Уақыттан туындаған…

Мемлекетіміздің болашағын әріден ойлап, үш тілді меңгеру керектігін меңзеген Елбасы Н.Назарбаев «Үш тұғырлы тіл» туралы жобаны 2006 жылдың қазанында өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХІІ құрылтайында жария еткен болатын. Мемлекет басшысы 2007 жылы «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» атты Жолдауында «Тілдердің үштұғырлылығы» атты мәдени жобаны кезең-кезеңмен іске асыруды ұсынды. Мемлекеттік тілмен қатар орыс тілі де көп жылдан бері ұлттық бірыңғай тест сынағына тапсырылатын пәндердің қатарында болса, әлемдік тіл – ағылшын тілі де еліміздің білім ордаларында кеңінен оқытылып келеді.

2011 жылы әлемде жаңа идея, жаңа ой, жаңа ақпарат алып, сауатты боламын деген адамға ағылшынша 550 мың жаңа кітаптар мен аудармалар жарыққа шыққан. Сол жылы орыс тілінде 97 мың, француз тілінде 65 мың, қазақ тілінде 2300 кітап жарық көріпті. Яғни ағылшын тілінде шыққан кітаптың саны әлдеқайда басым болған. Ал әртүрлі салалар үшін басылып шыққан ғылыми еңбектердің саны медицина бойынша ағылшын тілінде 14 мың, қазақ тілінде 147, экономика мен әлеуметтануда 29 мың, қазақ тілінде 239, жаңа технология туралы 35 мың, қазақ тілінде 191 кітап шыққан. Екі тілде жарық көрген кітаптардың санындағы айырмашылық жер мен көктей.
Бүгінде техника, технология туралы ақпараттың 70 пайызы, электрондық ақпараттың, яғни болашағы үлкен ақпараттың 80 пайызы ағылшын тілінде шығады екен. Әлемдегі сансыз ақпаратты әлем елдері өз тілдеріне аударуға ешбір елдің, ешбір бюджеттің қолынан келмейтінін, сондықтан да әлем елдері – Египет, Мексика, Швеция, Скандинавия елдері, бүкіл Балтық бойы, Швейцария, Сингапур, Малайзия, Норвегия, Дания, Финляндия сынды елдердің халықтары жаппай ағылшын тілінде сөйлеп, іс-қағаздарын осы тілде жүргізуде. Жақында ағылшын тілін үйрену үрдісіне грузиндер де қосылды. Олар шет елдерден ағылшын тілінің 2500 мұғалімін әкеліп, өз мектептерінде бір-екіден жұмысқа орналастырған. Өзбекстан білім берудің жаңа стратегиясын жасаса, Қытай елі өз жастарына ағылшын тілін белсенді түрде үйрете бастады. Тіпті көптен бері ағылшын тілін өз елінде қолданысқа енгізуге қарсы болып: «Сонда қалай, ағылшын тілін енгізіп, ұлы француз тілін «Қызыл кітапқа» кіргіземіз бе?!» деген француздардың өзі 2013 жылдың қыркүйегінен бастап мектептердің барлық сыныптарында ағылшын тілін оқыта бастаған.
Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев бір сөзінде: «…Егер біз төл тіліміз бен мәдениетімізді сақтағымыз келсе, әрқайсысымыз қазақ тілінде жаза да, оқи да білуіміз керек. Сонымен қатар, біз байқап отырғандай, тек бір ғана осы тілдің өзі бізді әлем деңгейінде бәсекеге бекем ете алмайды. Сондықтан да тиянақты түрде үш тілді игергеніміз жөн. Біздер, ата-аналар, балаларымыз үшін ең қуатты, белсенді күшпіз, осы белсенділігімізді жастардың үш тілді де жақсы игеру ісінде көрсете білуіміз керек» деген еді.
Осы орайда «1-сыныптың бүлдіршіндері қазақ тілі мен ағылшын тілін қалай оқып жатыр? Қазақ және ағылшын әліпбиін қатар алып келе жатқан бүлдіршіндердің оқу үлгерімі қандай болды екен?» деген оймен аудан орталығындағы мектептердің біріне барып, мектеп директорынан рұқсат алып, сабақтарына қатысқан едім. Ағылшын тілін жетік меңгерген жас мұғалім балалардың қызығушылығын арттырып, ойын ойнатып, тілдерін ұстартты, ағылшын әріпі мен қазақ әліпбиінің айырмашылығын аңғартты. Кешегі өткен әріпті қайталатып, бүгінгі сабақпен ұштастырды.
«Ағылшын тілі сабағы қиын емес пе? Екі тілдің әріптерін шатастырмайсыңдар ма?» деген сауалыма бүлдіршіндер: «Ағылшын тілі сабағын жақсы көреміз. Әріптерді шатастырмауға тырысамыз» деп жауап берді. Әйтсе де ұстаздардың айтуынша, барлық баланың ой-өрісі бірдей емес, кей балалар жазғанда, дауыстап атағанда екі әріпті шатастырып алып жатады екен. Сол себепті, «Ең құрыса, әліппені аяқтағанша ағылшын тілі сабағынан ауызша санау, ән айтып, тақпақ жаттау, түстерді ажырату сынды сабақтар жүрсе, одан соң ағылшын әліпбиін жазып, үйренсе болар еді» деген ойларын жасыра алмады.
Елімізде тілге байланысты әртүрлі пікірлер айтылып жүр. Біреулер: «Жапон­дықтар 7 сыныпқа дейін өз тілінде оқытып, одан кейінгі сыныптарда өзге тілдерде оқытады, бізде де солай болса құптарлық», «1-сыныптан бастап ағылшын тілін оқыту дегенді түсінбеймін. Оң мен солын танымайтын бүлдіршіндердің өз ана тілінде оқып, жазуды үйренгені былай тұрсын, орыс тілі мен ағылшын тілін қалай меңгереді?» десе, енді біреулер: «Біздің баламыз спутникті арналардан ағылшын тілін үйреніп жүр, меніңше, ағылшын тілін 1-сыныптан бастағанын дұрыс деп санаймын» деген пікірлерін айтып жатады.
«Заманына қарай адамы» дегендей, үлкендер үйдегі жаңа бұйымдарды іске қоса алмай отырғанда 3-4 жасар бүлдіршіндердің «ата-әже, олай емес қой, ол былай қосылады» деп, пультті басып, қосып беріп, өздері компьютердегі ойындарын ары қарай жалғастыра беретіні шындық. Бүгінгі өскелең ұрпақтың заманына қарай туғанын естен шығармайық десек те ауылды жерлерде барлық тұрғындардың әлеуметтік жағдайының бірдей еместігі, компьютер мен спутниктік, сандық арналардың барлық шаңырақтың төрінен орын алмағаны және бүлдіршіндердің сана-сезімдерінің, ой-түйсіктерінің әртүрлілігі ескерілсе екен. «Артқы айылдың батқанын иесі білмес, ат білер» дегендей, бастауыш сынып мұғалімдерінің ой-пікірлеріне, ұсыныстарына құлақ түрілсе жөн болар еді.

Айнаш ҚАСЕНОВА,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі
Алматы облысы
Кербұлақ ауданы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

2 Пікір

  1. Дастан

    Жоғарыдағы пікірлер дөп басып, айтылған екен. Барлығымыз осындай ойдамыз. Құлақ асатындар табылса, жақсы болатын еді.

  2. Лиза

    Қазақ тіліне басымдық қашан беріледі екен? Мұғалімдер қауымының жан айқайы орынды.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.