізін Ағаның.

Боялды әлем көк түске,
Қиялдаймын отырып.
Ал мен үшін Жетпіске,
Келгеніңіз өтірік.

Сияқтанар. Әр күнді,
Қарсы аласыз. Таң атып.
Талант аты сан қырлы –
Елшібектің Жанаты!

БІЗДІҢ ХАЛЫҚ

Халық – Бала,
Сәби кезін аңғалдықпен өткерген,
Тәй-тәй басып өткен заман-өткелден.
Сөйте тұра, шапалақты көп көрген,
Бұл – тарихи анықтама!
Халық – Аға,
Шыбын жанын кекке байлап,
Арғымақтың құлағында өткен ойнап.
Хан, батырлар елдігін кеткен ойлап,
Мәңгілікке қалғаны – даңқ қана!
Халық – Дана,
Өзі би тентегіне, өзі көсем,
Өзі сал, өзі сері, өзі шешен.
Сен дананың сөзіне сен,
Шытырман жұмбағың көп әлі ұқпаған!
Халық – Отан,
Өз үйің, еркін кірер өз босағаң,
Отанда жалғыздығын сезбес адам.
Айналаң – дос.
Не керек өзге саған?
Ендеше бәрі де – Анаң, бәрі де – Атаң!

АУЫЛЫ ӘУЕЛБЕКТІҢ –  СУЫҚТӨБЕ

Сағымды тауды қуып келемін,
Күнгейге құлар жуық жер еді:
– Аңқылдақ досым Әуелбек Ысқақ,
– Төбеңді төрдей суық демедім,
– Қайнарға жүзім жуып көремін.

– Сыныптас көңілін жырмен байыттың,
– Қаланың шуынан бірден айықтым.
– ҚазПИ-дегі сері суретшім-ай, сол,
– Бірде әзілқойсың, бірде байыпты –
– Немересі ұлы Кәрібаевтың!

Қадірлеп күтер сыйлы төрдің де,
Орны осы. Достым, қонақ бол күнде,
Жамбылдың дауысы жаңғырыққандай,
Қалдырдың солай әсер сен мүлде,
Суықтөбедей, бауырым, жырау көрдің бе?

Күмбезі оранып бүрме шәліге,
Суықтөбе бұл кірген сәніне.
Жамбылдың «қызыл жолбарысы» ма?
Көрінген бір сәт таңғы сәріде,
Жалт қарап ақын Үмбетәліге…

Құлағын жымып бара жатқандай,
Көздері шоқ боп жанған оттардай.
Пыр етіп сонда шабыт құстары,
Шақырды ұлар. Ұшты көк торғай,
Үйіріліп көкте, бір сәт тоқталмай.

Қайдасың жылдар… Осы ма ед жайың,
– Келсейші ауылға, бір марқаң дайын,
– Ішіп қайт, сөйтіп, құрдастың шайын,-
Дейсің-ау досым кездескен сайын,
– Кеттік! –дейтұғын… Жауабым дайын!

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. Нұрмұханбет

    Бақытжаным, бармысың!

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.