Әскери білім тәжірибемен ұштасса…

«Ана тілі» газетінің №41 (1403) 12-18 қазан, 2017 ж.) нөмірінде журналист Бағдагүл Балаубаеваның «Жастарымыз әскерге дайын ба?» атты сараптамалық мақаласы шықты.

Мақаланы оқып отырып, күн­делікті өзім куә болып жүрген талай жайларға қанықтым. Біздің бұқаралық ақпарат құралдарында, әсіресе телеарналардағы жаңалықтарда, өкінішке қарай, әскери қызметтің жағымсыз тұстарын көбірек айтып, ақпарат таратып жатады. Мұны көрген ата-аналар, біреудің жалғыз ұлы болуы да мүмкін, әскер десе ат-тонын ала қашады. Жалғызының аман-саулығын тілеп, тілеуін тілейді. Әскерге жіберуге қорқып, қарсылық танытады.
Баласының амандығын ойлап уайым­дайтын мұндай ата-аналарға айтарым, әскер қатарында балаңыз балалықтан өтіп, нағыз жігіт мінезді тұлға болуға қадам басады. Тек, үйдегі баланы «бесіктегі жасынан» бастап, «Алдараспандағы» кейіпкер сияқты «күтике-мүтике… папасының баласы, қызы» деп, орынды-орынсыз еркелете бермей, өзіңіз жүріс-тұрысыңыз арқылы ересек болуға тәрбиелеуге міндеттісіз. Бастапқы қалып, тәрбие дұрыс болса, арғы жағы әрине, мектепке, қандай сынып жетекшіге кез болады, соған да байланысты.
Бауыржан Момышұлының «Соғыс психологиясы» деректі повесі қазіргі жастар үшін мектептер мен орта кәсіби білім беретін оқу орындарына таптырмайтын оқу құралы. Бір өкініштісі, мақалада айтылғандай, мектептерде оқыту-үйрету базасы жақсы жолға қойылмаған. Оған өзім көзіммен көріп, жағдайларға қанық болған азамат ретінде айтып отырмын.
Бірнеше жыл бұрын Алматы қаласындағы колледждің бірінде қол гранатасы жарылып арты келеңсіз жағдайларға апарғаны көпшіліктің есінде болар. Бұған айыпты деп танылғандар жұмысынан шеттетілді, кейбіреулері сотты да болды. Артынан алғашқы әскери дайындық пәніне практикалық мақсатта қолданылатын «құралдар мен оқулық қарулар» қалалық әкімдіктің арнайы бұйрығымен түгел тәркіленді. Нәтижесінде көбінесе мектептерде, тіпті қарапайым құралдар мен оқулық қарудың макеті де жоқ. Міне, өзіңіз ойлап, салмақтап көріңіз, мақаладағы әскери киімді жас жігіттің айтып отырғаны орынды. Бастысы, бүгінде тиісті білімнің алғашқы әскери дайындықтағы бағдарлама бойынша тәжірибемен ұштастырылмайтынында. Бұл мәселенің бәрі «айта-айта жауыр болған» жағдайлар.
Салыстырмалы түрде айтар болсақ, орыстілді мектептерде мұндай мәселелер жақсы деңгейде шешілген. Ал көп жағдайда өз тілімізде білім беретін мектептердегі мұғалімдер жүрексінеді, ойларын ашық айта алмайды, бір сыбысты сыртқа шығармай, жетекке еріп, еш қарсылықсыз жүре береді. Бұл мәселені БАҚ-та жиі көтеріп, әскери қызметтің Отан қорғаудағы маңыздылығын насихаттау – қоғамның міндеті.

О.Жүнісов

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. Асилов Тоқтасын

    Оқушыларға патриоттық тәрбие беру әр әскери жетекші ның парызы деп ойлаймын

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.