Еріктілердің еңбегі еленді

Әлем көз тігіп отырған «Астана ЭКСПО – 2017» көрмесіне Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студент-жас­тарынан бастап, оқытушылары да атсалысуда. Оқы орнында 17 мыңнан астам студент білім алады, көпшілігі үш тілді меңгерген. Университет базасында сәуір айынан бастап арнайы штаб пен  call-center құрылып, жұмыс жоспары жасалды және ЭКСПО – 2017 еріктілеріне жадынамалар мен тұжырымдама дайын­дады. Еріктілердің этика Кодексі мен әдістемелік құралдар жасалды. Әр еріктімен жазбаша азаматтық-құқықтық келісімшарт жасалды.  

Көрме жұмысына үш мыңнан астам ЕҰУ-нің студенті еріктілер қатарында қызмет етуде. Еріктілердің барлығы Астана қаласындағы «Ника» коммуникативті дамыту орталығында сертификаты бар жаттықтырушылар мен оқыту­шылардан дәріс алып, шетелдік қонақтармен келіссөздер жүргізудің қыр-сырын меңгерді. Үш тілді еріктілер туристердің Қазақстан және Астана тарихы, көрме туралы қойған кез келген сауалдарына жауап бере алады.
Еріктілерге Астана қаласының әкімдігі қолайлы жағдайды жасап берді. Барлық еріктілер арнайы (үш жейде, күнқағары бар қалпақ, күрте, арқаға асатын сөмке және термос) формамен қамтамасыз етілді. Олар университеттің студенттер үйіне тегін орналастырылған және ыстық тамақпен, қалалық қоғамдық көлікте тегін жол жүру билеттерімен қамтылды.
«ЭКСПО – 2017» көрмесінде 6 мыңнан астам ерікті жұмыс істесе, 4500-і көрме аумағында, 1500-і халықаралық әуежай, автовокзал, теміржол вокзалы, жедел мамандандырылған қызметтер (жедел жәрдем, аурухана, полиция), мәдени нысандар, қонақүйлер сынды қаланың маңызды нысандарында қызмет етеді.
«ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесінің ашылу салтанаты алдында Астана қаласы әкімдігінің өкілі А.Оралов: «Қала әкімдігі ЭКСПО көрмесінде үш ай бойы белсенділік танытқан 20 студентке қай оқу орнында оқыса да, бір жылдық оқу грантын бөлмек. Бұл грант ақылы оқуға түскен жастарға қатысты. Еріктілерге бас-көз болып жүрген 50 супервайзер қарамағындағы жастардың күнделікті атқарған жұмысын қадағалап, талдау жасап отырады. Жеңімпаздарды супервайзерлер анықтайды. Олар Алғыс хаттармен марапаттап, сыйлықтар тарту етіледі» деген болатын. Әкімдік сол үдеден шықты.
Жақында ЕҰУ-нің Тұңғыш Президент ­за­лын­да еріктілер қозғалысының қалалық штабы көрменің 2-ші маусымын қорытындылау сал­танатына орай жиналыс өткізді. Онда шілде айында атқарылған жұмыстарға қорытынды жасады.
Жиналысқа Астана қаласы әкімінің орынбасарлары Ермек Аманшаев пен Малика ­Бектурова, ЕҰУ ректоры аппаратының жетекшісі Думан Айтмағамбетов, Астана қаласы әкімінің жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының басшысы Асхат Оралов, ­«ЭКСПО – 2017» еріктілер штабының жетекшісі Альбина Жұмашева, БҰҰ-ның ұлттық еріктісі Никита Шабаев сияқты қонақтар арнайы шақырылды.
Еріктілер қызмет еткен нысандардың өкілдері арнайы қатысты. Астана қаласы әкімшілігі және еріктілер еңбек етіп жүрген нысандардың өкілдері «Астана ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесіне келушілерге лайықты қызмет көрсетіп, өздеріне сеніп тапсырылған нысанда жұмыс істейтіндерге қолқанат болған еріктілер мен супервайзерлерді марапаттап, алғыстарын білдірді. «Айдың ең үздік командасы», «Үздік супервайзер», «Үздік ерікті» аталым иегерлерін анықтады. Әуежайда жолаушыларға қызмет көрсететін ерікті Алтынбек Ілиясовтың жасаған бейнебаянынан көпшілік еріктілердің жасаған игі істеріне куә болды.
Қалалық штаб жұмысын үйлестіруші ЕҰУ-дің 4 курс студенті Тасқали Таир «Еріктілер қозғалысының қалалық штабының екінші маусымдағы жұмысы қауырт болды. Тек шілде айында ғана біздің 510 ерікті Астанадағы 96 нысанда 9 мың шетелдікке және 250-ден астам делегацияға қызмет көрсетті» дейді.
Еріктілер арасында шығармашылықпен айналысатын талантты жастар да өнерін ортаға салды. Әуежай нысанының еріктісі, ЕҰУ-нің филология факультетінің 1 курс студенті, республикалық байқаулардың жеңімпазы Санжар Тоқанов өзі жазған өлеңін оқыса, «Нұрлы жол» жаңа вокзалының еріктілері жолаушыларға арнап өздері шығарған «Жаяу» атты әнімен көрерменнің қошеметіне бөленді.
Шара соңында «Айдың ең үздік командасы» атанған «Нұрлы жол» нысанының еріктілері, «Үздік супервайзер» атанған ЕҰУ заң факультетінің 1 курс студенті Құмарбек Азат арнайы Кубокпен және Құрмет грамоталарымен марапатталса, «Үздік ерікті» атанған Тұран университетінің 1 курс студенті Рауан Сағындықов су жаңа велосипед мініп қайтты.

Жұлдыз ТОЙБЕК,
Еріктілер тобының жетекшісі

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

3 Пікір

  1. Айдос

    Еріктілер жақсы жұмыс атқаруда. Жарайсыңдар!

  2. Дияс

    Дұрыс. Еңбек елену керек. Жауапты жұмысты ойдағыдай атқарып жүрген еріктілер міндетті тұрде марапатталуы керек.

  3. Айман

    Еріктілер көрменің абыройына дақ түсірмей, атсалысуда. Сондықтан олар мақтауға лайық.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.