Балдызкөрімдік

Тіл – қоғамдағы ең маңызды қажеттілік­тердің бірі. Тіл – әрбір елдің, әрбір ұлттың тарихын, мәдениеті мен тұрмыс-тіршілігін, тіпті сол ұлттың өз болмысын танытатын, оны сақтап қалатын, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізетін ұлы қазына. Адамзат үшін ақиқат дүние біреу болса, оны түсіну, тану, сол дүниенің біртұтас бейнесін санада қалыптастыру әрекеттері әр адамзатта, әр ұлтта әр деңгейде түсініледі. Сондықтан тіл иесінің ой-өрісіне, концептуалдық әлеміне байланысты дүниенің танымдық бөлшектері тілде өзінше көрініс табады, өзінше бейнеленіп суреттеледі, ал тіл иесі танымдық ойын өз тілінде сақталған дүние бейнесіне сәйкес танытуға тырысады. Қазақ халқы да көптеген басқа халықтар секілді даналығын, дүниетанымдық көзқарастарын, салт-дәстүрін, т.б. тілінде көрсете білген. Оларды тұтас құрылым жүйесінде анықтайтын болсақ, халық өмірінің, мәдениетінің бейнесі деп сипаттауға болады. Осыған орай тіл байлығының танымдық мәнін анықтау ұлттың әлеуметтік рухани, мәдени болмысын саралап тануға мүмкіндік береді. Сондықтан ұлттық тілдің ерекшелігін, табиғатын ашу сол ұлттың жан дүниесімен, ой-санасымен, тарихымен және мәдениетімен тығыз байланыста қарастыру деп түсініледі.
Қазақ танымында «сыйласқанның құлы бол» деген түсінік бар. Құдаласып сыйласу, төс қағыстырып, бесжақсы, тоғызжақсы беріп, сый-сияпатқа бөлеу сонау ертеден келе жатқан ұмытылмас рухани құндылығымыз. Осындай тілімізде сақталған ұлттық құндылықтар «Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлi жүйесi» энциклопедиясында толықтай жинақталып берілген.
Бүгінгі сөзтаным айдарында осы құнды кітапта баяндалған кәделі сый-сияпатқа қатысты жосын-жоралғылармен таныстыруды дұрыс көріп отырмыз.

БАЛДЫЗ ҚАЛЫҢ – қалыңмалы төлен­геннен соң қалыңдық қайтыс болған жағдайда қазақ дәстүрі бойынша қалың­дықтың сіңлісін (балдызын) алу кезінде төленетін қосымша қалыңмал. Алайда, бұл ақы күйеу қайтыс болған қалыңдығына ұрын барған болса ғана төленеді. Егер бұрынғы қалыңдығына ұрын келмеген болса балдыз қалың төленбейді.
БАЛДЫЗ КӨРІМДІК – күйеу жігітке балдызын көрсетіп, таныстырғанда қыз жеңгесіне беретін күйеудің кәдесі. Күйеу жігіт пен болашақ балдыздың арасында кейін ерекше туыстық жақындық қалыптасатындықтан күйеу жігіт тиісті кәдені ешқандай ың-шыңсыз беретін болған. Балдыз көрімдік неке тойы үрдісінде атқарылатын сан алуан ғұрыптың бірі.
БАТАЯҚ – құда түсе келгенде жігіттің әкесі жіберетін сый мал. Дәулетіне қарай жігіт жағы Батаяққа арнап бір жылқы не бір түйе немесе түліктерді бір-бір тоғызға толтырып береді. Осымен қоса жол-жора құрметіне күйеу жағынан келген бас құда қалыңдыққа арнайы тарту-таралғы және кекіліне үкі тағылған жылқы сыйлаған. Батаяқ алып келген кезде құдалар киітке не беретіндігі туралы келісіп, қыз әкесі құдалардың киіт алып келу уақытын белгілейді. Қазақта, дәстүр бойынша, құрбандыққа ғана ақсарбас қой сойылады. Дегенмен, құда түсу тойында құдалардан бата алу үшін ақсарбас шалынады, осы құрбандық арқылы ақ ниетпен басталған істің жақсылықпен аяқталуын тілеп ниет етеді. Құрбандық малдың таза қаны ағаш аяққа (ыдысқа) толтырылады. Екі жақ та (құдалар) аяқтағы қанға оң қолдарын малып, құдалық туралы келісімді антпен бекітеді.
БОСАҒА АТТАР – қазақтың дәстүрлi некелесу жосынында атқарылатын ғұрыптардың бірі. Күйеу жігіттің алғаш рет қайын атасының үйіне кірген кезінде атқарылатын рәсім. Қыз ұзату тойы кезiнде қалыңдықты алып кетуге келген құда-құдағилар құйрық-бауыр жеген соң жас күйеу қайын атасының үйiне шақырылып, алғаш рет босағасын аттайды. Содан соң қайын ата, енесiне тәжiм етіп, олар батасын берiп, маңдайынан сүйедi. Сөйтіп қайын атасының үйiнен арналып сойылған малдың етiнен күйеу сыбағасы – төс пен асық жiлiктен алғаш рет ауыз тиедi. Келген құда-құдағилар шымбайлы құданың, яғни қыздың әкесiнiң үйiне кiрерде жолын бөгеген күтушi әйелдерге «табалдырық аттар» кәдесiн бередi, бiрақ, күйеуден қайын атасының үйiне кiргенде ондай кәде талап етiлмейдi.
БОСАҒА МАЙЛАУ – дәстүрлi неке салтында атқарылатын ғұрып. Жастар жеке отау құрғанда немесе үйдi жаңалап ауыстырған кезде жақын-жуықтары құтты болсын айта келіп, жолы үлкен егде тартқан игі жақсының бірі жаңа үйдің босағасына «отау көтерген немесе жаңа салған үйге береке мен құт майдай жұғымды болсын, көптің үйі болсын» деген тiлекпен май жағады. Босаға майлаған адамға тиесiлi кәдесi берiледi.
БОСАҒАҒА ІЛУ – дәстүрлі некелік қаты­настың қалыптасу барысында атқары­латын ғұрып – кәде атауы. Той тараған соң бір түннен кейін қалыңдық барар еліне аттанғанда, күйеудің жұрттың соңынан қалып, сәл аялдап, қайын атасының үйінің босағасына бір шапан іліп кететін салтын босағаға ілу деп атайды. Мұнда күйеу баланың «осы үйдің босағасынан қол үзбеймін», «мен де осы үйдің бір баласымын» деген ишараты бар. Ауқатты адамдар босағаға ілуге үрім-жұрағаты мол болып өссін деген ниетпен бие байлаған. Бұл ғұрып кейбір өңірлерде ілу деп қана аталады.
АЙБАНА / АЙЫП АНАСЫ – күйеу жігіттің қалыңдығына ұрын барғанда атасының үйіне апарып беретін сый кәдесі. Сыр қазақтарының неке ғұрпында бұл кәде орнына көбіне бір түйе жүрген.
АЛДЫНАН ШЫҒАР / КҮЙЕУ КӨРДІ – дәстүрлі үйлену салтында күйеу жігіт арнайы келген кезде күйеу тарапынан атқарылуға тиісті жосын атауы.
Күйеу жігіттің келгенін естіген қалыңдық әпкесі, жеңгесі және ауылдың бойжеткендері күтіп алып, алдынан шығады. Олар қолдарына құрт, май, бауырсақ және т.б. дәм алып шығады. Содан соң күйеу жігіт қолы аяғына жеткенше үш рет иіліп сәлем береді. Сәлемді қабыл алғандар «көп жаса», «жасың ұзақ болсын», «тәңір жарылқасын» деп алғысын білдіреді. Бұл жосынның кең таралған атауы күйеу көру (көрді) деп те аталады.
АЛТЫ (ТОҒЫЗ) ҚАТЫН ЖОРТАҚАЙ – дәстүрлі неке салтында күйеу жолдас тарапынан берілетін кәде түрінің атауы. Қыз жеңгелерінің күйеу жігіттің қасына еріп келген күйеу жолдастан «жортақайын», яғни кәдесін талап етеді. Күйеу жолдас жортақайын бермесе, алты қатын (шынында онан да көп) жабылып тартып алуға тырысады. Жетісудің кейбір жерлерінде құдандалық салтында ойналатын ойын түрі де алты қатын жортақай деп аталады. Осы тектес басқа да ойындардың негізгі мәні кәде алу үшін жасалады. Сондықтан тиісті кәдесін беріп құтылады. Мысалы, келген құдаларын күтуші әйелдер кіші құдаларды әжуалап, бетіне айран, ұн жағу кәдесін жасайды. Мұндайда кіші құдалар әйелдерге сыйлықтарын береді. Кәде сыйын бермей бұлтарса, құда жағының біреуін еңбектетіп қойып, алты әйел аттай мінген ишарасын жасайды. Солтүстік өңірде осының параллелі ретінде құданы арбаға жеккен.
АТ БАЙЛАР / КӨПШІК ҚЫСТЫРАР – кәде түрі. Күйеу жігіт қалыңдығының ауылына тұңғыш барғанда орындалатын рәсім. Жүйрік немесе жорға ат мініп, серіктерімен қыздың ауылына жақындап келген күйеу ауылға жарты шақырым қалғанда атынан түсіп, оны жолдастарымен ауылға қарай жетектетіп жібереді де, өзі сол жерде қалады. Жолдастары ауылға күйеу жігіттің келгенін хабарлап, атын қалыңдықтың туған әкесіне не жақын туыстарының біріне береді. Аттың тізгінін ұстаған адам міндетті түрде қыз болу керек және ол күйеу жігіттен ат байлар кәдесін талап етеді. Күйеу жігіт екінші рет келгенде оның киіз үйі ауылға жақын тігіледі және «шатыр байғазы» кәдесі алынады. Кәдесі ретінде мата немесе жағалы киім берілуі мүмкін. Бұл кәде Оңтүстік Қазақстанда «көпшік қыстырар» деп те аталады. Бұдан соң, ауыл әйелдері, қыздары мен жігіттері күйеуді қарсы алуға шығады. Қалыңдықтың өзі, әпкесі мен шешесі ауылда қалады.
АЯҚ ЖҮГІРТУ – күйеу жігіттің қалың­дық жаққа жаяу ат жетектеп келгенде әзілдесіп көңіл көтерген қыз жеңгелеріне беретін кәдесі. Ауылға бір шақырымдай қалғанда күйеу баланы қалдырып, ауылға келген атқосшылардан күйеу келгенін естіген қыздың жеңгелері дәм салынған табақпен алдынан шығып күтіп алған. Күйеудің қасына келген әйелдер ас салынған табақты оған үш рет ұсынып, үш рет кері тартып алғаннан соң, тек төртінші ретте дәм татқызған. Ас-тұз әкеліп, күтіп алғандарына риза болған жаңа күйеу әкелген кәдесін әйелдерге таратып беру рәсімін істейді. Қыздың үйіне келгеннен кейін де қымыз құйып беріп отырған әйел қолын жеңіне тығып алып, жігіт ыдысты ала бергенде тартып қалады. Осылайша үш рет қайталайды. Үшінші мәртеде ғана ыдысты ұстатады. Бұл үшін де жігіт «аяқ жүгіртер» кәдесін береді.
БАҚАНАТТАР – қалыңдығын алуға келген күйеуден жол-жоралғы алу үшін жасалатын ырым. Бұл ғұрыпты кіші тойда, яғни күйеу есік аша келгенде жасайды. Күйеу баланың келетінін білген жеңгелер киіз үй есігінің алдына бақан тастайды, бақанды аттауға болмайтынын жақсы білетін күйеу жігіт жеңгелеріне бақанаттар кәдесін беріп, бақанды алдыртып, сонан соң ғана «бісміллә» деп табалдырықты аттайды.
БАҚАН ҰСТАТАР / ТҮНДІК АШАР – күйеу мен қалыңдықтың жүздесуі алдында істелер рәсімдердің барлығы атқарылып біткен соң, күйеу үйге кірген бетте қолына бақан ұстатып, түн ортасында отаудың жабулы тұрған түндігін ашқызу дәстүрі. «Жеке отау болдың, өз түндігіңді өзің ашып, отыңды жақ, отбасыңды жылыт» деген мәнді білдіретін жосын.
ЕНТІКПЕ КӘДЕ – дәстүрлі неке-құдандалық салтындағы рәсім, күйеу жігіт қалыңдық ойнауға келгенде алдынан жүгіре, ентіге шыққан қыз-келіншектердің «ентіктігіп жеттім» деп күйеу жігіттен алатын кәдесі. Ауыл сыртына келіп түскен күйеуді осылайша қарсылап, кәдесін алған соң, бір отау үйге алып келіп отырғызып қояды да үстіне қалыңдықты әке-шешесінің үйінен ұрлап әкеліп кіргізіп, тағы да жеңгелік кәдесін алады. Бұл мата, сақина, жүзік, білезік, кейде 20-30 аршын шыт мата түрінде де беріле береді.
ЕСІК АШАР / ЕСІК КӨРУ / ҮЙГЕ КІРЕР – әулетке жаңа мүше ретінде қосы­лып отырған күйеуге қатысты атқары­латын қазақтың дәстүрлі неке-отбасылық қатынасындағы жосын. Яғни күйеудің қайын жұртына алғаш баруына орай атқарылатын ғұрып. Қалыңмалдың едәуір бөлігі берілген соң қыз жақтың күйеу балаға есік көруге, яғни келіп-кетіп тұруына рұқсат беріледі. Байырғы ортада қалып­тасқан салт бойынша есік көруге шақырылғанша күйеудің күн жарықта келуі әдепсіздікке саналған. Сондықтан күйеу қас қарая, «күйеу келетін уақытта» келеді. Есік ашар жосыны атқарылған соң ғана күйеу жігітке қыз ауылына келіп тұруына рұқсат етіледі. Алайда, бұл күйеудің ата-енесінің үйіне кіруі дегенді білдірмейді. Кейбір өңірдің салты бойын­ша қалыңдық пен күйеу жігіт ерлі-зайыпты атанғаннан кейін (неке қиылған соң) күйеу қайынатасының үйіне барып жүздесіп, кәде-сый жасайды. Есік ашар кәдесіне бір жақсы ат немесе түйе тарту еткен. Күйеу жігіт босағадан оң аяғымен кіріп, үш рет иіліп тағзым етіп сәлем береді. Сәлемдесіп болған соң күйеуге қалыңдықтың анасы сүт ұсынады. Сүтті ішіп болған соң енесіне арналған сыйын тарту етеді. Енесі күйеу жігітке алдын ала қыздырылып май құйылған ожауды ұсынады. Күйеу жігіт ожаудағы майды отқа құяды.
ЕСІК КӨРСЕТУ – жаңа түскен келінді күйеудің ағайын-туыстарының арнайы шақырып, сый көрсету рәсімі. Келін түскеннен кейін оны күйеуінің туған-туысқандары үйлеріне «есік көрсетіп», дәм татуға шақырады. Жас келін арнайы кәде, тарту алып барады. Ол кәдені «отқа салар» деп атайды.
ЖАМБАССИПАР – үйлену салты барысында атқарылатын кәделердің бірі. Ауылға келіп жүрген күйеуге қалыңдығын оңаша әкеліп табыстырғаны үшін жеңгеге күйеудің беретін сый кәдесі.
ЖАНАМА ЖАҚСЫ – қалыңмал ішіне кіретін, қыз жаққа сый ретінде берілетін қосымша мал, яғни осындайда атқары­латын кәденің атауы. Бұл – күйеу жігіттің әкелген кәделерінің үстіне қызын мәпелеп өсіргені үшін той малы деп әкесіне, сүтақы деп анасына беретін сыйы. Мұны жанама ат, жанама түйе деп те атай береді. Жанама жақсының көлемі әр жерде әртүрлі және құдалар жағының әлеуметтік тұрмысы, хал-жағдайына қарай да әртүрлі қалыптасқан.
ЖАПСАР – үйлену барысында күйеуге қатысты атқарылатын жосындардың бірі. Үйлену тойының екінші күні қайынатасы күйеубаланы бірінші рет үйіне шақырады. Төрге отырғызбай, босағадан кейінгі екі керегенің ортасына Жапсардың қасына, бұрышқа отырғызады. Бұған қарап екі жақтың арасындағы дәнекерді, байланысты бейнелейтін символдық мәнге ие ғұрып екендігін байқауға болады.
ЖЕЛІ ТАРТАР – күйеудің қалың­дыққа ұрын барған кезінде күйеу мен оның жағынан барған құдалардан алынатын кәде. Қыздың жағы келген құдалардың немесе күйеу жігіт пен оның жора-жолдастарының алдынан желі арқан (ала арқан, бақан) секілді киелі саналатын заттарды жерге тастап, өздеріне тиесілі кәделерін алады. Желі арқан (ала арқан, бақан) өсіп-өнудің, өркендеудің символы ретінде ерекше құрметтелген. Сондай-ақ бұл келген құдалардың, қалыңдықтың жолы ашық, кедергісіз болсын деген ниеттен туған. Осыған орай ел арасында «Қыз жасаусыз болмайды, күйеу кәдесіз болмайды» деген сөз орамдары кездеседі.
ЖҮКЖИНАР – жасауды теңге буып-түюге көмектескен әйелдерге берілетін кәделі сый. Жасауды дайындауға жақын деген ағайын-туғанның әйелдері қолғабыс жасайды. Қыз жасауы жинақталып дайын болған кезде қыз шешесінің абысын-ажындары сияқты жақын туған-туыстары келіп көреді. Жасаудың кем-кетігін түгендеп болған соң, ұзатар күн жақындағанда жасауды теңге буып-түйеді. Яғни осы кезде қолғабыс еткен ішіндегі жасы, жолы үлкен әйелдің біріне осы кәдені ұсынады. Бұның мәні таңдаулы осы адамның жасын, жолын берсін дегенді білдіреді. Жүкжинарға қолғабыс жасаған қалған әйелдерге әшекей бұйымдары, шыт-орамал, кездеме беріледі. Артынан дастарқан жасалып, жиналғандар ас қабылдайды.

Сіз білесіз бе?

ҚҰЛАҚ СҮЙІНШІ

Нақты емес жағымды жаңалықты иесіне жеткізген адамға берілетін кәде түрі. Ол ұзын құлақтан естігенін жеткізуі де мүмкін. Дәстүрлі ортада жақсы хабар айтып жеткізген адамға бұлайша төлем беру – жаңа затқа, киімге көрімдік, байғазы беру сияқты әлеуметтік қатынастарды реттейтін, ынталандыру мәнді қызмет атқарады. Құлақ сүйінші беру негізінен жоғалған, ұрланған малдың хабарын жеткізген адамға берілетін алғашқы сыйлық. Яғни хабаршы жоғалған малды көрмей, оның қайда екенін естуі бойынша жеткізсе, құлақ сүйінші алған. Ол бәлен жерде, бәленнің малының, үйірімен бірге жүр деген мәліметі рас болып шыққан жағдайда аз-маз сый-кәде алады. Егер жоғалған малды табуға, не ұрының мойнына қойып беруге уәде етіп, сүйінші алған адам, уәдесін орындамаса, алған сүйіншісінің белгілі бір бөлігін қайтаруы тиіс.

«Қылығыңа сай кәделі бол»

АЙТТЫҚ – айт күні айттық деп сұраған айттаушы (айтшылаған) адамдарға берілетін сыйлық, кәде. Оны ақшалай да, заттай да беруге болады. Бұл айтты да, дәстүрді де, сұраған адамды да құрметтеудің белгісі. Ел ішінде айттың айттық сый деген атауы да кездеседі. Сондай-ақ айттық– айт күндері қыдырып, айтшылап барған үйдің балаларына беретін түрлі ойыншық, ақша, қант, кәмпит сияқты балалар қызығатын заттар. айттық беру – мерекенің мерейін асырып, тату-тәттілікті, береке-бірлікті нығайтудың, әсіресе балаларды мәз-мейрам етіп қуантудың дәнекері. Үйге айтшылап сәлем бере келген туыстардың балаларына айттық беріледі.
АЛЫМ – қазақтың байырғы неке-отбасылық дәстүріндегі, қыз ұзату рәсіміндегі кәде түрі, «қызқашар» рәсімі жасалған үйдің әйеліне берілетін сый. Қалыңмал төлегеннен кейін белгіленген қыз ұзату күні қыздың жеңгелері басқа ауылға алып кеткен қалыңдықты іздеп тауып, күйеудің жолдас жігіттері тартыс бастайды, түрлі кәделер береді. Ертедегі деректерге қарағанда, әдетте, біраз уақытқа созылған, кикілжіңнен соң жігіт жағы қалыңдықты алып кетерде қалыңдықтың жеңгелері оны кілемге отырғызып шығарып салады. Жігіт жағы қызқашар жасаған үйдің әйеліне алым кәдесін береді. Алым небәрі бір-екі көйлектік мата ғана.
БАУТАҒАР – дәстүрлі аңшылық дәстүрінде кездесетін рәсім, аң олжасын байлаған адамға берілетін сый. Байлау­шыдан аң олжасын алған адам алғыс айтып, оған ақша немесе бір затын ұсынатын болған. Баутағар бермеген адамға екінші рет олжа байламайды. Дәстүрлі ортада баутағар кәдесін бермеген кісінің малы шығынға ұшырайды деген наным бар
БЕСЖАҚСЫ – қазақтың дәстүрлі мүліктік қатынастарында ерекше мәнге ие сый, тарту, айып жүйесінде оның құрамын анықтайтын ұғым. Ол тоғыз беpу салтына қатысты жиі айтылады. Бесжақсы сөзінің өзі ерте кезде ең жоғары, қымбат деген өлшемдік ұғымды білдірген. Yш тоғыздың iшiнде бесжақсы болуы шаpт. Сол бесжақсыға «жанды тоғыздан» қаpа наp, емшегi тұтам бие немесе қазанат, «жансыздан» қалы кiлем, алмас қылыш не түзу мылтық, тәуip киiм (қымбат iшiк, жiбек шапан т.б.) жатады.
ҚАПҚАСАЛАР – үйлену барысында атқарылатын кәделердің бірі, қайын атасының күйеу балаға беретін сыйы. Қалыңдығын алуға келген күйеу барлық жосын-жоралғылармен яғни құдалық кәделерімен, үлкендерге арналған сый-сияпатымен, той малымен келеді. Той басталады. Қыз өз үйінен аттанар алдында оның әкесі барлық құдаларға киіт кигізеді. Күйеу баласына да сыйлық береді. Бірақ ол киіт емес, «қапқа салар» деп аталады.
Ол бағалы киім, қымбат ер тоқым, ер адамға қажетті жарақ түрлері, т.б. қажетті дүние немесе мал болуы да мүмкін. Қапқасаларға беретін дүние қайын атаның дәулеті мен мырзалығына, абырой-беделіне сай жасақталады. Аталмыш салттың бұлайша аталуының себебі дәстүрлі наным-сенімдегі ыдыс-аяқ түрлерінің этномәдени мәнге ие болатындығына байланысты. Өйткені қазан, келі-келсап сияқты басқадай ырымдық мәнге ие ыдыстар қатарында қаптың да өзіндік орны бар. Астық, дән сияқты адам игілігіне жұмсалатын дүниелер салынатындықтан жалпы ыдыс атаулы ерекше қастерленеді.
ҚЫЗКӨРСЕТЕР – қалыңдығын көруге алғашқы рет келген күйеуден қалыңдық жеңгелерінің алатын кәдесі. Кейбір деректерде қызкөрсетер кәдесін күйеу жігіттің жолдасы беретіндігі айтылады. Екі жақтың құдалары келісіп, қалыңмал мәселесі шешілгеннен кейін күйеу жігіт қайынатасының аулына кісі жіберіп, қызды көруге ниет білдіреді. Егер қалыңдықтың әкесі ризашылығын танытса, күйеу жігіт қызкөрсетер кәдесін алып, келе беруіне рұқсат алады. Ал қарсы болған жағдайда, қалыңдық әкесінің қызын көрсетпей қоюға құқы бар. Келуге рұқсат алған күйеу жігіт салтанатты киініп, үш-төрт жолдасымен қайын жұртына аттанады. Күйеу үлкендердің көзіне түспей, ауыл сыртында өзіне арнайы тігілген күйеу шатырға түседі. Ауылға жақындаған кезде күйеу жігіт аттан түсіп, қалыңдық жеңгелеріне тәжім етеді. Қалыңдықтың екі жеңгесі күйеу жігітті қолтықтап, күйеу шатырға әкеліп, қызкөрсетер кәдесін сұрайды. Кейде ең алғашқы рет келгенде өзі күйеу шатырда қалып жора-жолдастарына кәдесін беріп, қалыңдық ауылына жібереді. Қызкөрсетер кәдесіне бір ірі қара, шамасы жеткендер екі ірі қара береді.
ҚЫЗКӨТЕРЕР – күйеу жігіттің ұрын барғанда қыз жеңгесіне беретін кәдесі. Қалың малдың келісілген бөлігі берілген соң күйеу жігіт жора-жолдастарымен қалыңдықтың ауылына аттанады. Ауылдың сыртына келіп түскен күйеу жігітті қалыңдықтың жеңгелері қарсы алып, күйеу шатырға әкеледі. Ел жатып, жұрт тынышталған кезде қалыңдықтың жеңгелерінің бірі қалыңдық пен күйеу жігіттің кездесуін ұйымдастырып, дәнекерлік қызметі үшін жеңгейлікке кәде сый алады.
ҚЫЗҚАШАР – дәстүрлі ортада қыз ұзатылар алдында жастардың басын қосып, арнайы өткізетін ойын-сауық салты. Қызқашардың шығу төркіні экзогамдық неке негізінде істі екі елдің тартыс, айтыс, жанжал арқылы шешуінен туындаған. Нәтижесінде екі тайпаның соңынан бітісіп, құдандалы болу өте ертеден сақталған архаикалық ғұрыптың қалдығы.

ДӘСТҮРЛІ БАТА ТҮРЛЕРІ

Соғым батасы

Соғым шүйгін болсын.
Қазаның тоқ болсын,
Уайымың жоқ болсын.
Дастарқандарың кең болсын!
Бізге бергеннің есесін берсін,
Есенің де тәңірі, бірнешесін берсін!

Жаңа айдың батасы

Ай көрдім, аман көрдім,
Ақиреттік заман көрдім.
Жаңа айда жарылқа,
Еcкi айда еcipкe!
Айымыз аман, жылымыз түгел болсын!

Көші-қон батасы

Көштерің көлікті болсын
Жолдарың көрікті болсын
Қоныстарың құтты болсын
Босағасы мықты болсын
Ару-сырқаудан аман болыңдар
Бастырыңа айырылмас бақ қонсын
Мейірбанды Алла сендерге жақ болсын!

Бетті дайындаған
Айгүл Әмірбекова,
А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының жетекші ғылыми қызметкері,
филология ғылымының кандидаты

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

2 Пікір

  1. Мәди

    Біз білмейтін салт-жоралғылар көп екен ғой.

  2. Сәния

    Осы айдарды дәстүрлі түрде нөмір сайын жариялап тұрсаңыздар, өтініш. Мынандай құнды мағлұматтарды өзіміз де, балаларымыз да біле жүрсек, жақсы ғой.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.