Мемлекеттік тіл – тәуелсіздік тірегі

Белгілі француз ғалымы, мәдениеттанушы және философ Ж.-К.Леви-Стросстың біздің заманымызға қатысты «ХХІ ғасыр – гуманитарлық ғылымның ғасыры болады» деп айтқан батыл болжамы бар. Осы тұрғыдан келгенде Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы дер кезінде көтеріліп отырған гуманитарлық мәселелерді қамтиды.
ХХ ғасыр Қазақстан үшін индустрияландыру дәуірі болып есептеледі. Кеңес Одағында жаппай индустрияландыру үдерісі жүргенімен, оның өркениеттегі жолына сай, табиғатына лайықты модернизация сана болмысында орын алмады. Сондықтан да «индустрияландыру» және «модернизация­лау» категориялары кеңестік заман тәжірибесінде марксизм-ленинизм тұрғысынан түсіндіріліп («сананы тұрмыс билейді»), олардың Жаңа заман дәуірінен бері тарихи қалыптасқан құндылықтық және мәдени болмысы қарама-қайшы ұғымдар ретінде күй кешті.

Бүгінде индустрияландырудың өз бетінше сананы модернизациялауға алып келмейтіндігін кеңестік тәжірибе көрсетті. ­Елбасы Н.Назарбаевтың 2011 жылғы Жолдауында Қазақстан бүгінде индустрияландырудың жаңа сатысына – үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына өту керектігін жария етті. Тәуелсіздік алғалы бері еліміздегі индустрияландыру кезең-кезеңімен енгізіліп, жүйелі түрде қолға алынып отыр. Алайда индустриаландырудың осынау төртінші сатысы «алдымен экономика, одан кейін саясат» деген қазақстандық ұстанымның қайта қаралуын, оның ендігі қоғам өмірінде гуманитарлық мәселелерді қозғауға толықтай пісіп-жетілгендігін көрсетіп беруде.
Қазіргі заманғы әлемдік жүйе интеграция мен прогресс идеяларынсыз қалыптасуы мүмкін емес екендігін дәлелдеді. Интеграция идеясы бір жағынан әлемдік жаһанданудың негізі болса, екінші жағынан осы әлемге плюрализм қасиеті тән. Осы ретте Қазақстанның рухани өмірінде осы күнге дейін жүргізілген жаңа үдерістер белгілі бір деңгейде осы талаптардың үдесінен шықты деуге болады. Аталмыш идея­лар Қазақстанның ішкі, сондай-ақ сыртқы қарым-қатынастарында ұтымды қолданылып келеді. Ішкі саясаттан айтар болсақ, бір ғана Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмыс істеуі – ұлттық-мәдени плюрализмге лайықты көңіл бөлетін озық конституциялық модельді қалыптастырды. Ол өз кезегінде БҰҰ тарапынан да оң бағаға ие болып отыр. Ал мемлекетіміздің сыртқы қарым-қатынастағы көп векторлы саясаты мен интеграциялық үдерістерде белсенділік танытуы Қазақстанның сенімді әріптес мәртебесін қалыптастырды. Бұл да өз кезегінде айтарлықтай жемісін беруде. Алайда осы идеялардың сәтті іске асуына мемлекеттілігіміздің іргесін қалаушы – қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптастырған субъектаралық коммуникативтіліктің бай тәжірибесі, билер соты арқылы институцияланған бітімгершілік мінезі және ең бастысы бейбіт өмірден дәулетқұрушылық құндылықты көре білген дүниетанымы әсер етпей қойған жоқ.
Рухани жаңғыру дегеніміз тарихи тұрғыдан алғанда кез келген модернизациялық үдерістің бастауында тұратын, қалыптасқан сана болмысын талдап-таразылап, оны сергітуге бағытталған гуманитарлық һәм ұлттық жоба. Яғни рухани жаңғыру гуманитарлық ойдан, сана болмысынан бастау алады, сонда ғана қоғамдық өмірдің өзге қабаттарына жан бітіп, әлеуметтік өмірдің шындығына ұласады. Осылайша қазақстандық ерекшелікке негізделген адам бейнесін қалыптастыру, ойдың тезінен өткізіп, тұлғасын сомдау, оның нақты іс-қимылдағы мүмкіндіктері мен құндылықтарын көрсету – түптеп келгенде болашақ ұрпақтың тағдырын анықтаумен пара-пар жауапкершілік. Мұндай жауапкершілік барша қазақстандықтарды топтастыратын ортақ рухани құндылықсыз жүзеге асуы мүмкін де емес.
Сондықтан Елбасы мақаласындағы қазақстандық рухани жаңғыру, өзара байланысты, бірін-бірі болжайтын келесідей төрт мәселенің қисынын қамтиды деп есептейміз. Біріншіден – жалпықазақстандық азаматтық қоғам орнату мұраты түбінде жетуіміз керек айнымас мақсатымыз болуы тиіс. Екіншіден, бұл қоғамды мемлекеттік тіл факторы негізінде құру мәселесі. Үшіншісі, жалпықазақстандық азаматтық қоғамды құруда мемлекеттік тілдің интеллектуалды әлеуетінің жетіп-артылатын болуы және соған жағдай туғызу мәселелері. Төртіншіден, жалпықазақстандық азаматтық қоғамның «Мәңгілік ел» аталатын өркениеттік құбылысқа ұласуы үшін мемлекеттік тілде төл философиялық жүйені қалыптастыру.
Жалпықазақстандық азаматтық қоғам орнату мемлекеттің саяси басшылығының ғана емес, ол сонымен бірге бүкіл қазақ­стан­дықтардың ортақ арманы, азаматтық өремен таңдалған жолы болуы тиіс.
Бұл ретте, Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев көрсетіп бергендей, мемлекеттік тіл – қазақстандықтарды ұйытушы бірден-бір факторға шынайы айналуы қажет. Онсыз, азаматтық ұлтты – қазақстандықтарды қоғамдық санада орнықтыру мүмкін емес. Бұл жоғарыда айтып кеткеніміздей дамудың тарихи сығымдалмаған һәм эволюциялық жолы. Мемлекеттілік пен мемлекет ұғымдарын «Мәңгілік Ел» идеясы арқылы біте-қайнасқан мәндерге айналдырудың табиғи тетігі. Қазақстанның оқыс өзгерістерге бой алдырмай, сондай-ақ тамырын тәуелсіздіктің мұраттарынан тартатын басты жолынан да көз жазбай, елдің әлеуметтік-мәдени ерекшелігін, саяси ахуалын ескере отырып, азаматтық қоғам идеяларын кезең-кезеңімен, біртіндеп бекітуге кірісуі – мемлекеттілігіміздің баянды дамуының басты кепілі.
Бұл ретте Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев көрсетіп өткендей Қазақстанды мекендейтін барлық ұлт өкілдері мемлекеттік тілдің айналасында топтасып, азаматтық ұлт болып ұюымыз қажет. Ол үшін барша қазақстандықтар, өз ұрпағының болашағын мемлекеттік тілге сеніп тапсыратындай жағдай жасалуы тиіс. Әлемдік ғылым мен білім жетістіктері мемлекеттік тілде қол жетімді болмай, ортақ отанымызда тұрып жатқан өзге де ұлт өкілдері ұрпағын қазақ тілінде оқытуға ықтиярлы бола қоймайды. Мемлекеттік тілдің ғылым мен білім тілі ретінде дамуынан әрбір қазақстандық азамат экономикалық мүддесіне сай қанағаттанарлық жауап алатындай болуы керек. Бұлай болмайынша мемлекеттік тіл факторына ұйыған азаматтық қоғам орнату мұраты кейінге қалып, кешеуілдей береді. Интеллектуалды ұлт жобасы мен азаматтық қоғам идеясы сайып келгенде бір арнаға тоғысатын, бірін-бірі толықтыратын қазақстандық әлеуметтік-мәдени құндылыққа айналуы тиіс. Азаматтық қоғам құрып, өмір сүру мұратының негізінде мемлекеттік тіл болып табылатын қазақ тілінің – ғылым тіліне айналуын меңзейтін сарабдал саясат жатыр.
Қазақ тілін ғылым тілі ретінде орнықтыру – ойдың, ойлау жүйесінің тәуелсіздігін бекітсе, мемлекеттік тіл ретіндегі мәртебесі – мемлекеттік билік егеменділігін нығайта түседі, ал философия тіліне айналуы сананың дербестігіне, автономдылығына және ең ­бастысы, қазақ әлемінің онтологиясын анықтауға жол бастайды.

Қазыбек ДАУТАЛИЕВ,
заң ғылымының кандидаты,
философия магистр

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

6 Пікір

  1. Алуа

    Қазақ тілі тәуелсіздігіміздің бірден-бір айнасы. Оны қадірлеу – тәуелсіздікті қадірлеу.

  2. Еңлік

    Мемлекеттік тіл ешқашан өз тұғырынан түспеуі керек. Ол үшін — әрбір қазақстандық бар күшін салып, қазақ тілін көркейту жолында қажырлы еңбек ету керек. Ең әуелі, өзің қазақша сөйлеуден баста!

  3. Зада

    Қазақ болсын, басқа ұлт болсын бір шаңырақ астында — Қазақстанда тұрғандықтан, қазақ тіліне деген үлкен құрмет көрсетуі қажет.

  4. Дария

    Мемлекеттік тілді барша қазақстандық білуі керек. Өйткені, олар Қазақстанда өмір сүріп, өз нанын тауып жеп отыр.

  5. Ғани

    Қазақша сөйлемейтіндерді, білмейтіндерді билік басына апармау керек. Олар әбден мемлекеттік тілді жетік игергенде ғана жақсы жұмысқа тарту шарт. Сонда мемлекеттік тілдің гүлдей жайнап, жарқырайтын болады.

  6. Мақпал

    Өзім қазақ болған соң, ана тілімде ғана сөйлеп, өзімнің ұрпағымның тал бойына осы киелі тілге деген құрметті сіңдіруді мақтан тұтамын.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.