Ақындар Түркістанда бас қосты

Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымы тарапынан «Түркі әлемінің мәдени астанасы» болып жарияланған, түгел түркінің рухани орталығы Түркістан қаласында тағы айтулы шара өтті. Бұған дейін түркі халықтарының сан салалы өнерпаздарының, әншілері мен бишілерінің, театр тарландарының, айтыс ақындарының, фотосуретшілер мен суретшілерінің басын қосқан қасиетті мекенде бұл жолы түркі әлемінің ақындары кездесті.

Әзербайжан ақыны Молла Пенах Вагифтің 300 жылдық мерейтойына арнап Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымы, Халықаралық Жазушылар және зиялылар қоғамы (Түркия), Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ бірігіп ұйымдастырған «Түркі әлемі ақындарының кездесуіне» Оңтүстік Қазақстан облысының және Түркістан қаласының әкімшіліктері қолдау көрсетті. Басқосуға Түркия, Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Татарстан, Башқұрстан, Саха-Якутия, Дағыстан және Гагауыз елдерінен 30-ға жуық ақын қатысты. Соңғы мыңжылдықта түрлі тарихи оқиғалардың себебінен жеке-жеке мемлекет болып, тілдік тұтастығын қорғау қиындығын бастан кешірсе де түркі тілдес халықтардың поэзиясындағы, өлең өрімдеріндегі, эстетикалық ойлау жүйесіндегі ұқсастықты жыр тілінен анық байқауға болады. Өмірлері өзгерсе де өлеңдері өзгере қоймаған, ауылдары алыстаса да көңілдері қашықтамаған туыстас елдердің ақындары өз ана тілдерінде өлең оқып, жырдан шашу шашты.
Басқосуға жиылған жырсүйер қауым әлем әдебиетінде махаббат жыршысы деп танылған Вагифтің сыршыл лиризмі мен өршіл азаматтық поэзиясының көркемдік көкжиегіне қанықты. Бұл кештің өзектілігі сонда – түркі ақындары шығармаларын бір-бірінің тіліне тәржімалап түрікшілдік рухты поэзия биігіне көтеру. Адам жанының сырын дөп басып, ішкі дүниесіне үңілуге тек поэзияның құдіреті жетеді. Жиында поэзияға құштар оқырмандар бауырлас ел ақындарының жалындаған жырларымен сусындап қайтты.

Гүлжаз ҚАРЫБЕК
Түркістан

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.