Тарихи шешім қабылданған күн

1991 жылдың 28 тамызы Елбасының Жарлығымен Семей полигонының жабылған күні ретінде тарихқа енді. Қазақ даласына аждаһадай төнген ядролық сынақтар мәңгілікке тоқтатылды. Қазақстан осылайша ядролық қарусыздану бағытында ірі қадам жасады. Қазіргі таңда бұл шешімнің бейбіт әлем орнату жолындағы маңыздылығы саясаттанушылар мен сарапшылар арасында кеңінен талқыланып келе жатқаны мәлім.

Елбасы 2016 жылы БҰҰ мінберінен жария еткен «Әлем. ХХІ ғасыр» атты Манифестінде: «Қазақстан 25 жыл бұрын әлемде алғашқы болып Семей ядролық сынақ полигонын біржолата жапты. Бұл – әзірше әлемдік тәжірибедегі алғашқы және бірден-бір оқиға. Жас мемлекет КСРО ыдырағаннан кейін мұраға қалған атом қаруының әлемдегі төртінші әлеуетіне және оны жеткізу құралдарына иелік етуден өз еркімен бас тартты. Бұл шешім жетекші ядролық державаларды ядролық сынаққа мораторий жариялауға қозғау салды» деп атап өткен болатын.
Семей полигонына қатысты тарихи деректерге жүгінсек, сынақ алаңында жарылған атом бомбаларының жалпы саны 456-ға жетіп жығылады екен. Соның 116-сы жер бетінде не әуеде сыналыпты. Осы аралықта тәжірибе жасалған ядролық қарулардың қуаты 1945 жылы Жапонияның ­Хиросима қаласына тасталған атом бомбасынан 2,5 мың есе қуатты екені ойландырмай қоймасы анық. Семей топырағында атом бомбасы жарылғаннан 60 жыл өткен соң адамзат үшін маңызды қарарға қол қойылды. Біріккен Ұлттар Ұйымы 29 тамызды Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні ретінде жариялады. Бұл қарар Қазақстан тарапының бастамасымен ұсынылған болатын. БҰҰ Бас Ассамблеясы оны бірауыздан қабылдады. Қазақстан тарапының бұдан басқа жетістіктері ұшан-теңіз. Еліміздің бастамасымен «АТОМ» (Abolish testing. Our mission) жобасы іске қосылды. Осыдан екі жыл бұрын, Хиросима және Нагасакиде атом бомбасын сынақтан өткізудің 70 жылдығына орай, БҰҰ Ядролық қарудан азат әлем құрудың жалпыға ортақ декларациясын қабылдады. Маңызды құжат Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен ұсынылған болатын.
Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні қарсаңында Астанада ­Пагуош қозғалысының кезекті конференциясы өтті. Оған әлемнің елдерінің ғалымдары, қозғалыс белсенділері, БҰҰ өкілдері қатысты. Жиында ядролық қаруға қарсы күресте Қазақстанның ­бастамасы оң бағаланды. Сөз сөйлегендер елімізді әлемге үлгі болатын мемлекет деп мәлімдеді.
Иә, ядролық сынақтардың біздің еліміз бен жерімізге тигізген зардаптары аз емес. Ол айтылып та, жазылып та жүр. Бүгінгі міндет сонау 1991 жылдағы тарихи шешімнің мән-маңызын жан-жақты зерделей отырып, келешек ұрпақтардың мұндай қауіп-қатерлерге тап болмауына жол бермеу. Елбасы айтқандай, адамзатты ажал сепкен соғыс қатерінен мүлде арылту үшін қолымыздан келгеннің бәрін жасауымыз керек. Біз үшін қазір және таяу болашақта бұдан көкейкесті міндет жоқ.

Дәуіржан Төлебаев

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

3 Пікір

  1. Несіп

    Сол сынақтар қаншама қазақ тағдырына балта шапты. Қаншама қазақтың өмірін ойраңдады!

  2. Нүсіпбек

    Сынақтар ана мен бала өміріне орасан зор зиянын тигізді. Ұрпақты кемтар қылды.

  3. Жанат

    Тарихи шешім қабылданған күн қара халықты ядролық сынақ тұтқындығынан босатты деуге де болады.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.