Мәншүк оқыған мектеп

Биыл Алматы қаласындағы тарихы терең оқу ордасының бірі – Мәншүк Мәметова атындағы №28 лицейдің құрылғанына 85 жыл толуы өзі есімін иеленген батыр қыздың 95 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп отыр. Ару қаланың төрінде орын тепкен бұл мектепте батыр қыз 1931-1937 жылдары білім алған.

1941 жылы Алматыда 100-ші ұлттық атқыштар бригадасы жасақталып майданға аттанды. Құраманың ұлттық деп аталу себебі ол тұтас дерлік қазақ жастарынан құралған еді. Құрамында 4890 жауынгері бар бригаданы ұлы Жамбыл ақын өлеңмен шығарып салыпты. Ұлттық құраманың даңқты сарбаздары қатарында Қазақстанның Халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов, қоғам және мемлекет қайраткері Сұлтан Жиенбаев, Қазақ КСР-і оқу-ағарту ісінің үздігі, Ы.Алтынсарин медалінің иегері Бекбосын Кереев,  композитор Ысмағұл Көшекбаев сияқты бес мыңға жуық 1922 жылы туған қазақ жастары болды. Ортада жалғыз қазақ қызы, ол – Мәншүк.

1922 жылы Орал облысы Орда ауданында дүниеге келген Мәншүк 5 жасынан бастап әкесінің немере інісі, алғашқы қазақ зиялыларының бірі Ахмет Мәметов пен оның әйелі Әминаның қолында өседі. 1937 жылдың қуғын-сүргінінде ғылыми-зерттеу институтының директоры болған Ахмет Мәметов  қамауға алынды. Ахмет әйеліне айтқан соңғы сөзінде: «Менің Мәншүгімді ренжітпе, аман сақта» депті. 1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталғанда 18 жастағы Мәншүк соғысқа бару туралы шешім қабылдады. «Фашистерді жою үшін майданға жіберетін менің ағайым да, апайым да жоқ, сондықтан өзімді жіберіңіз», — деп жазады ол өтінішінде.

19 жасында майданға аттанған Мәншүк соғыстың бүкіл  қиындығын ерлермен бірдей бастан өткерді. 1943 жылдың 15-ші қазанында Псков облысындағы Невель қаласын жаудан босату үшін Изоча стансасындағы 173,7 биіктікте сұрапыл ұрыс  жүрді. Осы ұрыста қазақтың ержүрек пулеметші қызы 70 фашисті жер жастандырып, басына түскен мина жарықшағынан қаза тапты.  «Мәншүк өлді деген хабарды естігенде тірі қалған солдаттар тегіс жыладық, —  деп еске алған еді кезінде Әзілхан Нұршайықов. – Мәншүк ортамыздағы жалғыз гүліміз еді. Анамызды да, апамызды да, қарындасымызды да, сүйген жарымызды да біз сол арқылы көзімізге елестетуші едік». Әзаға зират басында тұрып, «Жан құрбы» деген өлеңін оқыған екен:

Сынған жоқ өлсең-дағы сенің сағың.

Өшкен жоқ, өрлей түсті жастық бағың.

Еске алып, аруағыңа бас иеміз,

Жан құрбым, торқа болсын топырағың, —

деп аяқталады өлең.

Невель қаласының  орталық әскери зиратында  Мәншүкпен қатар атақты мерген, снайперлік винтовкадан бір өзі 239 фашистің көзін жойған Ыбырайым Сүлейменов пен Әбілқайыр Баймолдин жерленген. Полктастарының айтуынша, ұрыс даласынан Мәншүкті 100-атқыштар бригадасының командирінің орынбасары Ә.Баймолдин қолына көтеріп алып шыққан және қаралы митингте қоштасу сөзін сөйлеген. Сол тұста Невель қаласының коменданты болған қазақ  батырының қолдауымен қала көшелеріне бірден М.Мәметова мен Ы.Сүлейменовтің аттары берілді. Ә.Баймолдиннің өзі 1944 жылы 4 қаңтарда Невель түбіндегі тағы бір ұрыста асқан ерлікпен көз жұмды.

Батыр қыздың ерлігін ұлықтау – №28 лицейдің оқу-тәрбие үдерісінің басты мақсаты болып табылады. Мәншүк есімі мектепке 1960 жылы берілді. Білім ошағында жыл сайын Мәншүктің туған күні  қарсаңында және Жеңіс мерекесіне орай соғыс ардагерлерімен кездесу дәстүрге айналған. Ал 2014  жылдың мамыр айында лицей оқушылары мен мұғалімдерінен құралған іздеушілер тобы Елбасы қорының қолдауымен Ресейдің Псков облысындағы Невель қаласына арнайы барып қайтты. Құрамында  үздік оқушылардан құралған «Ұлан» отрядының 5 мүшесі және 2 мұғалім бар топ Мәншүк қабіріне зиярат етіп, Невель қаласындағы Әскери Даңқ музейінде, №5 мектепте кездесулер өткізді.

 Жалпы Невель қаласы тұрғындарының Қазақстанға деген ықыласы ерекше екен. Ұлы Отан соғысының бар ауыртпалығын бастан кешкен бұл өлкеде фашист басқыншыларымен жан беріп жан алысқан сұрапыл ұрыстар жүрді. Он мыңдаған бейбіт тұрғын қаза тауып, қаншама деревнялар жер бетінен жойылып кетті. Невель ауданында 69 әскери зират бар екендігінің өзі-ақ мұндағы соғыстың алапат ауқымын көрсетеді.

Қаладағы  орталық көше Мәншүк атында, басты ғимараттардың барлығы осы көшеде орналасқан. Невельдіктерге өздерінің ескерткіш сыйлықтарын табыс еткен лицейліктер Мәншүк қаза тапқан жерлерден алынған қол пулеметінің және ППШ автоматының дискілерін, солдат каскасын алып қайтты. Олар мектеп музейінің құнды жәдігерлер қатарын толықтырды.

Невельге сапардың тебіреніске толы сәттерінің бірі М.Мәметова ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі кезінде болды. «Ұлан» әскери отрядының  жас жауынгерлері ескерткіш алдында төрт сағат бойы нағыз әскерлерше құрметті қарауылда тұрды. Гүл қою рәсімі де әскери тәртіппен өткізілді. Сапар кезінде лицейліктер Мәншүк қаза тапқан Заиванье даласын көзбен көріп қайтты. Осылайша, отаншылдықты ұлықтаған сапар  М.Мәметова атындағы №28 лицей тарихындағы үлкен оқиға болды.

Осы ретте лицейдегі М.Мәметова атындағы Әскери Даңқ музейі туралы айта кеткен жөн. Бұл музейдің республикалық дәрежесі бар және мұндағы экспонаттардың басым көпшілігі түпнұсқа болып табылады. 1978 жылы құрылған музей қызметінің басты міндеті – Қазақстан тарихы, туған  қаламыз бен мектеп тарихын зерделеу арқылы оқушылардың бойында Отанға, туған жерге деген сүйіспеншілік сезімін қалыптастыру. Мұнда Мәншүк отырған мектеп партасы, оның қаза тапқан жерінен әкелінген  топырақ аса құнды жәдігер ретінде көздің қарашығындай сақталады.

Жалпы музей қорында мыңға тарта заттар бар: майдан хаттары, оқ-дәрілер, фотосуреттер, ресми құжаттар, әскери киімдер. Соғыс жылдары мектеп директоры Г.Ф. Званцев бастаған 120 оқушы және 20 ұстаз майданға аттанған. Көрсеткен ерлігі үшін үш түлек Кеңес Одағының Батыры атағын иеленген, олар: Мәншүк Мәметова, Владимир Засядко, Владимир Бреусов.

Қазір арамызда жүрген 100-атқыштар бригадасының ардагерлері С.Жиенбаев, Б.Кереев, Ә.Ғизат, Ы.Долбин және Мәншүктің сіңлісі Айман Мәметова әрдайым осы лицейдің құрметті қонақтары. Тарихтың көзі тірі куәгерлері қандай құрметке болсын лайық екені анық. Оқушылармен кездесуде полктастар Мәншүк жайлы әңгімелеп, оның соңғы сағаттарын  тебірене еске алады. Мәншүкті еске алу – олар үшін жастық шағын еске алу. Олардың әрқайсысы үшін Мәншүк ең бір аяулы есім.

Ол небары 21 жасында, сұм соғыста Отан үшін қаза тапты. Бірақ, миллиондардың аузында аты, қазақ деген халықтың жүрегінде есімі мәңгілікке сақталып қалды. Сондықтан да Мәншүк атындағы мектеп-лицейде оқып жүрген балалар Мәншүк есімін ардақ тұтады, аялайды. Батыр ағаларымыз бен апаларымыздың абырой-атағына сай отаншылдық өнегесін үлгі тұтады. Отан соғысының жалыны шарпыған, өмірін қиған аталарымыз бен апаларымыздың ерлігін жадында сақтап, олар алып берген Жеңістің, бейбіт өмірдің бағасын, туған жердің қадірін білетін ұрпақ барда Ұлы ерлік ешқашан ұмытылмайды.

Ләззат Үсенжанова,М.Мәметова атындағы №28 мектеп-лицей директорының орынбасары

Алматы қаласы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.