Мағжан оқулары өткізілсе…

Баршамызға мәлім, биыл «Алаш» автономиясы мен «Алаш» партиясының құрылғанына  100 жыл толуына арналған мерейтойлық іс-шара­лар өткізіліп жатыр. Астанада, Алматыда, еліміздің басқа да өңірлерінде халықаралық, республикалық деңгейдегі ғылыми-тәжірибелік конференциялар болып өтті. 

Кезінде Алаш қаласы атанған Семейде Әлихан Бөкейханға еңселі ескерткіш орнатылды, Астанада Алаш көсемінің есімі үлкен даңғылдардың біріне берілді, Батыс Қазақстанда Алаш мұражайы ашылды. Қорыта айтқанда, Алаш мұрасын, оның арыстарын ұлықтауда қоғамдық ұйымдар мен мемлекеттік органдар ұйымдаса отырып біршама шаралар атқаруда.
Бірақ Алаштың маңыздылығы биылғы жүз жылдықты атап өтумен ғана шектелмейді. Алаштың мәні мен құдіреті – ұлттың рухы мен еліміздің қанына сіңген темірқазықтай биік те берік ұғым.
Жақында Астанада өткен «Рухани жаңғыру: Алаш және азаттық идеясының сабақтастығы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция­сы­ның қатысушыларына жолдаған құттықтауында Елбасы Алаш ұлт-азаттық қозғалысының сипатына: «Алаш қозғалысының ХХ ғасырдың басындағы қазақ халқының саяси-әлеуметтік құқықтарын қорғау, ұлттық бет-бейнесін сақтап қалу жолындағы күресі, азаттық үшін күрестің жарқын беті болып табылады» деп баға берді. Ендеше, Алаш жолын елімізде де, халықаралық деңгейде де зерделей түсудің, Алаш идея­ларын, әсіресе, жас ұрпаққа таратудың маңызы зор.
Оның үстіне Алаштың туының астына тек саясаткерлер ғана емес, көзі ашық, көкірегі ояу талантты, дарынды, көкжиегі кең азаматтар бас қосқаннан кейін, Алаштың әсері тек саясатқа ғана емес, сонымен қатар білімге, ағартушылыққа, мәдениетке, әдебиетке зор ықпал етті.
Қазақстанның Азаттығы жолына бар өмірін арнап, саналы түрде құрбандыққа барған Алаш арыстарының мәңгі өшпес істерінің құндылығы,жүз жылда бір аталып өтетін шара болып қалмауы керек. Келесі жылы қазақ поэзиясының хас шебері Мағжан Жұмабаевтың туғанына 125 жыл толады.
Ел тарихындағы тығырыққа тірелген тұста айтылған ақиық ақын Мағжанның жырларының жаңғырығы біздің заманға жетіп, егемен еліміздің еркін ойлы жастарын елшілдікке, патриоттыққа шақырып тұр емес пе?!
Біз бүгін, ақынның өз сөзімен айтсақ, «арыс­тандай айбатты», «жолбарыстай қайратты», «қырандай күшті» жастарға сенген біртуар тұлға Мағжан сенімінің аманатын ақтауымыз үшін биылғы Алаштың 100 жылдық мерейтойы келесі жылы Мағжан оқуларымен жалғасын тапса дейміз. Мағжан оқулары алдағы жылы бүкіл республика аумағында өткізіліп, ал оның қорытындысы Мағжан Жұмабаевтың туған өлкесі Қызылжарда жасалғаны жөн. Ал болашақта Мағжан оқулары, атау­лы күндерде ғана емес, жыл сайын тұрақты өткізіліп тұрса нұр үстіне нұр болар еді.

Берік ДҮЙСЕНБИЕВ,
ҚР Парламенті
Мәжілісінің депутаты

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.