ҚҰРБАН АЙТ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!

Ержан қажы МАЛҒАЖЫҰЛЫ, Қазақстан мұсылмандары діни   басқармасының төрағасы, Бас мүфти

Аса Қамқор, ерекше Мейірімді Алланың атымен бастаймын!
Құрметті бауырлар!
Баршамызды айтқа аман-есен жеткізген Алла Тағалаға сансыз шү­кірлер мен мақтаулар болсын!
Баршаңызды күллі мұсылман қауымы асыға күткен қасиетті, ұлық мереке – Құрбан айт мейрамымен құт­тықтаймын! Отбасыларыңызға амандық, мықты денсаулық, жұмыс­тарыңызға береке тілеймін.
Құрбан айт – Жаратушы Иеміз белгілеп берген екі мейрамның ұлығы, айтулы мереке. Халқымыз бұл мейрамға айрықша дайында­лып, көпшілікпен ерекше атап өтеді. Берекеге бастаған құрбан айт бірлік пен игілікке, мейірім мен кешірімге үндейді.
Айт – ағайынның ауызбіршілігін арттыра түсетін, мұсылман қауы­мын имандылыққа ұйытып, барша адамды қанағат пен тәубеге шақыра­тын ұлық мейрам. Айт күні адамдар құрбан шалумен ғана емес, ­сауапты, ізгі, қайырлы амалдарымен Раб­бысының разылығына, рақы­мы­на жа­қындай түседі. Өйткені араб тіліндегі «құрбан» сөзі «жақын болу», «жақындау» деген ұғымдарды білдіреді.
Қасиетті Құранда: «Ұмытпаңдар, олардың еті де, қаны да ешқашан Аллаға жетпейді. Оған жететін нәрсе – жүректеріңізге ұялаған тақуалық­тарың (шынайы ниеттерің)» («Хаж» сүресі, 37-аят) деп баяндалған.
Айт күндері қажылық парызын өтейтін күллі мұсылман баласы Жаратушыға жалбарына дұға жасап, құрбандық шалады. Қасиетті Мекке қаласында халқымыздың бірлігі мен берекесін тілеп жатқан отан­дастарымыздың да дұғасы, қажылығы қабыл болғай!
Қаржылық мүмкіндігі жоқ адамға құрбан шалу – міндет емес. Құрбан­дық еті ағайын-туыс, көрші-қолаң, тұрмысы төмен отбасыларына, жетім мен жесірлерге, мүгедектер мен науқас жандарға таратылады.
Құрбан айт күні ерте тұрып, ғұсыл құйынып, айт намазына қатысу – пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннеті.
Осы ретте еліміздің барша азаматын мүбәрак мейрамның құрметі үшін мүгедектерге, жетімдер мен же­сірлерге, қараусыз қалған қарттарға қайырымдылық жасауға шақырамын.
Алла Тағала дұға-тілектеріміз бен сауапты істерімізді және шалған құрбандықтарымызды қабыл еткей! Әмин!

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

3 Пікір

  1. Индира

    Қасиетті құрбан айт мерекесі баршамызға құтты болсын! Иманымыз күшейіп, ізгі амалдарымыз көбейсін.

  2. Мақсат

    Ауызбірлігіміз арта берсін. Айттан айтқа аман-есен жете берейік.

  3. Расул

    Дінімізге берік болйық, ағайын!

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.