Тегеурінді тіл орталығы

Шымкент қалалық әкімшілігі Тіл басқармасының жанынан ашылған «Мемлекеттік тілді міндетті және ақысыз оқыту орталығына» биыл жиырма жыл толып отыр. Бұл еліміздегі мемлекеттік тілді ақысыз оқытатын тұңғыш орталық ретінде, тіл үйренушілерге ауадай қажет болды. «Тіл тағдыры – ел тағдыры» болып тұрған тұста және қазақ тілін оқыту мәселесіне ерекше көңіл бөлінген шақта мұндай орталықтың ашылуы мемлекеттік тіл саясатындағы айрықша оқиға еді. 

Әрине, бұл айтуға оңай болғанымен, тыңнан түрен салып, елімізде бірінші болып, мемлекеттік тілді ақысыз оқытатын орталық ашудың тым күрделі әрі аса қиын болғанын біреу білсе, енді біреудің білмейтіні белгілі. Қазақта «өткенді еске алған өскендіктің белгісі, ал өткенді ұмыту өшкендіктің белгісі» деген сөз бар. Ендеше, бұдан жиырма жыл бұрын құрылған тіл орталығын құрудың тарихына тоқталып кеткенім жөн болар. 90-жылдары елімізде қолға алынған шараларға қарамастан, қазақ тілінің тиісті мәртебесіне толық сай қызмет етуі оңай болмады. Оның басты себебі, тіл мәртебесі ресми тұрғыдан жарияланғанымен, оның жергілікті жерде үйретілуі мен қолданылуын іске асыратын тетіктің ойластырылуына байланысты еді. Бұл жөнінде, 1996 жылы 4 қарашада Мемлекет басшысының Өкімімен жарық көрген «Қазақстан Республикасы Тіл саясатының тұжырымдамасында» айтылып, мемлекеттік тілді міндетті және ақысыз оқыту орталықтарын құру қажеттігі айтылған болатын. Сондай-ақ 1996 жылғы 23 мамырдағы Елбасы мақұлданған «Қазақстан Республикасының мемлекеттік сәйкестілік тұжырымдамасында: «Мемлекеттік сәйкестілік дегеніміз мемлекетке тән барлық элементтердің тәуелсіздік белгілеріне сәйкес келуін білдіреді. Мемлекеттік сәйкестілік аспектілерінің бірі – мемлекеттік тілдің болуы және тіл саясатында белгілі бір басымдықтарды ұстану болып табылады. Қазақстан қоғамында орын алып отырған тілдік ахуал жағдайында мемлекеттік тілді ерікті түрде оқып-үйренуге ынталандыру, оның рөлін біріктіруші қатынас құралына дейін көтеру қажет, – деп жазылған.
Осы мақсатта 1996 жылғы тұжырымдама­ларда айтылған және Ата Заңымыздың 93-бабында жазылған: «Конституцияның 7-бабын жүзеге асыру мақсатында Үкімет, жергілікті өкілді және атқарушы органдар арнаулы заңға сәйкес Қазақстанның барлық азаматтары мемлекеттік тілді еркін әрі тегін меңгеруі үшін қажетті жағдайдың бәрін жасауға міндетті» деген талаптарын басшылыққа алып, орталық ашуға белсене кірістік.
Ол жылдары еліміз экономикалық қиындықтарды бастан өткеріп, бюджеттік мекемелердің қызметкерлері үш-төрт айлап жалақыларын ала алмай жүрген қиын-қыстау кезең еді. Сондай-ақ 1996 жылы орталық ашуға заңдық негіз болатын жоғарыда айтылған арнаулы деген «Қазақстан Республикасындағы Тілдер туралы» Заң да қабылданбаған еді. Ол заң кейінірек, 1997 жылы 11 шілдеде қабылданды.
Шымкентте қазақ тілін ақысыз оқыту орта­лығы бірден құрыла салған жоқ. Ол өз алдына ұзақ әңгіме. 90-жылдардың басында қала түгілі, аудандар мен ауылдарда құжаттар орыс тілінде жүргізілетін. Оған өз басым талай куә болдым. Тіпті 100% қазақ ұлтының өкілдері тұратын ауылда да бұйрықтар орысша шығарылатын. Соған байланысты, 1990 жылы «Қазақ тілі» қоғамының бастауыш ұйымдары қандастарымыз көбірек шоғырланған аудандарда да құрылғаны белгілі. Мысалы, 1990 жылы мен Шымкенттегі «Электроаппарат» зауытында цех бастығы әрі қоғамдық негізде осы зауыттың «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы болып жұмыс істедім. «Электроаппарат» зауытында барлық бұйрықтар мен өзге де құжаттар тек орыс тілінде жүргізілетін. Кәсіпорынның кіре­берісіндегі «Чимкентский завод «Электроаппарат» деген маңдайша жазуынан бастап, барлық цехтар мен бөлімдердің атаулары орыс тілінде ғана жазылатын және барша жиындар тек орыс тілінде өтетін. Тіпті сол жылдары ұл-қыздарымызды ана тілінде оқытуға қазақша балабақша мен мектеп те жоқ еді. Оған дәлел ретінде, 1990 жылы Шымкентте 3 қазақ мектебі мен 2 қазақ балабақшасы болғанын айтсақ та жеткілікті. Институттар мен техникумдарда студенттер негізінен орыс тілінде оқитын. Кәсіпорын, мекеме, ұйымдардағы түрлі жиындар мен іс-шаралар орыс тілінде өтетін. 90-жылдары «Қазақ тілі» қоғамының жиналыстары мен еліміздің ашылған қоғамдық бірлестіктер тарапынан ұйымдастырылатын басқосуларда ғана қазақша сөйлей алатын едік.
Еліміз Тәуелсіздік алған жылдары мемлекеттік органдар мен мекемелерде қызмет істеп жүрген көптеген мамандар мен басшылардың 60-80 жылдары мектепте және жоғары оқу орындарында орыс тілінде оқып, білім алғандықтан, олар қазақ тілінде құжаттар әзірлеп, баяндама жасауға қатты қиналатын. Құжаттардың алдымен орысша дайындалып, кейіннен қазақшаға аударылатындығы да осыған байланысты еді.
1993 жылы Шымкент қалалық Тіл басқармасының бастығы болып жүргенімде қала әкімінің 1994 жылғы 31 мамырдағы №513 қаулысына сәйкес «Тіл және халықтық педагогика мәселелерімен шұғылданатын әдістемелік орталық» аштық. Кейін 1996 жылдың желтоқсан айында «ҚР Тіл саясатының тұжырымдамасында» айтылған және Ата Заңымыздың 93-бабында жазылған:
«Қазақстанның барлық азаматтары мемлекеттік тілді еркін әрі тегін меңгеруі тиіс» деген талаптарына сәйкес, осы орталық негізінде қалалық Тіл басқармасының жанынан «Қазақ тілін оқыту орталығын құру туралы» қала әкімі А.Ормановқа ұсыныс хат жаздық.
Әкім азаматтық танытып, сол кезеңдегі қиындықтарға қарамастан, басынан талай зобалаңды өткізген қазақ тілі өзінің өрлеу дәуіріне бет алғанын байқап және ана тіліміздің болашағын ойлап, 1997 жылдың 31 қаңтарында Шымкент қалалық әкімшілігі Тіл басқармасының жанынан «Мемлекеттік тілді міндетті және ақысыз оқыту орталығын» ашу туралы шешімге қол қойған еді. Осы шешімнің негізінде, қалада мемлекеттік тілді тұғырына қондырудың нақты қадамы жасалып, республикадағы тұңғыш орталық өз жұмысын бастаған болатын.
Сол жылы Шымкент қалалық Тіл бас­қармасы оңтайландырудың құрығына ілігіп, қысқарып кеткенімен, оның жанынан құрылған тұңғыш «Мемлекеттік тілді ақысыз оқыту орталығын» сақтап қалдық. Сол уақытта мұның барлығы да оңайға түскен жоқ. Дегенмен, уақыт өте келе орталықтың материалдық-техникалық мәселелері біртіндеп шешімін тапты.
Содан бергі уақытта «Тілдерді оқыту орталығының» атауы бірнеше рет өзгеріп, басшылары да ауысты. Өткен 20 жыл ішінде, бұл орталықта мыңдаған мемлекеттік қызметші мен бюджеттік мекемелердің мамандары және қаланың қарапайым азаматтары қазақ тілін оқып-үйренді.
Бұдан үш жыл бұрын Мемлекет басшысының халыққа арнаған Жолдауында айтылған «Біздің міндетіміз − 2017 жылға қарай мемлекеттік тілді білетін қазақстандықтардың санын 80 пайызға дейін жеткізу» деген тапсырмасының, Оңтүстік Қазақстанда ойдағыдай орындалуына орталықтың қосқан үлесі зор. Өткен ғасырдың соңында қазақ тілінің қордаланған мәселелерін шешуді облыстағы патриот азаматтар бастап, басшылар қостап, 1993-97 жылдары жұмыс істеген облыстық, аудандық, қалалық Тіл басқармалары, ал қазіргі кезде облыстық Тілдерді дамыту және архивтер мен құжаттама басқармасы мен аудандық, қалалық Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдері көп шаруаларды атқарды. Солардың күш-жігері мен нәтижелі еңбегінің арқасында біраз жетістіктерге қол жетті. Қазіргі кездегі қазақ тілінің қолданылу деңгейін 90-жылдармен салыстыратын болсақ, оның арасы жер мен көктей екендігін байқауға болады.
20 жылдық тарихы бар Қазақстандағы тұңғыш «Мемлекеттік тілді ақысыз оқыту орталығының» тіл саласында бүгінгі таңда жетістіктерге жетуіне қосқан үлесі қомақты болғанын және бұл орталық алдағы уақытта да азаматтардың тілдерді оқып-үйренуіне лайықты үлесін қоса береді деп сеніммен айта аламын.

Ата Заңымыздың 93-бабында жазылған: «Конституцияның 7-бабын жүзеге асыру мақсатында Үкімет, жергілікті өкілді және атқарушы органдар арнаулы заңға сәйкес Қазақстанның барлық азаматтары мемлекеттік тілді еркін әрі тегін меңгеруі үшін қажетті жағдайдың бәрін жасауға міндетті» 

Шымкент

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

3 Пікір

  1. Серік

    Тіл орталығының қызметіне толағай табыстар тілейміз.

  2. Саят

    Осы іспеттес тіл орталықтарын аймақтарда аша беру керек. Сонда жұрттың тіл үйренуге деген қызығушылығы арта түседі.

  3. Шыңғыс

    Ақысыз оқыту орталықтарының жұмысын жандандыру ісі қолға алынса, игі.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.