Мәңгілік жастық жыршысы

Саттар 30-шы жылдарғы әдеби ортаға тұлпар шабыспен екпіндеп, жарқырап кірді. Ол Алматы зиялы қауымын жан-жақты білімімен, журналистика саласындағы білікті ізденістерімен, әдебиеттегі жаңашыл сыни ой-пікірімен, жаңаша жазылған өлең, баллада, пародияларымен елең еткізді.Ленинградтың тарих-лингвис­тика институтын бітіріп келген жылы күзде, комсомолдың туған күніне орай, 1933 жылғы 29 қазандағы санында «Казахстанская правда» газеті ол туралы болашағы зор ұлттық кадр ретінде үлкен очерк жариялады. Мұндай құрметке Саттар өте лайық-тын. Ол Ленинград жоғары оқу орыны қабырғасында белгілі сыншы, әдебиетші, профессор Павел Николаевич Медведевтің жетекшілігімен «Орыс неоромантизмі және қазақтың буржуазиялық ұлтшыл әдебиеті» деген тақырыпта диплом жұмысын жазды, үздік қорғады, жұмысы елеулі ғылыми еңбек ретінде басылуға ұсынылды. Оқу бітіруші жас түлекке ғылымға ден қою мүмкіндігі – аспирантураға қалдыру жайында ұсыныс жасалды. Алайда қазақ өлкелік комсомол комитеті оны Алматыға шақыртып алады. Сталиндік-голощекиндік ашаршылық саясаттан халқы қырылып, шаруашылығы әбден күйзеліп біткен кезеңде басшылығы өзгеріп, жас республика қайта жаңғыруға енді-енді бет алған, тиісінше, жаңа кадрлерге мұқтаж болып тұрған. Сол кезде алғашқы жарияланымдарымен өзіне жұрт назарын аударып үлгерген қабілетті, талантты студентті де диплом қорғасымен өлкені көркейтуге тарту – уақыт талабынан туындаған қажет шара еді…

Саттар 1933 жылы әуелі «Ленинская смена» газетінде әдебиет және өнер бөлімінің меңгерушісі, сол жылдың соңынан 1934 жылдың ортасына дейін «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газеті редакторының орынбасары, сонымен бірге «Пионер» (қазіргі «Ұлан») газетінің редакторы болды. Және жоғары ауылшаруашылық мектебінде диалектикалық материализмнен дәріс оқып жүрді. Жастар баспасөзі Саттардың қаламын ұштады, журналистік-ұйымдастырушылық шеберлігін шыңдады, қоғамдық белсенділігін арттырды. Ол газеттерге қызықты, пайдалы материалдар жариялау, өткір де зәру тақырыпқа өзі де тікелей жазып атсалысу арқылы өмірдің, шаруашылықтың, мәдениет, әдебиет пен өнердің тәрбие ісімен үйлесе өркендеуіне үлес қосуды мұрат етті. Алайда оның творчестволық ізденістерге толы қауырт қызметі 1934 жылғы 8 маусымда күрт үзілді – өлкелік комсомол комитетінің бюросы «жікшілдікке апаратын мақалаға орын беріп қана қоймай, өзі де жазғаны үшін» «Лениншіл жас» газеті редакторының орынбасары Саттар Ерубаевты сөгіс жариялай отырып орнынан алды. Алайда «көреген» функционерлердің дарынды қаламгерге күш көрсетуі – адал атқарған жұмысынан «саяси залалды әрекет» тауып жазықсыз жазалауы – шүкір, Саттардың сағын сындыра алған жоқ. Саттар комсомол газетінен аласталғаннан кейін де – комсомолға сол комсомолдың төрешіл «көсемдерінен» әлдеқайда артық пайдасын тигізді. Жаңа өмірдің жақсы нышандарын жырлады, түрлі қиғаштықтарға қарсы, қазақ тілін жек көретін қазақтарға қарсы қалам-қаруымен күресе берді. Жастар игілігіне қызметі озбыр әкімдердің қай-қайсысынан да пәрменді болды: ол өскелең ұрпақтың әр келер буынына рухани азық боларлық мәңгі өлмес көркем ескерткіш соқты. Парадоксты қараңыз: көзі тірісінде мұқатуға асыққан комсомол оны, арада ширек ғасыр өткенде, сыйлығының тұңғыш лауреаты етті. Осылай, жанама түрде болса да, 30-жылдардағы комсомол төрелерінің Саттарға нақақтан көрсеткен өктемдігі түзетілді. Әділет салтанат құрды, өкінішке қарай, Саттардың өзінсіз…
Бізбен бірге оның өлмес мұрасы бар. Құмарта оқып сусындайсың, ләззат аласың. Бір ғажабы – Саттар шығармашылығынан рухани нәр ғана емес, Саттардың заманы, өмір сүрген ортасы және өзі жайында да көп мағлұмат табасың… Мына жолдарды қалай тебіренбей оқырсың: «Бір адамның бір өмірі маған аз ғой деуші едім, Туып, өліп кетуді де маған аз ғой деуші едім. Ағаш-екеш ағаш-тағы көп көгеріп, қуарар, Сенің өмірің бір-ақ рет көгерер де, суалар». Мейірімсіз ажал сол бір ғана өмірдің өзін шолтитып кесіп тастамақ… Шындықты, қатал ақиқатты сезініп тұрған ақынның жан сыры емес пе мына жолдар: «Өмір деген өксігімді баса алмаған жан едім, өнерімнің барлық гүлін аша алмаған жан едім…». «Өлім деген суық сөздің тілінде» жүрген Саттар Ерубаев мәңгілік өмір сүрудің құпиясына сұрау салады: «Бәсе, қане, мәңгі жасау, өлмеушілік қайда екен? Өте ұмытшақ уақытқа көнбеушілік қайда екен?» Мазасыз жүрек аласұрып тыным таппайды: «Сонан бері көп іздедім өлмеушілік жасауды, Мәңгіліктің етегінен мәңгі түрде ұстауды…» Лирикалық кейіпкері аузынан шыққан ақтық сөзіне көңіл қойыңыз: «Бір сыр бар ед сақтап жүрген жүрегімнің түбінде. Сол сырымды айтайын мен, өлмей тұрып тірімде. Қарап тұрсаң төңкеріске, Отаныңа, тарихқа: Адамдағы қымбат қасиет – берілгендік халыққа… Менің қаным миллионның тамырында ағады, Бір жүрегім миллионның жүрегі боп соғады. Менің бақытым, қуанышым бүкіл елдік болады, Мен жасасқан жаңа өмір жайнап өсед, жанады». Саттардың қысқа ғұмырының мәніне айналған терең сенім осындай, – бұл бүгінгі таң үшін де зәру иланым – халқың үшін еңбек ету! Жарық жұлдыздай жарқырай ағып өткен қас-қағым тіршілігінде ол өзін халқының адал перзенті ретінде көрсетті. Артына шағын да болса салмақты, құнды әдеби мұра қалдырды. Ел мүддесіне берілген сан ұрпақтың қанын қыздырып, жүрегін толқытатын туындылары тұрғанда ол бүгін де біздің арамызда. Оның ғұмыры халқымыздың әрбір жас буыны қатарында жалғасады. «Мәңгі өмір, өлмеушілік осылайша табылған, Бақытпенен, Отанменен қаланып бірге салынған!»
ХХ жүзжылдықтың қатыгездік пен әділетсіздікке толы, сонымен бірге жарқын болашаққа көзсіз сену сезіміне де толы 30-шы жылдарында көз қарықтыра жарқ етіп сөнген Саттар Асқарұлы Ерубаев шығармашылығы бүгінгі ұрпаққа да мол тағылым бере алады. Ол келешек өскіндермен де құрдас, халқымыздың барша болашақ толқынымен замандас, сырлас бола бермек. Тек бізге оның есімін рухани тыныс-тіршілігімізде лайықты дәрежеде пайдалана білу ләзім. Тәуелсіздіктің бастапқы кезеңінде «жаңа қазақ» дейтін ұғым пайда болған еді. Сол шақта «жаңа қазақтың» үлгі-бейнесі менің санамда жасөспірім шағымнан мен мұндалап тұрғаны ойыма келген. Сол ой әлі өзгерген жоқ. Мен үшін мәңгі жаңа қазақ – Саттар Ерубаев. «Менің қаным миллионның тамырында ағады, Бір жүрегім миллионның жүрегі боп соғады.Менің бақытым, қуанышым бүкіл елдік болады, Мен жасасқан жаңа өмір жайнап өсіп, жанады» дейді мәңгі жаңа қазақ Саттар Ерубаев. Ол жаңа заман төлі-тін. Оны жаңа заман тәрбиеледі, оны бүгінде көпшілік теріс батасын берген кәдімгі коммунистік партия тәрбиеледі. Мұндай тәрбиеден миллиондар өтті, әйтсе де солардың ішінде жалғыз Саттар ғана жаңа тұрпатты қазақ азаматы, шын мәніндегі жаңа қазақ бола алды. Білімді. Адал. Ақжүрек. Отанына берілген. Халықтың тұрмысы түзелгеніне, мәдениетке қол созғанына қуанды. Халық шаруашылығын басқарушылардың өнерді өгейсітпеуін қалады. Қазақ тілінде газет оқымайтын қазақ басшыларын сынады. Руға бөлінушілікті жек көрді. Ол жақсы өмір үшін күресті. Қаруы – қалам еді. Ол жаңа сезімді, жасампаз сезімді жырлады. Ол жасампаз идеяға сенген жаңа адамдардың бейнелерін жасады. Бірақ бар қуатын көрсете алмады… Ол өмірге құштар еді, оның атқаруға тиіс жұмысы көп болатын. Бірақ өмірі қысқа болды. Ол жиырма үш-ақ жасында, бұдан сексен жыл ілгеріде дүние салды. Сол аз ғұмырының соңғы үш-төрт жылы ғана саналы, белсенді тіршілікке, көркем шығармашылыққа, публицистикаға арналғаны түсінікті. Әйтсе де жалғыз оларға емес. Тәнді шалған аурумен күреске қанша алтын уақыты кетті. Жанды ауыртқан солақайлықтан зардап шегу өлшеулі тіршілігін қалай аяусыз кемірді…
Саттар батыс және орыс мәдениетінің жетістіктерін жақсы білді, солардан үйрене отырып, ұлттық рухани байлықты шалқыта түсуді қалады. Елеусіз жүрген қарт жырауды тауып, елге танытуға, цирктегі алғашқы қазақ әртісі туралы, аспап жасау шебері жайында, музыка өнерінің даму өрісі жөнінде насихаттық материалдар жазғызуға мұрындық болып отырды. Әдебиетті, балалар әдебиетін өркендетуге септескен істері қаншама. Ол журналистік қызметін орыс газетінде бастағанмен, ұзамай, ұлттық тамырына оралды. Бүгінгі жас оқымыстылар олай ете алмайды, өйткені көпшілігі ана тілінен мақұрым, бірақ оларына қысылмайды, қайта, көсемсіп, мұрнына исі бармайтын ұлт әдебиетіне төбеден қарап, астам пікір айтады. Шошисың. Бүгінгі ұрпақ Саттармен байланысын үзген екен ғой дейсің. Сенгің келмейді… Бір үміт жетегімен, студент Ермек Қасейіновтен: «Ерубаевты оқыдың ба?» деп сұрадым. «Әрине, – деді ол, сөйдеді де, бірден өлеңдете жөнеледі: «Өмір деген өксігімді баса алмастан жүр едім. Өнерімнің барлық гүлін аша алмастан жүр едім…» Шүкір құдайға, кейінгі буын жан серігін жаңылыспай тапқан тәрізді… Мәңгі жаңа қазақпен қол ұстасқан жас ертеңіміздің тұтқасын бекем ұстайды. Мен бұған сенемін.
Коммунистік жастар одағы мен оның әкесі іспетті Коммунистік партия жеке-дара билеуші болудан қалып, тарих сахнасынан ысырылғалы қай заман. Республикамыз тәуелсіздікке қол жеткізіп, халқымыздың тыныс-тіршілігін қайта құрудың жаңа кезеңіне түскелі ширек ғасырдан асып барады. Осы уақыт ішінде еліміз танымастай өзгерді. Қай салада болмасын өсіп-өркендеу, даму бастан кешілуде. Қазіргі заман өзгерісі ұлан-ғайыр. Оқырманның, әсіресе жас оқырманның рухани мұқтаждықтары да, талғамдары да өзгерді. Дей тұрғанмен, олар кеңестік дәуірде жастардың әлденеше буыны сүйіп оқыған Саттар Ерубаевты жатсынбайды деген ойдамыз. Өйткені ол өзінің заманынан озған жаңашылдығымен, баршаға түсінікті қарапайым да әсерлі стилімен жаңа дәуір адамдарына да жақын тұр. Бұған қаламгер шығармаларын қайталап оқыған сайын көзіміз жете түседі. Сондықтан да қазіргі балғын жас, еліміздің келешегі ретінде үміт артатын мың-сан қыз-жігіт Ерубаевтың қандай азамат болғанын білсе, оның заманын да, замандастарын да, өзін де туындыларынан тани алатындай болса дейміз. Осы орайда естеліктердегі Саттар бейнесіне,оның кейбір өмірбаяндық деректеріне көз салайық.Профессор Тұрсынбек Кәкішев Саттар шығармаларының жинақтарына оны тікелей білген кісілердің естеліктерін де қосып, 1957 жылдан бері бірнеше рет шығарды.Біз соларды шола кетпекпіз, себебі сол естеліктер арқылы Саттарды мейлінше терең тани түсуге болады. Және аталмыш шолуды жасаудағы көздейтін тағы бір мақсатымыз – Саттардың достарының бірі, тамаша жазушы Зейін Шашкиннің сөзімен айтқанда – оның өмір жолын бүге-шігесіне дейін бастан-аяқ тізіп шығу емес, қазақ әдебиетінің оқушыларына, әсіресе жастарға, бүгінгі жастарға Саттардың адамдық тұлғасын, ақындық талантын дұрыс ұғындырып, ой салу, Саттарды, оның шығармаларын түсініп, түйсініп оқуларына септесу.
«Мен Саттармен «Лениншіл жастың» редакторы Несіпбай Манашовтың кабинетінде таныстым, – дейді Әбділда Тәжібаев, – …өлең оқу Саттардан басталды. Ол өзінің жаңадан жазылған балладасының бірін оқыды… Саттар отырған жерінде көзін жұмып, сәл ғана иегін көтерді, титтей паузаның ішінде ол қызарып та үлгерді. «Қазір, – деді ол әрең-әрең ғана естілетін дауыспен… содан соң бастап кетті. – «Күн нұрымен қосылып, Көктем үйге енеді, Араласып көктеммен Лирика да келеді. Жатырсың, міне, қалқатай, Омырауың ашылып, Иығыңнан жастыққа Жібек шашың шашылып, Әуесіне көктемнің Бөлменің іші толып тұр, Күмістей сенің күлкіңе Өлеңнің іші толып тұр. Көктемнің мына әуесін Күлкің сенің жамылған. Өлеңнің де қуаты Сол көктемнен алынған». Ерекше жігермен, интонациямен оқылған өлеңнің түк міні білінген жоқ. Ол кезде саяси поэзияда айтылмайтын «қалқатай», «омырауың» деген сөздерге едәуір елеңдеп қалдық.Саттар енді Михаил Светлов өлеңдерін де дәл өзі жазғандай, өз жанынан шығарғандай шабытпен оқи бастады: «Мы ехали шагом, Мы мчались в боях. И «Яблочко» – песнюДержали в зубах, –деп, «Гренаданы» бастағаны бүгінгідей көз алдымда. Сондай жігерлі оқылған өлең өте ауыр аяқталды. Саттар бұл жырды барынша трагедияға айналдырып жібереді екен… Светловтың екінші өлеңін тіпті басқаша оқыды… Бұл жолы ол ұшуға ұмтылған жас бүркіттей қомданып, екі жұдырығын бірдей түйіп алыпты. Жүзінде әлдеқандай тәкаппарлық бар. Тіпті ыза да жоқ сияқты, біреумен бетпе-бет сөйлесіп, өз ойын ұлы сеніммен айтып тұрғандай сөйлейді: «Советские пули Дождутся полета…Товарищ начальник, Откройте ворота! Туда, где бригада Поставит пикеты – Пустите поэта И песню поэта».Шабыттан қызынған ақынның маңдайы тершіп, даусы саңқылдап шығады. Мен орыс өлеңін осынша қуатты оқыған қазақты содан соң көрген емеспін. Саттар тынған кезде кішкене бөлмеде отырғандар түгел қол соқтық. Ол төмен қарап маңдайын сүртті…» Әйгілі ақын Әбділда Тәжібаев орыс совет поэзиясындағы Светлов пен Луговскойды өзіне толық таныстырған Саттар екенін шын жүректен мойындайды. «Саттар – ақыл-ойы шүпілдеп тұрған, жасына жетпей-ақ бәрін оқып, бәрін тоқып алған үздік талант еді. Мен дәл кезінде Алматыға қайтқаныма, Саттармен табысқаныма осы күнге дейін қуанамын. Егер Саттармен кезікпесем көп нәрседен кенже қалған болар ма ем, әлде қайтер едім… менен бес жас кіші болса да, ол маған он жас үлкен ағадай үлгі көрсетті: Саттар поэзиядан музыка, философия іздейтін, өлеңнен екпін, дауыл тапса – қуанатын. «Менің ең жақсы көретінім «Р» харпі. Бұл арыстан мен жолбарыстың, Маяковскийдің сүйетін дыбыстары» дейтін Саттар балаша күліп. Ол жарқ етіп туды да, жалт етіп өше қалды ғой, тым қыршын кетті. Мен ол өлгенде ең жақын адамым, бауырым, ұстазым өлгендей жыладым» деп ағынан жарылыпты атақты ақын.
Саттар Ерубаевтың өмір жолын оң­түстік-қазақстандық жерлестері мұ­қият зерттеді. 30-шы жылдары Саттар­ды тікелей білген Мырзай Алтынбекова 60-шы жылдары оның өмір жолы мен шығармашылығын арқау еткен кандидаттық диссертация қорғаған. Ерубаевтың туғанына 90 жыл толуына қарай зерттеуін толықтырып, монография шығарды. Сонда Мырзай апай аяулы жазушыны көзі тірісінде көріп, онымен аз да болса қарым-қатынасы болғанын өзіне бақыт санайтынын айта келіп, көз алдында нақ бүгінгідей елестеп тұрған кескін-келбеті мен мінез-құлқы жайында әңгімелейді. Саттардың «орта бойлы, маңдайы жазық, аққұба, дөңгелек жүзді жігіт» екенін, ашаң, ширақ, кеудесін шалқақ ұстап, тура қарап, тік жүретінін жазады. «Қысқа ғана шаш қойып, оны оң жағына қарай қайыратын» дейді. «Бір қарағанда Саттардың пішіні – бойы, бет әлпеті, шаш қойысы ақын Мұхтар Шахановтың жастық бейнесіне көп келеді» деп, нақтылай түседі. «Қай кезде көрсең де қасы жоғары керіліп, отты қоңыр көзі күлімдеп, көңілді жүретін» дейді ол. Көп білгенмен, лепіріп мақтану Саттарға жат еді, ол мейлінше қарапайым, бауырмал болатын. Жұмсақ қоңыр даусымен, үлкен-кіші демей, кім-кіммен де ақ жарқын, ақ пейілмен сөйлесетін. Осы бір баршаға бірдей сүйкімді бейнесінен мейлінше пәк тазалық, кішіпейілділік пен адамгершілік, өмірге ризашылық, өте бақыттылық сезім ашық аңғарылатынын айта келе, зерттеуші қаламгердің шығармашылығын жеке басының қасиеттерімен сабақтастыра талдайды.
Саттардың шыққан тегі, ата-бабасы, отбасы, туып-өскен ортасы жайын­да Әдіғам Шілтерханов қызықты әңгімелейді. Ол бұл тарапта жан-жақты зерттеу жүргізіп, қаламгердің кіндік қаны тамған Ұзынқұдық ауылында асыр салып бірге ойнаған, Түркістан мектептерде бірге оқыған достарынан, жақын туысқандарынан көп жайды сұрастырып білген. Жергілікті саттартанушы, сондай-ақ оның соңында қалған көркем шығармаларындағы өмірбаяндық деректер хақында да танымды сыр шертеді. Ол ауыл қарттарының естеліктеріне сүйене отырып, түрлі деректерді салыстыра қарау нәтижесінде, Саттардың 1933 жылдың қара күзінде дүниеге келгенін айтады. Осындай мерзімді Мырзай Алтынбекова да атай келе, оның өмірбаянына бекем орныққан 1914 жылы туған деген деректің «Менің құрдастарымның» 1939 жылғы алғашқы басылымынан бері жазылып келе жатқанына назар аударады. Сол басылымға алғы сөз жазған ақын Қалижан Бекқожинмен сөйлескенінде, ол кісі, жалпы кітапты автор қайтыс болғаннан кейін екі жыл өткенде ғана, түрлі кедергі жасаушылармен айтысып жүріп әрең шығарғандарын, ал Саттардың өмірбаянын, қолдарында нақты дереккөз болмағандықтан, көп ретте жобалап жазып жібергендерін есіне түсірген екен.
Саттар Ерубаев 1914 жылы туған деп жобамен жазылған деректе, шындап келгенде, оның өзінің мұрасына сүйенгендік жатқан болса керек. Мәселен, Саттар 1934 жылы жазған «Комбайн туралы жыр» атты өлеңінде өзінің жиырма жаста екенін бірнеше рет: «Жиырма жылдың бойында Өсіп ем-ау қойныңда», «Жиырмаға келсем де Геройымды іздемей…» деген жолдарымен ескерте кетеді. Яғни мұны оқыған жан осы жыр жазылған уақыттан жиырма жылды шегеріп, ақынның өмірге келген мезгілі ретінде, анықтамалықтардың бәріне бекем енген 1914-ті шығарған тәрізді. Әділдік үшін айта кету жөн, «Казахстанская правдада» комсомолдың туғанына 15 жыл толған күні Г.Пахомовтың «Саттар Ерубаев» деген очеркі шыққан болатын. Зерттеушілер осындағы мағлұматтарды пайдаланған. Сонда тек бір мәліметке мән бермеген тәрізді. Очерк авторы Ленинградтан жоғары мектепті бітіріп келіп, республика баспасөзінде белсенді еңбек етумен қатар, жоғары оқу орнында философиядан дәріс беріп жүрген жалынды жас комсомол мүшесі Саттардың бар болғаны «жиырма жаста» (!) екенін сүйсіне баян етеді. Назар аударайық: 1933 жылғы қазанның 29-ында шыққан мақалада оның 20 жасар екені көрсетілген. Демек, 1913 жылы туғаны да?! Ал бұл Саттардың өзінің 1934 жылғы өлеңіндегі «маңызды мәселелерге көңіл бөлмей келген 20 жасы» жайындағы хабарына қиғаш емес пе екен?! Әдіғам Шілтерханов нақтылаған дәлелдерге сүйенсек, екі мәліметте де қателік жоқ екенін көреміз. 1933 жылғы қазанда өмірге келген Саттар Ерубаев «Казправда» авторы очеркін жариялаған 1933 жылғы қазанда 20-ға толды, ендеше, 1934 жылы қырманға барып жоғарыда аталған жырын жазған кезінде ол әлі де 20 жаста. Демек, Саттар жайында санамызға сіңген деректер өзгеріс тілемейді: ол жиырмаға толмай, 19 жасында, яғни 1933 жылғы жазғытұрым жоғары оқу орнын бітірді, 23 жасында, яғни 1937 жылдың жазында, жиырма төртке толмай дүниеден өтті… Жоғары білім алғаннан кейін ол бар болғаны төрт-ақ жыл белсенді еңбекке араласа алды. Сол шақтарда оны көргендер мен білгендердің айтқандарынан түйетініміз сол, өмірден қыршын кеткен Саттар өмірге өлердей ғашық адам болған. Осындай керемет адам – жас Саттар – қамшының сабындай қысқа ғұмырында халқымыздың әлденеше буынын рухани жебеп, таң-тамаша қалдырып келе жатқан ғажайып шығармалар беріп үлгерген…
Жоғары білім алып, өмір жолымен алға басқан 30-шы жылдар жастары арасындағы жақсы әдет – әділдік, шыншылдық, елдік істерге берілгендік, және әрине, достыққа адал болушылық, шынайы сезімді таза сақтаушылық болатын. Ленинград университетін 1933 жылы бітіріп келіп баспасөз майданына қойып кеткен Саттарға осындай қасиеттер тән еді. Ол жастық жалынмен екпінді еңбек етті. Ашаршылық душар еткен ұлттық апаттан кейінгі ел игілігін арттыруға бағытталған жақсы істерді дәріптеді, кемшіліктерді сынады, мәдени өмірді жандандыруға бағытталған жұмыстар жайында, балалардың рухани мұқтаждықтары хақында жазды. Театр тыныс-тіршілігіндегі келеңсіздіктерді, коммунистік жоғары оқу орнында оқитын комсомол мүшелерінің теріс қылықтарын сынады. Алайда оның әділетсүйгіштігінен кінәрат тапқыштар табылып, орталық комсомол комитетінің бюросы оны атқарып жүрген жауапты қызметінен алып тастады. Тағдыр Саттарға сол оқиғадан кейін тағы үш жыл өмір сүруді нәсіп еткен. Осы аз мерзімнің алғашқы жылында ол Қарағандыдағы индустрия ошағында еңбек етті. Жаңа заманның алып құрылысы көрігін қыздырушылар өмірімен танысты. Олардың тыныс-тіршілігін өлең-жырларына, публицистикасына, сатирасына, көркем прозасына арқау етті. Жастар басылымындағы жолын озбырлықпен кескен жаңа тұрпатты төрешіл қызметкерлердің көрсоқыр шешімдеріне қасақана, ұшқыр қаламы өзіндік мәнермен өрген туындылары арқылы жаңа өмір құрылысына, олардың түсіне де кірмеген дәрежеде өлшеусіз зор үлес қосты. Дүниеден озғанынан екі жыл өте, алғаш рет 1939 жылы жарық көрген «Менің құрдастарым» роман – талай буынның асыл сезімін ұштауға септесіп келеді, бұдан әрі де солай бола бермек. Мұны коммунистік жастар одағы көсемдерінің отыз жылдан кейінгі буыны мойындап, Саттар Ерубаевқа комсомол сыйлығының алғашқы лауреаты атағын берді. Сөйтіп, тоталитарлық кезең билеушілері Саттарды аяққа таптап та, аспанға көтеріп те үлгерді. Жазықсыз жазғырғанын жасырып, әдебиет төріндегі мәртебелі орнына қойды. Сол мәртебелі орында Саттардың халқына сіңірген еңбегіне сай тұрғанына қазіргі таңдағы тәуелсіз дәуірде ешкім күдіктенбейді. Сондықтан да жалынды жас ақынның, озық ойлы қаламгердің жүз жылдық мерейтойын жұртшылық жер-жерде үлкен қуанышпен атап өтті. Оның поэзиядағы, прозадағы жаңашылдық ізденістері бүгінгі талай ақын-жазушыға үлгі болуда.
Біздің ұрпақ Саттар Ерубаевпен өткен ғасырдың 50-ші жылдары ортасында алғаш танысып, бірден жақсы көріп кетті. Содан бері Саттар жазған «Менің құрдастарым» көбіміздің үстелден түсірмейтін кітабымызға айналды. Ол тек біздің емес, халқымыздың 40-шы жылдардан бергі әлденеше ұрпағының сүйікті кітабы, жан серігі боп кеткен еді. Атақты романы өз алдына, сырға тұнған мөлтек әңгімелері, оқиғаға құрылған лирикалық өлең-жырлары, әжуә-сықақтары, сын мақалалары мен көсемсөздері талай жас жанның дүниетанымын, өмірге көзқарасын қалыптастыруға жәрдемдесетін. «Менің құрдастарым» кешегі стандартты заманда өмір сүрген қыз-жігіттердің жан дүниесіне айрықша әсер еткен кітаптар қатарында болды. Оны қайыра оқыған сайын алғашқы алған әсеріңнен айнымай, ризашылыққа бөленесің де отырасың. Бұл романды біз адал, берік достықтың, шын жүректен сөйлеушіліктің символындай көріп кеттік. Қанша мәрте оқысаң да – сүйсінесің, алғашқы алған әсерің қайта оқыған сайын үстемелене түседі.

Саттар Ленинградта университеттес жолдастарымен бірге, 1932 ж.
Саттар Ленинградта университеттес жолдастарымен бірге, 1932 ж.

Баяғыша қанды қыздырып, жүректі тулатады. Ол бізге артта қалған жеткіншек, жасөспірім, жас шағымызды былай қойғанда, қазіргі жасамыс кезімізде де «құрдас» секілденіп тұрады. Ал мұның сыры, Саттар кітабының тартымдылығының құпиясы, басты күші – адал көңілден, шын жүректен жазылғанында жатыр. Бас әріппен жазылатын шынайы адамгершілікті, жаңа дәуірдің жаңа адамына тән болмақ асқақ та әсем, ең адамгершіл сезімді қозғайтынында жатыр. Адал көңілден, шын жүректен жазылғандықтан да «Менің құрдастарым» жүрегіңнің түкпіріндегі асыл сезіміңді тербейді. Байқап қарасақ – замана рухы шағын романға қарапайым сөздермен-ақ көркемделіп, бедерлене тоқылған. Қарапайым сөздер болғандықтан да – эстетикалық әсері айрықша пәрменді болып, замана суреті шағын бір туындыға қаз-қалпында сыйып кеткен. Ақ жүректен ақтарыла төгілген қарапайым тілмен сыр шертетін отызыншы жылдар жастарының бойындағы тамаша қасиеттер күні бүгінге дейін біздің тұла-бойымызды шымырлатып, ғажап күйге бөлейді, сүйсінтеді, елітеді, еліктетеді. Оның шығармашылығы адамға тән тамаша қасиеттерді алға шығаруымен құнды. Мәселен, «Менің құрдастарымдағы» жас жұмысшылар мен интеллигенттердің интернационалдық сана-сезімі өте табиғи, соншалықты иланымды шыққан. Бұл жасампаз қадір-қасиеттің терең тамыры революцияға дейінгі шахтерлер бейнелері арқылы мейлінше дәл көрсетілген. Кейіпкерлердің сол шақтағы озық иланымды бекем ұстануы, төңкеріс алға тартқан дәстүрлерге адалдықтары оқырманды тәнті етеді. Шынтуайтқа келгенде, туындыны мәңгі жас етіп айшықтап тұрған өлмес өрнек те сол. Тап сол өлмес өрнек «Менің құрдастарымды» жастардың сүйікті кітабы дәрежесіне көтеріп тұр. Ол автордың аузымен «жаңа сезім» деп аталған. Саттар: «…жаңа сезімді түсіне білу үшін сыншыл болу, саясатшы болу аз екен, сол сезімнің денеңді дуылдатып, жүрегіңді тулатып толқытуы қажет екен. Былайынша айтқанда, жана сезіммен бойыңның теңдес болуы керек екен» дейді. Керемет дәл байлам. Мұның дәлдігі сонда – сол айтқандарын Ерубаев өз басынан өткерген, сондықтан да өзі тізген қажеттілік, өзі тауып қойып отырған шарт оның терең сеніміне, иланымына айналған. Тиісінше, осындай сезім жетегімен ол баршамызбен әрдайым ­замандас, мәңгі жас туындысын берді. Оның «Менің құрдастарымы» халқымыздың әр жылдарғы жас толқынына әрдайым құрдас, сырлас, жолбасшы, жетекші болып келеді, бүгінгі және келешек ұрпаққа да тап солай қызмет етері даусыз ақиқат.
Осынау ғаламат романның авторы, жастар жазушысы Саттар Ерубаев пен оның ақтық әніне, аққу әніне айналған, бейне бір өзіне, өзінің тамаша замандас­тарына қойған өлмес ескерткіші сынды шығармасы әрқашан біздің арамызда. Демек, ол өзінің туындысымен бірге мәңгі тірілер қатарында. Біздің өскелең ұрпағымыздың сенімді тәрбиешілері қатарында. Төңкеріс дәуірі тәрбиелеген осынау албырт ақынның жан сыры – оның тамаша романы, мөлдір сезімге тұнған поэзиясы, ақ көңілден туған мөлтек әңгімелері, әжуә, сықақтары, замандастарын замана талабына сай болуға шақырған сыни және публицистикалық еңбектері имандық-идеялық сананың әрі көркем ескерткіші, әрі пәрменді оқулығы ретінде ұрпақтар зердесінде жасай береді, жасай береді. Ол әдебиеттің алтын қорына қосылған өлмес туындыларын жиырма үш жылмен ғана шектелген қысқа ғұмырында жасап үлгерді. Өзіндік үнімен әдебиетімізде ерек те дара орын иеленді. Сондықтан да, өмірден өткенінен бергі сексен жыл бойы, оның екінші өмірі – рухани өмірі маздап жануда. Мәселен, Шымкенттегі № 24 мектеп-лицейге ­Саттар Ерубаев есімі берілген. Мұнда оған тамаша ескерткіш орнатылған. ­Арнайы музей ашылған. Шығармашылығы оқу-тәрбие жұмыстарында кеңінен пайдаланылады. Түрлі кештер, конференциялар өтіп тұрады. Оқушылар ақынның тамаша өлеңдерін жатқа айтады. Бұл істердің ұйтқысы – мектеп директоры, Саттардың туған ағасы Есім Ерубаевтың немересі, тәжірибелі ұстаз Ұлжалғас Әшімқызы Есімова. Саттардың немере қарындасы басқаратын осы педагогикалық ұжымның тамаша іс-тәжірибесі еліміздің мектептеріне кеңінен таратылса оңды болар еді. Жалпы жаңашыл ақын, жазушы, сыншы, сатирашы, публицист Саттар Ерубаевтың шығармашылық мұрасын мектептің әдебиет оқулығына енгізетін мезгіл әлдеқашан жетті. Ол балауса шәкірттерге рухани нәр беретін лайықты орнына қойылуға тиіс.Әрине, туындыларының ғылыми аппаратпен жабдықталған академиялық басылымын даярлап, шығару керек. Жүйелі түрде қилы әдеби шаралар өткізіп тұруды әдетке, дәстүрге айналдырған жөн. «Менің құрдастарым» мен оның авторының өмір жолынан кинофильмдер түсіру абзал. Қалалар мен ауылдардағы жастар жиі келетін орындарға, бақтарға, алаңдарға жастық шақ жыршысының мүсінін тұрғызып, ескерткіш алдында әдебиет сүйер қауым­ның Саттар өлеңдерін, өз өлеңдерін оқып, әдебиет және өмір хақында пікір алмасып тұруын дәстүрге айналдыру біздің қоғамдық сананы жаңартпақ мақ­сатымызға дөп келер еді. Саттар Ерубаев­тың шығармашылығын жақсы көріп, құрметтеп өскен барлық ересек ұрпақ және бүгінгі өскелең қыз-жігіт осындай игілікті істі қолға алар деп үміттенеміз.

Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.