Ертегі әлеміне саяхат

Желаяқ пен Саққұлақ келді шыршаға…

Алматыдағы «Алатау» дәстүрлі өнер театры Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ізгі құндылықтарды ұрпақ санасына сіңіру мақсатында қазақ ертегі кейіпкерлерінің қатысуымен «Асан мен Үсен жаңа жыл мерекесінде» атты ертеңгілік ұйымдастырды. Тау көтерер Таусоғар, желдей ескен Желаяқ, жеті қат жер астынан тың тыңдайтын Саққұлақ, қатігез ­Мыстан кемпір секілді ертегі кейіпкерлері жаңа жылдық шыршаның сәнін келтірді.  Газетіміздің осы нөмірінен бастап ертегілер кейіпкерлеріне арналған «Алтын сақа» атты жаңа айдар ашып отырмыз. Сонымен қатар алдағы уақытта «Ертегілер әлеміне саяхат» айдарымен де осы тақырыпқа арналған материалдар берілетін болады. 

Сиқырлы сахнаға домбыра әуе­німен Асан мен Үсен жүгіре шық­қаннан-ақ сілтідей тына қалған кішкентай көрермендер шырша жанында қызықты оқиға өрбитінін бірден сезгендей. Бір бүйірден қыт-қыттап өткен жылдың иесі Әтеш шықты, ол Жаңа жылды күтіп алып, Асан мен Үсеннің ауылына апармақ. Оның міндеті – жыл тұмарын Құтжол иттің мойнына тағу. Бірақ бұған жамандық жасамаса ішкен асы бойына сіңбейтін Мыстан кемпір килігіп, кедергі жасамақ ниетте. Ол да Жаңа жыл иесін ұстап алып, өз ­аулында тойлағысы келеді. Осы арада Мыстанға қарсы күші жетпейтінін білген Асан мен Үсен және Әтеш Жаңа жылды құтқарып қалу үшін көмекке достарын – Таусоғарды, Желаяқ пен Саққұлақты шақырады. Батырларша бір ұйықтаса көп ұйықтайтын Таусоғарды балалармен бірге айқайлап оятады.
Екі тауды қақпақыл жасап, «Таусоғар деген атым бар, Тау қопарған даңқым бар» деп әндетіп алып денелі Таусоғар да шықты сахнаға. Енді жайсыз жағдайдың алдын алу үшін Саққұлақ пен Желаяқ керек. Олар да Мыстанның дегенін болдырмауға кіріскен балалардың шақыруымен жетіп келді. Саққұлақ тың тыңдап, Жаңа жылдың жер жаннаты Жетісуға таяп қалғанын жеткізді, оны қарсы алуға Желаяқ аттанды. Мыстан кемпірдің тағдырын шешу Таусоғарға тапсырылды. Оның жазасын Аяз атаның өзі бермек. Олар келгенше кейіпкерлер мен балалар «атжарыс» ойнады, Асан мен Үсеннің айтысына жанкүйер болды. Қазақша оюлы көк шапан киген, ақ сақалды Аяз ата мен бүрмелі көйлектегі Қар қызын бүлдіршіндер қуана қарсы алды. «Өткен жылға өкпе жоқ, Жаңа жыл жағымды жаңалығымен келсін» деген Аяз атаның батасымен жыл иесі, жеті қазынаның бірі Құтжол шырша шамын жақты. «Тұмарың құтты болсын, жақсылықтың серігі бол» деп, Әтеш жыл белгісін иттің мойнына тақты. «Он екі жылда қайта айналып келгенше аман болыңдар» деген Әтешпен балалар қол бұлғай қоштасты.
Қуанышты көңіл-күймен шыр­шаны айналған балалар Аяз атала­рының алдында ән шыр­қап, тақпақ айтты. Ойын-сауық жалғасып жатқанда Мыстан кемпірді алып Таусоғар да келіп жетті. Ертегі атаулының бір кереметі, түптің түбінде әділеттілік жеңіп, жақсылық салтанат құрады емес пе, бұл ертегі-ертеңгілік те дәл солай аяқталды. Бір жолға кешірім сұраған Мыстан кемпірге мейірімділік танытқан соң ол да мейрамды балалармен бірге тойлады. Асан, Үсен, Таусоғар мен Саққұлақ, Желаяқ бар, жеті қазы­наның бірі Құтжолмен барлығы қол ұстасып «Шырша әнін» шырқады. Кең пейілді, мол мейірлі Аяз атаның сыйлығын алып, мәз болды.
Осылайша, қазақ ертегісі кейіп­кер­лерімен өткен Жаңа жылдық ертеңгілік барша бүлдіршіннің көңілінен шығып, ерекше қуанышқа бөледі. Жаңа мәдениет ықпалымен үлкен-кіші көне атаулыдан қол үзіп бара жатқанда қайтадан асыл қазынамызға қол созып, иек артуға болатынын көрсетті. Мазмұны мен көркемдігін келістіре білсек, халқымыздың ауыз әдебиеті талай дүниеге арқау бола алатынын дәлелдеді. Ұлттық фольклорды насихаттаудың бұл да бір ұтымды жолы екеніне куә болдық. Осы орайда ешқашан ескірмейтін ертегі кейіпкерлерін Жаңа жылдық ертеңгілікке енгізу идеясының авторы, «Алатау дәстүрлі өнер театрының» директоры, белгілі фольклортанушы, жыршы Берік Жүсіповті театрдың тырнақалды туындысы жайында сөзге тарттық.
– Жаңа жылдық қойылымның басты мақсаты – қазақ ­ерте­гі­ле­р­­ін­­дегі ұлттық персонаждарды тірілту, уақыт талабына лайықтап бүлдіршіндерге ұсыну. Өйткені күнтізбелік Жаңа жыл мерекесі әлемдік мәдениеттің бір үрдісі саналады, сондықтан біз де адамзат қауымдастығының бір бөлшегі ретінде бұдан бас тарта алмаймыз. Бірақ біз қызыл шапанды аяз ата мен сары шашты Ақшақарға ілтипат көрсетуге тиіс емеспіз. Сол себепті жаңа қойылымда балалардың сүйікті Аяз атасын қазақи қалыпта ұсынып отырмыз – үстінде ою-өрнекті шапаны, басында ата-бабамыз ­киген тымақ бар. Қар қызы да солай киінген бұрымды ару, – деді ол.
Жаһандану үрдісіне тыйым салумен емес, оған бәсекелес бола алатын сапалы дүние ұсыну арқылы жауап берудің тиімділігін терең түсінген театр басшылығы мен ұжымының алғашқы қойылымы сәтті өтті. Жаңа жылдық қойылым­ға кәсіби ­актерлар емес, театр құра­мындағы дәстүрлі әншілердің тартылуының арқасында кейіп­керлердің мінез-құлқы мен құла­ғымызға бұрыннан таныс әндер әншілік шеберлікпен астасып, әсерлі шықты. «Дәстүрлі өнер иеле­рінің бір ерекшелігі, олар сегіз қырлы бір сырлы, жан-жақты өнер­паздар. Меніңше, классикалық үлгідегі әнші дәстүрлі әнші бола алмайды, классикалық театр бишісі дәстүрлі бишінің пластикасын көрсете алмауы бек мүмкін. Ал дәстүрлі әншілер көп қырлы өнер иелері, бұлардан актер де, биші де шығады» дейді театр директоры Б.Жүсіпов.
«Қуантсаң баланы қуант» дегендей, алғашқы сахналық қойы­лымын балдырғандардың ықы­ласына бөленуден бастаған «Алатау» дәстүрлі өнер театрының алдына қойған мақсат-міндеттері ауқымды. Театр директорының айтуынша, алдағы уақытта театр құрамы кәсіби актерлармен, бишілермен толықтырылмақ. Толыққанды музыкалық-драмалық театр құру міндетін қолына алған ұжым басшысы жоспар-жобаларымен таныстыра келіп, жаңа спектакльге даярлық жұмысы басталып кеткенін жеткізді.
«Алатау» дәстүрлі өнер театры­ның ұжымы халқымыз жеті қазынаның бірі деп құрметтеген ит жылында елімізде ырыс-береке мол болсын деген ниетпен ал­ғашқы шараны игілікті іспен бастағанын да айта кету орынды. Жаңа жылдық ертеңгіліктің алғашқы күнгі қойылымдары ата-ана қамқорлығынан айрылған және әлеуметтік аз қамтылған топтағы балаларға арналды. Қайырымдылық шарасына қол созған демеушілер – «Қазтемір iron» ЖШС директоры Марат Сарқытбаев, «Шынтөре» ЖШС директоры Әзілхан ­Зайыров, «Аванқұрылыс» ЖШС-нің басшылары, әкелі-балалы бизнесмендер ­Ерлан Әбдуәлиұлы мен Әбдісахи Шалманов және Нұрлан Көпбосынов. Балаларға қуаныш сыйлаған бұл азаматтарға Алланың нұры жаусын дегіміз келеді.
Аяз атаның алдында тақпақ айтып, би билеген балалар өздеріне етене болған ертегі кейіпкерлерімен бірге қойылымнан кейін театр кинозалында мультфильм тамашалады. Әттеген-ай дегізерлік бір жайт, ұлттық анимация саласында тақырыбы жаңа жылға орайластырылған бір де бір қазақша мультфильм жоқ екен. Амалсыз сол баяғы көзге үйреншікті кеңестік анимациялық фильмдер берілді. «Сондықтан мультипликация саласындағы азаматтар келешекте жаңажылдық қазақша туындылар түсіруді қолға алуы қажет. Біздің құбыламыз – балалар болуға тиіс» деді театр басшысы.
Мұхтар Әуезов ұлттық театрдың негізгі өзегі халық ауыз әдебиетінде екенін айтқан екен. Тіл мен дәстүрі­міз де, әдет-ғұрпымыз да сахналық өнермен біте қайнасқан. Сондық­тан ертеңгі ел тізгінін ұстайтын ұрпақтың таным-түсінігі ұлттық құндылықтар негізінде қалыптасуы үшін олар туғаннан фольклордың құндағына бөленіп өсуі керек. Көзі көргенді көңілімен танып білетін балалық шақтың байырғы бұлақ-бастаулардан қанып ішкені дұрыс. Ұлттық мәдениет пен әдебиеттің өзегінде жатқан ұлттық рух сәби кезден балғын саналарына ұя салып, қанына сіңсін деген ниетпен жыл шымылдығын ашқан «Алатау дәстүрлі өнер театрының» жаңа қойылымы көптің көңілінен шықты. Енді осы ұлттық бояуы қанық тың дүние еліміздің түкпір-түкпіріне кеңінен таратылса игі.
Жаңа жыл жағымды жаңалық­тарға толы болсын!

Дина ИМАМБАЕВА
АЛМАТЫ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.