Әскерилердің әлеуметтік жағдайына мән берілді

Мемлекет басшысы Н.Назарбаев Қорғаныс министрі Сәкен Жасұзақовты қабылдады. Кездесуде Президентке еліміздің Қарулы күштерінің қазіргі жағдайы және министрліктің биылғы жұмыс жоспарының іске асырылу барысы жөнінде есеп берілді.

Қазақстан Президенті әскери қызметшілерді әлеуметтік тұрғыда қамтамасыз ету шараларының жүзеге асырылуына ерекше назар аударып, осы бағыттағы жұмыстарды жалғастырудың маңыздылығын атап өтті.
Қорғаныс министрі Мемлекет басшысына еңбекақыны көбейту жөнінде шешім қабылдағаны үшін әскери қызметшілердің ризашылығын жеткізді. Бұдан бөлек, Сәкен Жасұзақов Елбасыға жалдамалы тұрғын-үй мен тұрғын-үй құрылыс жинақ жүйесінің тетіктерін пайдалану арқылы әскери қызметшілердің тұрғын-үй мәселесін шешуге бағытталған шаралар жөнінде мәлімдеді.
Сондай-ақ Қорғаныс министрі Мемлекет басшысына Қазақстан армиясын материалдық-техникалық тұрғыда жабдықтау және 2017 жылы ел жастарын әскери-патриоттық рухта тәрбиелеу бағытында атқарылған жұмыстар жөнінде мәлімет ұсынды.
Кездесу қорытындысы бойынша Қазақстан Президенті бірқатар нақты тапсырма берді.
* * *
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Шеврон» компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы және бас атқарушы директоры Джон Уотсонмен кездесті.
Кездесу барысында тараптар Қазақ­стан­ның «Шеврон» компаниясымен мұнай-газ саласындағы ынтымақтастығын одан әрі нығайту мәселелерін талқылады. Мемлекет басшысы мұнай-газ саласына қатысты жобаларды бірлесе іске асырудың тиімділігін айтып, Джон Уотсонға осы жұмыстарды атқаруға қосқан үлесі үшін ризашылық білдірді.
– Қазақстан «Шеврон» компаниясымен ерекше қарым-қатынас орнатты. Біз ширек ғасырдан астам уақыттан бері бірге жұмыс істеп келеміз. Мен бірлесе атқарған жұмыстарыңыз үшін сізге алғыс айтқым келеді. Біз сіздермен өзара тиімді ынтымақтастық орната білдік, – деді Қазақстан Президенті.
Джон Уотсон Қазақстан мен «Шеврон» компаниясының ынтымақтастық мәселелерін талқылап, оны әрі қарай дамытуға қатысты пікір алмасуға мүм­кін­дік туғызғаны үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс айтты.
Кездесуде Джон Уотсон Мемлекет басшысына 2018 жылдың ақпан айынан бас­тап компанияның бас атқарушы директоры болатын Майкл Виртті таныстырды.
* * *
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Мемле­кеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Қайрат Қожам­жаровты қабылдады. Кездесуде Қайрат Қожамжаров Мемлекет басшысына агенттіктің биылғы 10 айда атқарған қызметінің нәтижелері жөнінде баяндады.
Нұрсұлтан Назарбаев қоғамда сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілікті қалып­тастырудың маңыздылығын атап өтті.
– Мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңды қабылдаған кезде кімде-кім сыбайлас жемқорлық қылмысын жасаса, ешкімге де жеңілдік жасалмайтынын және жазадан құтылмайтынын ескерткен болатынмын. Соңғы жылдары бұл бағытта көп жұмыс атқарылды, – деді Қазақстан Президенті.
Елбасы бюджет қаржысын тиімді әрі ашық пайдалану қажеттігін айтты. Қ.Қожамжаров Мемлекет басшысына сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты жүргізу барысында қабылданып жатқан шаралар жөнінде мәлімдеп, оның іске асырылуына халықаралық сарапшылар қауымдастығы тарапынан жоғары баға берілгеніне назар аударды.
– Биылғы 10 айда 3400 қылмыстық іс қозғалып, оның бір мыңы сотқа берілді. 15 миллиард теңге көлемінде келтірілген шығынның 11 миллиарды мемлекетке қайтарылды. Құны 7 миллиард теңгеден асатын мүлікке тыйым салынды, – деді агенттік төрағасы.
* * *
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Royal Dutch Shell» концернінің бас атқарушы директоры Бен ван Берденмен кездесті.
Кездесу барысында тараптар еліміздің мұнай-газ секторындағы қазіргі ахуал мен ынтымақтастық перспективаларын, соның ішінде Қарашығанақ пен Қашаған жобаларын одан әрі дамыту мәселелерін талқылады. Мемлекет басшысы «Royal Dutch Shell» кон­церні халықаралық ЭКСПО-2017 маман­дандырылған көрмесін ұйымдастыруға белсенді атсалысқанын айтып, компания басшылығына ризашылық білдірді.
Бен ван Берден Нұрсұлтан Назарбаевқа кездесуге мүмкіндік туғызғаны үшін алғыс айтып, Қазақстан жұртшылығын халықаралық көрменің табысты өтуімен құттықтады.
– Сізді ЭКСПО көрмесінің табысты өтуімен құттықтаймын. Мен көрмедегі ең тартымды павильон – «Нұр Әлем» сферасында болдым. Одан алған әсерім де керемет, – деді концерннің бас атқарушы директоры.
Бен ван Берден биылғы 18 қарашада аталған кен орындарына қатысты өнімді бөлу туралы келісімге қол қойылғанына 20 жыл толғанын айтып, оларды іске асыруда Қазақстан Президентінің ерекше рөл атқарғанын атап өтті.
– Бұл жобалар өте жақсы және тиімді болып шықты. Барлық шығындар дер кезінде өтелді, енді табыс табу үшін жұмыс атқарылуда, – деді Мемлекет басшысы.

Дәукен ЖҰМАТҰЛЫ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.