Емле ережесі – сауаттылық кепілі

Сейдін БИЗАҚОВ,
филология ғылымының
докторы, профессор

Ана тілімізді көркейтудің тағы бір маңызды тәсілі біріккен сөздердің емлесін ұштай түсумен байланысты. Өйткені қазақ тілін үйренуде орыстілділерге ыңғайсыздық тудырып отырған осы аталған тұсы мемлекеттік тілді құрмет тұтқызуға кедергі келтіруде. Ана тіліміздің лексикалық құрамының атауыш сөзбен және одан туындайтын сөз тұлғаларымен молығып, стильдік құрылымының дами түсуі біріккен сөздерді ретке келтірген, біріздендірген күйінде қатарын кемітпей, қолданысқа енгізумен де байланысты. Мұнда тағы бір шешімін таппай жүрген мәселеге баса көңіл бөлгеніміз жөн. Біріккен сөздердің табиғи дұрыс айтылуын сақтап, қатаң дауыссыз дыбысты ассимиляциялық үндестік заңына сәйкес ұяңдатып, дыбыстық жағынан қиюластырып жазу өзекті мәселеге айналып отыр. Белгілі бір жүйені сақтап: қолғап, кезгелген, киізғап, күнгөру, көзғарас, кемпірғосақ, бірғатар, өнергәсіп, әргім, кәсіводақ, әлдегім, әлдеғайдан, әлдеғашан, әрғалай, біргелкі, әлдеғандай, неғып, әлдеғалай, әрғашан деп, басқа да біріккен сөздерді түзетіп, айтылу әуезділігін бұзбай жазсақ, сауаттылық артып әрі дыбыс үндестігін сақтап сөйлеуге дағдыландыратын емледегі оңтайлы өзгеріс болар еді. 

Біріккен және тіркес күйіндегі сөздердің қатар қолданылатыны да кездеседі. Мысалы, білдірер мағыналық өзгешелігін ескеріп, біргүні мен бір күні сөздерін ажыратып жазу тиімді. Біргүнінің орысшасы «однажды». Мысалы, «біргүні мынандай оқиға болды» дейміз. Ал «оның бір күні көлік тосумен өтті» десек, синтаксистік тіркестің білдірер мағынасы мүлдем басқаша.
Тіліміздің морфологиялық құрылымын жетілдіре түсуде де туыс тілдер тәжірибесін ескеріп, тиімдісін кәдеге жарату ұтымды болмақ. Мағыналық дербестігі жоқ «алу» сөзі туыс тілдерде біріккен сөздің қосымшасы. Орыстілді оқырманның кейде неге «қарсы», нені «алады» деп сұрайтыны бар. Егер бұл сөзді тіркес түрінде емес, «қарсалды» деп біріктіріп жазсақ, мәселе өз шешімін табар еді.
Сөйлемдегі сөздердің бір–бірімен ыңғайласып келуін сақтап, өзара үйлесімін бұзбай дыбыстаудың тиімді тұстарын емледе пайдалану дұрыс сөйлеу дағдысының қалыптасуын көп жеңілдетумен қоса тілді стильдік, лексикалық тұрғыдан да жетілдіре түсер еді. Осы тұрғыдан «жақсы көреді» тіркесіне екі басқа мағына үстемелеп қолдану (көз жанары әрі ұнату) тіл үйретуді қиындататынын әрі ыңғайсыздық тудыратынын тәжірибеден байқап жүрдік. Ең өкініштісі, оқырмандар ынтасын арттырмайды. Сырт көз – сыншыл. Осы кем-кетіктің орнын толтыру мақсатымен, көзі жақсы көреді, алыстан жақсы көреді, түнде жақсы көреді деген әр сыңарының мағыналық дербестігі бар синтаксистік тіркестен ажыратып, фонетикалық принципті ұстанып, анамды жақсыгөрем, ұлыңызды жақсыгөресіз, шәкіртін жақсыгөреді, ұстазымды жақсыгөрем, театрды жақсыгөрем деп біріккен тұлғасын ұсынсақ, әдеби тіліміз үшін анағұрлым тиімді болар еді. Өйткені «жақсыгөрді» сөз тіркесі емес, біріккен сөздің мағынасын білдіреді. Сонда ғана жақсы көресіз бе, жақсыгөресіз бе? дегенді ешбір қосымша анықтамасыз, мәнмәтінсіз-ақ ажырата алады.
Қорыта келгенде, біріккен сөздерді бірыңғай жүйені сақтап, үндесім мен үйлесім заңдылығына сәйкестендіріп, фонетикалық ұстаным бойынша жазу орфография мен орфоэпиялық норманы тиянақтандырып, одан ауытқуға жол бермей, оқырманды шатастырмай, дыбыс үндестігін сақтап айтуға жастарды дағдыландырып, сауаттылықты арттыруды жеңілдете түсер еді. Сол арқылы басқа ұлт оқырмандарына да тілімізді құрмет тұтқыза алар едік.
Кіріккен сөздерді түгелдей қолданысқа енгізейік. Біріккен сөздерге, олардың орфографиясына қатысты әр алуан пікір болғанмен, о бастағы сөз тіркесі нұсқасынан түбірінен өзгеріске түскен кіріккен сөздер – ешбір күмән тудырмайтын басы ашық атауыш сөз тұлғасы.Олар – сөздік құрамды еселеп молықтыра түсетін аталымдар. Кіріккен сөз – ана тіліміздің фонетикалық, лексикалық әрі морфологиялық құрылымының, бүкіл тіл жүйесінің одан әрі дами, жетіле түсуін айғақтайтын тілдегі ең маңызды оңтайлы өзгеріс. Осыны ескеріп, қайсыбір кіріккен тұлғаларды жергілікті ерекшелікке немесе ауызекі сөйлеу тіліне жатқызбай, бәрін дерлік түгелдей әдеби тіл өлшеміне жатқызып, қолданысқа енгізуіміз қай жағынан алсақ та тиімді.Тілдің дамып, жетілуін айғақтайтын ең оңтайлы тәсіліне жататын кіріккен сөздер тіл тарихының өне бойында ұдайы қалыптасып отырды. Олардың қайсыбір сыңарларының аражігі сақталмай, ажыратуға келмейтіндіктен кіріккен сөз ретінде танылмай кеткені де аз емес. Мысалы: былтыр, биыл, қарлығаш, сексен, тоқсан, ағайын, білезік, бүгін, қызғыш, қарақат, отағасы, баратын, келетін, бірдеме секілді сөз тіркесінің ықшамдала түсіп, кіріккен атауыш сөзге айналғаны қазіргі таңда аңғарыла бермейді. Өкінішке орай, кіріккен сөз бен сөз тіркесі жарыса қолданылмай, бірін ғана әдеби тіл нормасына жатқызу керек болған жағдайда морфологиялық тұрғыдан неғұрлым жетілген, оңтайлы сөз формасы ретінде кіріккен сөз тұлғасын таңдаудың тиімді екенін ескерусіз қалдырған кезіміз аз болмай отыр. Атап айтқанда мағыналық дербестігі жоқ «жатыр» сөзінің күнделікті басылымда жиі қолданылуы қазақ тілін үйренуге ыңғайсыздық тудырып, тілімізді құрмет тұтқызуға бәрінен де көбірек кедергі келтіруде.«Біз деген шынында да жалқау халықпыз ғой. Себебі не айтсақ та «жатырмыз» деген сөзді қосып айтпасақ, ішкен асымыз бойымызға тарамайды. Мәселен, «мал бағып жатырмыз», «жұмыс істеп жатырмыз», «отын жарып жатырмыз». Көрдіңіз бе, тіпті отынды да жатып алып жарамыз. Жалқаулықтың бұдан асқан үлгісі бар ма екен, сірә», – деген екен бір редактор («Өркен, №12, 12 1992). Әзілде де шындық бар демекші, мағыналық дербестігі жоқ сөздің сөйлемде көптеп қолданылуы тілімізді көркейте алмайтыны анық. Бір қаламдасым түркі тілін зерттеп жүрген Дания елінен келген ғалымның: «Ұйықтап жатыр» дегенді түсінуге болады. Ал неліктен «бара жатыр», «келе жатыр».Жүріп келе ме, әлде жатыр ма?» деп таңдана сұрай бергенін еске алады. Сөйлеу тілінде бұл сөздің үш нұсқасы айтылады: келе жатыр/келеятыр/келатыр, бара жатыр/бараятыр/баратыр. Ең тиімдісі – бұл сөздің тілімізде айтылып жүрген кіріккен екінші я үшінші нұсқасын орнықтыру.Тіл өзінің дамып жетілу барысында мағыналық дербестігі жоқ сөз тұлғаларынан арылуға тырысып отырған.
Белгілі бір жүйені, реттілікті сақтап, кіріктіріп жазуға келетін сөздер тілімізде әлі де болса жеткілікті. Мәселен, айтып/ап, алып/ап, едім/ем, едің/ең, едік/ек, келіп/геп, қалып/қап, болып/боп, салып/сап, уақыт/уақ, қылып/қып варианттарының соңғы нұсқасының сөз тұлғасының ықшамдалу барысында кіріккен сөздің қосымшасына айналғанын ескерусіз қалдырып келдік. Мысалы, беремін девап, шақырывап, таңдавап, көрівап, күтівем, естівем, барывең, білгімгеп, сұрағыңгеп, тұрағап, отырағап, ойланыпқап, кешігіпқап, айтасап, көресап, келесап, кіресап, көргенбоп, түсінгенбоп,неғып, жәрдемғып, таңывапты, әңгімеғып, ендігеп секілді кіріккен сөздердің аражігін ашып, сөз тіркесі түрінде жазғанымыз тиімді емес.Мағыналық дербестігі жоқ сөздердің ішіндегі тек қазақ тілінде ғана айтылатын «жатыр» сөзі көршілес туыс халықтар тілінде кіріккен сөздің қосымшасына айналса, «алды» сөзі біріккен сөздің қосымшасы түрінде жазылады. Біз де ең бірінші кезекте осы екі сөздің емлесін оңтайлы етіп, бір жүйеге келтірсек, тілімізді елеулі түрде көркейте, жетілдіре түсуге қатысты өзекті мәселе өз шешімін табар еді.
Лексикалық қателіктерді түзетудің оңтайлы тәсілдері. Тіліміздегі сөз санын кемітудің бір түріне туынды сөздерді дұрыс қолданбау жатады. Қазіргі күнге дейін қазақ тілі мен әдебиеті оқулықтарының өзінде де туды – туылды секілді екі түрлі мағынаны білдіретін сөздің алдыңғысы ғана қолданылып келеді. «Туылды» сөзін қолданбау орыстілділердің қазақ тілін үйренуінде ыңғайсыздық тудырады. Орысша білім алған өз балаларымыз осыған да бола мысқылдай ма екен? Адам өзін-өзі тумайды ғой. Біздің бәрімізді өз шешелеріміз туды емес пе? Ер адамды туды деуіміз қалай?» – деген секілді сұрақтар ойға келетін шығар. Мұндай жолмен тілімізді байыта, көркейте түсу былай тұрсын, керісінше, оны кері кетіріп аларымыз айдан анық. «Мені туған анадан сен де туылған едің ғой» (Ә.Әбішев) дегенде екі сөз қатар қолданылып, жарасымдылығын тауып тұр емес пе? Қазақтілінің морфология-лық құрылымына сай айтылған «туылған» атауы талас пікір тудыратындай жеке қаламгердің ойдан қиыстырған жасанды сөзі емес. Екіншіден, бұл сөз орыс тіліне орай желу салдарынан калька түрінде аударылған грамматикалық нормаға үйлеспейтін қолданым емес. Үшіншіден, «туылды» тұлғасы әдеби тілдегі басқа аталымның мотивсіз нұсқасына да жаппайды. Төртіншіден, бұл талас пікір тудыратындай басқа тілден ауысқан сөз емес, қазақ тілінің төл атауы. Біздің айтпағымыз, «туылды» сөзі, белгілі қаламгер Бекболат Әдетовтің айтқанындай «былжыраған сөз» емес, «шалажансар сөз» емес, «тілімізді шұбарландыратын сөз» емес, «індет тудыратын да сөз» емес. Өстіп те газетке мақала жаза ма? «Туылды» сөзін қолданысқа енгізбеу еш қисынға келмейді. «Сүтке сүт қосылса – сүмесін, сөзге сөз қосылса – демесін» дегендей күнделікті қолданыста өз орны бар «туылды» сөзін күресінге тастап, оны өз алдына айқын мағынасы бар «туды» сөзімен ауыс­тырып, керағар екі мағынасы бар сөзге телігенде не береке табамыз?
Кірме сөздердің емлесін тиянақтайық. Ауыс-түйіссіз тіл болмайды дейміз. Кез келген басқа тілдер сияқты қазақ тілі де өзге тілдік элементтерді қолдану арқылы өрісін кеңейтіп отырған. Орфографияға қатысты мәселеде орыс тілі арқылы енген сөздерге тоқталмай кете алмаймыз. Авторлардың ендігі бір тобының атап өткеніндей, қалыптасқан үрдісті бұзып, үйреншікті қалыптан шығып, бірізділікті мансұқ етіп, орыс тілі арқылы енген сөздерді бұрмалап жазу салдарынан бей-берекеттікке жол берудеміз. Сауатсыз егде жастағылардың сөйлеу тіліндегі сөз нұсқаларын әдеби тіл нормасына айналдыру сөздің естілімін жағымсыз етумен қоса, сауаттылықты да қиындатып, оқушылар сауаттылығын кері кетіретінін мұғалімдер байқап жүр. Қала балаларын айтпағанның өзінде қаймағы бұзылмаған алыстағы қазақ аулының балаларына да 70 жыл бой жазып, қалыптасып кеткен сөздерді бұрмалап: кәстөм, пәлте, шәкіл (шкала), мәйкі, кәлөш, бәнкі, зауыт, еуропа, тауар, мәшине, кәмпеске деп айтқыза алмай жүргенін олар алға тартады.
Орыс сөздерінің дыбыстық өзгеріске ұшырап жазылуының ұтымды тұстары жоқ емес. Айталық, телефонмен хабарласу мағынасын білдіретін звонить ету/звондау/звандау жарыспа тұлғаларының айтуға әрі әр алуан сөз тудыруға қолайлысы, күнделікті жиі еститініміз – соңғысы. Күнделікті жиі айтатын «званда» түбірінен званда+у+шы+лық, званда+т+у, званда+ған+с+у, званда+с+у түрінде оннан аса сөз тұлғалары туындайды. Тұлғалық дербестігі жоқ сын есіммен (асқақ үнді, зор үнді), есімшемен (қонысынан ауған, түс ауған кез), ортақ етіспен (шөп орыс, жоңышқа орыс, астық орыс, бидай орыс) омонимдік қатар түзейтін, әрі айтылуы тым қарабайыр үнді, ауған, орыс сөз формасын әдеби өлшемге жатқызғаннан ұтылмасақ, ұтпаймыз. Оғыз, қарлұқ, қыпшақ тобындағы түркілер түгелдей, соның ішінде қарақалпақ пен ноғайлар да рус атауын әдеби тіл нормасына жатқызады. Тек қазақтар ғана орыс ­атауын қолданады. Туыс тілдерден алшақтау тиімді емес. Балама атаулар арқылы да күнделікті қолданыстағы тілдің лексикалық қоры балама атаулар арқылы да молығып, кемелденіп отырмақ. Балама атауларды берудегі көздеген мақсатымыз, біріншіден, ана тіліміздің сөздік құрамын жаңа аталымдармен молықтыра түсу. Екіншіден, бұрындары білдірер мағынасы сөз тіркесімен ғана беріліп келген сипаттама түріндегі аталымдарды жеке атауыш сөз тұлғасымен алмастырып, олардан өрбіген туынды сөздерді көрсету де тілімізді кемелдендіре түспек. Үшіншіден, жаңа атауыш сөздерді іздестіру арқылы орыс тілі арқылы енген сөздердің ұтымды баламасын табудың сәті түспек.
Тәуелсіздік алған алғашқы жылдарда біздің елде де термин жасауда пуризмге негізделген псевдопатриотизм белең алып, терминдерді жаппай қазақшалаудың салдарынан түсініксіздік тудырған жәйттер аз болмады. Мемлекеттік терминком бекіткен сөздердің қайта қарауды қажет ететіндері аз болмай отыр.
Үшіншіден, негізгі ұғымнан алшақтау тұрған атауды балама ретінде тықпалау кездесіп жүр. Атап айтқанда, проспектіні – даңғыл деп, жеке–дара мағыналық та, тұлғалық та сонылығы жоқ сөзбен аударып, көше атауларына жазып та үлгердік. Проспект – үлкен қаланың ұзын да түзу, кең көшесі болса, даңғыл сөзінің қазақ ұғымындағы тура мағынасы – тапталып тегістелген, кедергісіз сара жол.
Проспект, даңғыл секілді екі бөлек ұғымның бірін ғана қалдыру – тілімізді ұстарта жетілдірудің орнына жұтаң­датқандық болар еді. Ардагер, ветеран сөздерінің де мағыналық жақындығы жоқ. Халқымыз кейде өзінің өнерімен‚ сал-серілігімен зор беделге ие болған абзал азаматтарын да осылай ардагер деп атайтын. «Арқаның ардагері Ақансері» дейтін өлең жолынан‚ мысалы‚ осындай ой туады. Демек‚ ветеран – қартайған кісі. Ал ардагер атану үшін кәрі болу шарт емес. Жалпы айтқанда‚ ветеран орыс тіліне де сырттан енген сөз екен. Егер оған қайткенде де балама табу керек болса‚ туыс тілдерден іздестіріп көрген жөн секілді. Ана тіліміздің сөздік құрамындағы сөз санын азайтпау мақсатымен мұхарир (ветеран войны), жадде (проспект), емеклі (ветеран), дәремет (спонсор) секілді аталымдарды қолдану да осы айтылған тұрғыда тиімді болмақ.
Туыс тілдер арақатынасының маңыз­дылығына мән берейік. Шынтуайттап келгенде, туыс тілдер сөздігіне зер салмай, ондағы бізге де жарамды, ұтымды баламаларды қолданысқа енгізбей, орыс тілінен ауысқан қыруар сөздерді сол қалпында еш өзгеріссіз алып, қаншама жыл шалағайлық таныттық. Тілімізге дәл балама сөз табылмай, аудару қиындық тудырып жүрген тұстарда туыс тілдерден сәтті аталымдар іздестіру де көп ретте оң шешімін беретініне көзіміз жетті.
Мына төмендегі сөздер де орыс тілінен енген атаулардың сәтті баламасы болар еді: дефне (лавр), допор (старт), донан (флот), дөвиз (валюта), дүрім (ситуация), жаллад (палач), жамша (бокал), жидді (серьезно), жұмхұрият (республика), зағыт (давление), зиярет (визит), ефсана (миф), ижад (творчество), игдисат (экономика), илхақ (аннекция), истинтаг (допрос), ихражат (экспорт), итхал (импорт), июқ (награда), кантин (ресторан), кәлам (речь), кәрхана (мастерская), кентал (центнер), кефалат (облигация), клима (кондиционер), котаз (буйвол), лахана (капуста), латания (пальма), латифа (анекдот), мәркізі (орталық комитет), мимар (архитектор), мәғаш (пенсия), мұхабир (корреспондент), мұхам (адвокат), мұхаррир (редактор), назарият (теория), низам (конституция), нәзір (министр), раис – төраға (председатель), рә (өте–мөте), мархан (ломбард), расытхана (обсерватория), рессам (сурет), сағана (гробница), санаят (өнеркәсіп),арзыла (хотеть), ашауыз (вилка), әдуа (инфекция), әсәсі (фундаменті), балина (кит), баят (несвежий), бәра (засада), бәрбат (арфа), бонақ (аванс), бодрым (подвал), гар (вокзал), автогар (автовокзал), акар (недвижимость), ғүң (глухонемой), бәдәви (первобытный), бертек (вывих), вализ (чемодан), вардия (вахта), виран (трущеба), гая (идеал), гези (экскурсия), дәзмал (үтік), етираз (возражение).
Қорыта келгенде айтарымыз орфографиялық сөздіктің 6-басылымына қатысты «алдыңғы сөздікті ешбір өзгеріссіз көшіре салған сөздік» деген сын пікір айтылған еді. 2013 жылы сөздік те орфографиялық сөздіктің 6-басылымын еш өзгеріссіз қайталап басқан. Тек сөздіктің көлемін ұлғайтқан. Соны ескеріп А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты үш дүркін өткзіген дөңгелек үстелдің жұмыс қорытындысы негізінде жазғанымызды ой елегінен өткізіп, сараптау комитеті мүшелерімен келісе отырып, емлені ұштай түсіп, тілімізді көркейте түсетін орфографиялық сөзіктің жаңа басылымын шығарып, соны басшылыққа алуын баспа орындарына міндеттеуді жоспарлап отыр. Сондағы мақсат – мемлекеттік тілді құрмет тұтқызып, қолдану аясын кеңейтіп, ұзаққа созбай тұғырына қондыру.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

4 Пікір

  1. Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.

    «Қорыта келгенде айтарымыз орфографиялық сөздіктің 6-басылымына қатысты «алдыңғы сөздікті ешбір өзгеріссіз көшіре салған сөздік» деген сын пікір айтылған еді. 2013 жылы сөздік те орфографиялық сөздіктің 6-басылымын еш өзгеріссіз қайталап басқан. Тек сөздіктің көлемін ұлғайтқан….»
    Ең идиал сөздік —- Қайта — қайта өзгертілуі қажетсіз сөздік. Сөздік құрастырғанда алдыңғы басылымды мүмкіндігінше өзгертпеу керек, тұрақтылыққа нұқсан тимеуі шарт. дұрыстамаса болмайтын жерлерін ғана дұрымтап өзгерту керек.

  2. Аноним

    Менің пікірім бұл жерде мен емленің ережесін сұрап тұрмың ал бұл болса не деп тұр
    Маған осыған емілеге жауап керек
    Негізінде қазіргі заманда интернет деген бар ғой
    Неге бұлай деп айтады
    Дұрыс емес
    Болмайды
    Онлайн, интернет, гугл,итуб,т.б. барғой
    Ондай болса неге ашылды бұл деген
    Айттым болды үзілді де кесілді
    Мені жынды деп ойламаңыздар мен
    Тек өз пікірімді айтып отырмын☺☺☺😇😇😇

  3. Аноним

    Мен
    Қасым
    Айтып
    Қожайын
    😂😂😂
    😄😄😄
    😃😃😃
    😁😁😁

  4. ♡♡♡

    Емленің ережесін неге жазбайсыздар?

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.