Үшқоңыр ұшырған қыран

d183d188d0bad0bed0bdd18bd18021

Бұл жерде тарих-сырдың сынығы бар,

Бабалар тұлпарының дүбірі бар.

Бұл жерде Жамбыл-Жәкем өлең айтқан,

Өнердің, ақындықтың тұғыры бар

Елбасының «туған жерім, Рахым нұры тұнған жерім» деп жырлаған Үшқоңырға қарай зулап келеміз. «Қасқасу гүр-гүр тасып, гүлі еркелеп, арқарлар жайылатын бұл жайлау» Жаратқанның назары түсіп һәм ажар бітірген арайлы аймақ екен. «Төле бидің қалпағындай анадайдан ағараңдаған тауларға» қарап, бір сәт тамсануыңыз мүмкін. Өйткені бұл жақтың тауының «жуасы, қарақаты, бүлдіргені» бала Сұлтанның «әжесінің шекер қосқан талқанындай» тіл үйіреді. «Шыңында қырандары қалықтаған» бұл өлке «ұландарын да қыранның самғауына құмар қылып тудырыпты».

dsc00697Арнайы сапарлап, Үшқоңыр жайлы үзік сыр ағытып келе жатқанымызЕлбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың туған жері һәм кіндік қаны тамған құтты мекеніАлматы қаласының іргесіндегі Қаскелең, соған қарасты Үшқоңыр ауылы (бұрынғы Шамалған), оның ар жағындағы Үшқоңырдың тауы мен жайлауы. Қазақстанның болашақ Президентінің балалық шағы осы жерлерде өткен. Болашақ басшының бойындағы басқалардан оза шабатын белгілері балалық шағында-ақ бой көрсетіп, бүр жарған беткей де – осы.

Ол кезде Үшқоңыр жайлау болса, бүгінде бүтіндей бір ауылдың аты. Үшқоңырды жайлаған жергілікті жұрт пен Алатауды атақоныс көрген ағайынның өзі қалап, Қарасай ауданы, Шамалған ауылдық округіне қарасты Шамалған ауылының атауын Үшқоңыр ауылы деп атауды ұсынды. Осы жылы ақпан айының оныншы жұлдызындағы Алматы облыстық мәслихатың қаулысы мен облыс әкімінің шешімімен Шамалған ауылының аты Үшқоңыр ауылы болып өзгертілді.

d0b1d0b5d0b7d0b8d0bcd0b5d0bdd0b8-1Бұл аймаққа «Ана тілі» алғаш рет ат ізін салып тұрған жоқ. Бұл жолғы сапарда жанымызда Елбасының сыныптасы,  Қара­сай аудандық арда­гер­лер кеңесі төр­аға­сының орынбасары Сайлаубек Қыдырәлиев ере жүрді. Күн санап көркейген ауылдан кешегісін көргісі келгендей Сайлаубек аға көшелерге көз сүзіп келеді. Нұрағаң мен оларды таныстырған сол кездегі Абай атындағы мектептің, бүгінгі мектеп мұражайдың ғимаратына бас сұқтық. Жүзі жайнап сала берген жолбастаушымыз: «Бұл жерде бәрі баз баяғы қалпында! Түк өзгермеген. Мына жерде біздің сынып бөлмеміз, мына жерде – мұғалімдердің кабинеті болатын…» – деп көрсетіп келеді. «Ал мына жерде кантрамарка болатын. Ол сыртын темірмен қаптаған пеш. Аяз қарыған беті-қолымыз домбығып келіп осы жерден жылынатынбыз. Дәл қазір алақандай-ақ көрінгенімен, бұл жер сол кездері біздің түрлі жиындарымыз өтетін залымыз болатын. Ресми шаралардан бөлек осы жерде би де өтетін» деп күліп алды.

Бұл үйде Елбасының өмір-тарихына қатысты құнды деректер, мәліметтер жиылған. Президенттің партасы, қаламсабынан бастап бозбала шағынан бүгінгі ел басшылығына дейінгі кезеңнен сыр шертер екі мыңға жуық суреті сақталған. Мұражаймен таныса жүріп, Елбасының сыныптасының сөзіне түре құлағымызды жүрдік.

d0b1d0b5d0b7d0b8d0bcd0b5d0bdd0b8-2–  Нұрекеңмен Қас­келеңнің Абай мектебінде 10-шы сыныпта бірге оқы­дық. Десек те, біздің таныстығымыз бұдан бұрынырақ әрі тым қызық жағдайда басталған. Тоғызын­шы­ сыныпты бітірген жылы Шамалған техни­кумында би кеші болатын болып, бір жолдасыма ере сол жаққа барғам. Би билеп, қыздарды үйлеріне шығарып салып қайта бергенімізде, жергілікті жігіттер алдымыздан шыға келмесі бар ма? Айтпаса да түсінікті. «Біреудің бақшасына түскен» біз бірдеңе десек, шатақ шыққалы тұр. Араларында Нұрсұл­тан бар екен. Шымыр денелі, орта бой­лыдан жоғары, аққұба келген, маңдайы кереқарыс жігіт. Дереу дау бастағалы тұрған жігіттерді тыйып тастаған оған алғашында таңғалдым. Ол жергілікті жердің баласы, бізді танымай­ды. Сөйте тұра, жанжал іздеген жерлесте­ріне жақтаспай, қайта аптықтарын басты. Бізді достастырды. Бір ауыз сөзбен! Сол күнгі оның аузынан шыққан әр сөзге қалай ғана айрандай ұйып қалғанымызға қайран қалам. Құдірет шығар! Күзде Нұрекең екеуміз Абай мекте­бінде ескі таныстарша кездестік. Алғашқы күннен-ақ адамды жанына үйіріп алар ақжарқындығымен, адалдығымен, қала берді, білім мен еңбекке құмарлығымен қатарластарынан қара үзді. Рас, сол кездің балаларының бәрінде білімге, өмірге құштарлық мол. Ал Нұрекең мүлдем ерекше еді. Ауы­лы­нан 9 жыл бойы кіл беске оқып келген оның мақсаты алтын медаль алу еді…

Ақталған алтын

Бір жарым айдың ішінде Нұрекең өзінің ұйымдас­тыру­шылық қабілетімен, көркем әдебиетті көп оқи­тын­дығымен бәрімізді үйіріп алды. Қазан айында комсомол ұйымының жиналы­сын­да Нұрсұлтан Назарбаевты мектептің комсомол комитетінің хатшысы етіп сай­ладық. Ол кезде комсомол комитетінің хат­шысы мұғалімнен кем емес. Бүкіл тәлім-тәрбие, сабақтан тыс жұмыстар түгелдей соның мойнында. Сеніп тапсырылған осы жауапты жұмысты Нұрекең дөңгелетіп алып кетті. Бұрын мектеп бітіруші сыныптардың мемлекеттік емтиханға дайындығы төртін­ші тоқсанда басталатын. Нұрсұлтан болса бізді екінші тоқсанның басында комсомол комитетінің отырысына жинап алып: “Біз дұрыс білім алып шығу үшін емтиханға дайындықты бүгіннен бас­тауымыз керек”, – деді. Сонымен дайын­дықты бастадық. Нұрекеңнің ұсынысы­мен жақсы оқитындар нашар үлгеретін­дерге көмектесті. Күндіз бос сынып бол­майды. Ылғи кешкі тамақтан кейін барып дайындаламыз. Жақсы оқитын балалар дайындалып келеді де, қалғандарына тү­сіндіреді. Мұндай бұрын ешқа­шан болмаған. Біздің мектепте үлкен жаңалық болды. Бұл Нұре­кеңнің сол кездегі жаңашылдығы, жаңалыққа құштарлығы еді. Бала кезінен-ақ бойында лидерлік бар еді. Сол кезден-ақ бір нәрсені ойлап тауып, жаңалық ашуға тырысатын. Ол кездегі дәстүр бойынша 7 қараша мен 1 мамырда аудан орталығының бас көшелерінде сап түзеп, ту ұстап, ән айтып шерулетіп жүреміз. Сол 1957 жылғы ең бірінші, 7 қарашадағы шеруде туды Нұр­сұлтан ұстады. Ал ту ұстап, жол салу кеше кім көрінгеннің қолынан келмеген. Бүгін маған сол Нұрсұлтан әлі күнге алты Алаштың абыройын жықпай, ту ұстап, жол бастап келе жатқандай әсер береді!

Нұрекеңнің мектеп бітіргенде алтын медаль ала алмай қалғанына бәріміз өкіндік. Күміс медаль алды. Орыс тілінен жа­зылған диктантта бір үтір артық қойылыпты, әлде кем қойылды деді ме, әйтеуір жоғарғы жақта бір бұрмалау­шы­лық болған сияқты. Алайда Алаштың алтын ұлы өзінің алтын медалін елі алдында ақтағанына бек сенемін, – дейді Сайлаубек Қыдырғалиев.

Президенттің парталастары

dsc_0139Ал Үшқоңыр ауылындағы Қарасай батыр мектебінің шәкірттері өздерін салмақты ұстап һәм тек лидер болуға ұмтылады. Енді ше? Бүтіндей бір елдің Президенті білім алған қарашаңырақтың қарадомалақтары тек қара үзуі керек деген олардың санасында жатталып қалған. Жанарлары – ойлы. Тап-тұйнақтай білім ордасының басты құндылығы – білім болса, құрметті қонағына көрсетер қонақжайы – мектеп мұражайы. Туған өлке тарихынан сыр шертетін мұражайдың ел назарын аударар бөлек бөлмелері бар. Ол – осы мектептің ең танымал түлегі ғана емес, әлемге әйгілі тұлға атанған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ғұмыр-тарихына қатысты құнды жәдігерлер жиылған жер. Бұл жерден Елбасының сыныптастары, ұстаздарының суретімен қатар, отбасы мүшелері, сол күнгі қолданған бұйымдары, қала берді, бүгінімен байланысты бағалы дүниелерді де табуға болады. Мұражай жетекшілерінің айтуынша, оның біразын Елбасының өз қолынан алған. Жансыз жәдігерлерден кешегі күннің елесін іздеп жүргенімізде тап осы жерден Елбасының тағы бір сыныптасы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мұғалімі Күләш Әмірованы жолықтырдық. Балалық шақтың базарлы күндерінің бақытынан жанына жылу үйірілді ме, кім білсін, жылы жымиып сәл тұрған Күләш апай әсерлі әңгімесінің тиегін ағытты.

– Онда әр сыныпта оқушының білім деңгейі мен үлгерімін анықтап тұратын арнайы тақта бар еді. Сол тақтадағы мақтаулы оқушылардың тізімінде Нұрсұлтанның есімі тек бірінші болып тұратын. Мен де жақсы оқыдым. Бірақ математика, геометрия пәндерінен кейде үш алып қалатынмын. Бір күні әлгі тақтаға үңіле қарап тұрған Нұрсұлтан: «әй, Күләш, мына тригонометриядан неге үш алғансың? Кәне, дәптеріңді ал да жүр. Есеп шығарамыз» деп, қиын сабақтардан бізге көмектесуші еді. Сөйтіп, менің геометриядан алғаш үштіктерім арада уақыт өтпей-ақ Нұрсұлтанның арқасында ғайып болатын (күліп алды). Нұрекең Орталық Комитетте қызмет атқаруға кіріскенде қатарластарының атынан арнайы құттықтауға бардым. Көмекшілері: «Ол кісінің сізді қабылдауға уақыты жоқ, маңызды шаруалары бар, болмайды, қабылдауына ертерек жазылу керек еді» деп жолатпайды. Әйтеуір «бес минут қана уақыты бар» деп кіргізген Нұрекең екеуміз қырық минуттан астам  әңгімелесіппіз. Кейін Қазақстанның тұңғыш Президенті болып сайланғанда да бірге оқығандардан бес-алты адам құттықтауға бардық. Сонда: «сендер білесіңдер ме,  мен ауылды сағынып жүрмін. Біз мектепті 42 адам бітіріппіз. Солардың кейбіреуі арамызда жоқ» деп толқып тұрып сөйлегені бар. Сонда таңғалғаным, сол жердегі біразымыз мектепті қанша адам бітіргенімізді де ұмытып қалған екенбіз. Сол жерде: «Әй, Күләш, сен баяғыдан бері ауылдасың. Ауылдың жағдайы қалай?» деп менен сұрады. Сонда мен тұрып: «Нұреке, сіздің ауылыңыздың адамдары ауызсусыз отыр. Ел-жұрт суды әлі күнге Қаскелең өзенінен тасып ішіп отыр» деп шынын айттым. Құдайға шүкір, қазір бәрі басқа! Нұрекең сыныптастарымен жиылған дастарқан басында отырып, «сендермен өткізген бір сағаттың өзі мен үшін бір жыл демалғандай болады» дейтін күлімсіреп. Кейде біреулер маған «Президенттің сыныптасысың ғой. Жағдайыңды жасап алмайсың ба?» дейді. Алайда бізге ол лайық емес. Бірге оқығанымды бұлдап, байлық сұрайтын біз емес. Бар болғаны, мамандығым географ болғандықтан, бір кіргенімде Жапонияға сапарлап қайтуға көмек беруін сұраған екенмін. Онда да ол жаққа жолдама табылмай, Италияға барып келгенмін.

dsc007022Бауырмал бала Нұрсұлтан

Үшқоңыр – меймандос ауыл. Ақшаңқан үйдің қайсысына бас сұқсаң да ақ ұсынып, төрге оздырады. Тап осындай шаңырақтың біріне бас сұқтық. Ол үйде Елбасының туыс әпкесі Шара Қатубаева тұрады екен.

Мен Сұлтанмен бірге өстім. Біз оны Сұлтан дейтінбіз. Нұрсұл­тан­ның әжесі Мыр­за­бала мен менің әжем Түңіл апа­лы-сіңлілі, ал Әбіш аға мен ме­нің әкем Шегебай – туған бөлелер. Сондықтан жақсы араласты. Ал Нұрсұлтанның ше­шесі Әлжан жеңгем мен менің шешем Әсет бірге өскен жақын құрбылар екен. Әсет шешемнің төркіні алыста еді, төркіндеп кеткенде мені ылғи Әбіш ағаның үйіне қалдырады. Әлжан жеңешем де солай, шаруасы шығып қалса Нұрсұл­тан­ды біздің үйге әкеліп тастайды. Екеуміз тай-құлындай тебісіп бірге өстік. Нұр­сұлтаннан бір жарым жас үлкендігім бар, мені әпкем деп сыйлап, Сашка деп еркелететін (орыс класы Шара деуге қиынсынып Сара дейтін мені). Кейін Үшқоңырда мектеп болмағандықтан, мен бесінші-алтыншы сыныптарды Ша­мал­ғанда, Әбіш ағалардың қолында оқы­дым. Аға-жеңгем мені өз қыздарындай көрді.

Сұлтан ақылды, үлгілі бала бо­лып өсті. Оқуда озат еді. Орыс әдебиетімен де ертерек танысты. Пушкин, Чернышевский, Некрасов, Фадеевтің, С.Мұқановтың “Ботагөзін”, М.Әуезовтің “Абай жолын”, шетел классиктерінің шығармалары “Робинзон Крузо”, “Гулливердің саяхатын” ол сол кезде-ақ оқып тастаған. Қалыңдығы кереқарыс кітаптарды кітапхана­дан алып оқитын. Бірнеше кітапты қатар бермесе маған алғызатын. Ол аздай, үйдегі баланың үлкені болғаннан кейін қар күреу, отын жару, көк­темде бау-шарбақ отырғызу сияқты бар­лық жұмыстар Сұлтанның мойнында еді.

Ал Үшқоңыр десе жаны бөлек-тін. Жаз бойы жайлауда достарымен қыдыратын. Атқа мініп, атойлайтын. Сұлтанның түрі, мінезі, әзілге жақындығы, тауып сөйлеуі анасына тартқан. Әлжан жеңешеміз адамзаттың асылы еді. Сол даралық һәм даналық қасиет Нұрсұлтанға анасынан дарыса керек.

Иә, ол дара-тын. Титтейінен елден ерекше өсті. Сол кездің өзінде әдемі киініп, тап-тұйнақтай болып жүретін. Рас, бала болып бұлаңдап қатты еркелемегенімен, әзілді жаны сүйетін. Бір қызықты айтайын. Бірде Есенбай Сәдуақас деген сыныптасы үйінде ұйықтап жатса керек. Досының тұяқ серіппей ұйықтайтынынан хабардар Сұлтан оның башпайларының арасына қағаз шиыршықтарын қыстырып қойыпты. Мені шақырып: «қара, қызықты көресің» деп, жаңағы шиыршықтарды сіріңкемен тұтатпасы бар ма? (күліп алды). Сөйтсе де, әлгінің оянар түрі жоқ. Аяғын сермеп қойып ұйықтап жатыр. Бір кезде барып шошып оянып: «Мәссаған, мен бағанадан бері велосипед теуіп келеді екенмін деп ойлап жатсам» деп бізді күлдіргені бар. Сұлтан осылай да құрдастарымен қалжыңдасып, ойыны жарасып жүретін…

Үшқоңыр кішісі үлкеніне құрмет көрсетіп, үлкені кішісіне ізет білдіріп, сыйластығы жарасып, мерейі тасыған мекен. Бірі малын жайлап, бірі бағын баптап, қоңырқай ғана ғұмыр кешуде. Еңбекке етене араласқан ауыл халқы атамекенге ат ізін сирек салғанымен, көгілдір экраннан күн сайын көретін атақты ауылдастарының амандығын тілейді. «Үшқоңырдан шыққан ауыл баласы Нұрсұлтан үш жүздің баласына басшы болып отыр» деседі олар көкіректерін мақтаныш кернеп. Олар елдің басы аман, бауырының бүтіндігі үшін Ел басшысының ғұмырлы болуына ниеттес. Елбасының атабабасы жерленген бейітінің басына зиярат еттік. Алыстан мұнартып Үшқоңыр «мықты болсаң, мен секілді қазақтың көшін бастар ұл тудыр» дегендей маңғаздана қалып барады. (Суреттер Елбасының мектепмұражайынан алынды)

Динара ІЗТІЛЕУ

Алматы облысы,

Қарасай ауданы,

Үшқоңыр ауылы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

2 Пікір

  1. Совет-Хан Ғаббасұлы.

    проф.Совет-Хан Ғаббасұлы.: 4 Шілде 2010 — 18:15
    Иә-ә, Тәуелсіздік оңай келген жоқ. Ғасырлар тереңінен сыр шертсек,”мың өліп, мың тірілгеніміз” рас! Енді осынау аңсаған тәуелсіздіктің 20-жылында біраз қателікте кетті, жетістікте бар.Мәселенің ең үлкені, ендігі жерде қалай боламыз ? Біздің ешбір елге ұқсамайтын ерекшелігіміз көп-ақ?! Жеріміз кең де, байлығы да мол. Халқымыз аз да, ұлт болып ұйымаған кемшілік, сан қырлы саламызда бадырайып тұр. Осы байлыққа қызыққан алпауыттар мақтап та, бөстіріп те өз мақсаттарын іске асырып жатыр.Беті ашық қазанды барлығы да жарыса жалауда?! Сатылған жермен де, сатылған Байқоңырмен де ойнап-ақ жүр. Өтірікпен өрекпіп, Елін алдаушы Басшыларға ес кірер емес. Мұның бәрін ғылыми сараптап қортындылап отырған зерттеу орталықтар да, сөздеріне сенетін ғалымдар да жоқ.Мінеки осының бәрі алаңдатады. Сондықтан “ел көсемі” атанған НҰРЕКЕҢ осылардың барлығына жауап берерлік жолын табар деген сенімдеміз. Халық болып күтуде…

  2. Индира Махашева

    Ұлттың ұлы т9л5алары туралы осындай ма0алалар к-птеп жарияланса

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.