Дара дарын, театр тарланы

Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында кино жəне театр майталманы, профессор Асанəлі Əшімовтің 80 жылдық мерейтойына арналған ғылыми-тəжірибелік конференция өтті.

Жиынды құттықтау сөзімен ашқан кадемия ректоры Бибігүл Нүсіпжанқызы конференцияның негізгі жаңалығы — Асанəлі Əшімовтің оқу-шығармашылық лабораториясының ашылуы екендігін айтты. Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, «Ғарыш мінезді жырлардың» авторы Нұрлан Оразалин, театр қайраткері Есмұхан Обаев ресми түрде лабораторияның тұсауын кесті.

Оқу бөлмесінің іші кең, Асанəлі ағаның суреттері сəнін келтіріп тұр. Қойылымдық сахна да, күйсандық та осында.Жеке кабинетке шолу жасаған соң, кездесу оқу театрында жалғасын тапты. Айтулы кездесуде естеліктер айтылып, əн де орындалды. Дүйім жұрттың қуанышына ортақтаса келген драматург Дулат Исабеков, Смағұл Елубай, ел мəдениетіне еңбегі сіңген қайраткер Пернебек Момынұлы, композитор Алтынбек Қоразбаев, «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп, «Алматы ақшамы» газетінің бас редакторы Қали Сəрсенбай жылы лебіз білдірсе, белгілі ақындар Жүрсін Ерман, Маралтай Райымбекұлы жыр шумақтарын оқыды. Өнер майталмандарының басын қосқан конференцияның тағы бір үлкен жаңалығы — журналист Қали Сəрсенбайдың құрастыруымен қазақ киносының шоқжұлдызы жайлы «АБЫЗ-АҢЫЗ» естеліктер жинағының жарық көруі. 

Академияның мəжіліс залында Асанəлі Əшімовтің жетекшілігімен «Актер өнері» мамандығының 4-курс студенттерінен құрылған «Орда» театрлық тобы «Арыстандар патшалығы» («Король Лев») аталатын пьесалық қойылымды сахналады. Бір сағатқа жуықтаған қойылым асқан шеберлікпен орындалып, жас актерлердің өнері көпшілікті таңдай қақтырды. Ұлағатты ұстаздан тəлім алған шəкірттер Асанəлі ағаға алғыс жаудырып, қойылым көрермен жүрегінен жол тапты. Рухани азыққа толы келелі кездесу соңында Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының атынан белгілі сəнгер Мүсілім Жұмағалиевтің қолынан шыққан қазақы шапан, өнер академиясының суретші ұл-қыздарының «Жайлау» атты туындысы табысталды. Сөз соңында, өмірі өнегеге айналған алаштың арда азаматы Асанəлі Əшімовтің деніне саулық, шығармашылығына шабыт тілеймін. Ұлт майталмандарының өнерін жастарға дəріптеуден жалықпайтын ұлттық өнер академиясында осы тектес жиындар легі толастамасына кəміл сенеміз!

                                                                                                                                Арай ЖҰМАТАЙ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.