Алпысбайдың айшықты әлемі

Өмірдің қақпақылы адамның өзін де, сөзін де өзгертеді. Ал баладай пәк сезімде қалу, жан дүниенің тазалығына дақ түсірмей өту, әсіресе бүгінгідей қулық пен суайттығы сапырылысқан түсініксіз заманда қиынның қиыны. Алайда айналадағы өмір қанша құбылса да, сырбаздық танытып, сыр бермей өтетін де адамдар болады екен. Қазақ басылымдарында аты-жөнін өзгеше өрнекпен айшықтай білген Алпысбай Шымыр­байұлы, міне, сондай санаттан еді.
Алған бағдары айқын Алпысбаймен 9-10 сыныптарда бірге оқыдым. Екеуміз бойымыздың «сұңғақтығына» қарай саптың ең соңында тұратын едік. Сынып жетекшіміз Жолтай Байқожаев ағай, «Сендер онсыз да жақсы оқисыңдар» деп, ең соңғы партаға отырғызған. Оқуға ықыласты оқушыға қай жерде отырса да бәрібір емес пе? Екеуміз сыныптастардың алды болып бітірдік. Әміртай Бөриев ағамыздай журналист боламыз дедік. Менің аудандық, облыстық газеттерде бес-алты хабар-ошарым жарық көрген. Ал Алпаңның (оны ұстаздарымыздың өзі еркелетіп солай атайтын еді) атағы сол кездің өзінде әбден танымал болған.

Жазғандары «Қазақстан пионері» (бүгінгі «Ұлан») газетінде өте жиі шығады. Ол заманда хат жазысу дейтін ғажап нәрсе болатын. Апта сайын кең байтақ Қазақстанның түкпір-түкпірінен ғана емес, Өзбекстан, тіпті Моңғолиядан осы газетті жаздырып оқитын өзіміз құралпы ұл-қыздардан құшақ-құшақ танысу хаттарын алады. Араларында жарысып жазған тырнақалды мақалалары қатар жарық көріп қалатындары да ұшырасады. Кейін Алпаң өзі алыстан хат жазысатын Ғабиден Құлахметов, Гүлсім Мұқышева, Алма Үмбетова, Байбота Серікбаев, Темірхан Момбеков, Ербол Шаймерденов және басқаларымен ҚазМУ-дің журналистика факультетіне оқуға келгенде жүздесіп, бірге бақ сынады. Бәрімен дерлік бірге оқыды.
Абитуриент атанып, оқуға түсеміз бе, түспейміз бе деп алабұртып жүрген күндерде А.С.Пушкин атындағы республикалық кітапханаға жиі баратынбыз. Бір жолы қатар-қатар тізілген көп сөрелердің бірінен 1970 жылғы «Жыл он екі ай» кітабын көріп қалдық. Ақтара қарап отырсақ, ішінде Алпысбайдың көптеген жұмбақ, жаңылтпаштары басылыпты. Жазған дүниесі қазақ ақын-жазушылары ғана емес, балаларға арнап жазатын басқа елдердің де қаламгерлерінің шығармалары басылатын кітапта жарық көрсе, қандай ғажап! Алпаңның беті бал-бұл жанды. Шығармашылық қуаныштың жөні бөлек екенін сонда бала досымның, арманы асқақ досымның нұр жайнаған жүзінен көріп едім.
Алпысбай өте арманшыл болатын. Тіпті туабітті романтик десе де жарасады. Өмірдің өкпені ұратын өкпек желін есін білер-білместе сезінді. Әкесінің 60 жасында дүние есігін ашқан ол әуелі анасынан, мектеп табалдырығын аттаған жылы әкесінен де айрылды. Бірақ бар мейірімі мен пейілін өз балаларына теңгеріп, бөліп берер ағасы Қуаныш пен қамқор жеңгесі бар еді. Оның үстіне жақсының жақсылығын көрген, айналайын деген әдемі де аялы сөздерін ауыздарына молынан ұялатқан ауыл адамдарының шуақты ықыласы оның қам көңіліне дем берді. Жазу өнеріне деген тылсым сезімі оянды. Сөйтіп, түкпірдегі Тесіктас аулындағы Талдыбұлақ сегізжылдық мектебінің атын аудандық «Жаңа өмір», облыстық «Еңбек туы» және балалардың сүйікті газеті «Қазақстан пионері» мен «Балдырған» журналында үзбей жарияланатын әңгіме, өлең, ертегілері, ауыл, мектеп тынысынан сыр шертетін мақалалары арқылы тәуір-ақ танытты.
Алпысбай университетті бітірген соң аз уақыт Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының аударма фильмдер жасайтын бөлімінде қызмет істеді. Одан кейін «Лениншіл жас» газетіне ауысып, Сейдахмет Бердіқұлов ағамыздың тәрбие-тәлімінен өтті. Сонда жүргенде «Жалын» баспасынан «Үміт құсы» повесі мен әлденеше әңгімесі енген осы аттас тұңғыш кітабы жарық көрді. Осы кітаптан кейін кітап қуып, әдебиет деген әлемнің әуенін тербеп кетсе болар еді, алайда Алпаң өйтпеді. «Сен бізге жақынсың ғой, сені ең алғаш қанаттандырған «Қазақстан пионері» емес пе еді, біздің газетке кел» деген Фариза апайымыздың сөзін жықпай, кейін көп жыл қызмет еткен балалар басылымына бөлім меңгерушісі болып барды. Арасында бірер жыл «Білім және еңбек» журналында бөлім бастығы қызметін атқарды. Бұл социализм дәуірінің соңғы жылдарына орайлас келеді. Одақ ыдырады, шаруашылықтар шатқаяқтады, жоспарлы экономика күйреді. Бірақ Алпаң ақ-адал бағытынан айнымай, үлкен-кіші оқырмандарға жазуы арқылы қызмет етуін жалғастыра берді.
Балалар табиғатынан қиялшыл келеді емес пе. Құдайдың құдіреті ғой, Алпысбай өзіміз баяғыда жырақтап кеткен ғажап әлемді әлдилеп жүрді. Оның балалар басылымында бәрімізден де көбірек қарайлап, жұмыс істеуінің себеп-сыры содан шығар. «Ұланның» редакциясында жүріп «Ғажайып Үндістан» журналын шығаруды қолға алды. Бұл тәуелсіз Қазақстанымыздың құрылып, әлем елдері дербес мемлекет ретінде тани бастаған елең-алаң шақ еді. Бір күні кешкілік «Қазақстан» телеарнасының хабарынан парталас досымның жадырап отырған жүзін көріп қалдым.Президентіміз Н.Ә.Назарбаев және Үндістан Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі қатысқан хабар екен. Елбасымыз үнді еліне деген құрметіміздің зор екенін, ол елдің тарихы мен дәстүрін, халқының мәдениеті мен өнерін білуге құштар жастарымыздың көп екенін айта келіп, осы реттегі жұртшылықтың сұранысынан шығу үшін белгілі журналист Алпысбай Шымырбаевтың танымдық журнал шығара бастағанын айтып өтті. Әрмен қарай Алпаң сөйледі. Ол уақытта республикаға хабар тарататын жалғыз ғана телеарнамыз болатын. Сондықтан ол хабарды жүзмыңдаған көрермен көргені анық. Ал біз көріп қана қоймай, Алпысбай досымыздың қуанышын бөлісу үшін тілеулес бір қауым ел болып үйіне бардық. Барсақ, Гүлжәмила дастарқан жайып қойыпты. Бір қазан ет пісіп ол тұр. «Қазір Үндістанның елшісі келеді» дейді. Өмірі ондайды көрмегенбіз. Сенер-сенбесімізді білмедік. Сөйткенше болған жоқ, Алпысбай бір топ кісіні ертіп келді. Расымен-ақ әлгінде ғана тікелей эфир хабарынан көрген елші мырза аудармашысымен жымия күліп ішке енді. Құрметтеп төрге оздырдық. Ішіміздегі ең үлкеніміз Рахымбай Сатаев ағамыздың өзі тік тұрып қызмет қылды. «Халқымыздың ең сыйлы қонаққа бас тартатын дәстүрін білмейтін болар, елші мырза оған да үйрене берсін» деп, әбден балбырап піскен қойдың басы салынған ыдысты алдына апарып қойды. Жай қоймады, мәнісін түсіндіріп сөз айтты.
Шіркін, зымыраған уақыт-ай! Содан бері ширек ғасыр зуылдап өте шығыпты. Алпаң қандай қиындық кезіксе де мойымады. Тоқтатпай шығарып келе жатқан журналының 25 жылдық мерейтойын айрықша салтанатқа ұластырып атап өтемін деп үлкен шаруаға кірісіп кеткен екен. Бұл ойын Үндістан жағы қуана құп­тапты. Екі ел арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтып, гүлдендіруге қосқан көп жылғы қисапсыз еңбегіңді ескеріп, марапаттау мәселесін де ойластырамыз депті. Еларалық мәні зор жиынды осы жылдың шілдесінде «Қазақконцерт» залында өткізуге келісіпті. Сөз жоқ, бұл үнді-қазақ байланысын одан әрмен күшейтуге қызмет ететін айтулы шара болар еді. Әттеген-айы, қайран досымыз өзі соншалықты асыға күткен сол күнге жете алмай кете барды…
Алпысбайдың мезгілсіз ажалы талайларды мұңайтып кетті. Оны жақсы көретіндер өте көп екен. Әсіресе әлеуметтік желідегі мың сан достарының қалай қайғырып, жоқтаған сөздерін оқысаңыз. Араларында Алпаңның өзіне ұқсап өлең арнағандары да аз емес. Солардың біразы мәңгілік сапарға шығарып салу жиынына келіп, жылап тұрды. Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалин бастаған қаламгерлердің қимастықпен айтқан сөздерін тыңдады. Үндістанның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ашок Саджанхар тұтастай бір елдің атынан арнап айтқан қоштасу сөзіне куә болдық. Алматыдағы ғана емес, алыс жақта тұратын курстас жолдас­тары да келген екен. Бәрінің арасынан шығып сөз алған Ержұман Смайылдың сөзі де ерекше тебірентті.
– Алпысбай, біз сені «қияли» деуші едік. Сөйтсек қателесіппіз. Сен бәрін күн ілгері ойлап тірлік жасаған аяулы досымыз, бауырымыз, әріптесіміз екенсің. Көп жылдан бері талмай шығарған «Ғажайып Үндістан» журналың арқылы екі елдің арасын жақындастырып, мемлекеттік мәні зор істер атқарыпсың. Сен осы ісің арқылы да үлгі-өнеге болып кеттің, Алпа. Біз сені ұмытпаймыз, – деді Ерағамыз.
Бұл – бүкіл өмірін жазу өнеріне арнаған, қай жерде қызмет етсе де тиянақтылығы, тындырымдылығы, ой ауқымдылығы, қылаусыз жан тазалығы, кішік көңілі, биязылығымен дараланған досымыз Алпысбай Шымырбайұлына берілген шынайы баға. Ол біздің жүрегімізде осылай айшықталып, мәңгі ұмытылмастай із қалдырды.

Талғат Айтбайұлы,публицист-жазушы,
«Жыл – он екі ай» журналының
бас редакторы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. Үміт

    Ағамыз сонау 90-жылы қазақ мектептері тапшы болған кезде «Қазақфильм» ықшамауданындағы №70 орыс мектебінің ішінен бір қазақ сыныбының ашылуына орасан зор үлесін қосып еді. Ата-аналарымызбен жүріп, біздерге қазақ сыныбын ашып берді. Ол кезде мектеп табалдырығын 1 «ж» сыныбының оқушылары болып аттадық.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.