Өнердегі елеулі есім

Жүсіпбек Елебеков атындағы республикалық эстрада-цирк кол­леджі ұжымының ұйымдастыруымен М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында қазақтың ұлттық эстрада өнерінің көрнекті қайраткері, қазақ топырағынан шыққан тұңғыш көркемсөз шебері, Қазақ КСР-нің Халық артисі Гүлжиһан Ғалиеваның 100 жылдық мерейтойына арналған «Қазақтың қайсар қызы, Гүлжиһан» атты мерекелік кеш өтті.

ҚР Мәдениет және спорт министр­лігінің жауапты хатшысы Қуатжан Уәлиев, П.Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжінің директоры Біржан Хасанғалиев, А.Селезнев атындағы Хореография колледжінің директоры Ая Жәкенқызы және О.Таңсықбаев атындағы сәндік қолданбалы өнер колледжінің директоры Сейітқали Шалабаев құттықтау сөз сөйледі.
Кеш барысында «Гүлжиһан Ғалиева» атты кітаптың тұсауы кесіліп, деректі фильм көрсетілді. Қазақ циркінің директоры әрі көркемдік жетекшісі Бақыт Бөкебаев Гүлжиһан Ғалиеваның өмірі мен шығармашылығы туралы баяндама жасады.
Эстрада-цирк колледжінде Гүл­жиһан Ғалиеваның өмірі мен қай­таланбас мол рухани мұрасын жас ұрпаққа дәріптеу мақсатында өнер колледждері студенттері арасында IІ Халықаралық көркемсөз шеберлері байқауы өткізілген болатын. Осы байқаудың бас жүлде иегері «Актер» бөлімінің 3-курс студенті Әсет Камила Гүлжиһан Ғалиеваның монологын оқыды. Г.Ғалиеваның шәкірттері ҚР Халық артистері Қажыбек Бекбосынов, Қапаш Құлышова және ҚР еңбек сіңірген артисі Рамазан Стамғазиев, «Халық» бөлімінің 3-курс студенті Айдана Асанбаева халық әндері мен қазақ композиторларының әндерінен шашу шашты.
Эстрада-цирк колледжінің «Хореография» бөлімінің студенттері «Шашу» биін тарту етсе, «Халық» бөлімінің ұстаздары Нұрлан Түменбаев, Айсарбек Акияшев және колледж студенттері Тоқан Қайрат, Назерке Нұржанқызы, Жұмаділ Серікболұлы халық күйлері мен қазақ композиторларының шығармаларынан «Күй тартыс» орындады. «Қуыршақ театры артисі» мамандығының студенттері де өнерлерімен тамсандырды.
Сонымен қатар колледж ұстазы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Сәкен Майғазиев «Асыл ана», Гүлжиһан Ғалиеваның шәкірті, ҚР Халық артисі Сара Тыныштығұлова «Ұстазым» әндерімен және ҚР еңбек сіңірген қай­рат­кері Бейімбет Демеуовтың дирижерлығымен «Жеке ән салу» бөлімінің студенттер хоры «Туған ел» әнімен көрермендерді тәнті етті. «Актер» бөлімінің студенттері көркем сөз оқыса, Нұрлан Байкөзовтің жетекшілігімен студенттерден құралған «Этно-эстрадалық оркестрі» «Айттым сәлем, Қаламқас», «Өз елім» әндерін сүйемелдеді.
Мерекелік кештің соңында Эстрада-цирк колледжінің директоры Дәлел Уашев концертті тамашалаған қонақтарға және қолдау көрсетіп атсалысқан азаматтарға алғысын білдірді.

Сая ЖАҚАНОВА,
Ж.Елебеков атындағы
республикалық эстрада-цирк колледжінің оқытушысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.