Ажарлы, арайлы Ақтөбе

Бүгінде «Рухани жаңғыруға» байланысты ел-елде, жер-жерде, облыс орталықтарында көптеген шаралар атқарылып келе жатқаны мәлім. Ұлттық құндылықтарымыз кеңінен насихатталып, туған жерді ардақтау, тарихи мұраларымызды тану орайындағы маңызды жұмыстар атқарылуда. Жуырда желтоқсан айының бастапқы тәулігінде Тұңғыш Президент күнін мерекелеген Ақтөбе жұртшылығы өздерінің игілігіне берілген, көрсе көз тоярдай еңселі ғимараттар ашылуының куәсі болды. 

Шаһар сәулетіне өзгеше шырай кіргізген «Батыс-2» ықшам ауданындағы «Жұбановтар әлемі» деп аталатын ерекше үлгідегі үш қабатты нысан мерейімізді өсіріп, көңіл көкжиегін кеңейтті.
«Жұбановтар әлемінің» ашылуына ұлы тұлғалардың ұрпақтары – биология ғылымының докторы, профессор Ажар Ахметқызы, филология ғылымының докторы, профессор Асқар Құдайбергенұлы, белгілі композитор, Қазақстан Респуб­ликасы Мемлекеттік сыйлы­ғының лау­реаты Төлеген Мұхамеджанов, белгілі ақын, Қазақстан Республикасының еңбек сіңір­ген қайраткері Ақұштап Бақтыгереева қатысып, тәрбиелік маңызы зор шара үшін облыс басшылығына, меценат Қайрат Мәйтековке ризашылық сезімдерін жеткізді. Қазақстан Сурет­шілер академиясының президенті, Қазақстан Республика­сының еңбек сіңірген қайраткері Амандос Ақанаев жаңа ғимараттың ашылу салтанатында былай деп тебірене сөйледі:
– Мен Ақтөбеге бұдан бұрын да келгенмін. Осы сапарымда ұшақ үстінен түрленген, алуан бояулы мекенді көріп, бойымды ерекше қуаныш кернеді.Қысқа уақытта мынадай әсем мөлтек аудан бой түзепті. «Жұбановтар әлемінің» «Шығармашылық академиясы» деп аталатын еңселі ғимараттың қарсы алдында орын тебуі тіпті ғанибет!
Салтанатты шара Ғазиза Жұбанованың 90 жылдығына орай облыс әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған «Жыр жазамын жүрегімнен» атты республикалық ақындар мүшәйрасының қорытынды гала-концертіне ұласты. 25 жас ақын қатысқан мүшәйрада Ғазиза Жұбанова атындағы арнайы жүлдені Шығыс Қазақстан облысынан келген ақын Сәтжан Кәріпбаев иеленді.
Мақтанышпен сүйсіне айтқан жөн, ұлтымызға Тәңірі сыйлаған ағайынды Құдайберген мен Ахмет Жұбановтар, кеңестік дәуірде қазақ қыздары арасынан шыққан тұңғыш композитор, туғанына 90 жыл толған Ғазиза Ахметқызы Жұбанова және аталған қос дүлдүлдің ғылымдағы, өнердегі танымал ұрпақтары жайында сыр шертетін, келешекте талай балғындарды баулитын орданың құрылысын «Туған жерге тағзым» акциясы аясында белгілі меценат Қайрат Мәйтеков жетекшілік ететін «Максимус» ЖШС қаржы­ландырды. Қайрат мұның алдында өзі оқыған №3 орта мектеп ғимаратын күрделі жөндеуден өткізуге 200 миллион теңге жұмсады, мектепке әртүрлі инвентарлар сатып әперді.Көкірегі мейірімге толы азамат «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасын жеңімпаздарының бірі ретінде таяуда Елбасы қабылдауына қатысты.
Тұңғыш Президент күніндегі есте қаларлық тағы бір маңызды шара ретінде – Әбілқайыр хан даңғылының бойында «Қазақ халқына мың алғыс» атты ескерткіш-стелла мен Өнер орталығының ашылуын ерекше атап өткен болар едік. Республиканың батыс аймағында теңдесі жоқ Өнер орталығы Елбасының тапсырмасымен қысқа мерзімде салынды.Ақтөбенің талғампаз үлкен-кішісі акус­тикасы анық, кең де жарық залда композитор Төлеген Мұхамеджановтың, Қазақстанның халық артисі, опера әншісі Нұржамал Үсенбаеваның, Қазақстан Рес­публикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, театр және кино тарланы Досхан Жолжақсыновтың, «Дарын» жастар сыйлығының иегері Қарагөз Сүлейменованың өнерін тамашалады. Мереке ұсынған ерекше сый – Қазақстан Респубикасының еңбек сіңірген қайраткері Дінзухра Тілендиеваның дирижерлық етуімен Нұрғиса Тілендиев атындағы «Отырар сазы» академиялық фольклор­лық-этнографиялық оркестрінің халқымыздың бай мұрасын сахна төрінде төгілтуі болды.
Осындай игілікті шаралардың жүзеге асуында облысы әкімі Бердібек Машбекұлының еңбегі зор екенін айта кеткеніміз жөн. Бердібек Машбекұлы өңір басшылығына келген алғашқы кезеңнен-ақ бағыт-бағдарын, яғни бірыңғай кеңседе отырып, сырттан әмір беру стилінен өзін аулақ ұстайтынын көрсетті.
2015 жылдың қыркүйек айында Бердібек Машбекұлы Сапарбаев Ақтөбе облысының әкімі қызметіне таға­йындалғанда жұртшылық көңілінде үлкен үміт ұялады. Елбасы командасындағы байырғы кадрлардың бірі, бұдан бұрын үш облысты басқарған, министр де болған, кейінгі қызметі – Премьер-министрдің әлеуметтік салаға тікелей жауап беретін орынбасары. Екінші жағынан алғанда батыс аймақтың орталығы саналатын ең үлкен облыста көбіне-көп экономикалық тұрғыда өрлеу ауызға алынып, рухани-мәдени тірлікте іркілістер орын алған еді. Бердібек Сапарбаев облыс орталығындағы еңбек ұжымдарында, халық көп жиналатын орындарда бұқарамен бетпе-бет жүздесті, пікір-ұсыныстарды тыңдады, аудандардың әрқайсысында бірнеше мәрте болып, жұмыстың ұйымдастырылу жайымен танысты, тұрғылықты халықтың тыныс-тіршілігіне зейін қойды. Алғашқы апталардың бірінде Ақтөбе қаласындағы орталық базар ауданында жаяу жүргіншілер мен көліктің үйреншікті жайға айналып кеткен кептелісін аяқсыз қалдырмай мәселені жедел шешуі көптің көңілінде сенім туғызды. Елбасы агломерациялық орталыққа айналдыруды көздеген қалада жаңа, осы замандық нысандарды салу ісінде бірыңғай бюджет қаржысына қол артпай мемлекеттік-жекеменшіктік әріптестікті өрістету идеясын батыл қолға алды.Бұл бағытта келелі істер өз нәтижесін беріп келеді.
Сөз соңында айтарымыз, жаңа ны­сандардың жұртшы­лық­ты бір­лік пен ын­тымаққа шақыратын тағы­лым­ды ордаларға айналатынына шүбәміз жоқ.

Жанғабыл ҚАБАҚБАЕВ,
Қазақстан Республикасы
Ақпарат саласының үздігі
Ақтөбе

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. Алтай

    Елімізде жаңа нысандар көптеп ашылып, ел игілігіне қызмет етуде. Ұзағынан болсын.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.