Ақжал толқын жүрек тербеп

«Жан қайығын жарға ұра» жайнақ жыр тудырып жүрген тектілеріміз  сапында қазақтың көрнекті ақыны, Халықаралық Алаш әдеби сыйлығының лауреаты Әміре ӘРІННІҢ бары даусыз. Қарымды қаламгердің әдепкі жинақтарындағы шымыр шумақтардың өзі ­поэзия патшалығында өзіне тән тұғыр сайлап берді. Ақын шырайлы шығармасының қуатымен кітапқұмар жұртты ой дариясына шомдырып, қиял түкпіріндегі жұмбақтар мен ғапыл-дүниенің сан сиқырын ұйыта ұқтырған. 

Әміре әлеміне біз де жақынырақ жүгінгенбіз. Жүгіне келе жүрегіміздің қай тұстан соғатынын ұғындық. Денеге шым-шымдап сіңіп, жұдырықтай етті шымырлатар шығармалар бір қаламгердің талайлы тағдырының бал-бұлағы болып тұнып ағып, руханият атты шалқыған теңіздің арнасына еркін қосылып жатыр. Сонау тұңғыш «Тамызық» жыр жинағынан-ақ өлең ошағының отын өшірмейтініне сенген қалың оқырманның ақыннан күрделі де тың дүние күтері заңды еді. Соның қарымтасындай «Маздақ», «Айқабақ» атты жыр жинақтары зерделі қауымға жол тартты…
«Айқабақтың» әлқиссасы:
Айқабақ,
Айдай ару,
Қасы керім,
Ай маңдай,
Меңі ноқат, асыл ерін.
Еліктей елең ете қарағанда,
Тау суындай тасты ұра тасып едім, – деген жыр жолдарымен басталған кітап ақын көңілінің зерлі күмбезіне шығандатып кете барған. Осы бір өлең шумақтарына зердемен зер салған жан бейнелеу мен суреттеудің нәзік иірімін аңғарар. Бұл кешегі «Қақтаған ақ күмістей кең майдайлы, аласы аз қара көз нұр жайнайды» деген Абай жырының жарасымды жалғасы іспетті.
Аталмыш өлеңіндегі:
Жылдарым көп – анамның жаулығындай, – деген бір ғана жолдан ақынның ақдидар жаратылысының жарқынына көз нұрын суарасыз. Алпыстың асқарына шығып, артына бір бұрылып қараған сәтте күпірлігі көп қоғамға кінә артпай, шүкірлігін білдіреді. Жетімдіктің кермек дәмін ерте татып, өмірдің «соқтықпалы, соқпақты» сүрлеуінен өтсе де, сол жылдарды анасының кір шалмаған ақ жаулығына балап, өткеніне өкпе артпай, өмірінің көктеміне балайды. Ал одан кейінгі жолдағы:
Күндерім бар –
Қараша үй баулығындай.
Армандарым қалықтар
бұлт бауырлап,
Асқар-Асқақ Алатау ауқымындай, – деген тосын теңеулердің өзі ойлы оқырманды бей-жай қалдырмасы хақ. Мәселен, елім деп өткерген әр күнін руханиятқа берік байлап-матап ­тастар «баулыққа» теңесе, ала таңдарға жетелеген арманын «бұлт бауырлап» қалықтатады. Міне, осы бір шумақта қазақ поэзия кеңістігінде ерекше әсерге бөлейтін «Ананың жаулығы», «Қараша үй баулығы» және «Бұлт бауырлап» сынды соны теңеу көзге ұрып тұр. Бұл ақынның өзіндік мәнер, киелі сөз өнеріне деген асқан адалдығы мен талғамын паш етер айқын көрініс.
Рас, ақындық өнер Алладан берілетін үлкен сый. Бұл бақыттың өзі кез келген пендеңіздің басына қона бермесе хақ. Кешегі Жәлменде баласы Пышанды әлдилеген киелі атырапта тұтанған жыр ошағын мей­лінше маздатқан Әміре Әріннің шығармашылығында хандық дәуір әдебиетіндегі алтын қоспалардың кездесуі, жыраулық поэзиядағы шамырқану мен шамданудан туған жай отындай өткір теңеулердің өріс табуы, ақынның туған жердегі бар ұлттық құндылықтарды бойына саф сіңіре білгенін аңғартады.
Қайсарлық сіңген құм баласына,
Қайырым көрсе шашылып қалар.
Тапқанын тартып тұлғаласына,
Алақан жалап,
Ашығып та алар.

…Тұғырды түптер түйтелі ұғым,
Санаңа салса –
Сайрайды құсың.
Жылдарды жылдар үйтеді бүгін,
Ажары артқан айларда күшің, – деп жырлайды бұйрат құмдардың үрілген желінің әсем сазына тал бесігінде қаныққан ол. «Құм баласы» атты өлеңнің осы бір кестелі шумақтарын қазыналы жандар ғана тарқатып бере алмақ. Кез келгеннің тісі батпас түйдек-түйдек теңеулермен көмкерілген жыр-десте – Жетісу топырағында бұрын қаламға ілінбеген інжу… Жыр астарына үңілсек, бойына қайсарлықты сіңірген құм баласы елден көрген азғантай жақсылықты зор тұтар қанағатшыл әрі ашқұрсақ болса да жақынына барын берер қайырым иесі ме?! Жоқ, ақын Мұқағали айтқандай: «күнделікті тірлікке бой суытпайтын» алысты шолар жан болғандықтан, өзін емес, әуелі текті жұрттың болмысы мен жомарттық қасиетін жыр арқауына айналдырған. Бұл орайда жомарттығымен ерекшеленген айбарлы елдің қасиетін қалам ұстаған ақын атаулының барлығы да жырлаған десек қателеспейміз. Бірақ Әміре Әріннің астармен айшықтар жолы тым өзгеше.
…Көбінде талантты ақындарымыз­дың ең ғажайып қолтаңбасын жады­мызға тұтып, тамсаныспен айтып жүреміз. Дегенмен, «сіз жаттаған бұл өлең несімен құнды?» деген сауал ­тастай қалсаңыз, екінің бірі тұшымды жауап қата алмай жатады. Негізінде шырайлы шығарма бейнелеу жүйесінің еректігімен, поэтикалық жоғары мәдениетімен, тақырыптың таңдалуы, астарлы теңеуі, әуезі және архитектоникасымен оқырманды қанаттандырып, өзіне баурап алады емес пе?! Міне, поэзиядағы әр өлеңге керек осы бір қасиеттер Әміре Әріннің жырларында көптеп кездеседі. Мәселен:
Мың бір жұпар аңқитын,
Шилі қарын шилі сай.
Аққу,
қазы қалқитын,
Өзен-көлдің игісі-ай.

Бесағашым,
Айбыным,
Арғы атамнан жалғасқан.
Әлдилейді айдының,
Алқалаған таңғы аспан.
…Жадырасам – жазирам,
Жабырқасам – тұрағым.
Кілт қайрылса қайырмам,
Тәңірден медет сұрарым, – деген жыр! Бұл туған жердің бір пұшпағына деген ақын іңкәрлігінен, сағынышынан туған әрі жоғарыдағы поэзиялық элементтер өн бойынан аңқыған өлең. Бір ғана әуезділігінің өзі кешегі сал-серілердің салған әнімен қабысып-ақ тұр емес пе?! Ақын поэзиясында осы тектес күрделі теңеулер, кесек ойлар мен астарлы тармақтар түйсінген жанға жетерлік. Ол қаламгердің өзгелерден екшеп алар бір сипаты.
Тағы бір мәрте әлем әдебиеті кеңістігін шолатын болсақ, өткен ғасырдың 70-80 жылдарында атағы алты құрлыққа кеткен орыс сыншысы Владимир Орловтың «поэтикалық нақыл – тұтас бейне, суреткердің өзін-өзі көркемдік тұрғыдан тануының уыздай маңызы» деген ойы көңілге жылы ұшырайды. Бұл ойды әу баста Сергей ­Есенин: «ұлтымыздың нақылдарының денін поэзия құрайды. Біздің әр жырымыз соған жұмыс жасаса игі» деп дабыл қаққан жоқ па? Бұл мәселе қазақ поэзиясында әу бастан-ақ орайлы орын тапқандай. Бір ғана Байтұрсынов «бас ақын» деп бағалаған данышпан Абай өлеңінің дені қазақ мәтеліне айналған. Міне, осыдан-ақ, нақылға тұрарлық өлең жолдары поэзияның інжу-маржаны екенін аңдаймыз. Дәл осы тұрғыдан сөз өрбіткен «Айқабақ» жыр жинағындағы туындылардың әр тармағы өзіндік өрнегімен есте қалады. Бұл ілкіде айтқанымыздай, қаламгердің туған жұртының бар асылын бойына тоғыта білгеніне мысқалдай мысал.
Асығып алыс күндерге сонау,
Теңіздей толқып келем мен.
Туған жер тылсым үндерге толы-ау,
Толағай тартар тереңнен.

Тау болып мінез танытып жатар,
Құм жота шөгіп кеткен бе?
Көгенін әкем ағытып жатар,
Құбажон еңіс беттерде.

…Сіңірдім бойға қырдан да жұпар,
Шалғайда шынар есейдім,
Сарғая тосып тұрғанда шығар,
Бейіті әке-шешейдің.
«Сағыныш» атты бұл жыр ақын кеудесінен пыр-пырлап ұшқан бозторғай сазындай әуезді, әрлі, көзге жас үйірер сағыныш самалын қайта оралтар мөп-мөлдір туынды. Жылдар жылжып жырақтаған балалық шағына асыққан ақын көңілден риясыз өрнектелген өлең. Балқаштың ақжал толқынындай аласұра асығып, туған жердің тылсым үніне құлақ тосқан жанның перзенттік сағынышы…
Ал өскен өлкесіне сағына жеткен ақынның көз алдына келген бейнені сезім қылын шертерлік деңгейде өрнектеуі – бір пара әңгіме. Иә, ол әсерін: «Тау болып мінез танытып жатар, құм-жота шөгіп кеткен бе?» деп сұрау сала жырлайды. Бұдан бұйрат құмдардан түзілген жотаның шөккенін емес, керісінше сол ып-ыстық мекенде туған ақынның Алаштың асқақ тұлғалы азаматы болып оралғанын, өскенін аңғарамыз. «Шалғайда шынар есейген» ақын екенін пайымдай аламыз. Ал «Сарғая тосып тұрғанда шығар, бейіті әке-шешейдің» деп келетін сағыныш сағымдарында қазаққа тән hәм шайырдың өз философиясы жатыр. Бұл алдаспанның қос жүзіндей жарқырап қос мағынаға жетелер жетелі жолдар. Бірі өмірдің өтпелі екендігін бағдарласа, екіншісі адамзаттық парызды парықтай білер текті перзенттің асыл арманын танытпақ.
Мұзарт таудың мұзбалағы Мұқағали Мақатаев «Білем десең алдымен зертте мені» деп толғана келе, күнделігінде өзін тану үшін шығармасын толық оқуды аманаттаса, Есенин «Өлеңім – өз өмірім» деп жырлаған. Бұл ұлылар үндестігі! Ал жетісулық қаламгерлердің алдыңғы легінен көрінген, шешіліп сөйлесе шешен, көсіле толғаса көсемдерді еске түсірер Әміре Әріннің арғы да бергі жыр жинақтары – жан дүниесінің кіршіксіз айнасы. Мәселен, «Маздақ» жыр жинағында талай алқалы кеңесте билердей тайсалмай сөз бастап жүретін ол: «Мінберде мінсіз сөйлеп те кетем, жалыңнан ұстап жайылған, хан сарайларға төрлеп те жетем, талайды тілмен қайырғам!» деп «Тіліме кіршік жуытпан» атты өлеңінде кешегі Қабан жырау, Ескелді, Балпық билерге тән өршіл мінез, өткірлікті өзегінің арнасына астар тұтқан. Ал аталмыш кітаптағы «Маздақ» өлеңінде «Маздап келем, әлі де маздап келем, От-алаумен өмірді қозғап кенен. Жанып тұрып сән мәрте соқпақ салдым, Сағым құшқан сүрлеуге саздақпенен» деп жалын атқан кеудедегі алаулаған сезім шарпуымен өшпес сурет бедерлейді.
Ақиқатында ақын өзі айтқандай, сан мәрте сағым құшқан сүрлеулерді соқпаққа айналдыра білді емес пе?! Мәселен, жыр қағаны атанған ­Жұ­ма­тайлардың тарихты өлеңмен өр­нектеуі көрнекті ақынның шығарма­шы­лығымен заңды жалғасын тауып келеді десек, шындықтан шеттемейміз. Өйткені, бір ғана Шыңғыс қаған бей­не­сін алты Алаштың айбынын асы­рарлық деңгейде қаузап келе жат­қан қайраткер, қаламгерлер шоғы­рында Әміре Әріннің тұрғаны даусыз. Осы бір ерен еңбегінің нәтиже­сіндей Бүкіләлемдік Шығысхан Акаде­мия­сының академигі атанғаны да көпке мәлім.
Хош, ақынның тарихты поэзиямен айшықты зерлегенін «Айқабақ» жыр жинағына енген «Тұғыр», «Тұран тұрағы», «Бақай батыр», «Дәруім» сынды бірқатар жырлардан танимыз.
Ұлы қаған!
Ұлылардың ұлысы,
Мыңжылдықтар тұғырында тұрысы!
Жапқан жала,
жаққан күйе шайылып,
сал денемнің жазылды-ау
бір құрысы.

Күн аунаған азар кезең амалы-ай,
Заһар жұтып,
Зар илеген заман-ай.
Жасынымды өз-өзімнен жасырып,
Кердеңдеген кесір уақыт табалай, – деп шамырқана, шамдана тарихты қаузайды. Бұл Шыңғыс қағанға арналған «Тұғыр» атты жырдың алғашқы шумақтары. Алғашқы болса да ақын ойы айқын да жарқын! Тарихтың тұңғиығына толайым бойлаған жан осылай өрнектесе керек-ті. Кезінде парсының «Шахнама» эпосының сарыны бойынша шығыста төрт жүзден астам ақын поэма, дастандар жазған көрінеді. Алайда адамзаттың санасында сақталғаны – әлем әдебиеті мен тарихының жауһар шығармасы болып қалғаны ұлы ақын Фирдоусидің «Шахнамасы». Сол секілді ел тарихын тарихшылардан артық білмесе, кем қаузамаған ақынның «Айқабақ» жи­нағындағы жауһар жазбалар қата­рында шежіреміз шертілген жырлардың маңызы ерекше.
Қазақ поэзиясының кешегісі мен бүгінгісін ой елегінен өткізіп, ақындар қолтаңбасы жайлы сөз қозғайтын болсақ, ең алдымен, әр қаламгердің өзіне тән ерекшелігі менмұндалайды. Әрине, кей шайырдың үні замана же­лінің айдауында кеткен яки бұрынғы мен соңғыға алып қосар ой айтыл­мағанын парықтаймыз. Бірақ құбылыс бола білген ақындардың өзіне тән соқпағы һәм сарыны бар. Мәселен, «Балпаң-балпаң кім баспас, басарға балтыр шыдаса» деп келетін хандық дәуір әдебиетінен кейін азаматтық лепті Махам­беттер «Мен, мен едім, мен едім» деп алдаспанның жарқылына ұластырды. Дара Абайдың үнін Ілиястар жалғап, олардың сәулесін сөндірмей келе жатқандар жоқ емес. Бірақ Қасым мен Төлеген, Мұқағали, Тұманбай мен Қадыр, одан бергі Есенғали Раушанов сынды ақындар поэзияға құбылыс алып келген болатын. Сондықтан да олардың қолтаңбасы антологияға есімсіз енсе де бірден белгіленіп тұрады. Антология демекші, сүйікті ақынымыздың топтама өлеңдері қазақ поэзиясының «Жыр жауһары» антологиясына енген. Бұл жағынан алғанда «Айқабақ» жыр жинағының авторы да ұлт поэзиясына өзіндік үн алып келгендей. Шындығында өзге қаламгерге ұқсамай өзінше жазудың өзі артықшылық. Ал қайталудың ­немесе бір қалыптан шық­пау­дың «жегі құрты» әлем әдебиетінде жиі кездеседі. Сондықтан да болар, Жюль Ренар: «Қандайлық ғажайып бол­ғанымен, сонау Гомер ­заманынан келе жатқан бейнемелерден бой тар­тыңыз» деп жас қаламгерлерге өсиет айт­қаны көзі қарақты жандарға таңсық емес.
Көрнекті ақын махаббат тақыры­бында да маңғаздықпен жыр маздатып, астарлы ой, тапқыр теңеулерді жалқы тармаққа сыйдыра білген-ді. Мысалы:
Көзінде гөзал қыздың құралай күн,
Дем жұтып, дегбір кетті.
Құмар-ай кім?!
Талайды тебірентер,
Толқын тулап,
Сәтінде жолықсам деп туар айдың!

Ашылған ажарыңнан бар айнала,
Қарағым,
Қарайғанға қарайлама.
Түрілді шәйі мұнар көңіл перде,
Гауһар тас сәуле шашып
шар айнаңа.

Жүрекке жалын берер шуағың бар,
Маужырап миялы қыр,
Құба құмдар.
Тәңірім тарылмай-ақ бере салған,
Мөп-мөлдір,
Мың бұралған бұлағым бар… – деп «Құралай қызға» үн қатады. Сезімнің нәзік қылын шертер сұлу жырдың орамын түйдек оймен безендіріп, ақынға тән тереңдікпен мұнарға малғандай жұмбақтаудың ерекшелігі осы жырдан-ақ байқалады. Міне, дәл осы бір ­туындыдан Әміре Әріннің лирик ақын екенін сөзсіз аңдаймыз-ау!
Шабытын теріс және оң бұрауға келтіріп, кейде шалыс күй кернетер, кейде тартысқа басар сыршыл ақынның байтақ шығармашылығы киелі сөз өнері көкжиегінің кенендігін паш етеді. Жалқы тармақты бұрын-соңды қолданылмаған теңеумен әрлеген, кіршіксіз жан дүниесін әдіптеп, тарихқа бойлатар, дара үнін естіртер жырлары ақын нарқын биіктетіп тұр. Алпыс деген «талтүске» табан тіреген, арналы ақын, қабырғалы қайраткер, әлемдік hәм еліміз көлеміндегі небір қадірі артқан атақтардың иегері Әміре Әріннің тың кітабы – қазақ руханиятына қосылған кезекті қазына. Тек, пайымы мен ­парасаты терең, азаматтық қасиеті кемел, ұлтының қабырғалы қа­ламгері жазған жайнақ дүниелерді жүрек көзімен оқу керек-ті. Ал біздің сол баяғы ақын шығармашылығына деген «аңсарлық дертпен» келесі кіта­бы­ның шығуын асыға күтетініміз сөзсіз.

Алтынбек ҚҰРМАНҒАЗЫ
ТАЛДЫҚОРҒАН

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.