Бейбарыс Сұлтанның ұрпағы Самия Бейбарыс ханым Астанада болды

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламасын орындау аясында, сондай-ақ Қазақстан мен Мысыр елдері арасындағы мәдени қарым-қатынастарды дамыту мақсатында Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Халықаралық қоғамдық қайырымдылық қорының шақыртуымен Бейбарыс Сұлтанның тікелей ұрпағы Самия Бейбарыс ханым Қазақстанның бас қаласы – Астанаға қонаққа келді.

Күні кеше Қазақстан Респуб­ли­касының Ұлттық музейіне арнайы бас сұғып, халықаралық көрмелерді тамашалап, қазақ халқына ғана тән көне жәдігерлер және еліміздің салт-дәстүрін насихаттайтын айрықша дүниелермен танысты. Қонақтар үшін Халықаралық «Сақтар алтыны» атты түпнұсқа жәдігерлер көрмесіне арнайы экскурсия ұйымдастырылды.
С.Бейбарыс ханымның еңбек жолы 1993 жылы Араб Мемле­кет­тері Лигасын ұйымдастырудан бас­талды. 2013 жылы LAS ақпарат­тық секторының меңгерушісі болып тағайындал­ды. Ол араб мемлекеттерінің Еуро­памен қарым-қатынастарын қа­дағалайды, сондай-ақ араб-африка ынтымақтастығын, араб-қытай және араб-америка байланыстарын насихаттауға жауапты. Сонымен қатар Самия Бейбарыс ханым «Араб істері журналы» бизнес-басылымының кеңесшісі, Каир университетінің оқытушысы болып қызмет атқарады.
10 тамыз күні Қазақстан Респуб­ликасы Ұлттық музейінде Араб мем­лекеттері лигасы (LAS) «Мәде­ниетаралық диалог» де­партаментінің басшысы Самия Бейбарыс ханымның қатысуымен «Мысырдың мәдениеті мен тарихындағы қыпшақтар мен мәмлүктер» атты дөңгелек үстел өтті. Іс-шараға көрнекті қоғам және мемлекет қайраткерлері, Қазақстан және Мысыр елдерінің ғалымдары қатысты.

Смайыл БАЗАРБАЙ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.