БАҚ нарығын дамыту және уақытпен үндесу

Отандық БАҚ-ты дамыту мәселелері Алматыда өткен «Медиа-нарық: жүйелі өзгерістер мен жаңа көзқарастар белесі» атты X Mедиа-құрылтайда кеңінен сөз болды. Аталған жиында БАҚ нарығын дамытудың өзекті мәселелеріне байланысты белгілі журналистер мен блогерлер, сарапшы мамандар пікір алмасты. 

Пікір алмасу барысында БАҚ нарығын дамыту бойынша бірқатар маңызды ұсыныстар ортаға салынды. Қазақстан баспасөз клубы ұйымдас­тырған алқалы жиынға Ақ­парат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев қатысып, журналистердің сауалдарына жауап берді. ҚР-ның БАҚ туралы заңнама­сы­ндағы өзгерістерге сәйкес, ресми сауалға мемлекеттік органдар 15 күн ішінде жауап беруіне болады. Ал ресми айтылған мәлімдемеге қатысты түсініктеме 2 күннің ішінде дайын болуы тиіс. «Соңғы 2-3 жылда министрлікке түсетін сауалдардың саны 75%-ға артты. Бұл өте көп. Ол үшін министрлік қызметкерлері тәулік бойы БАҚ сұрақтарына жауап берумен айналысуы керек. Сауал мерзімін ұзарту арқылы сапалы және толық жауап алуға болады» деді министр. Егер жауап белгіленген мерзім ішінде берілмесе, сотқа жүгінген жөн. «Заңға түзетулер жан-жақты қарастырылып жатыр. Мемлекеттік органдар, ҮЕҰ бірігіп талқылады. Қазір депутаттар 15 күннің орнына 7 жұмыс күнін белгілеуді ұсынып отыр» деді министр.
Құрылтайдың негізгі панельдік отырысында медианарықтағы жүйелі өзгерістердің елдің жалпы экономи­калық және саяси жүйесіне ықпалы сөз болды. Спикерлер медиа-нарықтағы нақты жағдай жөнінде жасалған талдаулар мен сараптамаларымен таныс­тырды.
«Қазақстан сөз бостандығы және интернет бостандығы рейтингі бойын­ша төменгі орында тұр. Егер Польша мен қазақстандық БАҚ-тың сипатын салыстырсақ, отандық басылымдарда польшалық БАҚ-қа қарағанда сын көбірек» дейді «Нархоз» университетінің ректоры Кшиштоф Рыбиньски. «Медиа Альянс» басқарма төрағасы А.Байтасов мемлекеттік тапсырыс, жемқорлық, сот жүйесіндегі әділеттің жоқтығы БАҚ-тың өсуі мен оның қоғамға ықпалын тежеп отыр деген пікірін ортаға салды.
«Дәстүрлі БАҚ-тың цифрландыруға көшуі Қазақстан ғана емес, бүкіл әлемдік ақпарат құралдарына тән үрдіс. Бұл салалық нарықтың дамуы­на қосымша міндеттер жүктейді» дейді америкалық NBS және CBS агенттіктерінің репортері әрі продюсері Барбара Рейлтц. Оның айтуынша, америкалық телеарналарда да ойын-сауық мазмұнындағы бағдарламалар басым. Сондай-ақ «әлеуметтік желілер мен теледидарда жалған жаңалықтар көлемінің артуы қоғамның БАҚ-қа сеніміне селкеу түсіруде» дейді америкалық журналист.
Құрылтай сессияларында журналист кадрларды дайындау мәселесі де қызу талқыға салынды. Қазіргі уақыт журналистерден әмбебап маман болуды талап етеді. БАҚ мамандарын даярлайтын оқу орындары нарыққа бейімделіп, студенттерді заманауи өзекті және жаңа материалдар негізінде оқытуға, теория мен практиканы ұштастыруға айрықша мән беруге тиіс. Маман даярлау ісіне асқан жауапкершілікпен қарау талап етіледі. Сондай-ақ өзін прагматикпін деп есептейтін әрбір журналист көп тіл білуге міндетті. Бұл ақпаратты бірінші көзден, түпнұсқа тілден алуға мүмкіндік береді.

Д.ХАЛЫҚ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.